• Басты
  • Қазақстандағы полиция реформасының жаңа міндеті
6 Наурыз, 2020 09:52

Қазақстандағы полиция реформасының жаңа міндеті

Кез-келген елдің мемлекеттік құрылымында Ішкі істер органдары маңызды орын алады, өйткені оның қызметі қоғам өмірінің барлық саласына қатысады. Өткен ғасырда және қазіргі уақытта да әлемнің барлық дамыған мемлекеттерінде, атап айтқанда АҚШ, Канада, Австралия, Жапония, Ұлыбритания, Батыс Еуропа және Шығыс елдерінде қоғам дамуындағы жаңа тенденциялар мен үнқатуларға байланысты полиция реформасы мен оның тиімділігін арттыру үздіксіз жүргізіліп келеді. Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тікелей жауапты орган жұмысын жетілдіру қашанда маңызды, өйткені ол тұтас мемлекеттің даму стратегиясын қамтамасыз етіп отырады. Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясы мен бағдарламаларында, Ұлт Жоспарында Ішкі істер органдарының алатын орны нақты көрсетілген.

Қазақстандағы полиция реформасының жаңа міндеті

«Қазіргі полиция қандай болуы керек?», «Ол қоғам сеніміне ие болды ма?» деген сұрақтар әртүрлі алаңда қызу талқыланып келеді. Бүгінгі «жақсы полицияның» бет-бейнесі нақты айқындалмағанымен, қоғамда соған сұраныстың өсіп келе жатқаны белгілі. Жоғарыда аталған мемлекеттерде өз қызметінде мейлінше қоғамға бағдарланған полицияның, яғни «community policing» концепциясы енгізіліп, халықаралық қауымдастыққа тәжірибе ретінде таралып келеді. «Community policing» концепциясы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету органдарының қызметін түгелдей жаңартуға арналған. Оған сәйкес, қоғаммен тығыз интеграцияланған полицияның негізгі қызметі қылмыстың салдарымен күресу емес, қоғаммен ынтымақтасу арқылы қылмыстың алдын алу, оны ескерту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Осы әлеуметтік ынтымақтастық доктринасы негізінде АҚШ, Еуропа мен Жапонияда полиция қызметкерлерін әртүрлі категориядағы азаматтармен(зардап шеккендер, куәгерлер, нашақорлар, әртүрлі жастағы және жұмыстағы адамдар) байланыс жасауға әлеуметтік-психологиялық тұрғыда даярлауға басымдық берілді. Дәл осындай практикалық жұмыстар өз нәтижесін көрсетті, себебі полиция органдарына бірнеше рет қайтара қоңырау шалудың азаюы, зардап шеккендердің қылмысты ашу үшін полициямен ынтымақтасуы, полиция қызметіндегі қысымды төмендетуге мүмкіншілік ашылған.

Осындай ортақ жетістіктері мен ерекшеліктеріне қарамастан, концепцияны іске асыруда әр мемлекетте орнаған ұлттық дәстүрлер, нормативтік-құқықтық база, полицияның құрылымы, стратегиясы мен тактикасына байланысты өз айырмашылықтары болады. Мәселен, АҚШ-та қылмысқа нөлдік төзімділік, Швецияда проблемалық-бағдарланған жұмыс, Жапонияда дәстүр мен инновациялық технологияны үйлестіру сынды ұстанымдар қолға алынды.

Қазақстан да осы бағытта ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Еліміздегі полиция реформасының да негізгі мақсаттарының бірі – оған деген халықтың сенімін нығайту. 1991 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта ҚР ІІМ құрылымдық тұрғыда орнығып, материалдық-базалық, нормативтік негіздері толығымен қалыптасты. Дегенмен, мемлекеттегі саяси-экономикалық модернизация жағдайында полицияның алдында жаңа міндеттер тұр. Сондықтан, ҚР ІІМ органдарын модернизациялау жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, реформа басталған былтырғы жылдан аталмыш министрлік қызметкерлерінің саны 11 пайызға, яғни 10 592 адамға қысқарған. Жалпы ел бойынша 100 мың адамға шаққанда полицей саны 471-ден 393-ке дейін төмендеген. Ол Еуропалық Одақ мүшелерінің көрсеткіштеріне тең. Осының нәтижесінде 16 млрд теңге қаражат үнемделіп, ол қызметкерлердің жалақысын өсіруге пайдаланылады.

 Былтырдан штат саны қысқартылды, полиция қызметкерлерінің жалақысы өсті, оларға тұрғын үй сертификаттары да берілуде, оқу орындары қысқартылып, қысқамерзімді оқыту курсы қолға алынуда. Полиция қызметкерлерін көптеген нысандарды күзетуден босатып, оны жеке күзет компанияларына беру, ал полицияны барынша қоғам қауіпсіздігі жұмысына бағыттау туралы да министрлік тарапынан жиі айтылып келеді. Фронт-офистерді құру арқылы тұрғындармен ашық жұмыс істеуге қадамдар жасалуда. Өйткені қылмыстың көпшілігі оны алдын алу, жедел ақпарат беру және құқықтық-заңнамалық сауаттылықтың деңгейімен тығыз байланысты болуда. Мәселен, соңғы он жыл көлемінде тіркелген қылмыс саны 10 мың адамға шаққанда 77-ден 160-қа дейін өскенімен, соңғы бес жылда төмендеп келеді. Бірақ полицияға деген қоғамдық сенім мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.

 1 кестеге.jpg

Ішкі істер органдарының жұмыс сипатын жазалаудан сервистік, яғни қызмет көрсету моделіне ауыстыру да уақыт талабы екені түсінікті. Ол туралы Елбасы Н.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында айтып, нақты тапсырмалар берген еді. 2019 жылы ҚР ҰЭМ Статистика комитеті ұсынған «Халықтың құқық қорғау органдарына сенімділік деңгейі» іріктемелі зерттеуі өткізілді. Зерттеуге іріктемелі әдіспен таңдалған 30 948 үй шаруашылығы немесе республикадағы үй шаруашылықтарының жалпы санынан 0,6%-ы қатысты. Зерттеуде 15 жастан жоғары (15-29 жастағы жастардың үлесі 17,9% құрады) республиканың барлық аумақтарының қалалық және ауылдық жерлердегі респонденттері қамтылды.

 2 кестене.jpg

Полиция органдарына қаншалықты сенуге болады деген пікірмен респонденттердің 38,3 пайызы – толық келісемін, 51,2 – ішінара келісемін, қалған бөлігі ішінара келіспейтінін, толық келіспейтінін және бұл құрылыммен байланысы болмағанын айтады. Бұл зерттеу бүкіл Қазақстанды қамтымағанымен, респондеттердің басым көпшілігі өзінің полиция органдарына деген сенімін білдірген. Ал, полиция органдарына сенімділік пен сенімсіздік дәрежесіне қандай факторлар әсер еткенін келесі кестеден көруге болады:

 3 кесте.jpg

 

Олардың көпшілігі, яғни 27,9 пайызы – полицияның қызметі халықты қорғауға емес, жазалауға арналғанын айтқан. Сонымен қоса, 27,6 пайыз азаматтар оларды сыбайлас деп санайды. Ал, 26,2 пайызы полициямен бұрын кездесіп, жұмысынан нәтиже болмағанын көрсеткен.

Полиция органы қоғамдық менталитетті ескере отырып, өз жанындағы Қоғамдық кеңестің қызметін жетілдіріп, ақсақалдар кеңесі, үкіметтік емес ұйымдар, партиялар, белсенділер және жастармен өз іс-қимылын келісіп отыруы керек екені түсінікті. Осындай іс-қимылдың барлығы қоғамдық пікірді қалыптастырып, оған деген көзқарасты орнатады. Бұл жұмысқа жас азаматтарды, қоғам дамуына бей-жай қарамайтын еріктілерді де белсенді жұмылдыру қажет. Биыл Қазақстандағы еріктілер жылына орай осы жұмыстың белгілі нәтижесін көруге болады. Қоғамдық пікірдің өзі бүгінде әлеуметтік медиада жылдамдықпен және кең ауқымда тарап жатқаны рас. Сондықтан Қазақстан полициясы өзінің жетістіктерін әлеуметтік медиада таныстырып, проблемаларын қоғамдық серіктестік қағидатында талқылауы тиіс деп есептейміз. Осы орайда, ҚР ІІМ министрлігіндегі Медиа-орталықтың әлеуетін кеңінен пайдалануға болады.

Сондықтан полиция органдарының имиджін дамытуда бірқатар жұмыстарды жүргізуге тура келеді. Әрине, полиция реформасы біржақты іске асқанда табысты болмайды, сондықтан:

-        азаматтар тарапынан әріптестікке деген дайындық;

-        азаматтардың құқықтық-заңнамалық мәдениетін нығайту арқылы қоғамдағы тыныштықты қамту;

-        полиция қызметінің әлеуметтік дәрежесін оны әділ және ашық іріктеу, оқыту, үлгі ретінде көрсету арқылы қалыптастыру қажет.

Қорыта айтқанда, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, яғни өзін заң арқылы қорғау ғана емес, заңды сақтау және құрметтеуге баулу маңызды болады. Полиция қызметін қоғамдық мониторингілеу, сол арқылы дер кезінде кемшіліктерді жойып отыру қажет. Сонымен қоса, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті орнату, қатаң қадағалау, қылмысты жою ғана емес, насихаттау, ашық байланыс арқылы өзара түсіністікке қол жеткізу, алдын ала түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру тиімді болады. Әрине, басқа дамыған мемлекеттер 30 жылда орнатқан реформаны Қазақстан жағдайында 3 жылда түбегейлі жасау мүмкін емес. Дегенмен, қазіргі ІІМ реформалары соған деген ұмтылысты көрсетеді.

Олжас Бейсенбаев

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды