• Басты
  • Қазақстанның зейнетақы реформалары: өзгерістер мен нәтижелер

Қазақстанның зейнетақы реформалары: өзгерістер мен нәтижелер

6 Қаңтар, 2021 15:50

Соңғы жылдары қазақстандықтардың зейнет жасы, зейнетақының өсуі мен зейнетақы қорындағы қаражатын шешу туралы әңгіме әр бұрыштан айтылады. Қазақстанның зейнетақы жүйесі қандай, зейнет жасының өсу себебі, сарапшылар берген Қазақстанның зейнетақы жүйесіне бағасы, келер жылы кімдер қордағы жиналған ақшасын пайдалана алады. Бұл сұрақтардың жауабы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалында.


Қазақстанның зейнетақы жүйесі қалай құрылған?

Алдымен зейнетақы деген түсінікті талдап көрейік. Зейнетақы дегеніміз – азаматтарға белгілі бір жасқа жеткенде, мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айрылғанда, арнаулы қызмет атқарған жылдары үшін, заңнамада көзделген тәртіппен тұрақты түрде берілетін ақшалай төлемақы. Зейнетақы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы қоры арқылы ай сайын төленеді. Қазақстанды мұны «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы жүзеге асырады. Қор 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлік қоғамы негізінде құрылды. Зейнетақы қоры қызметін қатаң түрде Қазақстан Республикасының заңнамасында анықталған аяда жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.

бірінші деңгейі (базалық) – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (республикалық бюджет);

екінші деңгей (міндетті) – міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен ынтымақты жүйеден (республикалық бюджет) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақылар;

үшінші деңгей (ерікті) – ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер.

Базалық деңгейде зейнеткерлік жасқа жеткен кезде азаматтарға, сондай-ақ республиканың аумағында тұрақты тұратын адамдарға тағайындалатын және ынтымақты немесе жинақтаушы зейнетақы алуына қарамастан жүзеге асырылатын мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі базалық деңгейде көзделген.

 Қазіргі таңда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушылар 2 млн. адамды құрайды.

Қазақстанның зейнетақы жүйесінде түйіні шешілмеген мәселелердің барын Тоқаевтың өзі айтқан болатын. Ол осы жылдың 1 шілдесіне дейін жауапты ведомстволар тиісті жұмыстар атқаруы керек деп тапсырған болатын.

Зейнет жасын ұлғайту туралы реформалар

Жалпы тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның зейнетақы жүйесінде біршама реформа жасалды. Зейнет жасына қатысты реформалар жиі жаңартылып тұрады. Мәселен, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін республика бойынша зейнетке әйелдер – 55 жастан, ал ерлер 60 жастан бастап шығатын. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап ерлер – 61 жасында, әйелдер – 55 жасында, 1999 жылдың 1 шілдесінен бастап ерлер – 62 жасында, әйелдер – 57 жаста, ал 2000 жылдың 1 шілдесінен бастап, ерлер – 62,5 жасында, әйелдер – 57,5 жасында; 2001 жылдан бастап ерлер – 63 жасында, әйелдер 58 жасында зейнетке шығатыны туралы шешім шықты.

2019 жылы ерлердің зейнетке шығу жасы – 63 жасты, ал әйелдердікі 59 жасты құраған. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 11-бабына сәйкес әйелдер үшін зейнеткерлік жас 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріледі.

Әйелдердің зейнеткерлік жасы кезең-кезеңімен көтерілуі жылдарға бөлгенде төмендегідей жүзеге асады:

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда;

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда;

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда;

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда;

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда;

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда;

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 63 жасқа толғанда.

Зейнет жасын ұзарту халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы мен зейнеткерлер санының жұмыс істеуші топтан көп болуымен түсіндіріледі. Бұл мәселе тек Қазақстанда емес, әлем елдерінде де орын алған.

 Зейнетақы мөлшерін көбейту туралы реформалар

Ал зейнетақы мөлшеріне қатысты реформаларды сәтті деп айтуға әбден болады. Өйткені, зейнетақы мөлшері жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Девальвация, ақша құнының түсуі бұл реформаға әсер еткенін ескергеннің өзінде, Қазақстандағы зейнеткерлер орта есеппен жақсы зейнетақы алады. Қазіргі таңда ең төменгі зейнетақы 40 441 теңгені құрайды.

Зейнетақы мөлшерінің көбею хронологиясын қарасақ, 2010 жылы ең төменгі зейнетақы қоры 18 325 мың теңгені құраса, 2013 жылы бұл сома 28 396 мың теңгені құрап, 10 071 мың теңгеге өссе, ал 2014 жылы бұл көрсеткіштің тағы өскен. 1998-2012 жылдар аралығын қамтығанда ең төменгі зейнетақы мөлшері – 11 есеге өсіпті. 2014 жылы зейнетақының ең төменгi мөлшерi 20 782 теңге болған. 2018 жылы зейнетақының ең төменгі мөлшері 33 745 теңге болса, 2019 жылы зейнетақының ең төменгі мөлшері 36 108 теңге болған. Ал 2020 жылы мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемінің мөлшері – 17 641-ден 31 183 теңгеге дейін өсті. Демек, зейнетақының ең төменгi мөлшерi қазіргі таңда 40 441 теңгені құрайды. Мамандар бұл қаражат күнкөріс деңгейінің шамасына сәйкес келеді деп есептейді. Бұл статистиканы көрген шетелдік сарапшылар Қазақстанның зейнетақы жүйесі мен реформаларына жоғары баға берген.

1998 жылғы 1 қаңтарға дейін 10 және одан көп жыл еңбек өтілі бар адамдарға толық зейнетақы тағайындалатын. Ал 1998 жылғы 1 қаңтарда еңбек өтілі 10 жылдан аз болған адамдарға зейнетақы толық мөлшерде тағайындалмайтын. Еңбек өтілінің әр жылына 2%, азаматтық өтілінің әр жылына - 1% тағайындалатын. Осылайша, зейнетақы бұрынғыдай: адам қызмет істеуі тиісті жасының шегіне жеткеннен кейін оған айрылған табысының 50% көлемінде тағайындалатын болады.

2020 жылғы басты реформа: зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану

Биылғы зейнетақы туралы басты реформа – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы азаматтардың қаражатын тұрғын үй алу немесе емдік шаралар үшін пайдалану мүмкіндіктерін беру.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыргүйегінде өзінің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында жұмыс істейтін азаматттардың зейнетақы жинақтарын мақсатты түрде пайдалану мүмкіндігін жасау туралы тапсырма берген болатын. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмады. ҚР Президенті Тоқаев осы жылдың бірінші қыргүйегіндегі Жолдауда аталған мәселені тағы да көтерді. Енді 2021 жылы 700 мың салымшы өздерінің жинақтарының жартысын баспана алу, емделу немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалана алады.

Жеткіліктік шегіне жеткен қазақстындықтар үш жағдайда ғана зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алуға құқылы:

-Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін;

-Денсаулықты жақсарту мақсатында емдік шараларды төлеу үшін;

-Сенімді жеке компанияларға қаржыны басқару беру үшін.

Жеткіліктілік шегі – бұл бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шоты бар салымшыға қажетті ең төменгі сома. Бұл қаржы 82 жасқа дейін салымшының минималды сомадағы зейнеттік төлемдерін қамтамасыз ете алуы тиіс. Егер шоттағы жинақ сол сомадан асса, қалған ақшаны мақсатты түрде пайдалануға болады. Салымшылар жеткіліктілік шегіндегі соманы түгел шешіп алуға құқылы.

721 мың қазақстандық өздерінің жинақтарын пайдалана алады. Олар:

- зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар – 529,7 мың адам;

- бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер – 178,4 мың адам;

- зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар – 13,3 мың адам.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмади Сарбасовтың айтуынша, 1 млн адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға, алуға құқылы.

«Азаматтар зейнетақы жинақтарының ахуалын және отбасының қажеттілігін ескере отырып, оларды алып қою мәселесіне байыпты қараулары керек. Үкімет зейнетақы төлемдерін мақсатты пайдалану жөніндегі өкілетті операторды айқындайтын болады. Бірінші кезеңде «Отбасы Банкті» белгілеу ұсынылады. Барлық механизмдер ережелерде көрсетіледі. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі қағидаларды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, емделуге ақы төлеу мәселелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, қаңтар айында заңға байланысты барлық нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу құқығын беру тетігін толығымен іске қосамыз деп күтілуде», - деді ол.
Биыл, яғни 2021 жылы зейнетақы мөлшері тағы өсті. «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7% - ға, яғни инфляция деңгейінен 2% - ға ілгерілеп арттырылды. Бұл ретте жасы бойынша ең төменгі зейнетақы мөлшері 43 272 теңгені құрады.



Барлық жаңалықтар