• Басты
  • Қазақстанның халық партиясы сайлауға қатысатын кандидаттар тізімін жариялады

Қазақстанның халық партиясы сайлауға қатысатын кандидаттар тізімін жариялады

23 Қараша, 2020 15:05

Бүгін «Қазақстан халық партиясы» XVI съезін өткізіп, мәжіліс және мәслихатқа кандидаттардың тізімін жариялап, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Фракциядан 125 кандидат ұсынылды. Бұрынғы Қазақстанның коммунистік партиясынан депутаттыққа үміткерлер тізімін Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


10 қаңтарда өтетін мәжіліс пен мәслхатқа кандидаттар тіркей 10 қарашада басталған болатын. 30 қарашаға дейін жалғаспақ.

Қазақстанның халық партиясы ұсынған 125 кандидаттың көшін қазіргі мәжіліс депутаттары Айқын Қоңыров пен Жамбыл Ахметбеков, Ирина Смирнова, Магеррам Магеррамовтар бастап тұр. Ал осы партияны 2004-2018 жылдар аралығында басқарған, мәжілістегі ең егде депутат Владислав Косарев кандидаттар тізіміне кірмепті. Партия жариялаған тізімде 36 әйел (28,8%) және 89 ер адам (71,2%) бар. Кандидаттардың орташа жасы – 46 жас. Ең жасы – 25-те, ең үлкені – 67 жаста.

Фракция жетекшісі Айқын Қоңыров партияның атауы өзгерсе де, бұрынғыша қарапайым халықтың мүддесін қорғайтын социалистік бағыттағы партия болып қалатынын айтты.

Біз тек Парламентке өтуді ғана көздемейміз, Парламентте халықтың әлеуметтік мәселелерін көтеруді мақсат еттік. Біз заман талабына сай алға қарай ілгерілеуге ниеттіміз және осыны дұрыс қадам деп есептейміз. Осы орайда халық біздің бастамаларды қолдайтынына сенімдіміз. Парламенттегі фракциямыз үлкен болмаса да, осы күнге дейін ауыз толтырып айтар жұмыс жеткілікті. Өткен бес жылда фракцияның 92 отырысы өткізілді, 300-ге жуық депутаттық сауал жолданды. Елді мекендерге 664 жұмыс сапары жасалып, халықпен 1450 кездесу болды. Үш мыңнан астам жеке әрі заңды тұлғалардың өтінімі қаралды, - деді Айқын Қоңыров.

Шара барысында қазіргі мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қазақстан халық партиясының сайлауалды бағдарламасының жобасын оқыды. Ол қарапайым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісін жалғастыру үшін Парламентке баратынын мәлімдеді. Сосын бастамаларға жеке тоқталды.

Біріншіден, білім мен медицинаның қолжетімгі мен сапасы ескеріліп отыр. Білім алу қолжетімді болуы тиіс. Ол үшін тегін білім алуға көшу керек.

Екіншіден, халықтың баспана мәселесін шешуге екпін қойылады. Біз қазақстандықтар үшін жер телімі мәселесін түбегейлі шешуді көздейді. Әр отбасы баспана және үй шаруашылығы нысанын салу үшін 20 сотық жер алады. Мемлекет бұл учаскелерге қажетті инфрақұрылымды тартады.

Үшіншіден, зейнет жасына жеткендерге жағдай жасау. Осы орайда зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендету ескерілген.

Төртіншден, жер ресурстарына мемлекеттік меншікті қорғау.

Бесіншіден, ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Алтыншыдан, банктердің есебінен жеке әрі заңды тұлғалар үшін несиелік рақымшылық жүргізу қадамы қарастырылған.

Жетіншіден, салық саясатын қайта қарау.

Сегізіншіден, мемлекеттік шешімдерді жүзеге асырудың тиімділігін бақылау бастамасы қамту.

Тоғызыншыдан, сот жүйесіне қатысты ұсыныстар ескерілген.

Оныншыдан, халықтың рухани мұрасына назар аударылып отыр.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы – яғни съезд мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Ал облыс, аудан, қалалардағы мәслихат депутаттарын сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы – яғни конференция мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі.

Барлық жаңалықтар