• Басты
  • Қазақстандық қоғамның әлеуметтік құндылықтары қандай
7 Қазан, 2019 11:01

Қазақстандық қоғамның әлеуметтік құндылықтары қандай


«Құндылықтар: бізді не жақындастырады және не алшақ етеді?» тақырыбындағы ғылыми конференция барысында 2018 жылы Фридрих Эберт қоры жүргізген «Қазақстандық қоғамның әлеуметтік өлшемдегі құндылықтары» зерттеу жұмысының қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.
Қазақстандық қоғамның әлеуметтік құндылықтары қандай

Шара жекелеген бағыттар бойынша, оның ішінде отбасылық, еңбек, азаматтық және өзге тақырыптарды қамтитын пікірталас форматында өтті.

Сессияларға қазақстандық жетекші әлеуметтанушылар мен зерттеу жұмыстарының авторлары, саясаттанушылар мен сарапшылар, сондай-ақ, өңірлердің академиялық ғалымдары қатысты.

«Бүгінгі конференция – отандастарымыздың құндылықтарының өзгеруіне арналған ауқымды әрі терең зерттеу жұмысының қорытындысын жариялаудың тамаша мүмдіндігі ғана емес, сонымен қатар оны сарапшылар және журналистермен бірге талқылаудың, терең қаузаудың сәті. Құндылықтар - дерексіз ұғым емес, ол шын мәнісінде адамдарды алға сүйрейді әрі шешім қабылдауына және күнделікті әрекетіне айтарлықтай ықпал етеді», - деді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты директоры Ержан Салтыбаев.

Оның айтуынша, институт осы саладағы зерттеулерді белсенді жүргізеді.

« Қазіргі уақытта адами капиталды зерттеу бағдарламасын іске қостық. Соның аясында біз құндылықтарды еліміздегі адами капиталдың сапасын анықтайтын фактор ретінде қарастырудамыз. Бұл азаматтар мен мемлекет арасындағы, жергілікті қоғамдастық ішіндегі өзара қарым-қатынас форматын, қазақстандықтардың қоғам мен экономикадағы өтпелі үдерістерге қатынасын бір-бірімен байластыратын кешенді сұрақ», - деді ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.

 Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстан және Өзбекстандағы Аймақтық директоры Кристоф Мор зерттеуде қазақстандық қоғамның құндылықтары нақты берілгенін айтты.

«Зерттеуде қазақстандық қоғамның құндылықтар сипаты мейлінше нақты берілген, қазіргі заманғы әлемде алға шыққан құндылықтар жағдайында қазақстандық азаматтардың келбеті тура сипатталған және адамдардың өз ұқсастықтарын қалай түсінетіні, тілге, дінге және отансүйгіштікке деген көзқарастары дәл берілген», - деді Кристофор Мор.

Сонымен қатар, К.Мор ұлттық құндылықтарды діни және адами капитал тарапынан қарастыру қолға алынып отырғанын айтты.

«Құндылықтар туралы мәселе қоғамның дәл ортасында тұр. Бұл тек Қазақстан үшін ғана маңызды мәселе емес. Қазақстан өзге елдерден айырмашылығы жоқ. Бізді біріктіретін немесе керісінше, алыстататын мәселелерді түсіну қажет. Құндылықтардың жалпы бір ортадан шығуы да өте маңызды. Себебі, қоғам бір құндылықтарды талқылайтын, бір көзқарасы бар «дене» болуы керек. Мәселен, мен туған Германияда қоғамның өкілдері бір тілде сөйлемейді, бір құндылықтарды талқыламайды. Қоғамның ішіндегі қоғам болып бөлінген. Бұл популизмге көп үлесін қосты деп ойлаймын. Бұл тек неміс мысалы ғана осы мәселелерге шешім табу керегін көрсетеді», - деді К.Мор.

Сонымен қатар, сарапшының айтуынша, қоғамдағы адамдарды біріктіретін өнер туралы айту керек.

«Сондықтан да, зерттеуге қатысқан және пікірталаста өзінің пікірін білдірген әр адамға алғысымды білдіремін», - деді ол.

Сарапшылардың сөзінше, Қазақстан үшінші жаңғыру кезеңін бастан өткеруде және мәдени трансформация оның ажырамас бөлігіне айналған.

