Қазақстанда ғылымның дамуына әсер еткен жаңа технологиялар

15 Сәуір, 2021 13:36

ХХІ ғасырға аяқ басқалы бері жаһан жаңа технологиялар дәуіріне өтті. Адамзат өмір сүру тәртібін барынша жеңілдетуге талпынған сайын жаңа технологиялар дүниеге келіп жатыр. Адам бір ғана түймешікті басу арқылы бүкіл әлемді басқарғысы келеді. Смартфон мен компьютердің соңғы шығарылған үлгісін меңгеріп болам дегенше жаңа технологиядағы үлгісі шығып үлгереді. Қазақстанда ғылымның дамуына қандай жағдай жасалуда? Отандық ғылымда қандай жаңа технологиялар бар? Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.



Қазақстанда неше ғалым бар?

«Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген қанатты сөзді Әл-Фараби бабамыз бірнеше ғасыр бұрын айтып кетсе де, өзектілігі әр ғасырда жойылған емес. Қазіргі жаһандану заманында ғылымның дамуы – әрбір мемлекеттің дамуына септігін тигізетін маңызды фактор. Ақиқатын айтсақ, Қазақстанда ғылымды дамыту саласы кенжелеп қалған. Білім және ғылым министрлігі бұл бағытта жүйелі саясатты жүргізіп отыр дегенмен, нәтиже әлі байқалмайды. Әлеуеті әлсіреген ғылымды дамытуға бірнеше уақыт керек. Әйтсе де, сіз бен біз білмейтін зерттеу институттары мен ұйымдарда жаңа буын ғалымдары енгізген технологиялар мен зерттеулер бар. Ол туралы соңында...

Әзірге статистиканы сөйлетіп көрейік. Ғылымның дамуы бойынша Қазақстан әлем рейтингісінде 61 орында. Демек, дамыған елдер деңгейінен 24 есе төмен. Өкінішті, бұл өте төмен көрсеткіш. Дүние жүзінде әрбір 1000 адамның біреуі ғалым. Ал Қазақстанда әрбір 2500 адамның біреуі ғалым. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан 8000 ғылыммен айналысатын адам бар. Олардың бәрін ғалым деуге болмайды. Себебі енді қызығушылық танытып, іс бастағандар бар. Қазақстанда 1 млн халыққа 662 ғалымнан келеді, бұл Ресейге қарағанда 4,3 есе аз. Ал Беларусьтен  2,7 есе және АҚШ-тан 6,4 есе аз.

Сауаттылық деңгейі туралы жазсақ, әлемде Қазақстан оқу бойынша 34-орынды, математикалық сауаттылықтан 39 елдің ішінен 33-орынды және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласындағы сауаттылық бойынша 36 елдің ішінен 32-орында. Демек, сауаттылық деңгейі де жоғары емес.

Ғылыми-зерттеу ұйымдары және мемлекеттік бағдарлама

Тағы да ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 383 ұйым бар. Жартысынан көбі Алматыда орналасқан.  Қазақстанда ғылымның дамуына үлес қосатын мекемелер -  зерттеу инстиуттары мен жоғары оқу орындары. Жүйелі саясат құрылса мұндай ұйымдарға мүмкіндік беріп, ғылымды жан-жақты дамытуға болады. Ол үшін әлемдік тәжірибе алмасу керек. Ғылымды дамыту комитеті мемлекеттің осы саланы дамытуға бөлген қаржысын тиімді жұмсай алса, бұл олқылықтың орнын толтыруға болады.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Аталған бес жылдықта бағдарламаны іске асыру үшін 11,5 млрд теңге қаржы бөлу көзделді. Отандық ғылымды дамыту мақсатында шаралар, конкурстар өткізіліп жатыр.

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері Қазақстан әлемдік түрлі бәсекелерде топ жаруда алға ұмтылуда. Дегенмен ғылым саласына келгенде айтулы жетістіктер жоқтың қасы.

Қазақ ғылымының тарихы

Қазақ ғылымының сан ғасырлық тарихы бар. Қазақ өнертапқыштар әр заманда да болған. Олар бірнеше таспа қайыстан көмкеріп қамшы өріп, ішек пен ағаштан түрлі аспаптар жасап, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын, тұрмыстағы құрал-саймандарын көрсетіп кетті. Қазақтың жазық даласында кесенелер мен күмбездер орнатып, күннің түсуіне қарай жылынатын сәулет өнерінің ірі жетістіктері – моншалар құрылысын ойлап, іске асырған. Сондықтан Қазақстанда ғылым Кеңес одағы тұсында дамыды деген түсінік қате. Домбыра мен қобыздан, сыбызғы мен саз сырнайдан шығатын әрбір дыбыс физика заңдылықтары ескерілген, акустикасы дәл қойылған, нағыз өнер мен ғылымның қосалқы туындысы. Ыбырай Алтынсарин ұшақ жоқ заманда жазып кеткен «тастан сарай салғызатын, айшылық-алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын, адамды құстай ұшыратын» заман келді. Мұндай мүмкіндіктерді туғызған ғылымның дамуы екені сөзсіз.

ХХ ғасырда Қазақстан ғылымының дамуы академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Оны «Қазақ ғылымының атасы» деп те атайды. Сәтбаев жер қойнауының сиқырлы байлықтарын көрегендікпен аша білген. Ол Жезқазғандағы кен орындарын ашты, студент кезінде «Алгебра» оқулығын жазды,   химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе білген нағыз ғалым болған.

ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың дамыған дәуірі. Адам арманы мен қиялындағы кез келген дүниені жасай алатын жағдайға жетті. Бір пульттің көмегімен алып машиналар басқарылады, шамдар жанып, қозғалтқыштар жүргізіледі. Алайда, жаңа ғасыр жаңа Қаныштардың есімін әлі толық танытпады. Қазақстан көбінесе неміс, кәріс, жамон, американдықтар ойлап тапқан техникаларды тұтынады.

Отандық ғылымның қазіргі жағдайы: проблемалар мен себептер

Отандық ғылымның қазіргі деңгейі өркениетті елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін жоғарыда жаздым. Қазбаласа, себебі көп.

Ғылымды дамыту жолында зерттеумен айналысатын ғалымдарға талаптар да күшейді. Мәселен, әр ғылыми еңбектің әлеуметтік, экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру ұлттық ғылыми-техникалық мақсаттар негізінде жасалынады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында 2025 жылы ғылымды қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің 1 %-на жеткізу қажеттігін айтқан болатын. Сонымен қатар, ол «Үкімет бұдан былай ешкімге қызықсыз, маңызы жоқ зерттеу жұмыстарына қаржы бөле алмайтынын айтты».

Қазақстанның ғылыми-технологиялық даму стратегиясы әзірленген. Онда өзге мемлекеттердің тәжірибесі ескерілген, Отандық ірі ғылыми-зерттеу институттары, зертханалары мен университеттердің жетекші ғалымдары осы маңызды стратегиялық құжатты талқылауға қатысып, жан-жақты талдау жасады. Қазақстан ғылым кандидаттары мен ғылым докторларының саны жөнінен алдыңғы орында, ал ғылыми нәтижелерден соңғы орында.  Атақты алған, бірақ ғылымға қызықпайтын кездейсоқ жандар көп бұл салады. Бұл - жемқорлықтың көрінісі. Ғылымның кенжелеуіне әсер еткен бірден-бір фактор да осы болса керек.

Жаңа технологиялар туралы айтқанда, Қазақстанда ашылып жатқан инновациялық қор, технологиялық ойға оралады. Дегенмен, олар ғылым саласы үшін жаңалық немесе пайда әкелгенге ұқсамайды.

Ғылымға бөлінетін қаржының есебі

Бұл салаға қаржы бөлінеді, бірақ аз. Қазіргі таңда ел экономикасы тұрақты өсу үстінде болса да, ғылымға бөлінетін қаржы көлемі жалпы ішкі өнімнің 0,20-0,16 %-нан аспай тұр.

Жаңа заманның жаңа технологияларын алып, ағымға ілесу үшін қымбат әрі күрделі қондырғыларды сатып алуға ғылыми ұйымдардың шамасы жетпейді. Мысалы, жақында Е.А.Бөкетов атын­да­ғы Қарағанды университетінің профессорлары ЯМР деген қондырғыны сатып алу туралы өтініш білдірген. ҚарМУ-де онымен жұмыс істейтін профессорлар тобы бар, алайда, қажетті сұраныс ескерілмей қалды. Құрылғы алынбады. Қазір ол қондырғы басқа бір университетте экспонат ретінде тұр. Себебі қондырғымен істеуге машықтанған ғалым жоқ.

Ғылым саласындағы қызметкерлердің жалақысы төмен. Академиялық бағдарламалар қабылданғанымен, оны іске асыруға тағы қаражат жеткіліксіз. Бұл салада да жемқорлық әрекеттер жиі кездеседі. Сонымен қатар жас мамандар шетелге кетіп, ғылыммен айналысуды өзге елде жалғастыруды жөн санайды. Айтпақшы, Ғылымға ең көп қаражат бөлетін Израиль. Олар жалпы ішкі өнімнің 4,6%-ын ғылымға жұмсайды. Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия 2,5% бөледі. Ал Ресей 1,25%-ын жұмсайды. Қазақстанда небәрі 0,2% қаржы бөлінеді.

Алайда, Білім және ғылым министрлігі 2050 жылға қарай ғылымның дамуына бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 3 пайызын құрайтынын айтып сендірді.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ғылымның дамуына бөлінетін қаржы 7 есе көбейгенін жазды.

«Бизнес тарапынан ғылыми қызметті бірлесіп қаржыландыру үлесінің артқандығы қуантады. Бизнестің ғылымға қосқан үлесі 3 жыл ішінде 4,8 млрд теңгені құрады. Жыл сайын елімізде ғалымдардың еңбегін қолдау, жас ғалымдарды ғылым саласына тарту мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры дарынды жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған жобаларға қаржы бөліп, конкурстар, форумдар ұйымдастырады. Бұндай маңызды шараларға шетелден қатысушылар да шақыртылып, ел дарындыларының тәжірибе алмасуына жағдай жасалады», - деп жазды ол.

Аймағамбетов ғылыми жобаларға арналған конкурстардың тәртібін де өзгерткен.

«Бұрын ғылыми жобаларға конкурстар үш жылда бір рет өткізілетін. Егер ғалым грант ала алмаса, келесі мүмкіндік тек үш жылдан кейін ғана беріледі. Соның салдарынан көптеген білікті ғалымдар ғылым айдынынан алыстап кету мүмкіндігі жоғары болатын. Енді конкурстар жыл сайын өткізіледі», - деді министр.

 Қазақстандағы жаңа технологиялар мен отандық ғылымның жаңа кезеңі

Қазақстанда ауыл шаруашылығы және медицина саласында ғылыми зерттеу жүргізіп, жаңа нәтижеге талпынған жас мамандардың қарасы көбейіп келеді. Мәселен, Іргелі ғылымдар бағдарламасы бойынша емдік дәрі-дәрмек жасауда «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ «Өсімдіктер және олардың синтетикалық баламаларының жаңа биологиялық белсенді қосылысы» тақырыбында алғаш рет бірегей дәрілік заттар алуды қолға алған. Сонымен қатар, гармал гармин субстанциясын бөліп алу және тазалаудың оңтайландырылған әдісін «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» серіктестігі өндіріске тәжірибе ретінде енгізді. Алғаш рет 2-(бромалкокси) және тиісінше 2-(азидоалкокси) алу тәсілі әзірленіп, «кумарин-халконов» гибридті синтезінде пайдалану мүмкіндігі зерттелді.

«Парасат» ғылыми-техникалық орталығы» АҚ тау-кен және металлургия саласы бағдарлама негізінде «отқа төзімді және сапасы төмен шикізаттарды өңдеу мен байыту технологиясымен» ең алғаш демеркуризациялы өңделген көмірден вакуумда алтын өндіру, бөліп алу үшін үздіксіз әсер етуші құралдар мен технология әзірлеген. Бұл ұтымды жоба жаңа технология болып саналады. Сонымен қатар бұл орталық «Отқа төзімді және сапасы төмен шикізаттарды өңдеу мен байыту технологиясын» ең алғаш демеркуризациялы өңделген көмірден вакуумда алтын өндіру, бөліп алу үшін үздіксіз әсер етуші құралдар мен технология әзірледі. Олар ойлап тапқан технология және вибровакуумді орнату әлемде теңдесі жоқ, әрі жоғары өнімділікке ие және экологиялық қауіпсіз.

Ж.Әбішев атындағы химия-металлургиялық институты ҚР Минералды шикізаттарын кешенді қайта өңдеудің Ұлттық орталығымен бірлесе отырып, «Минералды-шикізат ресурстары мен түрлі-түсті металлургияның техногенді қалдықтарын тиімді пайдаланып, отандық өндіріске қажетті өнім алу» бағдарламасын дайындады. Нәтижесінде өндірісте техногенді қалдықтардан қажетті өнімдер алынып, пайдаланылып жүр. Олар ожау әдісімен кен балқыту пешіне алдын ала кальцийленген колеманит құю арқылы силикобария ағызып, құрамында боры бар ферроқорытпа алудың жаңа өндірісі ұйымдастырды. Нәтижесінде, 5 тонна жаңа қорытпа алынды. Сонымен қатар КАМС (кальцийі бар алюмосиликомарганц) кешенді қорытпа алу технологиясы әзірленді.

Қазақстан Республикасында атом энергетикасының дамыту бағдарламасы бойынша энергетика саласында жер бетін атмо-геохимикалық түсіруде оның геологиялық ортадағы техногендік өзгерістерінің әдістемесі мен модельдік бағдарламасы әзірленді.

Алғаш рет Қазақстанда радон 222Rn изотопынан дозалық жүктемесі анықталып, қазақ ғалымдары оны алудың әдістемелік нұсқаулығын әзірлегенін де ауыз толтырып айтуға болады. Ақмола облысы Калачи ауылы тұрғындарына жүргізілді. Есте болса, 2014-2015 жылдары айтулы дүрбелең тудырған «ұйқы синдромы» оқиғасы орын алған еді. Адамдар ұйықтап кетіп жатты. ҚР ҰЯО-ның мамандары табиғи радионуклидтердің 222Rn-ге қатысы болуы мүмкіндігін анықтады.

Отандық пластмассадан бұйымдар басып шығаратын түрлі-түсті 3D принтер әзірлеген Жану мәселелері институтын да осы қатарға қосуға болады. 3D принтерді тестілеу мен сынақ жүргізу ойдағыдай сәтті жүргізіліп, пластмассадан тестіленген бұйым алынды. Сонымен қатар ұсақ темір қосалқы бөлшектерді еш қиындықсыз дәлме-дәл тетікке бағыттай алатын, 5 сатылы еркін қимылға ие бетонмен жұмыс жасайтын қатты металдан экструдер әзірленіп, жасап шығарылды.

PS. Осы жетістіктерге қарап, Қазақстан ғылымының дамуы жаңа сатыға аяқ басқанын аңғаруға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Ендігі тұста, ғылымның дамуына қатысты жүйелі саясат құрылып, жеткілікті қаржы бөлініп, мақсатты түрде шаралар қолдану болса, Қазақстан ғылыми әлемнің дамыған елдерінің ғылымымен жарыса алатын кезең де келеді. Ендігі кезекте отандық ғалымдар мен өнертапқыштардан "Made in Qazaqstan" таңбасы бар көлік, тұрмыстық техника, смартфондар, смарт технологиялар күтеміз.



Барлық жаңалықтар