Қазақстанның геология саласын дамыту шаралары

20 Тамыз, 2021 13:22

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев республиканың геология саласының ағымдағы жай-күйі мен оның одан әрі дамуы жайлы баяндады. Оның мәліметінше, елімізде пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансында жалпы 8 мыңнан аса кен орындары тіркелген. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Геология саласын дамыту

Серікқали Брекешев жер қойнауын зерттеу және республиканың минералдық-шикізат базасын толықтыру бойынша жағдай жасау министрліктің негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол саланың маңыздылығын тоқтала келе, халық шаруашылығын дамытудағы оның айтулы үлесін атап өтті.

«Геологтардың еңбегінің арқасында экономиканың тұрақты дамуын және мемлекеттің материалдық әл-ауқатын қамтамасыз ететін кен орындары ашылды. Көптеген қалалар геологтардың қызметі нәтижесінде өсті. Геология саласын дамыту үлкен маңызға ие», - деді вице-министр.

Вице-министр өз сөзінде, елбасы Н.Ә.Назарбаев экономиканың дәстүрлі өндіруші салаларының тиімділігін арттыру және Қазақстанды геологиялық барлаудың әлемдік нарығына шығару жөнінде міндет қойған болса, ал Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев оңтайландыруға байланысты Ұлттық жобаға айналған бес жылдық кезеңге арналған геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырғанын атап өтті.

Еліміздің пайдалы қазбалары

Сонымен қатар, ол минералды-шикізат базасының ағымдағы жағдайына тоқталып өтті. Оның айтуынша, еліміздің пайдалы қазбаларының мемлекеттік балансында жалпы 8 мыңнан аса кен орны тіркелгенін жеткізді. Оның ішінде көмірсутек – 317, қатты пайдалы қазбалар – 910, кең таралған пайдалы қазбалар – 3 мыңнан астам және 4 мыңға жуық жерасты суларының кен орындары екен.

Оның дерегінше, елімізде мұнайдың баланстық қорлары 4,4 млрд тоннаны, газ – 3,8 трлн м3, конденсат – 414 млн тоннаны құрайды. Олардың басым бөлігі Атырау және Маңғыстау облыстарында шоғырланған.

«Көмірсутек шикізатының 68% қоры 3 ірі кен орындарының, атап айтқанда Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтың үлесіне келеді. Сондай-ақ, қатты пайдалы қазбалардың қорын есептеу металл пайдалы қазбалардың 37 түрі және бейметаллдың 65 түрі бойынша жүргізіледі», - деді вице-министр.

Вице-министрдің сөзінше, пайдалы қазбалардың негізгі түрлері алтын, мыс, қорғасын және мырыш болып саналады. Оның мәліметінше, алтын кен орындарының негізгі қорлары Шығыс Қазақстан облысында – 36%, Ақмола облысында – 21%, Қарағанды облысында – 11% шоғырланған. Сондай-ақ, мыстың 82% қоры еліміздің Шығыс және Орталық өңірлерінде екен.

«Үш мыңнан астам қорғасын-мырыш кен орындары және кенашылымдары, негізінен, Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда шоғырланған», - деді вице-министр.

Вице-министрдің мәліметінше, елімізде 43 млн м3/тәул. бекітілген қоры бар 4 мыңға жуық кен орны есепке алынады. Қорлар біркелкі таралмаған. 50% Оңтүстікте, 30% – Орталық, Солтүстік және Шығыс өңірлерде және 20%-дан азы – Бастыста.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, тәуелсіздік жылдары жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу елдің минералдық-шикізат кешенінің ресурстық базасын дамытудың салалық бағдарламаларына сәйкес жүргізілді. Соның ішінде, 2965 ауылды жер асты суларының қорымен қамтамасыз ету үшін болжамды ресурстарды бағалай отырып, алаңдарды геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік картаға түсіру, терең геологиялық картаға түсіру, инженерлік-геологиялық зерттеулермен гидрогеологиялық жете зерттеу жүргізілгенін атап өтті.

Отандық геологиялық барлау компанияларының зерттеу әдістері

Сондай-ақ, 123 кен орнының жер асты суларының қорларын қайта бағалау үшін іздеу-барлау жұмыстары және жете барлау жүргізілген. Оның мәліметінше, геотермалдық сулардың 2 кен орны ашылған. Елімізде алғаш рет мемлекеттік бюджет есебінен отандық геологиялық барлау компаниялары озық зерттеу әдістері түрінде жүргізілген.Нәтижесінде, 137 мың км2 алаңда геохимиялық картаға түсіру, Жерді қашықтан зондтау, 75 мың км2 алаңда аэрогеофизикалық әдістері қолданылған.

Вице-министрдің айтуынша, аталған әдістерді қолданудың нәтижесі цифрлық ақпарат және тереңдігі 2,5 км дейінгі зерттеу алаңдарын аудандастыру. Бұл жаңа көкжиектер ашуға және тұтастай алғанда елдің минералдық-шикізат базасын нығайту перспективаларын анықтауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Жұмыс нәтижелері бойынша 1:1000000 (млн) масштабтағы геологиялық ұстау карталарының жиынтығы жасалды, көмірсутекті шикізат, жер асты сулары және қатты пайдалы қазбалардың 35 негізгі түрі бойынша Қазақстанның минералдық-шикізат базасының анықтамалық-талдамалық жүйесі құрылды », - деді вице-министр.

Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері

Сонымен қатар, минералдық-шикізат әлеуетін нығайту және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың шикізат базасын қамтамасыз ету мақсатында 1991 жылдан бастап жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша мемлекеттік теңгерімге алғаш рет көмірсутекті шикізаттың 135 кен орнының, 99 кен орны мен жер асты сулары учаскелерінің, қатты пайдалы қазбалардың 224 кен орнының, оның ішінде 94 – алтын, 14 – мыс, 19 – марганец кендерінің, 16 – темір кендерінің, 4 – полиметаллдардың және т.б. қорлары жеткізілген.

Сондай-ақ, ол бұрын зерттелген кен орындарының шикізат базасы ұлғайтылғанын атап өтті. Оның дерегінше, жер қойнауын пайдаланушылардың инвестициялары есебінен пайдалы қазбалардың негізгі түрлері бойынша бекітілген қорлардың өсімі алтын бойынша – 1,9 мың тоннаны, уран – 469 мың тоннаны, марганец кені – 160,7 млн тоннаны, темір кені – 2,9 млрд тоннаны, мұнай – 2,5 млрд тоннаны; газ – 506 млрд м3, конденсат - 277,2 млн тоннаны құраған.

«Геологияда жазылмаған бір тонна алдың ба, екеуін толтыр деген ереже бар. Пайдалы қазбалардың өсу коэффициенті оларды қатты пайдалы қазбалар бойынша өндіру көлеміне орта есеппен 0,13 құрайды, мұнайдың орнын толтыру коэффициенті 1,5-ке тең. Бұған негізінен Қашаған кен орны есебінен қол жеткізілді», - деді вице-министр.

Серікқали Брекешев аталған мәселені шешу үшін жаңа перспективалы учаскелерді жедел анықтау, ескі кен орындарын жете барлау, геологиялық барлауға жеке инвесторларды тарту қажет, өйткені жаңа кен орындарын ашу мен іске қосу арасында кемінде 10-15 жыл өтетінін жекізді.

Жер асты суларын ұйымдастыру

Сондай-ақ, ол жүйелі режимдік бақылаулар жер асты сулары мониторингінің мемлекеттік желісінің 4000-нан астам пунктінде, жер сілкіністерінің гидродинамикалық хабаршыларын зерделеу жөніндегі 12 бекетте, жер асты суларының техногендік ластануының 4 полигонында, 2 полигонда және қауіпті геологиялық процестердің 39 бекетінде жүргізілетінін айтып өтті. Осы орайда, мониторинг деректері ресурстардың өзгеруін бағалау, жер асты суларының сарқылуы мен ластануын бақылау үшін пайдаланылатынын жеткізді.

