• Басты
  • Қазақстандағы миграцияның негізгі тенденциялары

Қазақстандағы миграцияның негізгі тенденциялары

19 Шілде, 2021 12:35

Ішкі және сыртқы миграция кез келген ел секілді Қазақстанның да әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени дамуына зор ықпалын тигізуші фактордың бірі. Жалпы, миграцияның негізгі себептері – тұрмыс, өмір сүру сапасын жақсарту, саяси көзқарасқа қатысты себептер, кикілжіңдер, соғыс сияқты түрлі сипаттағы қиындықтар, жаңа жұмыс орнын іздеу, өмір сүру салтын өзгерту, экология, білім алу мақсатымен жер ауыстыру т.с.с. болып кете береді. Осыған байланысты әлеуметтік ғылымда этникалық миграция, экологиялық миграция, еңбек миграциясы, білім миграциясы, туристік миграция сынды терминдер қалыптасқан. Аталған үрдістің белсенді болуы қандай да бір мемлекеттің ішінде демографиялық дисбаланстың орын алуына әкеп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан көші-қон мәселесі қоғамдағы ең өткір тақырыптың бірі саналады. Бұл ретте, бүгінгі мақаламызда Қазақстандағы 1991 жылдан бері ішкі және сыртқы миграциялық тенденциялар жайлы баяндайтын боламыз. Толығырақ Strategy2050.kz сарапшысының материалында.

Сыртқы көші-қон

Тәуелсіздік алған 90-шы жылдардан бүгінгі күнге дейін Қазақстанда сыртқы және ішкі көші-қонның қарқынды жүруі есебінен халықтың жалпы санында үлкен өзгерістер болған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ кезінде елімізге түрлі тарихи себептермен тап болған, депортацияланған өзге диаспоралардың өз тарихи отандарына жаппай оралуы, яғни Қазақстаннан көшуі, сондай-ақ кезінде түрлі себептермен (аштық, соғыс, шекара белгілеуде өзге мемлекеттің аумағында қалып қоюы т.б.) шетел территориясында қалып қоюға мәжбүр болып, кейіннен 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғасын өзінің атажұртына қайта оралған қандас қазақтардың елімізге көшіп келуі бұған жарқын мысал бола алады.

Тарихқа көз салсақ ХХ ғасырдың басына дейін Қазақстан халқының этникалық құрамы моноұлтты болып келді. Өткен ғасырдың басында патшалық Ресейдің отарлық саясаты мен кейінгі кеңестік дәуірдегі Кремльдің солақай саясаты нәтижесінде (орыс, украин, поляк, неміс, грек, түрік, күрд, әзірбайжан, белорусь, шешен-ингуш, кәріс т.б. түрлі этнос өкілдерін Қазақстанға жер аудару, тың игеру саясаты, көзқарасы үшін саяси репрессиялық миграция жұмыстары) жарты ғасыр ішінде қазақтар өз мемлекеті аумағында саны жағынан да, сондай-ақ өзге этностармен салыстырғанда елдегі халық санындағы үлесі бойынша да айтарлықтай азайып, Қазақстан полиэтносты мемлекетке айналды.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі халықтың этникалық құрамы да осы қалпында болатын. Еліміз өз азаттығын алғаннан кейін грек, неміс, кәріс, украин, орыс, шешен сынды этностар жаппай өз тарихи отандарына жаппай көше бастады. Төменде берілген кестеге көз жүгіртетін болсақ 1991 жыл мен 2018 жыл аралығында Қазақстаннан кеткен және Қазақстанға шет мемлекеттерден көшіп келген азаматтардың өзара арасалмағын салыстыра отырып қарауға болады.

Статистикалық деректерден байқағанымыздай 1991 жыл мен 2000 жылдардың ортасына дейін Қазақстаннан шетелге қоныс аударған азаматтардың қарқыны жоғары болды. Шетелге жасалған сырты миграциясының ең жоғары көрсеткіші 1994 жылы орын алған. Яғни, осы жылы Қазақстаннан шетелге қоныс аударған адамдардың саны жарты миллионға жуықтап, 480 800 адамды құраған.


