• Басты
  • Қазақстанда жол-көлік апатының басым бөлігі жаяу жүргіншілерді қағып кету салдарынан орын алуда

Қазақстанда жол-көлік апатының басым бөлігі жаяу жүргіншілерді қағып кету салдарынан орын алуда

30 Қазан, 2020 11:26

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингтте Қазақстандағы жолдардың сапасы мен қауіпсіздігі, жол көлік оқиғаларының статистикасы туралы айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жыл сайын бүкіл әлемде жол апатынан 1 млн 350-ге жуық адам қаза табады екен. Яғни күніне жолдарда 3,5 мыңнан астам адам ат үстінде көз жұмады. Тағы күн сайын 25 млн адам жол үстінде жарақаттанады. 

Жол активтері сапасы ұлттық орталығының бас директоры Замир Сағыновтың брифингте берген есебіне сәйкес, елімізде соңғы 17 жылда 270 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 49 мың адам қаза тапқан. 300 мыңнан астамы түрлі деңгейде жарақат алған. Өкініштісі, қаза тапқандардың 50 пайызы жастар. Жол көлік оқиғалары мемлекетке экономикалық шығын да алып келеді. Мәселен, Азия даму банкінің зерттеулеріне сәйкес, 2013 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары салдарынан ел экономикасына 9 млрд АҚШ долларына пара-пар залал келтірілген. 

Қазақстан 175 елдің ішінде жол-көлік оқиғаларында 100 мың тұрғынға шаққанда, қайтыс болу көрсеткіштері бойынша 17,6 өлім рейтингімен 74-інші орында. Салыстырып қарасақ, Ресейде бұл көрсеткіш – 18, Өзбекстанда - 11,5, Беларусьте 8,9 тең, - деді ол.


Жол активтері сапасы ұлттық орталығының бас директоры Замир Сағынов журналистер қойған сұрақтарға жауап беру барысында биыл жолдардың сапасын қамтамасыз етуге 700 млрд жуық қаржы бөлінгенін айтты. Айтуынша, қомақты қаржы жолдың сапасын жақсарту үшін ғана бөлінген. 

Біз осы жылы 20 мыңға жуық жолды тексердік. Жолдардың сапасын бақылау, нормативтерді өзгерту және жаңа технологияларды енгізу, оларға мониторинг жүргізу бойынша жұмыс атқарылды. Жолдардың барлығы дерлік республикалық немесе жергілікті бюджеттен жергілікті шартпен жасалып жатыр. Қазіргі кезде жергілікті бюджеттермен 2 млрд теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасады, - деді ол.

Оның айтуынша, аудандық, облыстық, ауылдық жерлерде жолдар нашар салынуда. Мұның бірден бір себебі шалғай аймақтарда жол салу жұмысына икемді кадрлардың тапшылығы болуы мүмкін. Осы орайда жол активтері сапасы ұлттық орталығы қызметкерлері талдау жааған. 

Жол салушылар ақша ұрлауды мақсат етпейді. Олардың біліктілігі жетіспейді. Аудан әкімдігінде 2-3 адамнан тұратын бір бөлімде жол саласының маманы жоқ, сондықтан қажетті сапаға сай келетін смета жасалмайды. Біз кадрлардың жетіспейтінін түсініп, өткен жылы «1000 мектеп» бағдарламасын іске қостық. Өзіміз де мектептер мен филиалдарды араладық. Құрылыс, автожолдар құрылысы мамандықтарына түсуге үгіттедік, - деді Замир Сағынов.

Замир Сағынов бұл мәселені реттеу үшін қандай шаралар жасалып жатқаны туралы айтты. 

Осы проблеманың шешімін табу үшін біз қазіргі уақытта жоғары оқу орындарымен белсенді жұмыс істей бастадық. Осы сала бойынша түрлі бағыттағы семинарлар дәрістер өткізіп жатырмыз. Бұл сабақтарда қандай да бір материалды қалай тексереді, осы бағытта қандай негізгі қателер болуы мүмкін, қалай түзетуге болады, қандай кемшіліктер бар, осындай сұрақтардың жауабы мамандармен түсіндірілетін болады. Осындай шаралар ұайы ұйымдастырылып отырады. Жастарды тартамыз деп ойлаймын. Осындай кездесулерден кейін оқу орындарына оқуға түскісі келетіндер көбейді. Өткен жылы 50 болашақ маман тәжірибеге тартылды. Оларға 80 мың теңге мөлшерінде еңбекақы төленді, - деді ол.



Замир Сағынов жол сапасын жақсартуға берілетін ақшаны «жымқыратындар» туралы айтты. Оның дерегінше, Қазақстанда жол құрылысы мен жөндеу бойынша 8,5 мыңға жуық заң бұзушылық анықталған.

Осы жылдың тоғыз айында 22 мыңнан аса тексеру жүргізілді, нәтижесінде 8,5 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. Сонымен қатар 2,5 млрд теңгеге салынған жолдар жарамсыз деп танылып, қайта салу керектігі анықталды. Енді біз құрылыс ұйымдарымен, инженерлік қызметпен, авторлық қадағалаумен өзара белсенді әрекет етудеміз, - деді ол.


Жол активтері сапасы ұлттық орталығының 17 филиалында қолданылатын материалдардың сапасын тексеретін стационарлық зертханалар бар екенін де орталық басшысы айтып кетті. Диагностикалау құралдарымен жабдықталған 16 жылжымалы зертхана жұмыс істейді.

Жылжымалы зертхана қозғалыс кезінде жолдағы ақаулар, жол жағдайы, белгілер, жол белгілерін тіркеп отырады. Диагностика жол сапасын жан-жақты талдауға көмектеседі. Мәселен, жолдардың қиылыстары, қозғалыс қарқындылығы, пайда болатын ақаулар, жолға ілінісу - осының барлығы текеріледі, сөйтіп, жолдардың рейтингі жасалады. Автомобиль жолдары комитеті Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жол қауіпсіздігі сапасының халықаралық стандартын енгізеді. Келесі жылы 6200 км жо тексеріледі деп жоспарлануда, Осы стандарт бойынша әрбір 100 м сайын жол бағаланатын 50 позиция бар, осы көрсеткіштер бойынша қандай да бір қауіпсіз жол учаскелерін, қандай жолдар жедел жөндеуді, қаражат салуды талап ететінін анықтай аламыз, - деді Сағынов.

Замир Сағынов қазан айындағы жолдарда орнатылған белгілерді тексеру шараларының нәтижесімен бөлісті. 

Жолдардағы белгілерді тексердік. 5 мыңға жуық белгінің 46 %-ы нормаға сәйкес емес болып шықты. 1620 шақырым жол белгілерінің 251 шақырымы стандартқа сай келмейді. Қала көшелеріндегі белгілердің 50 %-ы және таңбалардың 40 %-ы стандартқа сәйкес келмейді, - деп есеп берді.

Тексеру мен талдау жұмстары нәтижесінде жол көлік оқиғаларының басым бөлігі жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғалары екенін білдік. Әсіресе елді-мекендерде осындай оқиғалар көбірек тіркеледі. Ресми статистиканың мәліметіне сүйенсек, соңғы 5 жылда Қазақстанда 37 000 жаяу жүргіншіні қағып кету апаты тіркеліпті. Осы көрсеткіштің 75%-ы жаяу жүргіншілер өткелінде және 25%-ы рұқсат етілмеген жерлерде жолдарды кесіп өту кезінде болған. 

Сондықтан жол пайдаланушылардың қырағылығын арттыратын түрлі деңгейлі өткелдермен және жол қозғалысы қауіпсіздігінің сапалы элементтерімен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды күшейту, сондай-ақ халық арасында автомобиль жолдарынан өту ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу қажет, - деп атап өтті спикер.

Жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес, жылдамдықты 10 км/сағ қысқарту жол-көлік оқиғасының ықтималдығын 37%-ға төмендетеді. Биыл «Нұр-Сұлтан-Щучье» жол учаскесінде жылдамдықты сағатына 140 шақырымнан жоғары арттырудың 8280 тәртіп бұзушылық тіркелген. Бұл ретте 58 жағдайда жылдамдық сағатына 200 шақырымнан асып түссе, ең жоғары жылдамдық сағатына 238 шақырымды құраған. Осы учаскедегі тіркеу камераларының, әкімшілік полиция комитетінің дерекқорымен біріктірілмеуі салдарынан жылдамдық режимін бұзған адамдар жазадан құтылып кетуде. Сағыновтың пікірінше, бұл мәселені шешу үшін әкімшілік полиция комитетінің деректер базасымен міндетті түрде интеграциялай отырып, автомобиль жолдарын бекіту камераларымен қамтамасыз ету, сондай-ақ заңнамаға» «орташа жылдамдықты» айқындау әдісін енгізу қажет.

Жол апаттары түрлі фактор салдарынан орын алады. Оның ішінде қолайсыз ауа райы, сапасыз жол және басқа да себептер бар. Ал ең басты себеп – бұл адами фактор.

Жүргізушілер өздерінің жолдағы ұқыпсыздығы мен жауапсыздығынан зардап шегеді. Қазақстанда «жол жүру мәдениеті» қалыптаспаған деп айтуға болады. Жүргізушілер тас жолына шықса жлдамдықты шамадан арттырып жібереді. Статистика мәліметтеріне тағы да сүйенсек, жол апаттарының 30 %-ы жылдамдықты асырғаннан болады. Сондықтан жол сапасын жақсартумен қатар, жылдамдықты қатаң бақылауда ұстау – жол қауіпсіздігін арттырудың маңызды құралы, - деді ол.

Барлық жаңалықтар