• Басты
  • Қазақстандық энергия өндірушілердің шекті тарифтері 15%-ға артпақ

Қазақстандық энергия өндірушілердің шекті тарифтері 15%-ға артпақ

30 Наурыз, 2021 17:54

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясының шекті тарифтерін бекіту туралы мәселесі» жөнінде баспасөз мәжілісі өтті. Жиынға қатысқан ҚР Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов Болатұлы генерация секторының ағымдағы жағдайы және электр энергиясын өндіру тарифінің өзгеру мәселелері туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Вице-министрдің сөзінше, бүгінгі таңда электр энергетикалық жүйенің жұмысы тұрақты. Жұмыс істеп тұрған энергия көздері Қазақстан экономикасы мен тұтынушыларының қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыр. 2020 жылдың қорытындысына сәйкес, ел бойынша электр энергиясын тұтыну 107,3 млрд кВтсағ құраған, ал отандық электр станциялары – 108 млрд кВтсағ электр энергиясын өндірген. Қазақстанда электр энергиясын өндіруді әртүрлі меншік нысанындағы 179-дан астам электр станциясы, негізінен жеке меншік нысанындағы электр станциялары жүзеге асырады.

«Қазақстанның электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 23,6 мың МВт құрайды. Қолда бар қуаты - 19,7 мың МВт. Бұл ретте 2020 жылғы қарашада электр жүктемесінің жылдық максимумы 15,6 мың МВт құрады», - деді вице-министр.

Өндіру құрылымындағы отын түрлері бойынша генерациялайтын көздердің үлесі былайша бөлінген:

-        көмірмен – 68%;

-        газбен – 20,0%;

-        су электр станциялары (шағын ГидроЭС қоспағанда) – 9,0 %;

-        жаңартылатын энергия көздері (КүнЭС, ЖелЭС, шағын ГЭС, БГҚ) – 3 %.

Оның сөзінше, энергия көздерінің басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары іске қосылған. Тиісінше, генерация секторындағы негізгі шығындар оларды жұмыс жағдайында ұстауға бағытталды.

«Пайдалану моделінен» «инвестициялық модельге» ауысу

«Бүгінгі таңда энергетикалық активтердің қатты тозғаны байқалып отыр. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап іске қосылған электр қуаты нарығының арқасында станция активтері жаңартыла бастады. Егер 2018 жылдың қорытындысы бойынша өндіруші қуаттардың тозу деңгейі орта есеппен 58%-дан асса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 53%-ды құрады», - деді Қайрат Рахимов.

Осы орайда, ол тұтыну көлемінің өсу серпінін ескере отырып, Қазақстанның электр энергетикалық саласының алдында «пайдалану моделінен» «инвестициялық модельге» ауысу мәселесі тұрғанын атап өтті.

«Бұл ауысу бірінші кезекте жаңа қуаттарды енгізуді және жұмыс істеп тұрған қуаттарды жаңартуды талап етеді. 2030 жылға дейінгі инвестициялардың жалпы көлемі кемінде 15 млрд долл болуы тиіс», - деді вице-министр.

Энергетика министрлігі орта мерзімді перспективада энергия қуатының профицитін сақтауға мүмкіндік беретін бірқатар шара қабылданған. Вице-министрдің сөзінше, қуат нарығы аясында бірқатар инвестициялық келісім жасалған, бұл жұмыс істеп тұрған станцияларға өз қуаттарын жаңғыртуға және кеңейтуге мүмкіндік береді. Бүгінде 2022-2026 жылдар аралығында жалпы инвестиция көлемі 400 млрд теңгеден астам, қуаты 1 325 МВт құрайтын жобалар іске асырылуда.

«26 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмалары аясында Жүйелік оператормен бірлесіп, 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімді әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді вице-министр.

Сондай-ақ, вице-министр 2020 жылы заңнамалық деңгейде ынталандыру әдістерін қабылдаудың арқасында маневрлік қуаттар салу жобаларын іске асыру бойынша жұмыс басталғанын атап өтті. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар бойынша бірқатар «ашық, ағымдағы» мәселелер де бар екенін атап өтті.

Жөндеу жұмыстарына қаражат жеткіліксіз 

Бұдан бөлек, вице-министр электр станцияларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасы ерекше алаңдаушылық туғызатынын еске салды. Басты себебі – қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Өкінішке орай, шекті тарифтерге енгізілген жөндеу науқандарына арналған шығындардың рұқсат етілген деңгейі қажетті қажеттіліктерді толығымен өтемейді.

«Статистикаға сәйкес әр түрлі себептер бойынша шамамен 2 000 МВт «тұрақты» жөндеуде тұр және электр энергиясын өндіру үшін қолжетімсіз, яғни бұл оңтүстік облыстардың – Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының жиынтық тұтынуына тең. Қолда бар қуат резервтерін іс жүзінде пайдалану мүмкін емес екенін мойындау керек», - деді Қайрат Рахимов.