   «Біз ойландық, дауластық, теория тарапынан талқыға салдық және бұл жоғары деңгейлі интеллектуалды жұмыс болды деп айта аламын. Мен осы 2 жыл қызықты атқарылған жұмыстар үшін рахмет айтқым келеді. Біз нақты жоба, яғни халықтың құндылығын зерттеумен жұмыс жасадық. Бәлкім дәл осы уақытта жобаны жасауға сәті туып тұрды. Дегенмен бұл жобаны 20 жыл бұрын жасағанымызда, кейін казіргі жұмыстармен салыстыруымыз мүмкін болар еді. Сонда да осы маңызды, керекті, жан-жақты, әртүрлі жоспарлы жоба біздің ғылыми қоғамдастығымызға әрі қарай оны пікірге салып, дамытуға жағдай жасайды», - деді «Қоғамдық пікір» ҚК өкілі Ботагнөз Рақышева.

Түрлі елдің ғалымдары мен зерттеушілері қоғам дамуында мәдениеттің рөлі үлкен маңызға ие екендігін, реформалардың дамуына дем беретінін, кәсіпкерлік белсенділік пен инновация өсімін өрлететінін талай мәрте дәлелдегені белгілі.

Сондықтан экономикалық дамудың тұрақты әрі инклюзивті үлгісін құру туралы тілге тиек еткенде, оның аясын кеңінен қарастырып, қоғамның мәдени ұстанымдары мен құндылықтарын қоса ескерген абзал.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, әлеуметтану кафедрасының сарапшысы Гүлнара Исмұханова зерттеудегі ерекшеліктер туралы айтып өтті.

«Қоғамда соңғы 2-3 жылда қоғамдық пікірталасқа қатысты көптеген өзгерістер орын алғанына көзіміз жетті. Оның қорытындысында біз жаңғырушылар мен дәстүрлі ұстанымдағылар арасындағы ажырау процесін көреміз. Мен ғалым-зерттеуші ретінде жаңғырту теориясымен қарым-қатынасым күрделі екенін айта аламын. Себебі, мен бұл теорияның басым бағыттары мен кемшілігін көріп отырмын. Біз «Қазіргі заманғы Қазақстанның өмірінде терең қазақи құндылықтардың орны қандай?» деген сұрақтарға жауап іздей бастадық. Қазір біз қолданатын үш негізгі сөз бар. Олар: ұят, ар-намыс», - деді ол.

Сондай-ақ, зерттеуші 2000 жылдардың басында философия факультетінде «намыс» сөзіне қатысты диссертация да қорғалғанын айтты.

«Бұл қазақ филососфиясы үшін өте жаһандық мәселе болатын. Қазақтың «рухы» - бізді қолдайтын, қорғайтын және биікке жетелейтін қасиет. Зерттеудің негізгі нысаны - заманауи қазақстандық қоғамдық құндылықтардың көзі. Бұл өте жақсы даму көрсеткіші шығар. Себебі, қазір біз құндылықтар туралы пікірталас құрып отырмыз. Олар бізді біріктіреді де, ажыратады да. Топта танымал әлеуметтанушы мен зерттеушілер және журналистермен жұмыс істедік. Құндылықтар - жұмыстың тәртібін құрастырады. Зерттеу адамның өзгеріске ұшырауын айқындатады. Меніңше, зерттеу елдің күрделі даму кезеңінде тамырын тексергендей болды. Зерттеудің бірегейлігі – қазақстандық қоғамның екі саяси дәуірдегі мәртебесін салыстыру», - деді ол.

Сонымен қатар, Г.Исмұханова қазақстандық құндылыққа еуропалық құндылықтар әсер еткені белгілі болғанын айтты.

«Бұл көрсеткішке жаһандану факторы үлкен әсер еткен. Құндылықтардың қарқыны қоғамдық топтардың жіктелуіне байланысты болды. Посткеңестік дәстүрлі вакуумның ауыстырылуы болып отыр», - деді ол.

 Айта кетейік, Фридрих Эберт атындағы қордың негізі 1925 жылы қаланды және ол Германияның ең байырғы саяси қоры болып саналады. Қордың құрылуы Германияның алғаш рет демократиялық жолмен сайланған Президенті Фридрих Эбертпен тікелей қатысты. Қор Фридрих Эберттің идеялық мұрасы мен әлеуметтік демократияның бай дәстүрлерін ұстана отырып, жұмыс істейді. ФЭҚ өз қызметі аясында әлеуметтік демократияның еркіндік, әділеттілік және ынтымақ секілді басты құндылықтарын ұстанады. Әлеуметтік-демократиялық ұйымдар мен тәуелсіз кәсіподақтарға деген идеялық жақындық – Фридрих Эберт атындағы қорға тән сипат. ФЭҚ – коммерциялық емес ұйым, ол дербес әрі тәуелсіз түрде жұмыс істейді. ФЭҚ Қазақстандағы алғашқы кеңсесін 1993 жылы ашты және өз қызметін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүзеге асырып келеді.

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды