• Басты
  • Қазақстанның көші-қон саласындағы өзекті трендтер
29 Маусым, 2020 12:52

Қазақстанның көші-қон саласындағы өзекті трендтер

2020 жылы мамыр айында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын Түркістан облысының Жетісай, Мақтарал аудандарына қарасты бірнеше ауылдық елді мекендерін су алғаны белгілі. Апаттан ай өткеннен кейін аталған аудандарға барған танысым өңірдегі елді мекендерді аралау барысында «үй сатылады» деген жазу сырт көзге жиі ұшырасқанын айтады. Тұрғындардың айтуынша бұл мәселе су тасқынымен байланысты емес, жергілікті халықтың соңғы жылдардағы ірі қалаларға қарай көшуге ұмтылысының көрінісі. 

Қазақстанның көші-қон саласындағы өзекті трендтер

Түрлі зерттеулердің қорытындыларын синтездеу арқылы Қазақстанда алдағы жылдардағы миграцияның үш трендін айқындауға болады. 

Алдымен урбанизация үдерісі  ауылдардың тұрғындарының қалаларға көшуі. 

Екіншіден, мемлекеттің азаматтарды солтүстік аумақтарға көшіру саясаты мен ғаламдық жылыну нәтижесінде жүретін көшіқон. 

Үшіншіден, иммиграция мен эмиграция. 

Қала маңындағы аумақтарды дамыту маңызды

Болжам бойынша 2050 жылға қарай Қазақстан халқының 70%-дан астамы урбандалған аумақтарда тұратын болады. Қазір бұл көрсеткіш 58%ды құрайды. 

Жер шарына тараған жаңа коронавирус індеті қала тұрғындарына теріс ықпалын қатты тигізді. Ауылдық аумақтармен салыстырғанда қалаларда халық тығыз қоныстанғандықтан және тұрғындардың қозғалыс динамикасы қарқынды болғандықтан індеттің урбандалу деңгейі жоғары географияларда тез таралу ықтималдылығы көбірек. Осыған байланысты әлемнің барлық елдерінде дерлік енгізілген карантиндік шаралар қала тұрғындарына ауыр тиді. Көпқабатты үйлердегі төрт қабырғаның ішіне қамалған ірі мегаполистердің тұрғындары арасында жер үйде тұратын, шағын елді мекендердің тұрғындарына қызығушылық артты. Оның үстіне, көптеген мекемелер мен ұйымдардың өз қызметкерлерін толық немесе бір бөлігін қашықтықтан жұмыс жасау режиміне көшіруі, бұл трендтің қалыпты жағдайға айналып, адамдар бұдан кейін үйінде отырып жұмыс істей бастайды деген түсінік қалыптасты. Осындай жағдайда, қалалардың даму болашағы қалай болады, урбанизация процессі бәсеңдей ме деген сұрақтар туындауда. 

Орта ғасырлардан бергі қалалардың дамуы  олардың түрлі сынқатерлерге төзімділігін, уақыт талабына қарай бейімделгіштігін көрсетті. Түрлі соғыстар мен індеттердің алғашқы объектісі қалалар болғанымен, олар өзінің тартымдылығын сақтап келеді. Сол себепті қалалардың дамуына қазіргі қауіптің де теріс әсер етуі қиын. 

Қалалар тартымдылығын сақтайды, алайда жер үйлерге, қала маңындағы аумақтарға сұраныс күшейеді деген болжам жасауға болады. Себебі, пандемияға байланысты әлеуметтік психологияда жер үй алуға ұмтылу көңілкүйі артты. Бұрын жұмысқа күнделікті барып келу машақаты мұндай көңілкүйге басты кедергі болатын, ендігі жерде  технологияның дамып, қашықтықтан жұмыс істеу дәстүрінің жыл өткен сайын кеңеюіне байланысты жұмысқа күнделікті барып келудің өзектілігі азаяды. Сонымен қатар, транспорт пен логистикалық инфрақұрылымдардың дамуы да қатынастарды жеңілдетіп, постиндустриалды елдердегідей «субурбанға» қызығушылықты ұлғайтады. 

Егер дамыған елдерде, бұл алдымен урбанизация, артынан кері урбанизация арқылы жүрсе, Қазақстан жағдайында бірден субурбан аумақтарға қоныстануға ұмтылушылық жүруі ықтимал. Бұл өз кезегінде қалаға бағынышты шеткі аумақтарда немесе қалаға іргелес аумақтарда жаңа шағын елді мекендердің пайда болуына жол ашады. Осыған байланысты ірі қалалардың маңындағы инфрақұрылымды дамыту маңызды. Қазіргі таңда Алматы, НұрСұлтан, Шымкент және Ақтөбе қалаларында агломерацияны аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілген. Бұл қалалардың бекітілген схеманы іске асыруды мүлтіксіз сақтауы маңызды және ауыл тұрғындарына тартымды басқа да ірі қалалардың осындай жоспарлар жасағаны дұрыс. 

Солтүстік облыстар ішкі мигранттарға тартымды болмақ

Қазақстандағы халықтың солтүстік өңірлерге қоныс аударуын, осы бағыттағы мемлекеттік саясатпен қатар ғаламдық жылыну да үдетуі мүмкін. 

Сарапшылардың пікірінше ғаламдық жылынудан көп аумақ үлкен зардап шегетініне қарамастан, оның кейбір географиялардың экономикасына оң ықпалы да бар. Ауарайының жылынуы суық аумақтарда бұрын өспейтін дәнді дақылдар мен көкөністердің өсуіне ыңғайлы климат қалыптастырады. Ғаламдық жылынудан экономикалық тұрғыдан ұтатын және ұтылатын елдердің картасын жасаған ғалым Julia Puaschunder Канада, Ұлыбритания, Скандинавия елдері мен Ресейдің ауыл шаруашылығына тиімділігін айтады. Солтүстік аумақта орналасқан бұл мемлекеттер тропикалық елдерден импорттап келген көкөніс өнімдерін болашақта өздерінде өсіруі ықтимал. 

Зерттеулерге сүйенсек Қазақстан аумағы соңғы ғасырда 1,6-2 градус аралығында жылынған. Ғасырдың соңына дейін 2-6 градус аралығында тағы жылынады деп күтіліп отыр;  Казгидромет; Климат жылынуының Канаданың солтүстігіндегі ормандарға әсерін зерттеген Гарвард университетінің экологы Neil Pederson бастаған авторлар ұжымы солтүстік ендіктегі 49 параллельден солтүстікке қарай ағаштардың өсуіне қолайлы температура қалыптастыратынын анықтаған. Есесіне ауарайының жылынуы аталған сызықтың оңтүстік бөлігінде құрғақшылыққа алып келеді. 49 параллель Қазақстанды да елдің солтүстігіне қарай ауа кесіп өтеді. 

Егер климаттың жылыну динамикасы сақталатын және Гарвард ғалымдарының 49 параллель болжамы расқа айналатын болса, онда ғаламдық жылыну Қазақстанның күнгейінен теріскейіне көшіқонды күшейтеді. Себебі Қазақстанның ауыл шаруашылық географиясын өзгертуі мүмкін, атап айтқанда солтүстік өңірлер жеміс-жидектер өсіруге болатындай жылынуы, ал оңтүстік бөлікте су тапшылығы сезілуі ықтимал. 

Миграция 1.png

Солтүстік ендіктегі 49 параллельдің Қазақстанды қиюы


Эмиграцияның жаңа қозғаушы күші

Қазақстандағы көшіқонның келесі трендіне иммиграция мен эмиграция жатады. 

Жоғарыдағы Жетісай мен Мақтарал аудандарындағы кенттер мен шағын қалалардағы сатылатын үйлерді көбіне Өзбекстаннан елге оралған қандастар алады екен. Соңғы жылдардағы елдің дамуы мен қоғамдық өзгерістер  иммиграцияның әлеуметтік құрамы осыған дейінгі жылдардағыдай атамекеніне оралған қазақтар мен көрші елдерден табыс табуға келген еңбек мигранттары болатынын көрсетіп отыр. 

Дегенмен, алдағы уақытта эмиграцияның қозғаушы себебі өзгереді деп болжауға болады. Тәуелсіздіктен бері эмиграцияның драйвері болып келген «тарихиэтникалық» фактордың ресурсы бітуге таяу. Алдағы уақытта бұл фактор эмиграцияда шешуші рөл ойнаудан қалады. Оның орнына эмиграцияға экономикалық астар  шет елдерден көбірек табыс табуға ұмтылу көңілкүйі себеп болады. Бұл жерде эмигранттарды екіге бөліп қарастырған дұрыс болар: жоғары білікті мамандардың көшуі және қара жұмыс күшіне сұраныс жоғары елдерден көбірек табыс табуды көздеген адамдардың уақытша эмиграциясы. 

Бірінші фактор итермелеген азаматтардың елден кетуінің негізгі себебі Қазақстанның нарығы шағын, сол себепті табыс көлемі де аз, вертикальды және горизонтальды мансаптық өсу мүмкіндігі де шектеулі. Қазақстандық мансаптық дамудың жоғары сатысына тез жеткен маман, одан кейін өзін бәсекелестік дамыған, ірі нарықтарда байқап көргісі келеді. Сапалы мамандардың осындай ниеттен туындаған эмиграциясынан әлемнің барлық дамушы елдері, тіпті Ресей, Бразилия, Үндістан сияқты алпауыт мемлекеттердің де зардап шегіп отырғаны белгілі. Өйткені бұл мемлекеттердің нарықтары да батыстың жоғары дамыған елдерімен салыстырғанда шағын. 

Білікті кадрлардың елден кетуінің мемлекет дамуына пайдалы болу әлеуеті де бар екенін айтып өткен жөн (егер сапалы мамандар жаппай көшпесе). Осы жерде Каха Бендукидзенің Үндістанның сырттан тәжірибе жинап келген АТ мамандары туралы мына пікірін келтіруге болады: «Үндістанның IT сатылымындағы табысының себебі мынада. Үндістанда бұрында сыртқа ақыл ағыны қатты болды. Бірақ билік мұнымен крескенімен еш нәтиже шықпады. Алайда он жылдан кейін ағын кері қайтып, елде индустрия құра бастады». 

Сондайақ, отандастарының бәсекелестік жоғары нарықтардағы жетістіктері елдегі жастарға үлгі болады. Егер қоғамға кең танымал тұлғаларды мысалға алатын болсақ, онда Геннадий Головкиннің АҚШтағы жетістігі елдегі кәсіпқой бокстың жандануына, Д. Құдайберген мен М. Мудряктың шет елдердегі табыстары өнер саласында биік шыңдарға ұмтылған жастардың көбюіне ықпал еткені анық. Әрбір саладағы шетелді мойындатқан отандастар жастарға рөлдік модель болып, елдегі адам капиталының дамуына идеологиялық ықпал етеді. Сонымен қатар, олар еліміз үшін өз саласында лоббистік, инвестиция тарту, технология әкелу т.б. еңбек сіңіре алады. 

Ал, қара жұмысшылардың шетелдерге ұмтылуына ішкі және сыртқы демографиялық динамика ықпал етеді. БҰҰ-ның болжамы бойынша ХХІ ғасырдың 50-60 жылдары Қазақстандағы халық саны 24-25 миллион адамды құрайтын болады. Бұл халық санының едәуір артатынын білдіреді. Азиядағы экономикасы қуатты мемлекеттер де болса, керісінше халық өсімінде теріс динамика байқалып, сыртқы елдерден жұмыс күшін тартуға мұқтаждық артады. Мұндай жағдайда Қазақстан азаматтары Оңтүстік Корея, Жапония, тіпті Қытай елдеріне барып еңбек ету тартымды болады. 

миграция 2.jpg
Азияның кейбір елдерінде халық санының өзгеру болжамы

Қара жұмысшылардың барған елдерінде азаматтық алу процессі қиын болғандықтан, олардың басым бөлігі елге оралады деп болжауға болады. Сыртқа барып еңбек етіп келген мигранттардың бір бөлігі өз тәжірибесін, көзқарасын кеңейтіп, отанға оралғаннан кейін жинаған біліміне сүйеніп кәсіп ашу мүмкіндігі жоғары. 

Әлемдік тәжірибе, білікті мамандардың да, қара жұмысшылардың да  шетелге табыс табу мақсатында кетуін тоқтату мүмкін еместігін көрсетті. Ал, оларды мемлекеттің дамуына пайдалану үшін, мұндай азаматтардың түбінде елге оралып, өз бизнесін дамытуына қолайлы атмосфера қалыптастыру қажет. Сонда ғана қоғам шетелге кеткен азаматтарының әлеуетін пайдалана алады.  

Қорытындылай келе, болашақтағы миграциялық өзгерістерге байланысты қала маңы инфрақұрылымын дамытуға мән беру, солтүстікке көштің ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарын түзу және эмигранттардың елге қайта оралып, шетелде жинаған тәжірибесінің негізінде өз кәсібін дамытуына жағдай жасау мемлекеттік көшіқон саясатының негізі болғаны дұрыс. 

Барлық жаңалықтар