Қазақстанның сайлау жүйесінің трансформациялануы

1 Маусым, 2021 14:36

Тәуелсіз Қазақстан тарихында Сайлау процессінің орны ерекше. Сайлау процессін ұйымдастыру Республика азаматтарының ерiк бiлдiру бостандығын қамтамасыз ету кепілі. Елімізде Республика Президентiнiң, Парламентiнiң Сенаты мен Мәжiлiсi, мәслихаттары депутаттарының және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлау арқылы бекітіледі.

Еліміздің сайлау тарихы 1991 жылғы 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Президентін сайлаудан басталды. Дауыс беру Қазақ КСР Президенттігіне және Қазақ КСР Вице-президенттігіне кандидаттар бойынша бір мезгілде өткізілді. Қазақ КСР Президентінің сайлауы абсолютті көпшілік форматындағы мажоритарлы сайлау жүйесімен жүргізілді.

Жоғары Кеңес депутаттарының сайлауы жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында өткізілді. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 5 жыл мерзімге сайланды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 177 депутаттан тұрды. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Жоғарғы Кеңестің 135 депутаты сайланды.

Қазақстан Республикасының Президенті қалыптастыратын, Жоғарғы Кеңес депутаттығына кандидаттардың мемлекеттік тізімі бойынша 42 депутат сайланды.

1994 жылғы 7 наурыз XIII шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің депутаттарын сайлау кезінде салыстырмалы көпшіліктің мажоритарлық жүйесі қолданылды.

1994 жылғы 7 наурыз Қазақстан Республикасының Жергілікті өкілді органдарының депутаттарын сайлау кезінде салыстырмалы көпшіліктің мажоритарлық жүйесі қолданылды. Басқа кандидаттарға қарағанда, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілігі дауыс берген кандидат сайланған депутат болып есептелді.

Парламент депутаттарын сайлау негізделген қолданыстағы сайлау жүйесінің қалыптасуы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдаумен тығыз байланысты. Конституцияның маңызды ережелерінің бірі - депутаттарды жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланған Мәжілістен және жанама маслихат депуттарының сайлаған Сенаттан тұратын екі палаталы Парламентті басқару жүйесіне енгізу болды.

1995 жылғы 5 желтоқсан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау өтті. Парламенттің өкілеттік мерзімі - 4 жыл. Сайланатын Сенат депутаттарының жартысы әрбір екі жыл сайын қайта сайланып отырды. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 47 депутаттан тұрды. 1995 жылдан бері Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүргізілді. Бірінші шақырылған Сенат депутаттарының сайлауында Сенат депутаттарының екі мандаты бойынша дауыс беру, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін анықтау бөлек-бөлек жүргізілді.


1995 жылғы 9 желтоқсанда Парламент Мәжілісіне әкімшілік-аумақтық бөлінісін ескере отырып құрылған және сайлаушылар саны шамамен бірдей бір мандаттық сайлау округтері бойынша сайланатын 67 депутат сайланды. Сайлау жүйесі – абсолютті көпшілік бойынша мажоритарлы сайлау жүйесі.

1998 жылы қазанда еліміздің Ата заңына ҚР Парламентінің өкілеттік мерзімдері мен Мәжіліс депутаттарының санына қатысты түзетулер енгізілді. Мәжілістің өкілеттік мерзімі 5 жылға дейін, ал Сенаттың өкілеттік мерзімі - 6 жылға дейін ұзартылды, Мәжіліс депутаттарының саны 67-ден 77-ге дейін өсті.

Сонымен қатар саяси партиялардың рөлі күшейтілді, пропорционалды дауыс беру жүйесін енгізудің арқасында олар заң шығару жұмысына кеңірек қол жеткізді. Партиялардың Парламенттің төменгі палатасына кіруіне 7 пайыздық тосқауыл қойылды.

Сайлау жүйесін өзгертудің осы кезеңінің ерекшелігі - Мәжіліс сайлауының аралас мажоритарлық-пропорционалды жүйесіне көшуден тұратын сайлау механизміндегі жаңашылдықтар болды. Бұл Парламенттің төменгі палатасының депутаттық корпусын құру принципін өзгертті.

Конституциялық реформаның салдарынан туындаған сайлау жүйесінде сапалы жаңа өзгерістер 2007 жылы болды. Бүкіл сайлау жүйесін байыпты қайта құруға алып келген түбегейлі жаңалықтар біртұтас сайлау округін құруды көздейтін партиялық тізімдер бойынша Парламенттің төменгі палатасына сайлауға көшу болды.

Қазақстан Республикасының Мәжілісі 107 депутаттан тұрды. 98 депутатты сайлау біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлады.


2020 жылдың мамырында "Сайлау" туралы конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды. Заң жобаларына сәйкес, саяси партияларды тіркеу үшін бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың мүшесінің болғаны жеткілікті. Бұған қоса, құжат партияларды мәжіліс және мәслихат депутаттарына кандидаттардың тізімін жасақтау кезінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастыруды міндеттейді.

Британдық тәуелсіз сарапшы Нил Уотсон бұл тәжірибе елдің қоғамдық-саяси процестеріне азаматтық қатысуды сапалы түрде кеңейтетінін баса айтады. Сонымен қатар, қазір саяси партияны тіркеуге қажетті мүшелер саны 40-тан 20 мыңға дейін қысқарды. Бұл саяси ұйымдарды құру процедурасын едәуір жеңілдетеді, деп атап өтті сарапшы. «Саяси партияларға кандидаттар тізімі бойынша әйелдер мен жастарға 30% квота беру туралы жаңа міндеттеме берілді. Сайлау туралы заңға енгізілген осындай өзгерістер мен толықтыруларды атап өту керек. Мұндай бастама әйелдер мен жастарға белсенді және елдің саяси процестеріне қатысуға жақсы мүмкіндік береді, және бұл, мен баса айтатыным, бұл әлемдік тенденция», - деп атап өтті Нил Уотсон.

2018 жылы парламент «Сайлау туралы» Конституциялық заңға саяси партиялардың партиялық тізіммен сайланған мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығын қамтамасыз ететін түзетулерді мақұлдады.

Осы өзгерістер негізінде 2021 жылдың қаңтар айында алғаш рет партиялық тізім негізінде Облыстық, қалалық, аудандық маслихат депутаттарын сайлау жүргізілді.

2021 жылы  «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес Аудандық деңгейдегі қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін қарапайым көпшіліктің мажоритарлық жүйесі арқылы сайлау жоспарлануда.

Сонымен бірге, саяси партиялардың Парламент пен мәслихатқа өтуіне қойылған 7 пайыздық шек 5 пайызға дейін төмендетілді. Аталған шешім саяси бәсекені күшейтіп, сайлау үдерісіне тың серпін берері анық.

Ал қоғамның протесттік көңіл күйін институциализациялау үшін  сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсы» деген баған енгізіледі. Бұл сайлаушылардың таңдау құқығын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Индира Рыстина

ҚР Президенті жаңындағы

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының

Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы

Барлық жаңалықтар