• Басты
  • Қазақстандағы саяси-партиялық жүйенің трансформациясы
11 Маусым, 2020 10:25

Қазақстандағы саяси-партиялық жүйенің трансформациясы

Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасы демократиялық, құқықтық мемлекет құрудың стратегиялық бағытын анықтады. Жаңа зайырлы мемлекеттің саяси партиялар институтын қалыптастырмай бұл бағытта дами алмайтыны белгілі. Саяси партиялар институты сайлаушыларға өз ұстанымдары мен бағдарламаларын ұсына отырып, саяси плюрализмді дамытуға, Үкіметке өз ұсыныстарын беріп, сайлауда жеңіске жеткеннен кейін өз бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Партия құрып, оған мүше болу – белсенді азаматтар үшін мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне қатысу және мемлекеттік саясатқа өзіндік үлес қосу немесе ықпал ету құралы.

Қазақстандағы саяси-партиялық жүйенің трансформациясы

Әлеуметтік-экономикалық және саяси жүйесі ауысқан тәуелсіз Қазақстан саяси плюрализмді қалыптастыруға тырысып келеді. Бұл әсіресе 1990-2000 жылдары қоғамдық-саяси өмірді демократияландыру процесі, халықтың саяси белсенділігінің өсуі, көптеген саяси партиялар мен оппозициялық қозғалыстардың құрылуынан көрінді. Советтік қатаң цензура мен бірпартиялы жүйеден кейін, елдің егемендігін дамыту және нығайту процесінде әлеуметтік топтардың саяси бағытты қалыптастыруға және әлеуметтік-экономикалық реформаларға ықпал ету ұмтылысы артты. Ол қоғамдық бірлестіктердің, партиялар мен қозғалыстардың қызметі арқылы жүзеге асырылады. Яғни, азаматтар өз ұстанымдары мен көзқарастарын, ұсыныстарын жеке-дара емес, белгілі қоғамдық ұйым аясында өз мүдделестерімен бірлесіп білдіру мәдениеті қалыптаса бастады. Жалпы, Қазақстанда партия құру, тіпті бөліну және оған мүшелік осы 1990 жылдарығана қалыптасты деп айта алмаймыз. Мәселен, ақын, философ А.Құнанбайұлы «Болды да партия» деген өлеңінде:
Болды да партия,
Ел іші жарылды.
Әуремін мен тыя,
Дауың мен шарынды – деп халықтың партия мен топтарға бөлініп, өзара айтысып-тартысқанын айтады. Абай тағы да үшінші қара сөзінде қазақтың бір-біріне қастығы мен достығы туралы айта келіп: «Әрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке  болыстық,  билікке  таластық» - дейді. Ары қарай Абай момынның баласы еңбек қылып, істің ебін таппай, өз басын кісі көбейтемін деген партияның бүгін біреуіне, ертең екіншісіне сатып жүргенін айтады. Осылайша ел іші екіге жарылып, арамдығы асқан топтардың момындарды өзіне үйіріп алатынын жазады. Абайдың заманында отаршылдықпен бірге қазақ қоғамында сыбайластық, жікке бөліну, бөліп ал да билей бер саясаты ушығып кеткені белгілі және ол партия мен топтарға бөлінуден көрініп отырды. Ал XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының партия құру ісі мүлде жаңа мақсат-мұратты көздеген еді. Осы тарихи кезеңдегі ұлт-азаттық қозғалыстың қалыптасуы мен реформалардың басында «Алаш» партиясы тұрды. «Алаш Орда» үкіметін де құрған осы «Алаш» партиясының негізін қалаушылар еді. 1917 жылы 21-28 шілдеде өткен Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» деген атаумен партия құрылса, сол жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде партияның бағдарлама жобасы мен өткен съездің материалдары жарияланды. Партия автономия құру, жер мәселесі, оқу-ағарту сияқты ең өзекті сұрақтарды съезд талқылауына шығарып, баспа арқылы халыққа таратып отырды. Осылайша «Алаш» партиясы халықтың қолдауына ие болды, бірақ мұндай саяси сауаттылық большевиктік билікке ұнаған жоқ. Жалпы, XX ғасырдың басында Қытай, Индия, Иран, Түркия сияқты бірқатар мемлекеттерде саяси белсенділік артып, қоғамдық қозғалыстар көбейді. Бұл шығыс елдеріндегі монархия мен патшалық жүйенің күйреп, заманауи демократиялық мемлекет құруға деген талпынысын көрсетті.

