• Басты
  • Қазақстандықтар енді Мемлекеттік Туды балкондарында іле алады

Қазақстандықтар енді Мемлекеттік Туды балкондарында іле алады

4 Желтоқсан, 2020 17:21

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 27 қазанда Мемлекеттік Туды пайдалануға қатысты қолданыстағы мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау туралы тапсырма берген еді. Осы орайда, бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова енгізілген өзгерістер туралы айтып берді. Оның сөзінше, өзгерістерге сәйкес, бұдан былай қазақстандықтар үйлерінде, балкондарында Мемлекеттік Туды іле алады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.                                                                                                     

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда президент тапсырсын орындау аясында ҚР үкіметінің 2020 жылғы 27 қарашадағы № 801 қаулысымен ҚР Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларына өзгерістер енгізілген.

«Ендігі кезекте енгізілген өзгерістердің нәтижесінде азаматтарымыз үшін Мемлекеттік Туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтіліп отыр», - деді министр.

Бұдан былай:

1.     ҚР Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады

2.     Жеке тұлғаларға осы қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес ҚР Мемлекеттік Туын бір қабатты және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалану мүмкіндігі берілді

3.     Жеке тұлғалар ғимараттарда орналастырылатын ҚР Мемлекеттік Туын тәуліктің қараңғы уақытында жарық құралдарын қолданбай пайдалана алады

«Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген өзгертулер еліміздің Мемлекеттік Туының қолданылу аясын едәуір кеңейтеді, оның қоғамдағы патриотизм рухын нығайтуға бағытталған символдық капиталын жаңаша ұғынуға мүмкіндік бермек», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен қатар, министр Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссиясының 2019 жылғы 23 қазандағы хаттамасына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстар әкімдіктері жыл сайын қазақстандықтар арасында мемлекеттік рәміздерді дәріптеу және патриотизмге тәрбиелеу мақсатында еліміз бойынша «Менің Туым, менің Отаным!» акциясын өткізіп жатқанын атап өтті.

Барлық жаңалықтар