«Олар жер асты суларының ластануына жол бермеу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу үшін мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Өздігінен ағатын гидрогеологиялық ұңғымалар тұщы жер асты суларының табиғи ресурстарына, қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіреді», - деді вице-министр.

Сондай-ақ жер асты және жер үсті суларын фенолдармен, радиоактивті және улы элементтермен ластайды екен. Сол үшін теріс салдарды болдырмау мақсатында 516 иесіз өздігінен ағып жатқан гидрогеологиялық ұңғымалар жойылған. Оның 149-ы радионуклидтік ластанған.

«2 мыңға жуық ұңғыма жоюға немесе консервациялауға жатады. ЖСҚ әзірленуде. Келесі жылы олар тарату жұмыстарына кіріседі», - деді ол.

Апаттық мұнай ұңғымаларын жою

Вице-министрдің айтуынша, қоршаған ортаны ластайтын апаттық мұнай ұңғымаларын жою мақсатында 2010-2021 жылдар кезеңінде ел аумағына зерттеулер жүргізілген. Тексеру барысында 132 авариялық мұнай ұңғымалары анықталған. Оның 126-сы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жойылған.

«6 ұңғыманы жою қажет, оның ішінде Ақтөбе облысында - 3, Атырау облысында – 1 ұңғыма және Маңғыстау облысында 2 ұңғыма. Жоғарыда аталған 6 иесіз апатты мұнай ұңғымаларын жою іс-шараларына 2023 жылы кірісу жоспарлануда»,-деді вице-министр.

Геологиялық барлауға жеке инвесторларды тарту

Оның айтуынша, геологиялық барлауға жеке инвестициялардың өсуі жер қойнауын геологиялық зерттеудің ерте сатыларын мемлекеттік қаржыландыру деңгейіне тікелей байланысты. Нәтижесінде, перспективалы учаскелер анықталатынын атап өтті.

«Игеріліп жатқан кен орындарының көптігіне қарамастан, Қазақстанның жер қойнауы жаңа ашылулар үшін әлі де елеулі әлеуетке ие. Көмірсутектер тұрғысынан геологтар әр түрлі дәрежеде зерттелген 15 шөгінді бассейн бөлді»,-деді вице-министр.

Вице-министрдің дерегінше, мұнай-газ өндірудің барлық көлемі игерілген 5 бассейнде өндіріледі. Олардың ішінде ең ірісі Каспий маңы болып саналады екен. Оларға елдің ресурстық базасының шамамен 80%-ы тиесілі.

Сонымен қатар, ол үлкен әлеуеті бар Солтүстік Торғай, Ертіс өңірі, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу бассейндері аз зерттелген 5 бассейнді зерделеу үшін инвесторларды тарту және оларға мемлекеттік қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

«Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі»

Оның сөзінше, қазіргі таңда мемлекеттік органдар «шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығымен бірлесіп қалыптастырған тұжырымдамалық тәсіл жер қойнауын геологиялық зерттеуден ұлттық компанияның үлестік қатысуымен одан әрі барлауға, өндіруге кепілді көшу құралы ретінде жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған келісімді әзірлеу және қолдану болып табылады.

«Инвестор учаскеге айрықша құқық және жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу үшін жақсартылған жағдайлар алады. Біздің ойымызша, бұл тәсіл инвестициялардың жоғары құқықтық қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді және инвесторларға белгілі бір салықтық және басқа да преференциялар алуға мүмкіндік береді», - деді Серікқали Брекешев.

Оның айтуынша, жер қойнауын мемлекеттік зерттеуді және жеке инвестицияларды бюджеттік қаржыландыруды ұлғайту маңызды міндеттердің бірі. Пайдалы қазбалар кен орындарын іздестірудің перспективалық бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретінін айтып өтті.

 

 

Барлық жаңалықтар