• Басты
  • Қазақстанның сауда саясаты: Ішкі және сыртқы сауда, экпорт, импорт және саланы дамыту үшін қойылған міндеттер
20 Тамыз, 2020 17:26

Қазақстанның сауда саясаты: Ішкі және сыртқы сауда, экпорт, импорт және саланы дамыту үшін қойылған міндеттер

Әлемдегі пандемия салдарынан Қазақстанның сыртқы саудасының көрсеткіші бірнеше есеге төмендеген. Бүгін елордада өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов экспорт, импорт, сыртқы және ішкі саудадағы мәселелерге тоқталып, сауда саласын дамыту үшін алға қойылған міндеттемелермен таныстырды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Қазақстанның сауда саясаты: Ішкі және сыртқы сауда, экпорт, импорт және саланы дамыту үшін қойылған міндеттер
«Бүгін сауда саласы жалпы ішкі өнім құрылымында 17%-ға жетіп ірі экономика секторының біріне айналды. Бұл салада 1,4 млн. адам жұмыспен қамтылды. Министрлік құрылған сәттен бастап тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға күшін салуда. Әлемдік сұраныс өзгеріп, сауда-өндірістік тізбектер үзіліп жатқан кезеңде өндірілген өнімнің сатылымын ұлғайту біз үшін аса маңызды», - деді министр.

 

Өңірлік интеграцияны кеңейту

Әлемдегі сауданың баяулауы салдарынан Қазақстанның сыртқы сауда айналымы бірінші жарты жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 7,4%-ға төмендеген. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша сыртқы сауданың тауар айналымы 96,1 млрд доллар құраса, 2018 жылы 94,8 млрд долларды құраған. Салыстырмалы түрлде 1,6 млрд долларға өсті. Экспорт 2019 жылы 5,5%-ға төмендеген. Ал 2018 жылмен салыстырғанда  (61,1 млрд доллар) 57,7 млрд долларды құрады. Импорт 14%-ға артып, 2019 жылы 38,4 млрд доллар құрады.

2020 жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауданың тауар айналымы 42,5 млрд долларды құрады, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда (45,9 млрд доллар) 3,4 млрд теңге болып, 7,4%-ға төмендеді. 2020 жылдың 6 айында Экспорт 9,1%-ға төмендеп, 26,0 млрд долларды құрады, импорт 4,6%-ға төмендеп, 16,5 млрд долларды құрады.

Алайда министрдің айтуынша, Еуразиялық одақ шеңберінде тауар айналымы 10,0%-ға азайған.

«Басқа өңірлік бірлестіктерде сауда мүше елдердің экономикалық белсенділігінің басты ынталандырушысы. Сондықтан сауданы барынша аймақтандыру Еуразиялық одақтың басты мақсаты болуы тиіс. Бірінші кезекте жақын көршілермен сауданы дамыту маңызды. Басқа бірлестіктерде, мәселен, Еуропалық одаққа мүше елдер арасындағы тауар айналымы барлық сауданың 63% - на, НАФТА – 47% - ға жетеді. Өкінішке орай, Еуразиялық одақ ішінде тауар айналымы бар болғаны 14%. Содан кейін пандемия аясында ол 11% - ға дейін төмендеді», - деді министр.

Оның пайымынша, сауда-экономикалық интеграцияны тереңдетуде жұмыс істеп, осы салада ұлттық мүддені қолдау керек. Сол себепті кедергілерді азайту өте маңызды екенін атап өтті.


ЕАЭО шеңберінде 16 кедергі жойылды

«Экономикалық одақ кеңістігіндегі практикалық жұмысқа көңіл бөлетін уақыты келді. Бір жыл ішінде біз 16 кедергіні алып тастадық, бұл өте маңызды, Еуразиялық экономикалық комиссияның тосқауыл белгілері туралы өтініштерді қарау мерзімдерін 3 айға дейін қысқартуға қол жеткіздік. Бұрын бұл процесс бір жылға созылуы мүмкін еді», - деді Бақыт Сұлтанов.

