• Басты
  • Қазақстандықтардың ғаламторға қолжетімділігі қандай
26 Тамыз, 2020 16:28

Қазақстандықтардың ғаламторға қолжетімділігі қандай

Қазақстанның 1813 елді-мекенінде тұратын халық ғаламторға шыға алмайды. Қазақстан халқының 2,7%-ы бүкіләлемдік ғаламторға қолжеткізе алмай отыр. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко қазақстандықтардың бәріне интернет жеткізілетінін, бірақ кейінірек жүзеге асырылатынын айтты. Қазақстандықтардың ғаламторға қолжетімдігі туралы ақпаратты Strategy2050.kz тілшісі дайындаған материал ұсынады.

Қазақстандықтардың ғаламторға қолжетімділігі қандай

Қазақстандықтардың басым көпшілігі «ADSL, FTTx, 3G және 4G технологияларымен кең жолақты Интернетке кіру» арқылы ғаламторға кіреді. Бірақ шалғайдағы 1813 елді-мекен тұрғындарында мұндай мүмкіндік жоқ.

Телекоммуникациялар комитетінің төрағасының айтуынша, қазіргі кезде қатарынан екі ауқымды жоба жүзеге асырылуда, оларды жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Біреуі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде «ТОБЖ технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерді кеңжолақты интерпентпен қамту» жобасы.

Жобаның мәнi мынада, мемлекет мектептер, ауруханалар мен әкiмдiктер үшiн кеңжолақты интернетке кiру қызметiн сатып алады. Осылайша, осы елдi мекендерде ТОБЖ желiлерінің құрылысын ынталандырады. Жобаға сәйкес, 1257 ауылға жыл соңына дейiн талшықты-оптикалық байланыс желiсі салынады, 230 ауылға тарту ғана қалды. Жоба 3718 мемлекеттік органдар мен бюджеттiк ұйымдарды қамтиды, - деді Ярошенко.

Ал екiнші жоба – халық саны 250-ден артық ауылдық елдi мекендерді мобильдi кеңжолақты интернетпен қамту жобасы. Жыл басында операторлар мен министрлік арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылыпты. Ұялы байланыс операторлары жыл соңына дейін жобаны аяқтауға және 250-ден астам адам тұратын барлық ауылдарды 3G немесе 4G қызметтерімен қамтамасыз етуге міндеттеме алды, яғни кеңжолақты интернет желісін тартуға. Бүгінгі таңда 46 ауыл мобильді кең жолақты интернетке қол жеткізген, қалған 882 ауыл жыл соңына дейін қосылады.

 Бұл жобалар толық жүзеге асса, халықты «сапалы интернетпен» қамту көрсеткіші 99,3%-ды құрайды. Алдағы екі жылда 250-ден аз адам тұратын 243 елді мекенде байланыс желілері салынады.

Пандемия басталысымен халықтың интернетке тәуелділігі артты. Төтенше жағдай режимі басталғалы бері «Қазақтелекомға» күн сайын интернетке қосылу бойынша 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, компания өтініштердің басым бөлігін атқарды және абоненттердің негізгі бөлігі сымды және сымсыз технологиялар бойынша қосылуда.

Есекеевтің дерегі бойынша, ауылдық елді мекендер бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) салу жобасы аясында биыл 9 мың шақырымнан астам ТОБЖ тартылды, оған 828 ауылды қосу жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2,5 мыңға жуық мемлекеттік мекеме – жергілікті өзін-өзі басқару органдары, полиция бөлімшелері, ауруханалар мен мектептер жоғары жылдамдықты кеңжолақты интернетке қолжеткізеді. Талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу негізінде еліміздің ұялы операторлары мобильді интернетпен қамту желілерін салады.

Жоба барлық облыс орталықтарында қолға алынды, кейбір облыс орталықтарында оны іске асыру аяқталды. Жыл соңына дейін барлық қажетті ауылдар қосылады. Бұдан басқа, 250-ден артық адам тұратын елді мекендерді қосу бойынша меморандумдарға қол қойылды. «КСелл» және «Алтел/Теле2» операторлары базалық станцияларды орната бастады және жыл соңына қарай ауылдарды интернетке қосу аяқталады, - деді «Қазақтелеком» Төрағасы.

 Ол сонымен қатар компанияның оқу жылының басына барынша дайындалғанын және интернетпен қамтамасыз ету бойынша қажетті сервис пен қызмет сапасын қамтамасыз ететінін жеткізді.

Салық, кеден қызметтерінің жүзеге асуы да қазір интернетке тәуелді. Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында жыл басында жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілері жоқ ауылдардың тізімі орналастырылды. Бұл тізімде еліміздің 11 өңірінде 51 ауыл бар. Онда, тиісінше, онлайн-кассалық машиналарды пайдалану мүмкін емес. Бүгінгі күні бұл ауылдарда жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілері өткізілді ме? Егер жоқ болса, онда бұл ауылдар Министрлік жыл соңына дейін интернет өткізуге уәде берген елді мекендер тізіміне кіре ме? Бұл сұраққа ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко жауап берді.

«Сіздің сұрағыңызға нақты жауап беру үшін мен тізімнің өзімен танысуым керек. Мен мұны міндетті түрде жасаймын. Бірақ, өз сөзімде айтқанымдай, 250-ден астам адам тұратын барлық елді мекендер жыл соңына дейін кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіледі. Егер бұл тізім аталған тізіммен сәйкес келсе, онда иә! Онда бақылау-касса машинасын пайдалануға болады», - деп сендірді Ярошенко.

 Ал «Қазақтелеком» өкілі былай деп жауап берді:

«Қазақтелеком» бақылау-кассалық машиналар үшін үлкен оператор болып табылады және қазір біз бақылау-кассалық машиналарды сымсыз қолжетімділікпен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ жерлерде жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, қазір смартфонға бірден орнатылған веб-кассалар таратылды. Ұялы байланыс келеді, смартфонға бірден бақылау-кассалық машиналарды қосуға болады», - деді Қуанышбек Есекеев.

 Қазақстан Республикасы аумағы бойынша әлемде 9-орында. Ал халқының саны бойынша 65-орында. Бір шаршы шақырымға 6 адамнан келеді. Қазақстандағы ауылдарда жалпы халықтың 1%-нан азы тұрады, ал оларға интернет тарту үшін жұмсалатын шығындар үлкен қалалар мен ірі елді мекендердегімен бірдей. Сондықтан, бірінші кезекте, «250+» жобасы әзірленді. «250-» сәл кейінірек болады. Қазақстанның Білім министрлігі шалғайдағы елді-мекендерде бала саны аз мектептер дәстүрлі оқу форматында оқитынын айтқан болатын. Сондықтан кей ауылдардағы оқушылардың білім алуына ғаламтордық қажеттігі көп емес.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар