• Басты
  • Қазақстандықтар 11 елге бара алады: олардың талаптары қандай
23 Қыркүйек, 2020 15:40

Қазақстандықтар 11 елге бара алады: олардың талаптары қандай

Бүгінде жаһанды жайлаған пандемияға байланысты авиация саласында да бірқатар өзгеріс бар. Әлем елдерінің басым көпшілігі карантинге байланысты әуе қатынастарын тоқтатып, бірқатар шектеу енгізді. Алайда қазіргі таңда шет елдердегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты карантин шаралары жеңілдетіліп, халықаралық рейстер қайта ұша бастады. Осы орайда қазақстандықтар қай мемлекеттерге бара алады, олардың талаптары қандай, коронавирус тесті қажет пе деген сауалдар төңірегінде ізденіп көрдік. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Қазақстандықтар 11 елге бара алады: олардың талаптары қандай

Қазіргі таңда қазақстандықтар 11 елге бара алады

Белоруссия

Қазақстандықтар Беларусь Республикасына бара алады, әуежайлары ашық. Сонымен қатар COVID-19 тестін тапсырды деген анықтамасы қажет емес. Алайда 14 күндік үй карантинінде оқшаулаудан өтулері тиіс. Отандастарымызға бұл елге бару үшін виза керек емес.

Біріккен Араб Әмірлігі

Біріккен Араб Әмірлігінің де, атап айтсақ, Дубайдың әуежайы ашық. БАӘ-не баратын жолаушылардың COVID-19 тестін тапсырған анықтамасы (мерзімі 96 сағат) болған жағдайда ғана олар ұшаққа отырғызылады. Сонымен қатар Дубай әуежайында жолаушылар медициналық декларацияны толтырып, қайта тест тапсырады. Ал 12 жасқа толмаған балалар және мүмкіндігі шектеулі адамдар тест тапсырудан босатылады. Сонымен қоса тест нәтижесі оң болған жағдайда 14 күндік үй карантине оқшауланады.

Бұдан бөлек жолаушыларда халықаралық сақтандыру полисі болуы қажет. Сондай-ақ 30 күннен аспайтын кері қайту ұшақ билеті мен қоңақ үйдің брондалғанын растайтын құжат болуы тиіс. Ал транзит бағытымен ұшу кезінде рейстің уақыты 96 сағаттан асатын болса, ел аумағына кіруге болады. Сонымен қоса айта кетейік, Дубайға бару үшін виза қажет емес.

Германия 

Германия әуежайлары ашық болғанымен, виза беру уақытша тоқтатылған. COVID-19 тестін тапсырған анықтамасы қажет емес. Алайда 14 күндік үй карантинінде оқшаулаудан өтулері тиіс. Ал транзит бағытымен ұшу рұқсат бар, бірақ елге кіруге рұқсат жоқ.

Германияның визасы кімдерге (ҚР азаматтары ішінде) беріледі:

-  медициналық персоналға

-  жүктерді тасымалдау саласындағы және басқа да қажетті бағыттардағы көлік компанияларының қызметкерлеріне (мысалы, әуекеменің экипаж мүшелеріне)

-  ресми сапар мақсатымен баратын дипломаттарға, халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге, гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлеріне

-   шұғыл отбасылық жағдаймен баратын тұлғаларға

-   халықаралық қорғау немесе өзге гуманитарлық себептермен баруға мұқтаж адамдарға

-   отбасы бірігу үшін баратын адамдарға

-   нақты жұмыс ұсынысы бар мамандарға

-   ғылыми қызметпен айналысатын зерттеушілерге

-   IT-мамандарына

-   қоғамдық маңыздылығы бар ерекше жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге;

-   студенттерге

 

Мысыр Араб Республикасы

Мысырдың әуежайлары ашық. Бірақ COVID-19 тестінің теріс нәтижесі бар анықтама қажет. Сонымен қоса қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында және қоңақ үйлерде бетперде кию керек. Визаға қатысты ағылшын не араб тіліндегі аудармасымен анықтама қажет. Ол анықтама 72 сағатқа жарайды.

Нидерланды

Голландияның әуежайлары ашық. Бірақ белгісіз мерзімге дейін елге кіруге шектеулер орнатылды. Ал COVID-19 анықтамасы қажет емес, бірақ 14 күндік үй карантинінде оқшаулаудан өту керек. Сонымен қоса транзит бағытымен жүруге рұқсат бар, оның мерзімі - 24 сағат. Ал рейске отырар кезде денсаулық туралы декларацияны толтыру керек. Бұдан бөлек қоғамдық көліктерде, сондай-ақ Амстердам және Роттердам қаласының кейбір жерлерінде бетперде тағып жүру міндетті. Бетперде кимегені үшін 95,00 еуро айыппұл салынады. Сонымен қатар барлық қоғамдық орындарда 1,5 м арақашықтық сақтау қажет. Арақашықтықты сақтамағандар үшін 390,00 еуро айыппұл салынады. Тек дипломатиялық виза беріледі.

