• Басты
  • Мал ұрлығы үшін жаза күшейтілді
8 Қыркүйек, 2020 17:02

Мал ұрлығы үшін жаза күшейтілді

Қылмыстық салада жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту бойынша президент жолдауын іске асыру туралы өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов елдегі мал ұрлау, балаларға қарсы зорлық-зомбылық жасау жөніндегі заңдарға енгізілген өзгерістер жөнінде айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Мал ұрлығы үшін жаза күшейтілді

Ел президенті өз жолдауында адам құқығы мәселесін көтеріп, оны әрі қарай күшейтуі тапсырды. Марат Ахметжановтың айтуынша, жалпы тәуелсіздік жылдары қоғамдық тәртіпті күшейту, адам құқығын қорғауды сатылы түрде жақсарту үшін бірқатар жұмыс істелініп жатыр.

«Былтырғы жолдауда аса қауіпті, адам өмірі мен денсаулығына қарсы қасақана қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Атап айтсақ, адам өлтіру, зорлау, педофильдер, экстремистер, қрылар, браконьерлер, есірткі үшін жаза өсті. Желтоқсан айында парламент қабылдаған заңда бұл туралы жазылды. Заңда түзетулер ел ішіндегі тәртіпті нығайтып, қылмысты азайтуға септігін тигізді», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Қылмыстық құқық бұзушылық азайды ма

Оның сөзінше, Тоқаевтың былтырғы жолдауына байланысты заңнамаға енгізілген толықтырулар Қазақстандағы құқықтық тәртіпті одан әры нығайтуға, қылмыстық ахуалды азайтуға көмегін тигізген. Осылайша, қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны төмендеді. 2020 жылдың 8 айын өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, қылмыстық құқық бұзушылық 35 пайызға азайған. Ұрлық саны – 52 пайызға, тонау – 50 пайызға, бұзақылық - 46 пайызға азайды. Жолдауды іске асыру барысында жыныстық зорлыққа қатысты қылмыстар үштен бірге қысқарған. Бұған жазаның күшейтілуі септігін тигізді.

Сонымен қоса Марат Ахметжанов бұл әлеуетті жәбірлеушілердің жөнге түсуіне көмегін тигізіп отырғанын атап өтті. Себебі бұған дейін жәбірлеушілер зардап шегушілермен татуласып, жазадан құтылатын. Бұл оның бостандықта жүріп, зорлық-зомбылығын қайта жасауына мүмкіндік беретін. Қазіргі таңда ондай мүмкіндік жоқ.

Биылғы статистикаға сүйенсек, осындай қылмыстар үшін орташа есеппен 5,5 жылға бас бостандығынан айырылады. Сонымен қоса ауыр қылмыс санатына ауыстырылғаннан соң бірнеше рет ұрлық жасау мен алаяқтық бойынша татуласу мүмкіндігі де алынып тасталған. Оған үйге кіріп ұрлық жасау, яғни, кәсіби ұрылар жасайтын қылмыстар жатады.

Заңға «мал ұрлау» деген бап қосылды

Марат Ахметжановтың айтуынша, ауыр қылмыстардың бірі – мал ұрлау. Президент бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр.

«Мал халықтың байлық көрсеткіші емес, бұл - тіршіліктің көзі. Қазақ амандасқанда алдымен «мал-жан аман ба?» деп сұрайды. Оның мағынасы зор. Себебі қарапайым қазақ аздаған малмен жан бағып отыр. Соңғы жылдары мал ұрлығы кәсіпке айналып, ұйымдасқан қылмыс түрі болып кетті», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Сондықтан оның сөзінше, қылмыстық кодекске «мал ұрлау» деген жеке бап қосылған. Ол нәтижесін беруде. Қазіргі күні мал ұрлығы 24 пайызға азайып отыр. Жазаның ауырлауы, сонымен бірге татуласуға тыйым салу ұрлыққа мықты тосқауыл болып отыр. Мысалы, биыл мамырда Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан 5 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Олар 200-ге жуық ірі қараны ұрлап, ауыл адамдарына миллиондаған шығын келтірген. 1 қыркүйекте мал ұрлығы туралы жаңа баппен осы 5 адамның әрқайсысын 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Есірткімен сатумен айналысқандар үшін жаза қатайтылды

Тағы бір мәселе – есірткі сатумен айналысу проблемасы. Оның айтуынша, қазірдің өзінде жаңа қылмыстар тіркеліп, есірткіні насихаттау және жарнамалау фактілері бойынша, сондай-ақ оларды қоғамдық орындарда және Интернет арқылы тарату бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Оның сөзіне сүйенсек, тергеу процесінде осындай 74 оқиға болып, оның 35-і сотқа жіберілген. Мәселен, өткен жылдың қаңтарында Қарағандыда Веретенников деген біреу Telegram әлеуметтік желісі арқылы «гашиш» сатумен айналысқан. Ол үшін 2019 жылдың шілдесінде сот үкімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал осы жылы қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылғаннан кейін азамат Тарасов марихуананы Telegram арқылы Қарағанды ​​қаласында сату фактісі үшін ұсталған. Ол 10 жылға сотталды. Ол түрмеде екі есе ұзақ болмақ.

Балаларға қарсы зорлық-зомбылық үшін заң күшейтілді

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша балаларға қатысты жыныстық қылмыс жасағаны үшін сотталғандарға жаза күшейтіледі. Олар рақымшылыққа ұшырамайды және жазаларын өте қиын түрме режимінде өтейтін болады.

Балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа қатысты президенттің тапсырмасы бар. Биыл балаларға қатысты жасалатын қылмыстардың саны 8 пайызға артып отыр. Оның себептері де жоқ емес. Мысалы, бір-екі қылмыстық іс бойынша кәмелет жасқа толмаған балаларды зорлауға қатысты жәбірленушілерге байланысты 60 қылмыстық іс қозғалды. Бұл да қылмыс санының артуына себеп болып отыр. Сонымен қатар, біз былтыр жабық мекемелерде, интернаттарда дәрігерлер жыныстық қатынасқа байланысты жағдайларды жасыратын болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Сондай бап енгізілді.

«8 пайыз өсім болды деп айттым, мұның барлығы жәйттер, эпизодтар. Бірақ жәбірленушілердің саны өскен жоқ. Жалпы бұл аса ауыр қылмыс жанатына жатады. Болашақта педофильдермен күрес жұмыстары жалғасатын болады», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәселесі

Президенттің тапсырмасына сәйкес азаматтардың қылмыстық процесте құқығын қорғау масатында бірқатар жұмыс жүріп жатыр. Осы орайда айта кету керек, кеше Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Павлодар облысына іс сапармен барып келді. Онда ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы негізгі шешімдерді келісу бойынша пилоттық жобаның іске асырылу барысымен танысып қайтты. Аталмыш жоба мемлекет басшысының жолдауында көрсетілген азаматтардың конституциялық құқықтарына әсер ететін шешімдерді 2021 жылдан бастап прокурорлармен келісу туралы тапсырманы орындау аясында енгізіліп отыр.

«Жоба барысында келісу электронды форматта жүргізілетін болады, бұл -бұзушылықтардың жолын дереу кесуді қамтамасыз етіп, жазықсыз жандардың қылмыстық процесс шеңберіне тартуға жол бермейді», - деді Марат Ахметжанов.

Бүгінде мұндай механизм Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында сынақтан өткізіліп жатыр. 1 қазанынан бастап еліміздің барлық аймағы қосылады деп жоспарланып отыр.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар