• Басты
  • Қазақстандағы су ресурстарының проблемасы
25 Маусым, 2020 15:41

Қазақстандағы су ресурстарының проблемасы

Алдағы онжылдықтарда Орталық Азияда су ресурстарының салдарынан қақтығыстар жиі болуы мүмкін. Әлемдік климаттың өзгеруі, халық санының өсімі, урбанизация мен ауылшаруашылығының, өндірістің дамуы, экологияның ушығуы және табиғи апаттар(су тасқыны мен құрғақшылық) осындай проблемаға алып келуі ықтимал. Бұл жаһандық даму мен тұрақтылыққа тигізетін ең үлкен қауіп-қатер болатыны және келешектегі шиеленістердің мұнай мен газ, кен орындары емес, таза ауыз су үшін болатыны анық. Әсіресе, Орталық Азиядағы мемлекеттердің өзара және көршілес елдермен су ресурстары тығыз байланысып жатқандықтан, бұл мәселе мемлекетаралық масштабта өзекті бола түсетіні сөзсіз.  

Қазақстандағы су ресурстарының проблемасы

Бүгінде көптеген елдерде бұрын-соңды болмаған су тапшылығы орын алуда. Жер шары халқының саны тез өсіп келеді. Зерттеулерге сәйкес, қазіргідей даму қарқынымен 2030 жылға қарай әлемдік су қорында 40% тапшылық болатынын көрсетеді. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, 2050 жылға қарай 9 миллиард халықты асырау үшін ауыл шаруашылығы өндірісін 60%-ға арттыру және су қорын 15%-ға ұлғайту қажет болады. Айта кету керек, бүгінгі күннің өзінде ауылшаруашылығы саласы әлемдік су ресурстарының 70%-ын тұтынып отыр. Осындай динамикадағы сұраныстан бөлек, су қоры әлемнің көптеген бөліктерінде тапшы болып отыр. Қазіргі уақытта әлем халқының 40%-ы су жетіспейтін аймақтарда тұрады және әлемдік ЖІӨ-нің шамамен төрттен бір бөлігі осы проблемаға душар болған. 2025 жылдың өзінде 1,8 миллиардқа жуық адам суы тапшы өңірлерде өмір сүреді делінген. Төмендегі кесетеде ҚР-дағы халықтың өсуі, құрылымы және тығыздығы көрсетілген.

Безымянный.png

Әлемдік климаттың өзгеруі де дүниежүзін алаңдатып отырған мәселенің бірі. Экологиялық проблеманың қатарына климаттың жылынуы себебінен мұхит деңгейінің көтерілуі, құрлықтағы мыңдаған теңіз-көлдердің тартылуы және судың ластануы жатады. Мәселен, дамушы мемлекеттерде аурулардың 80 пайызы мен өлім-жітімнің үштен бірі осы таза ауыз судың болмауынан екен. Арал теңізінің тартылуы Қазақстанның тарихындағы ең үлкен экологиялық апат екенін білеміз. Климаттың өзгеруі су тасқыны мен құрғақшылық қаупін төндіріп, гидрологиялық циклдарды өзгертеді. Әлемде су тасқынынан тек мүлікке келтірілген залал жылына 120 миллиард долларға жетеді, ал құрғақшылық пен өзгермелі жауын-шашын мөлшері әсіресе шалғайдағы ауыл-аймақтар үшін үлкен қиыншылықтар туғызады. Әлемдік қауымдастық осы мәселені шешуге тырысқанымен әлі де нақты нәтиже бермей отыр. 1994 жылы БҰҰ климаттың өзгеруі туралы рамкалық конвенциясы, Киото протоколы, Копенгаген конференциясы, Монреаль протоколы, Париж климат келісімі аясында дамушы және дамыған мемлекеттер әлемдік климат пен экологияға жауапкершілігі жөнінде бір мәмілеге келе алмады. 

Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы өңірлік кеңсесінің жетекші маманы Г.Минасянның пікірінше, климаттың жаһандық жылынуы себебінен 2030-2050 жылдары Қазақстанда су ресурстарының жетіспеуі ушығып, оның көлемі 90 млрд куб метрден 76 млрд куб метрге дейін төмендейді. Ауа температурасының көтерілуінен құрғақшылықтың көбеюі, екінші жағынан Тянь-Шань мұздығының 50 пайызға азаюы, жауын-шашынның себебінен елді-мекендерді су басып, ауыл шаруашылығына үлкен зардабын тигізеді. 

1.png
                  Қазақстанның негізгі өзен бассейндері

Қазақстанда Орал, Есіл, Ертіс, Іле, Шу, Талас, Сырдария ең ірі және т.б трансшекаралық өзендері бар. Аталған трансшекаралық су бассейнін пайдалану бойынша Қазақстан мен Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы араларында халықаралық суларды бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі келісімдер қабылданған. Ол келісімдер халықаралық құжаттарды,  БҰҰ Конвенцияларын басшылыққа алады. Бірақ, БҰҰ-ның кейбір Конвенцияларына қосылмаған, шекаралық суларды тек екіжақты және өз пайдасына басымдықпен қолдануды көздейтін көрші мемлекеттер де жоқ емес. Трансшекаралық өзеннің жоғарғы ағысындағы елдердің төмендегі су бассейнінің проблемаларын ескермеуі, өзара келісілген суды пайдалану стратегиясының болмауы, институционалдық және саяси мәселелер трансшекаралық өзендерді ашық және әділ бөлісуге кедергі келтіріп келеді.  Қазақстан мен Қытай арасында Қорғас, Сүмбе және Қайшыбұлақ, Іле және Ертіс суларын бірлесіп пайдалану және қорғау, табиғи апаттар туралы жедел хабарлау, трансшекаралық өзендерді ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы, гидрологиялық және гидрохимиялық мәліметтермен алмасу жөніндегі бірақатар келісімшарттар бекітілген. Трансшекаралық өзендер мәселесін талқылайтын екіжақты комиссия да жұмыс істеп келеді. Бірақ отандық ғалымдар мен зерттеушілер Ертіс пен Іле суының жыл сайын азайып, құрамында зиянды қалдықтардың көбейгенін және отандық су шаруашылығына үлкен зардабын тигізуі мүмкін екендігін айтып келеді. Қытай шекаралық өзенді пайдалану бойынша тек екіжақты келісімдерді қабылдап, оны көпжақты халықаралық дәрежеге шығармауды көздейді. Биылғы жылғы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің баяндамасында Балқаш пен Арал мәселесі, көрші елдердің су саясатына тәуелділік, су ресурстарының зиянды қалдықтармен ластануы, суды мақсатты пайдаланбау, тұрғындарға сапалы ауыз мен егістікке судың жетіспеуі сияқты проблемаларды атап көрсеткен. Орталық Азиядағы су ресурстарын басқаруды жетілдіру, оның заңнамалық-құқықтық жұмыстарына ЕО, ЕҚЫҰ, Азиялық даму банкі және т.б халықаралық ұйымдар мен донорлар атсалысып келеді. 

Жалпы, дүниежүзінде 148 мемлекетке ортақ 276 трансшекаралық бассейндер бар және әлемдік тұщы судың 60 пайызы осыған тиесілі. Яғни, жер халқының 2 миллиарды жер асты суларына тәуелді деп айтуға болады. Осындай ортақ су ресурстарын басқару үшін тиімді шешімдер қажет екендігі белгілі.  Суға сұраныстың артуы, су дефициті, оны басқарудағы белгісіздік, фрагментация проблемалары жағдайында су қауіпсіздігін нығайту үшін институционалды нығайту, ақпаратты басқару және инфрақұрылымды дамытуға күш салу қажет болады. 

1.png
        Елімізде пайдаланылған тұщы су көлемі 

Үкімет еліміздегі су проблемасының алдын-алу мақсатында биыл қаңтарда ҚР Су ресурстарын басқару жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын бекітті. Жауапты министрліктің хабарлауынша, елімізде жер үсті су ресурстары 100 текше шақырымды құрайды, ал 44 пайызы шет елдің территориясынан келеді. Тұтынатын судың 67% - ауыл шаруашылығына, 30% – өнеркәсіпке, қалғаны – шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікке қолданылады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына орай 2040 жылы елімізде суды пайдалану 56 пайызға дейін өседі деп болжанған. Соның алдын-алу мен суды бөлу, ұйымдастыру мақсатында Үкімет тұжырымдамасында алдағы он жылда жер үсті суын ұлғайту есебінен 100 текше шақырым су теңгерімін сақтау, қойма салу және суды үнемдеу, жер асты суын пайдалану мөлшерін арттыру көзделген. Сондай-ақ суды тұтынуды белгілі мөлшерге азайту, гидротехникалық құрылыстар салу және жаңарту, ирригациялық жүйелерді салу, суды тарату арналарын кеңейту де қарастырылған. Аталған бағдарламада көрсетілген 10 негізгі бағыттың ішінде құқықтық базаны жаңарту, су нарығын құру жөніндегі халықаралық озық тәжірибені зерделеу, су шаруашылығын цифрландыру, су экологиясына көңіл аудару, сала мамандарын жаңаша дайындау.

1.png
    Су пайдалануға баға белгілеу 

Дегенмен, жауапты министрліктің Су ресурстары комитетіндегі кадрлық мәселелер, сот істері мен басшылықтың ауысуы жұмыстың жүйелілігіне кедергі келтіреді. Өзбекстанның Сардоба су қоймасындағы апат осы саладағы ынтымақтастықтың кемшін тұстарын, оның жан-жақты құқықтық негіздерін орнату қажеттілігін көрсетіп берді. Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау туралы келісім жобасы әлі де талқыланып жатыр. Кеш те болса трансшекаралық су қоймаларына толық тексеріс жүргізіп, Жол картасын бекіту туралы қос тарап келісуде. 

Геосаяси жағдайға байланысты, Орталық Азия мен Қазақстандағы су ресурстарын басқару және гидросаясат соңғы жылдары жоғары қызығушылық тудырып келеді. Сырдария мен Амудария сияқты екі ірі өзенді бөлісетін Орталық Азиядағы бес тәуелсіз мемлекеттің арасында өзара саяси бәсеке күшейгені белгілі. Су ресурстарын қорғау Арал теңізінің тағдырын және халық санының өсіміне байланысты ауыл шаруашылығының кеңеюін ескере отырып, барлық Орталық Азия мемлекеттері үшін ерекше мәселе болып табылады. Су ресурстарын неғұрлым тиімді бөлу, реттеу және сақтау үшін нормативтік-құқықтық база, бағасын белгілеу және ынталандыру сияқты институционалдық құралдар қажет. Ақпараттық жүйелер ресурстарды мониторингілеу, белгісіздік жағдайында шешім қабылдау, жүйелік талдау, гидрометеорологиялық болжау және ескертуге шешімдер қабылдау үшін қажет. Осы жетістіктердің тез таралуын және қолданылуын қамтамасыз ету жаһандық және өңірлік су қауіпсіздігін сақтаудың негізі болады. 

Барлық жаңалықтар
34.237.138.69, 192.168.88.100