Оның сөзінше, Қазақстанның мүддесі Еуразиялық одақтың даму стратегиясының жобасына енгізілді. Олар біздің тауарларымыздың Еуразия Экономикалық Қауымдастығына мүше мемлекеттердің нарықтарына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар ол сыртқы сауда дипломатиясы шеңберінде сауда протекционизмімен күресетінін атап өтті. Елдер саяси немесе экономикалық себептер бойынша отандық тауарларға кедергі келтіретін жағдайлар өте көп екен. Мәселен, өткен жылы біз көмірдің Украинаға Ресей аумағы арқылы транзиті кезінде кездескен кедергілер жойылған. Осылайша, көмір экспортының көлемін 40% - ға, яғни 140 мың тоннаға дейін ұлғайту туралы келісімге қол жеткізілді. Қазір АҚШ-пен кремний өндірушілерінің мүдделерін қорғау бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

Бұдан бөлек сертификаттау мәселесі өте маңызды екенін айтып, сертификаттау саласындағы өзгерістерге тоқталып өтті.

«Біз Еуразиялық одақ кеңістігінде сериялық өнімнің шығу тегі туралы сертификат жүйесін енгізуді жандандыра алдық. Енді қазақстандық экспорттаушыларға, мысалы, сүт өнімдеріне экспорттық айранның әрбір партиясына сертификат алудың қажеті жоқ. Ал жарты жылда бір рет тауардың Қазақстанда жасалғанын сертификатпен растау жеткілікті», - деді министр.

 

«Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы құрылады

Министрдің айтуынша, Қазақстан Ташкентті Орталық Азиядағы басты серіктес, әрі ірі өткізу нарығы ретінде қарастырады. Екі мемлекет басшылары таяу жылдары тауар айналымын екі есеге, яғни $ 10 млрд-қа дейін арттыру міндетін қойып отыр.

Оның сөзінше, бұл жерде құрылатын «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы маңызды рөл атқарады. Қазақстан Ташкентпен бірлесіп, оны құру бойынша Жол картасын іске асырмақ. Экспорттың географиясын кеңейтуге ЕАЭО басқа елдермен құратын еркін сауда аймақтары ықпал етеді. Қазіргі кезде министрдің сөзінше, Вьетнам, Иран, Сербия, Сингапур сияқты аймақтар бар. Енді Израиль, Египет және Үндістанмен келіссөздер жүргізілуде.

 

Экспорт

Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі тауарлар экспорты баға көрінісінде жақсы көрсеткіш көрсеткеніне қарамастан, екінші жыл төмендеп отыр. Мысалы, ферроқорытпаларға әлемдік бағаның 14,5% - ға төмендеуі экспорттың шамамен $320 млн-ға қысқаруын тудырды. Бұл ретте, нақты мәнде экспорт 6,9% - ға немесе 109 мың тоннаға ұлғайды.

«Ағымдағы жылы жағдай пандемиямен және әлемдік сауда қарқынының баяулауымен күрделене түсті. Яғни, баға төмендеп қана қоймай, біздің негізгі экспорттық тауарларымызға сұраныс азайды», - деді Бақыт Сұлтанов.

Тауарлардың шикізаттық емес экспорты төмендеуде. Бірінші жартыжылдықта төмендеу 9,0% құраған. Мырыш, қорғасын жеткізілімдері іс жүзінде толық қысқарды. Бірақ күміс (24,4%-ға өсу), алюминий оксидтері мен гидроксидтері (18,9%-ға) жеткізілімдері белсенді түрде артуда.

Министрдің мәліметінше, осы жылдың бірінші тоқсанында қызметтер экспорты да 5,8% - ға қысқарған. Ең көп құлдырауды сапар қызметтері (-20,7%) және жолаушылар көлігі қызметтері (-16,2%) көрсетіп отыр.

«Бұл экспортты әртараптандыру және қосымша құны жоғары және тұрақты сұранысқа ие тауарлар өндірісіне көшу қажеттігін тағы да байқатты», - деді министр.

Оның сөзінше, қазірргі қиын жағдайға байланысты шикізаттық емес экспорттаушыларды қолдаудың белсенді саясаты жүріп жатыр.

Өткен жылы Министрліктің көмегімен 300 қазақстандық компания шетелдік 50 көрмеге қатысып, 114 млрд теңгеге ($ 270 млн) 63 экспорттық келісімшарт жасасты.

«Өңделген өнім өндірушілерді мемлекеттік қолдау 2 жыл ішінде 277 экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың өз шығындарын 6,8 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді. Босатылған қаражатты олар өндіріс көлемін ұлғайтуға инвестиция ретінде сала алады. Тиісінше, олардың экспорттық түсімнен салық аударымдары да өсті», - деп толықтырды Бақыт Сұлтанов.

 

Экспорттаушыларға қандай жеңілдіктер жасалады

Оның айтуынша, экспорттаушылар жеңілдетілген несие мен экспорттық сақтандыру алады. Сонымен қоса экспорттық қаржыландыру бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау туралы бастама көтеріледі. Бұл, оның сөзінше, сыртқы нарыққа жоғары технологиялық өнімді жеткізу жөніндегі келісімшарттарды қолдайды. Қолдаудың осы түрін күтетін және жыл сайын 300 млрд теңгеден астам сомаға осындай өнімді экспорттауға дайын кәсіпорындардың нақты тізбесі бар.

«Біз экспорттаушылармен тәулік бойы байланыстамыз. Олар біздің @exportgov телеграмм-арнамыз арқылы көптеген проблемалық мәселелерді айтады. Мысалы, биыл біз Лепсинскіден Біріккен Араб Әмірліктеріне 10 тонна бал жеткізуге көмектестік. Онда сәуір айында 22 тонна ет өніміне авиаэкспресс ұйымдастыра алдық. Өткен жылы алғаш рет біздің аккумуляторларымызды Италияға экспорттауды ұйымдастырдық. Ұшу-навигациялық тренажерлар Камбоджаға жіберілді», - деді министр.

Бұдан бөлек мемлекеттік қолдаудың жаңа жүйесін экспорттаушыларды жеделдетуді іске қосылған. Бизнес жаңа нарықтарға шыққанға дейін сүйемелдеуде қарқынды экспорттық дамуға көмек алады. Тамақ өнеркәсібінде Қытайға экспортқа шығарылатын 40-қа жуық компания іріктеліп алынған.

Министрліктің есебі бойынша, 2025 жылға қарай экспорттық акселерацияны қолдау сенімді экспорттаушылар қатарын тағы алты жүз қазақстандық кәсіпорынға толықтыруға мүмкіндік бермек. Бұл экспорттық жеткізілімдердің $ 410,2 млн-ға ұлғаюын және қосымша салық аударымдарының 34,5 млрд теңге түсуін қамтамасыз етеді.

 

Ішкі сауда

Соңғы 2 жылда ішкі тауар айналымы 11 пайыздық қарқынмен өсіп, 37,5 трлн теңгеге жетті. Алайда, биылғы 6 айда ішкі тауар айналымы 6,9%-ға төмендеп, 14,9 трлн теңгені құраған. Сонымен қатар COVID-19 салдарынан сауда саласындағы инвестициялар көлемі 48%-ға түскен.

«Нарықтарды қазіргі заманғы сауда форматына ауыстыру саладағы кәсіпорындардың 10% – ға, ал жұмыспен қамтылғандар санының 5 мың адамға өсуіне ықпал ететін болады. Дегенмен, сауда инфрақұрылымын жаңғыртудағы ең бастысы-цифрландыру. Сауда-саттықтың электронды жүйесі, мысалы, отандық тауар өндірушілер мен шетелдік серіктестерді тартуға мүмкіндік береді, мәмілелердің бәсекеге қабілеттілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Биржалық баға белгілеулер нақты уақыттағы нарықтың жай-күйін көрсетеді. Бұл баға келісімінің мүмкіндігін жоққа шығарады», - деді министрлік басшысы.

Оның айтуынша, тұтас және тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылады. Бұл фермерлерді, сатып алушыларды, тасымалдаушыларды, делдалдар мен ретейлерлерді бірыңғай кластерге біріктіреді. Бірыңғай цифрлық жүйемен байланысты 24 көтерме-тарату орталығы өндірушіден тұтынушыға дейін өнім жеткізу тізбегін оңтайландыруға, өнімді сақтауға, тиімді таратуға және сатуға қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

Тауар шығындарын азайту фермерлерге өнімділікті арттыру үшін қосымша инвестициялау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, жеке өндірушінің өткізу нарықтарына және сату алдындағы сауда инфрақұрылымына толық тікелей қол жеткізуі - жеке меншік иесінің де, жалпы саланың да кірісін арттырады.

«Тұтынушы, өз кезегінде, сапалы қауіпсіз өнім мен жақсартылған қызмет алады. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын 45% - ға дейін төмендету қамтамасыз етіледі. Бұл тұтынушылар үшін жыл сайын шамамен 60 млрд теңгені үнемдейді», - деді министр.

Оның сөзінше, ұлттық тауар өткізу жүйесі бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ететіні және ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларындағыдай ажиотажды болдырмауға мүмкіндік бермек.

 

Электронды сауда

Министрдің сөзінше, сауданың дамуы үшін электронды коммерцияға баса назар аударылады. Бұл пандемия кезеңінде күшейген әлемдік тренд.

Егер өткен жылы Қазақстанда электронды нарық көлемі 700 млрд теңгеден сәл артық болса, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана онлайн-сауда көлемі 432 млрд теңгені құрады. Осы жылдың соңына дейін 900 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлап отырмыз. Ал 2022 жылға қарай онлайн сатып алу көлемі 2 триллион теңгеге немесе елдегі барлық бөлшек сауданың 13%-на жетуі мүмкін.

«Біздің болжамымыз бойынша, 2025 жылға қарай электронды коммерция үлесі нарықтың 15% - на жетеді. Электронды коммерция бөлшек сауданы, әсіресе халықаралық сауданы айтарлықтай жеңілдетеді және жеделдетеді. Біздің кәсіпкерлерге әлемдік электронды сауда алаңдарын игеруге көмектесу үшін СИМ Alibaba, Ebay, Amazon және Wildberries-пен келіссөздер жүргізуде», - деді министр.

Министрліктің мәліметінше, қазақстандық 43 компания Alibabaның алтын аккаунттарында сауда жасайды, тағы 3 компания витриналар дайындайды. 21 қазақстандық компания Wildberries-те сауда жасайды.

Қазақстанда 3 фулфилмент-орталық жұмыс істейді, онда күніне 350 мыңнан астам пошта жөнелтімдері өңделеді. 2025 жылға қарай олардың саны 15-ке дейін ұлғаяды, ал пошта жөнелтілімдерінің саны 82,8 млн данаға дейін өсетінін атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Қазақстанда 13 қазақстандық цифрлық Сауда платформасы жұмыс істейді. Олардың қатарына кaspi, chocofamily, technodom, mechta және басқалар сияқты маркетплейстер кіреді.

«Оларды қолдау үшін КТС және ЖТС төлеуден қосымша босату мәселесі пысықталуда. Ұлттық банкпен бірлесіп төлем жүйелері арқылы электрондық коммерцияны дамытуды ынталандыру мәселелерін пысықтап жатырмыз», - деді министр.

 

Сауда саласын дамытуға қойылған міндеттер

Елбасы мен мемлекет басшысы сауда саясатын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады. Сауда саласын дамыту және шикізаттық емес экспортты ілгерілету бойынша нақты тапсырмалар берілген болатын. Осы тапсырмаларды ескере отырып, министрлік жақын арадағы перспективаға негізгі міндеттерді айқындады.

Бірінші. Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағыттары жобасы бойынша жұмыс жалғасуда.

Онда базалық бағыттарды дамытумен қатар денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, туризм, спорт және қоршаған ортаны қорғау сияқты ЕАЭО үшін жаңа бағыттар бойынша экономикалық ынтымақтастықтың негізі қаланады.

Екінші. Елдің 2020 жылға және орта мерзімді перспективаға арналған экономикалық өсуін қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарларды іске асыру сауда субъектілерінің іскерлік белсенділігін неғұрлым қысқа мерзімде қалпына келтіруге, сондай-ақ экспорттаушыларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Үшінші. Министрлік Қазақстан Республикасының саудасын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірледі.

Онда анықталған сауданы дамытудың міндеттері мен векторлары бизнеспен және мүдделі тараптармен бірнеше рет талқыланды. Бағдарлама жобасында заңнамалық жетілдіру шаралары да, бизнесті қолдау және сауда инфрақұрылымын дамыту құралдары да қарастырылады.

Төртінші. Көп форматты тауар өткізу жүйесін құру. 2022 жылдың соңына дейін барлық өңірлерде 24 көтерме-тарату орталығы пайдалануға беріледі.

Бұл отандық тауар өндірушілердің ең аз шығыстары және шығындарымен алқаптан сөреге дейін тауарларды жеткізудің ұлттық жүйесін қалыптастыруға, және ең бастысы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте, халық таза және арзан азық-түлік тауарларын алады.

Бесінші. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың толыққанды ұлттық жүйесін құру шеңберінде Шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін және Ведомствоаралық Кеңес құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Олар тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың барлық шараларын бір жерге шоғырландыруға және мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Алтыншы. Маусым айының соңында Парламент Мәжілісінің қарауына «Техникалық реттеу туралы» Заң жобасы енгізілді. Ол өнім қауіпсіздігінің, өмір процестерінің, адам денсаулығы мен қоршаған ортаның ауқымды мәселелерін шешуге бағытталған.

Барлық жаңалықтар