Корея Республикасы

Корея Республикасының әуежайлары ашық COVID-19-бен ауырмайды деген анықтамасы қажет оның мерзімі – 48 сағат. Сондай-ақ анықтама Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшілігімен танылған медмекемелер мен клиникалардан ғана алынуы тиіс. Бұдан бөлек тиісті түрде электронды бақылау мен арнайы қоңақ үйде 14 күн карантинде оқшаулаудан өту керек.

Виза тек аса қажет кезде және тиісті комиссияның оң шешімі негізінде беріледі, яғни емделуге, жақын туысы қайтыс болған жағдайда ғана алуға мүмкіндік бар

Қырғызстан

Қырғызстан мемлекетінің әуежайлары ашық. Сонымен бірге COVID-19 тест тапсырған анықтама қажет емес. ҚР азаматтары тек паспорт арқылы ел аумағына кіре алады. Алайда 14 күндік үй карантинінде оқшаулаудан өту керек.

Өзбекстан

Өзбекстанның әуежайлары ашық. Сонымен бірге COVID-19 тест тапсырған анықтама қажет емес. ҚР азаматтары тек паспорт арқылы ел аумағына кіре алады.

Ресей Федерациясы

Ресейдің әуежайлары 2020 жылдың 21 қыркүйектен бастап ашық. Бірақ COVID-19 анықтамасы қажет. Ааптасына 2 рет Нұр-Султан – Мәскеу бағытымен рейстер ұшады. Сонымен қоса еске салайық, тек қана әуеқатынасқа қатысты шектеулер жоқ, алайда құрлықтағы бақылау бекеттері арқылы өтуге шектеулер сақталады. Ал ҚР азаматтарына виза керек емес.

Түркия

Түркияның әуежайлары ашық. Covid-19 анықтамасы қажет емес. Алайда ел аумағына кірер алдында жеке медициналық сақтандыру полисі болуы қажет. Сонымен қоса барлық жолаушы терминал мен ұшақтарда бетперде киюге міндетті. Бетперде кимеген жолаушылар терминал мен ұшаққа жіберілмейді және 123,00 АҚШ доллар айыппұл салынуы мүмкін. Бұдан бөлек терминалға кіре берісте жылу камераларымен жолаушылардың дене қызуы өлшенеді. Егер дене қызуы 37,8 градустан жоғары болса немесе КВИ COVID-19 белгілері байқалса, арнайы медорталықтарда тест жасату міндетті.

Барлық халықаралық әуежейларда арнайы «Тест орталықтары» бар және тест тегін жасалады. Тест нәтижелері 1-3 сағатта шығады. Егер тест нәтижесі оң болса, жолаушы жеке ауруханаға жіберіледі. Ауруханада жасалған бақылау қорытындысы бойынша жолаушы ауруханаға жатқызылады. Егер де «ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ, оқшаулау жеткілікті (14 күн)» деген қорытынды айтылса, жолаушы өзі тұратын қонақ үйге немесе үйіне бара алады. Жолаушылар қонақ үйлерде науқастар үшін арнайы дайындалған оқшаулау бөлмелерде емделуін жалғастыра алады.

Айта кетейік, ҚР азаматтары үшін 90 күнге дейін виза керек емес. 

Украина

Биыл 28 қыркүйекке дейін елге кіруге шектеулер орнатылды. Алайда әуежайлары ашық. COVID-19 анықтамасы қажет, оның мерзімі – 48 сағат немесе жолаушы әуежайда тест тапсыра алады. Сонымен қоса 14 күндік карантин қарастырылған. Ел аумағына кірер алдында жеке медициналық сақтандыру полисі болуы міндетті. Сақтандыру полисін Украинада тіркелген компаниядан немесе ел аумағында өкілдігі бар халықаралық сақтандыру компаниясынан алу керек. Сонымен бірге қоғамдық орындарда және сауда орталықтарында бетпердені кию қажет. Сондай-ақ өзімен бірге жеке басын куәландыратын төлқұжат (паспорт) алып жүру керек. Транзит бағытымен жүруге рұқсат бар.

Барлық жаңалықтар