• Басты
  • Қазақ телевизиясының жарқын жұлдызы

Қазақ телевизиясының жарқын жұлдызы

17 Мамыр, 2021 15:25

Бүгінде алпыс жылдан астам тарихы бар Қазақ телевизиясы ел дамуына, рухани, мәдени құндылықтарды қалыптастыруға өзіндік үлесін қосып келеді. 1958-ші жылдан бастап жүргізген үгіт-насихаты қазақ елін тарихтың жаңа сахнасына алып шыққан болатын. Сол кезеңнің өзіне лайық нар жүгін көтерген білікті кадрлардың бірі – қазақ телевизиясының жарқын жұлдызы Рәбиға Кәрімқызы Аманжолова.

Бүгінде алпыс жылдан астам тарихы бар Қазақ телевизиясы ел дамуына, рухани, мәдени құндылықтарды қалыптастыруға өзіндік үлесін қосып келеді. 1958-ші жылдан бастап жүргізген үгіт-насихаты қазақ елін тарихтың жаңа сахнасына алып шыққан болатын. Сол кезеңнің өзіне лайық нар жүгін көтерген білікті кадрлардың бірі – қазақ телевизиясының жарқын жұлдызы Рәбиға Кәрімқызы Аманжолова.

Эфир жүргізушілеріне жүктелетін жауапкершіліктің тым салмақты екенін айтпаса да түсінікті болса керек. Рәбиға Аманжолова сенім үдесінен шығып қана қоймай, өз ісінің нағыз шебері атанған дара диктор, мемлекеттік іс-шаралардың жүргізушісі, қайраткер, аңыз адам, қазақ телевизиясыынң ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, он бір жылдан астам уақытын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушылыққа арнаған студенттердің сүйікті ұстазы, доцент. Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасында қызмет еткен ұстаздың шығармашылық шеберханасында талантты жастар тәлім алды. Болмысы бөлек жан Рәбиға Кәрімқызының есімін бүгінде білмейтін адам кем де кем.

Рәбиға Аманжолова Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауылында дүниеге келді. Әкесі – тарихшы-географ Асылов Кәрім Асылұлы - Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағы кезіндегі партия қызметкері. Анасы Руболова Гүлпан – қазақ тілі мен әдебиетінің маманы-филолог, Қазақ СССР-нің үздік ағартушысы. Балалық шақта алған жақсы тәлім-тәрбие өмірлік азық болары хақ. Педагогтар отбасында тәрбиеленген Рәбиға Кәрімқызының әрбір іс-әрекеті салиқалы, сөзі дуалы, ешкімнен жатырқамайтын, ашық, жарқын мінезді, қай жағынан болсын өнерлі қыз болып өседі. Рәбиға Аманжолова:

«Кішкентайымнан сахнада өстім деуге болады, көпшіл болдым. Алты жасымнан бастап ән айта бастадым. Мектепте оқып жүрген кезімізде, бізді үнемі комсомол, партия конференцияларына қатыстырып тақпақ оқытатын, ән айтқызатын. Соның әсері болар, жастайымыздан жан-жақты болуға тырыстық. Жалпы, шығармашылық жан-жақтылықты талап ететін құбылыс. Сондықтан, өнерге әуес болып бойжеттік. Болашақта диктор мамандығын таңдауыма кішкентай кезімдегі өнерге деген құштарлығым, сүйіспеншілігім өз септігін тигізді деп ойлаймын».

Үнемі ізденіс үстінде жүретін шығармашыл жан Рәбиға Аманжолованың бір емес бірнеше жоғарғы білімі бар. 1978 жылы Украинадағы Иван Франко атындағы Житомир педагогикалық институтының филология факультетін бітірді. 1992 жылы АҚШ-та «Америка дауысы» радиосында білімін жетілдірді. Одан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін тәмамдады. Бұдан бөлек Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Радио және телевизия қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында дикторлық, тележүргізушілік қабілетін жетілдірді. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық академиясын бітірген болатын.

Көгілдір экраннан жарқ етіп көрінген өрімдей қыз еңбек жолын 1980 жылы Целиноград облыстық телерадио комитетінде дикторлықтан бастаған.

«Ол кезде дикторларды даярлайтын арнайы мектеп жоқ болатын. Жалпы, диктор болуды армандаған емеспін, әнші болуды армандадым. Телевизияға жұмысқа келгеннен кейін, шығармашылық топпен етене жұмыс істеп, білмегенімді сұрап, тәжірибесі барлардың соңынан қалмай жүріп, редакторлар, режиссерлар, операторлармен бір үйдің баласындай, бір команда болып жұмыс істеп жүре үйрендік», - дейді Рабиға апай.

1970-80 жылдары Алматыдағы Орталық Қазақ телевизиясында кадрлардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге бағытталған арнайы бөлім болған екен. Іскер кадрларды іріктеудің өзіндік орталығы ұсынуымен осы бөлім, кезінде облыстық студиялардан талай талантты мамандардың республикалық көлемде телевизиядан жарқырап көрінуіне себепші болды. Рәбиға Аманжолова:

«Дикторлыққа келмес бұрын ауылшаруашылық институтында ұстаз болып, дәріс оқып жүрдім. Бос уақытымда дикторлардың байқауына қатыстым. Бәріне бірдей қойылған талапқа сай тиісті сынақтардан сүрінбей өткеннен кейін, жұмысқа қабылданып, шығармашылық, дикторлық жұмысымды бастап кеттім. Ал, Мәскеуге алғашқы жолдаманы облыстық телерадио комитетінде жұмыс істеп жүрген кезде алған болатынмын. Қазақ телевизиясының мамандар кәсібін жетілдіру бөлімінің бұл ұсынысы менің арманыммен дөп келді. Ұсынысты қуана қабылдадым. Осылайша, Мәскеуге бір жылдық оқуға аттандым. Мәскеу шынында шабытымды шарықтатты. Қазақстан телевизиясы дикторлар бөлімінің деңгейін, дәрежесін көрсетуге қабілетім жеткенше тырыстым. Елге тамаша көңіл күймен, жақсы нәтижемен, абыроймен оралдым».

Рәбиға Кәрімқызы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия бойынша басты каналда диктор болып шыққан алғашқы тұлға. 1988-92 жылдар аралығында қатаң талап, жоғары бәсекелестік жағдайында «Сен тұр, мен сөйлейін» деген дикторлар арасынан Мәскеудегі Останкино студиясында "Уақыт" бағдарламасының жүргізушісі болды. Осылайша, өзіміздің қазақ қыздарының Мәскеудегі дикторлардан артық болмаса, кем емес екендігін, эфирді өте жоғары деңгейде жүргізе алатындығын көрсетіп дәлелдеді.

Сол кездері дикторларға қойылар талап өте қатал еді. Көркемдік кеңестің зор талабынан өткендер ғана диктор болуға лайық деп табылатын. Арнайы комиссияның биік үдесінен шыға алмағандарға телесала есігі мүлдем жабылған екен.

Беделді журналист, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин: «Рәбиға Аманжолованы алғаш рет телевизиядан көрген кезде таңғалмаған жан жоқ. Себебі Кеңестер Одағының Орталық телевизиясынан Азия елдері мамандарының шығуы сол кездері күтпеген жағдай болатын», - дейді бір сұхбатында.

Тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстан телевизиясының мазмұны жаңарды. Көрерменнің ықыласына таласқан арналарда хабарды беру, оны жеткізу тәсілдерінің жаңа деңгейлері пайда болды. Осы тұста Рәбиға Аманжолова еш саспай, әлеуметтік маңызы бар қызықты бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырып, өзінің тілшілік, тележурналистік қабілетін де ерекше көрсетті. Осылайша, көптеген мәдени-шығармашылық, жастарға, балаларға арналған авторлық бағдарламаларды дүниеге әкеліп, тізгігін ұстады.

Рәбиға Кәрімқызы дауыс пен дикциясымен, интонациясымен, сахнадағы жүріс-тұрысымен көрермен жүрегіне жол таба білді. Ерекше болмысы жайлы журналист Ұлболсын Айтөлен былай дейді:

«Рәбиға Аманжолова тек қана диктор болып қана қойған жоқ, ол кәсіби жүргізуші де болды. Ол өзінің әдемі сыр-сымбатымен ғана емес, ішкі жан-дүниесінің байлығымен де эфир барысында көрерменге жылулық әкелген ерекше жүргізушілердің бірі, шын мәніндегі Қазақ телевизиясының аты аңызға айналған жұлдызы».

Көгілдір экран арқылы көрермендер сүйіктісіне айналған "Әнші балапан" ә дегеннен-ақ ең танымал бағдарламаға айналды. Мақпал үн, жайдары жүз, талайды теледидарға телміртті. Рәбиға Аманжолова сценарийді өзі жазып, хабарды да өзі жүргізіп, тілі бал бүлдіршіндермен сахнада шынайы сұхбат құрды. Хабардың тұрақты жүргізушісі әрі аудиторияның "айрықша көзайымына" айналғаны үшін 1995 жылы Рәбиға апай Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанды. Сондай-ақ, сол жылы Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен ҚР еңбек сіңірген артисі атағына ие болды.

Рәбиға Аманжолованың өзі, сол бір тамаша кезеңді былай деп еске алады:

«Сол кезде балалар редакциясымен ақылдасып, өнер саңлақтарының ізін басатын, ол кісілердің өнерін ары қарай жалғастыратын, қазақ халқының өнерін жандандыратын жастарымызды өсіру керек, жолын ашу керек деген мақсатпен «Әнші балапанды» ұйымдастырған болатынбыз. «Әнші балапан» халықтың ең сүйіп қарайтын, тамашалайтын бағдарламасы болды десем қателеспеймін. Бағдарламаның тұсауы 1990-шы жылы 6-шы мамырда кесілді. Көрермен өте жылы, жақсы қабылдады. Эфирді жазу барысында талай қызықты жайттар да болды. Солардың бірін еске алсақ: Арқалықта өткен «Әнші балапанда» үш жасар кішкентай бүлдіршіндерді қатыстырғанбыз. Балалар «Қуыршақ» атты әнді орындаулары керек болатын. Біз қызық болсын деп сол Арқалықтағы құс фабрикасынан сахнаға шөжелелерді сұрап алдық. «Әнші балапан» басталып кетті. Кішкентай балалардың орындайтын әндерін хабарлайын дегенде, бесіктің ішіндегі сары балапандар шиқылдай бастады. Осы кезде кішкентай әншілер сол шөжелерді көріп қолдарына алғысы кеп, «балалапандарды бермесеңіздер, ән айтпаймыз» деп жылады. Содан мен бастарынан сипап, маңдайларынан сүйіп, тыныштандырып «Қазір ән айтсаңдар, балапандарды үйлеріңе алып кетесіңдер» деп уәде беріп, сахнаға шығуға зорға көндірдім». Осы сияқты жұмыс барысында орын алатын көптеген ситуациялардан шыға білуі Рәбиға Кәрімқызының әмбебаптылығын, журналистің кәсіптік әдебін терең біліп, жан-жақты түсінетін тамаша психолог екендігін айқын көрсетеді. Журналист Ұлболсын Айтөлен дәл айтса керек:

«Әнші балапанды жүргізген кезде балалар әлеміне қалай еніп кеткенін өзі де байқамай қалатын шығар. Бірақ көрерменді сол балалар әлеміне тарта білу, кейбір қиын ситуациялардан әдемі шыға білу әр журналистің қолынан келе бермейді. Рәбиға хабарды ойната білді. Оның ерекшелігінің өзі де осында».

Қазір сахнада жүрген өнер иелері, көптеген эстрада жұлдыздары сол «Әнші балапанның» түлектері. Олардың ішінде Мәдина Сәдуақасова, Өмірқұл Айниязов, Жанар Дұғалова, Қарина Абдуллина, Алмас Кішкенбаев, Нарул Тойкенов, Акылбек Жеменей, Мария Мудряк, Баян Нурмышева, Алишер Каримов, Зарина Омарова, Айгуль Макашева, Гүлнұр Оразымбетова, Роза Әлқожа, Қайрат Нұртас т.б. бар.

Әнші балапаннан бөлек Рәбиға Аманжолова тұңғыш рет бұрын соңды болмаған екі жаңа жобаны дүниеге әкелді. 1997 жылы Қазақстан халықтары дарынды балаларының басын қосқан «Араби» тұңғыш Республикалық фестивалін ұйымдастырып жүргізді. Ал, 1998 жылы қазақ телевизиясы тарихында алғаш рет балаларға арналған «Наурыз келді, Алақай!» атты хабарды эфирге әкелді. Осы бағдарламаға қатысқандардың басым бөлігі жылдар өте танымал музыкант, журналист, тележүргізуші, педагог атанды.

Сол жылдары Рәбиға Аманжолова аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтан, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов, қазақ ақыны, драматургі Мұхтар Шаханов, ақын, халық жазушысы, журналист Фариза Оңғарсынова, ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев сияқты тұлғалардан сұхбат алып, Шәмші Қалдаяқов, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Кеңес Дүйсекеев, Ескендір Хасанғалиев, Айман Мусаходжаева сынды атақты өнер алыптарының шығармашылығына арналған Республика сарайында республикалық деңгейдегі концерттер мен мерейтолық кештерін жүргізді. Сондай-ақ, атақты кино және театр актері, кинорежиссер Досхан Жолжақсыновпен бірге тұңғыш халықаралық «Азия дауысы» орындаушылар байқауының тұсауын кесіп, біраз уақыт жүргізген болатын. Аталған байқаудың Мәскеудегі презентациясын Рәбиға апай «Россия» концерт залында танымал ресейлік әнші Филипп Киркоровпен жүргізді.

Рәбиға Аманжолова тек мәдени шараларды ғана емес, тарихи мәні зор қасиетті Ордабасы жерінде үш елдің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттерімен бірге өткен 150 мың адамнан құралған 20 елдің делегациясы қатысқан тарихи кездесуді жүргізіп, ат салысты. Сондай-ақ, ұлт бірлігінің үлгісі болған Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын, Ұлы Отан соғысы жеңістеріне арналған мерекелік парад, шерулерді, «телекөпірлер» мен «телемарафондарды» мүдірмей жүргізіп мәнін ашты. Телеэкрандағы ширек ғасырға жуық қызметінде алуан бағыттағы хабарларды жүргізіп, аудитория сүйіктісіне айналған танымал әрі талғампаз жүргізуші Рәбиға Аманжолова, 2000 жылы Парламенттің Мәжілісі Баспасөз қызметінің жетекшісі болып, онда да тыңнан түрек салып, телестудия ашты. 2002 жылы Парламенттің Ақпараттық-талдама орталығы директорының орынбасары қызметінде өз дәрежесінде атқарып, мәжіліс депуттаттығына кандидатта болды.

Рәбиға Аманжолованың бүгінде тыңдаушыға құрметі еш өзгермеген. 2010 жылдан бастап телевизия жұлдызы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультеті, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті қызметінде, кейінгі жастарға телеөнердің қыр-сырын үйретіп, ұрпақтар сабақтастығын үзбей отандық телевизиясының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.

Білім алушылар ұстазды үлгі тұтып, айтқан кеңестерін естен шығармай, артқан сенімін ақтауға тырысады. Студенттер тікелей эфир үлкен жауапкершілікті, жан-жақтылықты, тапқырлықты, еңбекқорлықты, ізденісті талап ететіндігін, үнемі өзіңмен жұмыс істеу қажет екендігін жақсы түсінеді. Доцент Рәбиға Кәрімқызы оларға, нағыз журналист біліктілігі мен біліміне қоса, ішкі түйсік пен кәсіби этикаға жүгіну керектігін жиі айтатын.

Жуманова Лейла, студент-журналист:

Рәбиға Кәрімқызы – шәкірттеріне талапшыл, мейірімді де талантты ұстаз. Дәрістеріне қуана кіріп, шабыттанып шығатынбыз. Ол кісі бізге көп нәрсені үйретті, ең бастысы - оқытудың принциптерін, қағидаларын сақтай отырып, мәліметтерді қызықты, тартымды жеткізе біледі. Сабақтар қашан да жағымды, позитивті нотада өтетін. Рабиға Кәрімқызының бізге деген сенімі арқасында өзімізді еркін сезінеміз. Дұрыс, жақсы нәтижеге жетуімізге тілектес жан, әрқашан көмек беріп, құнды кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беріп жүреді».

Алина Левченко, Журналистика мамандығының 4-ші курс студенті:

«Менің Рабиға Кәрімқызымен алғашқы таныстығым есімде. Аудиторияға жүзі нұрға бөленген ол, бізге күлімсірей қарады да амандасты. Дәл осы сәтте мен бұл оқу кезеңіндегі ең қызықты және ұмытылмас курстардың бірі болатынын түсіндім. Рабиға Кәрімқызы – университет тарихында есімі алтын әріппен жазылатын ұстаз, ол студенттермен өзінің маңызды да мәнді тәжірибесімен бөлісіп, болашақ теледидар жұлдыздарының жаңа буындарын тәрбиеледі. Біз телевизиялық журналистиканы теория жүзінде оқып қана қоймай, тәжірибе жүзінде де көп нәрсені білдік. Рабиға Кәрімқызы кәсіби шеберлігінен бөлек, рухани бай, адамгершілігі мол, мейірімді адам, ол әрдайым қиын сәттерде кеңес беріп, қолдау көрсетеді. Рабиға Кәрімқызы сияқты керемет педагогтан дәріс алып, оқып-үйрену бақыты түскеніне өте қуаныштымын. Біздің тобымызды да сондай махаббатпен, жылы ықыласпен есіне алып отыратынына сенімдімін».

Кафедрадағы жемісті жұмысы үшін Рәбиға Кәрімқызының университет тарапынан алған марапаттары аз емес: Л.Н. Гумилев медалімен, «Еуразия мақтанышы» медалімен, құрмет грамоталарымен марапатталды.

Иә, Рәбиға Кәрімқызы экранда эстетикалық, әрі этикалық тұрғыдан жастар еліктейтін дәрежеге дейін көтерілді. Оның жымиысы, көгілдір экранда өзін еркін, тартымды ұстап, жаңалықты сенімді жүргізетіндігімен көпшілік көрерменнің есінде қалды. Мәскеудегі Орталық телеарнаның жаңалықтарын жүргізген кезеңдері де тарихтың сарғайған парақтарына айналды. Дикторлық, жүргізушілік өнерде Рәбиға Кәрімқызы ешкімге ұқсамайтын өз мәнерін, өз жолын, өз соқпағын қалады.

Бүгінгі күні Рәбиға апайдың дәрістерін тыңдаған түлектер жетекші телеарналарда тележүргізуші, журналист қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Әрқайсының ақылшы, тілекші, ұлағатты ұстазына деген алғысы шексіз.


Анель Шалқарбек, журналист,

Л. Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университеті Телерадио

және қоғаммен байланыс

кафедрасының аға оқытушысы

Барлық жаңалықтар