• Басты
  • Қазақстанның білім беру нысандары қалай күзетіледі

Қазақстанның білім беру нысандары қалай күзетіледі

17 Мамыр, 2021 13:47

Өткен аптада Қазақстанда 3225 қылмыс жасалған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз әдеттегідей дүйсенбілік брифингте айтты. Сонымен қатар ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шаралары туралы баяндады. Елдегі криминогенді жағдай мен қауіпсіздік шаралары туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.



Аптадағы қылмыстық оқиғалар

Бір апта ішінде жасалған 3225 қылмыстың 2222-сі бір тәуліктің ішінде ашылып, анықталды. Полицейлер «ізін суытпай» 10 кісі өлтіруді, 4 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана зиян жасау, 37 тонау, 463 басқа біреудің мүлігін ұрлау және 1 қарақшылық қылмыстарын ашты.

Өткен аптада ҚР Ішкі істер министрі Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробартпен кездесті. Министр жаңа басшыны құқықтық тәртіпті және адам құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған реформалар мен бастамаларды қолдағаны үшін кеңсе қызметкерлеріне алғыс білдірді Өз кезегінде Ерлан Тұрғымбаев біздің елдегі полициясы туралы айтты. Нақтырақ, осы саладағы жаңа реформалар, «Жұртқа жақын полиция» қағидаты, сервистік қызмет көрсету моделіне көшу, тұрғындармен байланыс, қауіпсіздіктің заманауи жүйелерін енгізу туралы баяндады.

Ал Кеңсеге жаңадан тағайындалған Басшы өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың жалғасатынына, сондай-ақ жоспарланған бірлескен жобалардың сабақтастығы сақталатынына сенім білдірді.

«Менің алдымда қызмет жасаған әріптесім Дьердь Сабо ішкі істер министрлігімен ынтымақтастық туралы жылы лебізін білдірді және біздің ұйымдардың Қазақстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі өзара маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын», - деді Фолькер Фробарт.

Мектеп оқушыларының қауіпсіздігі - назарда

Нұрділдә Ораз мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігі туралы айтты. Бұл ретте ҚР ІІМ бастамасымен мектеп демалысы қарсаңында «Назар аударыңыз-балалар!» атты акциясы өткен.

«Бұл акцияның мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу», - деді ресми өкіл.

Шараның алғашқы күндерінде жол ережелерін бұзудың 16 мыңнан астам жағдайы тіркелді, оның ішінде:

- 1223 факті жол қиылыстарынан өту ережелерін бұзу;

- 1415 факті жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзу анықталды.

- Балаларды тасымалдау ережелерін бұзуға қатысты 1348 жағдай орын алған. Оның ішінде 485 жағдай көліктің алдыңғы орындықтарында балаларды ұстап тұратын арнайы орындықтың пайдаланбаған жағдайы екен.

«Полиция жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп, жалпы білім беру мекемелеріне іргелес жатқан аумақтарға жаяу жүргіншілер өткелдерін жол белгілерімен, арнайы таңбалармен, қоршаулармен және жол қозғалысын реттеудің басқа да техникалық құралдарымен жабдықтау бойынша 4 мыңнан астам тексеру жүргізді», - деді ол.

«Хай-тек» операциясы интернет алаяқтарды анықтады

Сонымен қатар, өткен аптада байланыс пен ақпарат саласында, нақтырақ интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстарды болдырмауға қатысты «Хай-тэк» опрерациясы өткізілді.

«Бұл шара өткізілген үші күнде интернет-пайдаланушыларды алдаудың көптеген фактілері анықталды. Сөйтіп, елордалық полицейлер азаматтарды интернет желісінде жоқ пәтерді жалға беру туралы хабарландыру беру арқылы алдаған алаяқты ұстады. Жалпы сомасы 300 мың теңгеге материалдық шығын шеккен 8 жәбірленуші анықталды», - деді Н. Ораз.

Өзгелердің жеке ақпараттарын пайдаланып, микроқаржы ұйымдарында онлайн-кредиттер рәсімдеумен айналысқан Қостанай қаласының екі тұрғыны ұсталды.

«Жедел іс-шаралар барысында қосымша 15 жәбірленуші анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 2 млн.теңге. Осындай схема бойынша Жаркент қаласынан келген екі алаяқ азаматтарды алдады. Олар жыл басынан бері онлайн-қарыздар рәсімдеу арқылы ақша ұрлады. Материалдық залал 2 млн.470 мың теңгені құрады», - деді ол.

Тағы бір жағдай Алматы қаласында орын алды. Алаяқ «Оlх.kz» сайтына жалған хабарландырулар орналастырып, жүк тасымалдау қызметтерін ұсыну арқылы ақша тапқысы келген. Осы алаяқтан 1 млн. теңгеге жуық сомаға зардап шеккен 6 жәбірленуші анықталды. Басқа алданған адамдар іздестіріліп жатыр.

Алматы қаласында арнайы техникалық құралдарды заңсыз сатқаны үшін қала тұрғыны ұсталды, одан бақылау сатып алу барысында тыңдау мүмкіндігі бар 3 GSM трекер тәркіленді. Тексеру жүргізіледі.

«Хай-тэ» жедел алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде республика аумағында барлығы 214 құқық бұзушылық ашылды, олардың негізгі бөлігін интернет-алаяқтық құрайды.

«Сондай-ақ, Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзудың 2 фактісі, Интернет желісінде порнографиялық материалдарды таратудың 8 фактісі және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың өзге 14 фактісі тіркелді», - деп есеп берді ҚР ІІМ өкілі.

Өз баяндамасы соңында Нұрділдә Ораз әдеттегідей ҚР ІІМ қызметкерлеріне білдірілетін алғыс хаттар туралы айтты. Оның айтуынша, алғыс хаттар күн сайын келіп түседі.

Қазақстанның білім беру нысандарында видеобақылау орнатылған ба?

Брифингтің негізгі бөлімі, спикермен әңгімеге қарай ойысты. Бүгінгі қонақ - ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев.

Мұрат Баймұқашевтің айтуынша, жасөспірімдер мәселесі, олардың қауіпсіздігі - қашан да мемлекеттің басты назарында.

Жақында Ресейдің Қазан қаласында болған қайғылы оқиға мектеп қауіпсіздігіне, балалардың өмірі мен денсаулығына ерекше назар аудартып отыр.

Ол жақында Қазан қаласында орын алған қайғылы оқиғаға тоқталды.

«Осы жағдайдан кейін мектептер мен бала-бақшалардағы қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Министрлік осы орайда кешенді шаралар ретін жасап, орындауды бастады. Ол ұйымдастыру және құқықтық шаралар», - деді М.Баймұқашев.

Спикердің мәлімдеуінше, ҚР білім және ғылым министрлігімен бірігіп, 2019 жылы білім беру ұйымдарындағы видеобақылау мәселесі қаралып, видеобақылау жүйесіне қатысты талаптар бекітілген.

«Оларды орнату орындары анықталып, видео мәліметтердің сақталу мерзімі де бекітілді. Аумақтық ішкі істер басқармаларымен видеобақылау жүйесіне интеграция яғни байланыс қондырылды. Жергілікті әкімдіктер бейнебақылау жүйелерімен толық қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтады», - деді ол.

Үкіметке барлық білім беру ұйымдарын қажетті техникамен жабдықтау және өткізу режимін күшейту бойынша ұсыныстар топтамасы берілген.

Спикер айтқандай, ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және балалар мәселесін басты назарда ұстайды.

«Бұған тек арнайы органдар мен Үкімет емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Балалар қауіпсіздігі қоғам назарында», - деді ол.

Бүгінгі таңда мектептерде бейнебақылау камераларын көбейту мәселесі қарастырылуда. Білім беру мекемелері күзет қызметімен келісіп жатыр. Қазірге дейін 11 аймақ осындай келісімшартқа отырған. Олар: Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Ақмола, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары. Қазіргі уақытта 408 мектеп осындай күзет мекемелерімен күзетілуде. Өткізу және бақылау жүйелері барлық тексеру құрылғыларына орнатылды. Оған турникеттер мен электрондық рұқсат беру жүйелері кіреді.

«Нақтырақ айтсақ, 1000-нан аса мектепте орталықтандырылған бақылау пульттері орнатылды. Ал 333 мектеп турникеттермен жабдықталған. Олар тыйым салынған заттарды бірден анықтайды», - деді ол.

Осы жылдың басында ІІМ мен БҒМ мектептер, ЖОО-на, бала-бақшаларға алып кіруге тыйым салынған заттар мен заттардың тізбегін дайындады. Олар арнайы бұйрықпен бекітілді. Қазір ол Әділет министрлігінде, жақын арада заңды күшіне енеді. Тыйым салынған заттарға суық қару-жарақ, слингтер, пышақтар, кастеттер сияқты қауіпті заттар кіреді. Сондай-ақ жарылғыш құрылғылардың имитаторларына, аэрозоль бояуларына, пиротехникалық құралдарға және газ баллондарына тыйым салынады.

Ірі қалаларда арнайы жеке күзет ұйымдары мектеп күзетімен айналысады.

Интернеттегі қауіпсіздік мақсатында 1000-нан аса сайт бұғатталды

Спикер интернеттегі қауіпсіздік туралы айта кетті. Оның хабарлауынша, биыл 4,5 мыңға жуық деструктивті интернет-контент тіркелген. Мұндай деструктивті интернет-ақпараттың балаларға әсер етуін шектеуге байланысты шаралар қабылданған.

«2021 жылдың бес айында порнография көрсететін, есірткі, экстремизм, зорлық-зомбылықты насихаттайтын, қару-жарақ сату туралы жарнама шығаратын 4,5 мыңға жуық шетелдік заңға қайшы интернет ресурс анықталды», - деді комитет төрағасы.

Осындай ақпараттар «киберқадағалау» арнайы ақпараттық жүйесіне енгізілді. Қазақстандық қолданушылар үшін мұндай сайттарға кіру рұқсаты тыйым салынады.

«Қазірге дейін осындай ресрустардың 1143-і бұғатталды. Олардың қатарында экстремизмді насихаттайтын – 94 сайт, порнографиялық материалдар көрсететін - 1 031 ресурс, , есірткіні насихаттайтын - 8 ресурс жабылды. Мұнымен қоса 10 интернет казино қызметіне тосқауыл қойылды», - деді Мұрат Баймұқашев.


Барлық жаңалықтар