Сонымен қоса, вице-министр 2021 жылға Бірыңғай сатып алушы 32 энергия өндіруші ұйыммен көлемі 9 123 МВт электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша қызметті сатып алу туралы 50 шарт жасалғанын атап өтті. 2021 жылы электр қуаты нарығы шеңберінде электр энергиясын өндіру секторына шамамен 75 млрд теңгеге инвестиция тарту болжанған.

«Электр қуаты нарығынан алынатын кіріс бөлігі станция жабдықтарын жаңғыртуға және реконструкциялауға бағытталуы тиіс. Алайда, шекті тарифтердің қазіргі деңгейі шығындарды толық көлемде жаппайтындықтан, станциялар электр қуаты нарығынан түсетін кірістердің бір бөлігін ағымдағы шығындарды жабу үшін жұмсауға мәжбүр», - деді ол.

Нәтижесінде, оның сөзінше, іс жүзінде авариялар мен технологиялық өшірулер санының өскені байқалады. 2020 жылы Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 4 458 технологиялық бұзушылыққа жол берілген. 2019 жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтардың саны 448-ге немесе 11%-ға артқан. Әрбір ірі технологиялық бұзушылық – бұл бүкіл энергетикалық жүйедегі авария тәуекелі және Қазақстанның тұтынушыларын шектейді.

Кадр мәселесі

Сонымен қоса, ол тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Бүгінде білікті кадрлармен қамтамасыз ету де басты міндеттердің бірі. Оның айтуынша, электр және жылу энергиясын өндіру секторы – жоғары білікті мамандарды талап ететін өте күрделі процесс. Саланың ерекшелігіне байланысты, тіпті ең төменгі лауазымдарда да арнайы білімі бар мамандар болуы қажет.

«Бүгінгі таңда энергетика саласында арнайы білімі мен тәжірибесі бар мамандардың өнеркәсіптің басқа салаларына (мұнай, газ, құрылыс) және шектес мемлекеттерге кетіп қалуын байқап отырмыз. Мамандардың кетуінің негізгі себебі – электр энергетикасындағы еңбекақы деңгейінің төмендігі», - деді ол.

Оның пайымынша, мамандар жетіспеушілігінің салдары электр станцияларының жұмысына да тікелей әсер етеді. Олардың болмауы - объектілерді тапсыру, пайдалануға беру мерзімдерінің бұзылуына және жалпы жөндеу жұмыстарының сапасының төмендеуіне алып келеді.

«Мәселен, егер 2016 жылы Қазақстанның негізгі электр станцияларында өндірістік персоналдан 26 мыңнан астам адам жұмыс істесе, 2020 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемінің 15%-ға ұлғайғанына қарамастан, олардың саны 23 мың адамнан аспайды», - деді Қайрат Рахимов.

Дегенмен, ол коронавирус инфекциясының пандемиясынан туындаған 2020 жылғы шектеулерге қарамастан, ұйымшыл ұжымның және үйлесімді жұмыстың арқасында электр энергиясын өндіруде үзілістер байқалмағанын атап өтті.

«Өндірісті тоқтатуға жол бермеу «қашықтан» жұмыс режиміне ауысуға мүмкіндік бермейді және өндірістік персонал үшін тәуекелдерді одан әрі арттырады», - деді вице-министр.

Бұдан бөлек, вице-министр Энергетика министрлігінің құзыретіне электр станцияларының техникалық жай-күйіне бақылауды жүзеге асырудан басқа, энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтерін бекіту мәселелері кіретінін атап өтті. Ал, түпкі тұтынушылар үшін тарифтерді түзетуді Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады.

«Электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтер заңнамаға сәйкес 7 жылға белгіленеді. Бұл ретте, электр энергиясын өндіруге жұмсалатын шығындар іс жүзінде ұлғайған жағдайда, энергия өндіруші ұйымдар шекті тарифтерді түзету үшін уәкілетті органға өтінім беруге құқылы», - деді ол.

Сонымен қоса, вице-министр шекті тарифтер қатысты бірқатар жұмыс жасалғанын атап өтті. Оның сөзінше, жүргізілген жұмыстар мен талқылаулардың нәтижесінде шекті тарифтердің мәлімделген деңгейі екі еседен астам төмендетілген.

«Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша ағымдағы жылғы 30 наурызда Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің тиісті бұйрығымен тарифтер түзетілді», - деді ол. 

Оның мәліметінше, осы бұйрық 2021 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілуі тиіс. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтері орта есеппен 15% деңгейінде өседі деп болжануда.

Электр станцияларындағы шекті тарифтерді уақтылы түзету:

- оларды жаңғырту жөніндегі жұмысты сапалы жүзеге асыруға,

- алдағы 2021-2022 жылғы күзгі-қысқы кезеңінен сәтті өтуге және авариялық жағдайларды азайту үшін жөндеу жұмыстарын уақтылы және толық көлемде жүргізуге;

- 45 энергия өндіруші ұйымның 23 мыңға жуық өндірістік персоналдың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Себебі, вице-министрдің айтуынша, елімізді және Қазақстанның тұтынушыларын электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету осы өндірістік персоналдың жұмысына байланысты.

Барлық жаңалықтар