1990-жылдары Қазақстандағы партиялық құрылыс үдерісіне сыртқы және ішкі ерекшеліктер әсер етті, әсіресе тарихи, демографиялық, саяси және этномәдени мәселелерді атап өтуге болады. КОКП-ның таратылуы мен КСРО-ның ыдырауынан кейін, тоталитарлық жүйеден жаңа демократиялық жүйеге, бірпартиялы қоғамнан көппартиялыққа көшу үрдісі басталып кетті. Алғашқы жылдары жаңа үлгідегі саяси партиялар: Қазақстанның социал- демократиялық партиясы, Қазақстанның социалистік партиясы, Алаш ұлттық тәуелсіздік партиясы, «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясы, Қазақстанның ұлттық конгресі, Республикалық партиялар болды. 1991 жылы қабылданған қоғамдық бірлестіктер туралы заң көппартиялықтың дамуына серпін берді. Партиялардың бірқатары ескі қоғамдық жүйемен тығыз байланысып жатса, кейбір бөлігі мүлде тың меже қойды. Тәуелсіздік алу жаңа саяси кеңістікті қалыптастыру үшін жаңа серпін берді. Бұл ретте мемлекет пен қоғамның демократиялық даму курсы таңдалды, 1993 және 1995 жылы ҚР Конституциясы қабылданды. Конституция нұсқасын талқылауға ел азаматтары қатысып, 30 мыңға жуық ескерту мен ұсыныс, соның нәтижесінде құжаттың алғашқы нұсқасына 1100 түзету енгізілген екен. Ата заңның баптарында мемлекет құрудың басты құндылықтары мен азаматтардың бостандықтары мен саяси қызметі көрсетілді. Осылайша мемлекет сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды, Қазақстан өзін зайырлы, демократияшыл, унитарлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет, президенттік республика деп жариялады. Осы және басқа да базалық принциптер негізінде мемлекеттің партиялық саясатын жүргізу үшін алғышарт жасалды.

Елбасы Н. Назарбаев 1990 жылдардың басындағы Қазақстанның саяси- партиялық ландшафтын бағалай келіп: «Әртүрлі сипатта болса да, жаңа партиялардың көпшілігі негізінен демократиялық принциптеріне бейімдігін білдіріп, мен ұсынған тәуелсіздікті нығайту бағытын қолдады. Сонымен бірге олардың көпшілігіне тән бір кемшілік – саяси-идеялық құрылымның әлсіздігі мен электоралды қолдаудың жеткіліксіздігі болды» дейді. (Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі. – Астана, 2017. – 50 б.) Қазіргі әлемде саяси плюрализм мен көппартиялылық демократиялық қоғамның негізгі принципі ғана емес, сонымен қатар демократияның бастапқы, жалпыға міндетті шарты ретінде де қарастырылады. Осыған байланысты өзін демократиялық мемлекет ретінде жариялаған Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап саяси- партиялық саланы реформалауды қолға алды. Елбасы Н.Назарбаевтың 1999 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында демократияландырудың жеті негізгі элементтерінің қатарында қоғамның саяси жүйесіндегі партиялардың рөлін күшейтуді атап өтті. Ол өз сөзінде саяси партиялар демократия ғимаратын салуда негізгі құрылыс материалы екенін және партиялардың өсіп-өркендеуіне құқықтық, басқа да мүмкіндіктер жасалу керек екенін айтты.

Сонымен қоса сайлау процесін еркін және әділетті қылу, Мәжіліс пен Сенаттың тәуелсіз қызметін жан-жақты қамтамасыз ету, азаматтық қоғам құрудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыру туралы да тоқталды. Бұл ретте Қазақстанда саяси қайта құрулармен бірге ілгерілеп келе жатқан партиялық құрылыс процесі алғашқы онжылдықта салыстырмалы түрде стихиялық сипатта болды дейді ғалымдар. (Булуктаев Ю.О. Партийно- политическое строительство в Республике Казахстан (1991—2012 гг.). Книга 1. Становление многопартийности. 1990-е гг. Монография. — Алматы: КИСИ при Президенте РК, 2012. — 240 с.) Көп жағдайда бұл елдегі саяси қайта құру Қазақстан мемлекеттілігін нығайту, нарықтық тетіктерді енгізумен және қоғамдық сананың өзгеруімен қатар жүргізілуіне байланысты. Отыз жылдық кезеңде Қазақстанның саяси-партиялық жүйесі трансформацияланып келеді. Зерттеушілер еліміздегі Конституцияның қабылдануы мен конституциялық реформалар, ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарының сайлауы, «Саяси партиялар туралы» заңның қабылдануы және сайлау жүйесінің жетілдірілуіне сәйкес, партиялық-саяси жүйе модернизациясын 1991-1995 жж., 1996-2001 жж., 2002-2006 жж., 2007-2011 жж., 2012 жылдан қазіргі уақытқа дейін деп бес кезеңге бөледі.

«Нұр Отан» партиясының сайлаулардағы жеңісімен елімізде жетекшілігі басым партиялық жүйе қалыптасты. 2000-жылдары Қазақстанның демократиялық таңдауы, «Нағыз Ақ жол», «Азат» партиялары саяси плюрализмді нығайтуға үлесін қосты. Ал билік партиясынан билеуші партияға айналған «Нұр Отан» негізгі стратегиялық құжаттарды дайындауға қатысып, өзінің Доктринасын қабылдады, Сайлауалды тұғырнамасын бекітті, мемлекеттік бағдарламаларды бақылау функциясы күшейтілді. Сарапшылардың кейбірі күшті жалпыұлттық орталық партия ғана саяси билік пен қоғамның үдемелі ұйысуын қамтамасыз етеді десе, екінші бөлігі көппартиялық жүйеде оппозициялық партияларға да кеңірек мүмкіндік беру керек екенін айтады. Қазіргі уақытта Қазақстанның саяси алаңында «Нұр Отаннан» басқа «Ақ жол» және ҚХКП парламенттік партиялары, ЖСДП және «Ауыл» партиясы, ҚДП, «Сен, Алаш» тіркелмеген партиялары, «Oyan, Qazaqstan», «ХАҚ» қозғалыстары бар.

Осы орайда саяси-партиялық жүйені реформалауда биылғы жылы бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Атап айтқанда 2020 жылғы 25 мамырдағы № 333-VІ «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ал, парламенттік оппозиция туралы заң жобасы Парламентте мақұлданып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде талқыланды және ҚР Президентінің қарауына жолданды. «Nur Otan» партиясы Н.Назарбаевтың 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы Қаулысына сәйкес партияішілік іріктеудің ережесін жариялады. Ережеге сәйкес,праймериздің негізгі мақсаты – барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіндегі тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру үшін бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды айқындау. Сонымен қоса, заңнамалық өзгерістерге сәйкес, партиялық тізімдерде кемінде 30% әйелдер және 20%-ы 35 жасқа дейінгі жастар ұсынылуы керек делінген. Аталған реформалық қадамдар еліміздегі саяси-партиялық жүйені ашық және әділетті қылуға өз үлесін қосады деп есептейміз. Бұл саяси ландшафтта жаңа саяси ұйымдардың өзара бәсекелестігін арттырады, сайлау процесінің мейлінше ашық өтуін қадағалауға мүмкіндік береді, сондай-ақ Парламентке жаңа оппозициялық партиялар өткен жағдайда заң шығару органының рөлін күшейтуге жол ашуы мүмкін деп санаймыз.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды