• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция

Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция

18 Қараша, 2021 18:05

ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін арттыру, экономикалық дипломатияны қайта жандандыру, әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнату мәселелеріне тоқталып өтті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Сыртқы саяси міндеттер

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында еліміз аймақтық және жаһандық үдерістерге белсене қатысатын беделді мемлекетке айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол сыртқы саясаттың негізін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалағанын тілге тиек етті.

«Елбасының тікелей басшылығымен кәсіби дипломатиялық қызмет құрылып, ауқымды сыртқы саяси міндеттер шешімін тапты. Әсіресе, мемлекеттік шекарамыздың толық бекітілуі теңдессіз тарихи жетістік болды және мемлекетіміздің қауіпсіздігін күшейтуге айрықша ықпал еткен шешімге айналды », - деді президент.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі

Мемлекет басшысы өз сөзінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы айтулы жетістік екеніп атап өтіп, оған қол жеткізу үшін 20 жыл бойы табанды жұмыс атқарылғанын жеткізді.

«Келіссөздерге қатысқан қызметкерлердің еңбегін еліміз жоғары бағалайды. Мен оларды мемлекеттік наградалармен марапаттайтын болдым», - деді ол.

Сондай-ақ, ол шегенделген шекара еліміздің аумақтық тұтастығының кепілі екендігін тілге тиек етті. Қазақстан АҚШ-пен және Еуропа Одағы елдерімен стратегиялық байланыс орнатты.

«Бұл мемлекеттер – біздің инвестиция және сауда саласындағы әріптестеріміз. Біз көпжақты, сарабдал дипломатияны берік ұстанып келеміз», - деді мемлекет басшысы.

Семей полигонының жабылғанына 30 жыл

Биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толды. Осы орайда, президент еліміз өз еркімен ядролық қару-жарақтан бас тартқанын алға тартып, бұл шешуші қадам Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделінің артуына зор үлес қосқанын атап өтті.

«Еліміз Жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыс көшбасшыларының қатарына қосылды. Елбасы ұсынысы бойынша ядролық қарусыздануға арналған әлемдік форумды әзірлеу қажет», - деді Тоқаев.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары

Сондай-ақ, ол келесі жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске 30 жыл толатынын айтып өтті. Осыған орай, елордамызда осы форумның VI Саммиті өтеді. Бұл жиынды ұйымдастыру үшін Сыртқы істер министрлігі ауқымды жұмыс атқару қажеттігін атап өтіп, бұл Кеңесті біртіндеп құрлықтағы Қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыруды көзделетінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан дипломатиясы көптеген мәселені, аса күрделі халықаралық түйткілдердің өзін мәміле арқылы шешуге мүдделі. Еліміз мемлекетаралық және азаматтық қақтығыстарды реттеу үшін бітімгерлік бастамалар ұсынынуда.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізіп, өркениеттер үндестігін орнатуға күш салуда. Осының бәрін шетелдік әріптестеріміз жоғары бағалап, жан-жақты қолдау білдіруде», - деді ол.

Мәселен, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болған. Еліміз ТМД, Еуразия экономика одағы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы және басқа да құрылымдардың жұмысын жандандыруға белсене атсалысып келеді.

«Жақында бауырлас елдермен бірлесіп, Түркі кеңесін толыққанды ұйымға айналдырдық. Қазақстан алып құрлықтың дәл ортасында тұр. Бұл – географиялық тұрғыдан тиімді. Біздің төңірегімізде бейбітшілік белдеуі қалыптасты. Ел ішіндегі ахуал тұрақты. Сыртқы халықлық қарым-қатынасқа барынша ашықпыз. Мұның бәрі – инвесторлар үшін өте қолайлы жағдай», - деді Тоқаев.

Елімізге Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 %-ы тиесілі

Президенттің мәліметінше, бүгінде Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 %-ы Қазақстанға тиесілі. Үкіметтің және дипломаттардың алдында тұрған аса маңызды міндет – аймақтың көшбасшылық рөлін одан әрі нығайту. Ол өз сөзінде осы жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол пандемия салдарына тоқталып өтті.

«Бүкіл әлемді пандемия жайлаған пандемия Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Біздің дипломатиялық корпус осы күрделі кезеңде жоғары деңгейде қызмет етті. Шетелдегі мыңдаған азаматымызға көмек көрсетті. Сыртта қалып қойған отандастарымызды елге алып келу үшін тиісті жұмыс атқарды», - деді мемлекет басшысы.

Атап айтқанда, еліміз ЭКОСОС-қа және Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайланды. Сондай-ақ, биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру үшін жұмысты жандандыру қажеттігін жеткізді.

Сыртқы саясат тұжырымдамасы

Президент өз сөзінде былтыр «2020-2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасын» бекіткенін еске салды. Бұл құжат арқылы халықаралық стратегиямыздың қағидаттары және бағыт-бағдары өзгермейтінін нақтыланғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан үшін Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия және Еуропа Одағы мемлекеттерімен стратегиялық қарым-қатынасты сақтау ерекше маңызды екенін атап өтті. Соның ішінде, Азия, Орта және Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка елдерімен байланысты кеңейтетінін айтты.

«Жалпы, сыртқы саясатымыздың ауқымы кең болуы керек. Көк байрағымызды әлемнің негізгі аймақтарында орнату қажет. Бұл еліміздің стратегиялық мүддесіне толық сай келеді.Біз еліміздің Еуразияның геосаяси және геоэкономикалық жүйесіндегі жоғары мәртебесін одан әрі нығайтуға мүдделіміз», - деді ол.

Президент сыртқы істер министрлігінің осындай ауқымды басқосуы соңғы алты жылда алғаш рет өткізіліп отырғанын жеткізді.

Осы орайда, мына мәселелер басты назарда.

1.     Сыртқы саясатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыру;

2.     Экономикалық дипломатияны «қайта жандандыру»;

3.     Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту;

4.     Әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнату;

5.     Қазақстан дипломатиясының жаңа келбетін қалыптастыру;

Ол өз сөзінде Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ деуге болатынын тілге тиек етті. Сыртқы істер министрі Үкіметте ерекше мәртебеге ие болып, Премьер-министрдің орынбасары деңгейіне көтерілді. Осыған орай, Сыртқы істер министрлігі тығыз мекемеаралық үйлестіру жұмысын тиімді атқаруы қажеттігін жеткізді.

«Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз. Соның кесірінен елеулі кемшіліктер болып жатады. Оған қоса, ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді», - деді мемлекет басшысы.

Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орыны

Сондай-ақ, ол әлемдік саясатта климат пен технология мәселелері айрықша өзекті екенін айтып өтті. Пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру үшін мемлекеттер арасында шетел инвестициясына талас күшейген. Сонымен қатар, Қазақстан экспортын ілгерілету маңызды міндет екенін жеткізді. Оның айтуынша, еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын күре жолдардың бойындағы транзиттік-логистикалық хабқа айналуға тиіс. Осы орайда, ол «Нұрлы Жол» бағдарламасы және көрші елдердің инфрақұрылымдық бастамалары осыған негіз болатынын айттып өтті.

«Бұл жұмыста министрлікке айрықша міндет жүктеледі. Сондай-ақ, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту аса маңызды міндет. Біз осы аймақта ерекше мәртебеге ие екенімізді батыл мәлімдей білуге тиіспіз», - деді ол.

Атап айтқанда,

-         экономикамыз Орта Азиядағы басқа елдердің экономикасына қарағанда әлдеқайда қуатты

-         Еуразиядағы басты көлік дәліздері тоғысқан геостратегиялық орталықта тұрмыз. ауқымды экономикалық және демократиялық реформалар белсенді түрде жүзеге асуда

-         зияткерлік және адами ресурсымыз бар

-         халықаралық қауымдастықтың алдындағы абырой-беделіміз жоғары.

Осыған орай, мемлекет басшысы Орталық Азияның тағдыры үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтіп, өңірдегі өзекті мәселелерді айқындап, оны шешу кезінде еліміз маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол «Су дипломатиясы» бойынша келіссөзді тезірек аяқтау Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің және Ресей мен Қытайдың ортақ мүддесіне сай келетінін жеткізді. Оның сөзінше, трансшекаралық су ресурстарын әділ және тиімді пайдалану аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі.

Барлық жаңалықтар