    Инфографика: Сыртқы көші-қон

Ал тәуелсіздік жылдары Қазақстанға қоныс аударған адамдардың санына келсек, елге оралған азаматтардың ең көп шоғыры 1991-1992 жылдарды қамтиды. Одан кейін 2000 жылдарға дейін тұрақты түрде жыл сайын 50-60 мың адамға жуық сырттан Қазақстан халқына келіп қосылып, елдің демографиялық ахуалын жақсартуға үлес қосып отырды. Сырттан елге келген азаматтардың басым көпшілігі этникалық қазақтар екенін де айт кеткен жөн. Олардың Қазақстанға қоныс аударуына мемлекет тарапынан да үлкен қолдау жасалып, арнайы бағдарлама арқылы қандастар еліміздің түрлі өңірлеріне қоныстандырыла бастады.

Сыртқы көші-қонға келер болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көші-қон сальдосы теріс болды. 1991 және 2003 жылдар аралығында халықтың елден жылыстауы орта есеппен жыл сайын 225,5 мың адамды құрады.2004 жылдан бастап 2011 жылға дейін көші-қон сальдосы тұрақты оң болды (өсім 11,7 мың адам жыл сайын). Еңбек көші-қоны арта түсті. 

Қазақстаннан шетелге кеткен мемлекеттердің ішінде ең көпшілігі ТМД елдері, оның ішінде Ресей Федерациясы деуге болады. Төмендегі суретте 2010-2019 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы көші-қон үдерістерінің өсу және азаю динамикасы көрсетілген. Өздеріңіз де байқағандарыңыздай осы аралықта Қазақстаннан Ресейге көшу үдерісі азаймай, керісінше көбейіп отырған. Ал Ресейден Қазақстанға қоныс аударғандар саны уақыт өткен сайын азайып келеді.


Дереккөз: Казахстан: Расширенный миграционный профиль 2019. — Алматы: Миссия Международной организации по миграции (МОМ) в Казахстане — Субрегиональный координационный офис по Центральной Азии, 2020, стр. 7.

Этникалық орыстардың өз отаны Ресейге кетуді дұрыс көруінен бөлек, ол процесті жеңілдететін өзіндік себептері де бар. Әмина Үрпекова, Нәйля Әлмұхамедова, Жанар Санхаева атты авторлар «Қоғам және дәуір» атты ғылыми журналдың 2020 жылғы №2 санында жариялаған «Қазақстандағы көші-қон процестерінің ерекшеліктері: этникалық репатриация саясатын қалыптастыру» атты мақалаларында бұл жайлы былайша ой сабақтайды:

Қазақстан Республикасы азаматтарының Ресейге көшу туралы шешім қабылдауға әсер ететін факторлардың арасында қоныс аударушыларға азаматтықты жедел  алуға,  бірқатар  өңірлерде  жұмысқа  орналасуға,  қоныс аударуға  арналған  шығындарды  өтеуге  және  өзге  де  әлеуметтік артықшылықтарға кепілдік беретін, отандастардың қоныс аударуын қолдаудың  арнайы  мемлекеттік  шараларының  болуын  атап  өтуге болады. Бұдан басқа, көбінесе Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында мектеп түлектері ресейлік оқу орындарын жөн көреді, сол оқу орындарын тәмамдағаннан кейін сонда тұрақтап қалады.

Ал Қазақстанға қоныс аударған адамдар да ел дамуына үлес қосып, еңбекке белсенді араласып жатқанын да айта кеткен жөн. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 79,2 мың этникалық қазақ оралған.

Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (75,5%) Өзбекстаннан, 10,4%-ы ҚХР-дан, 7%-ы Түркіменстаннан, 2,5%-ы Моңғолиядан және 4,5%-ы басқа елдерден келгендер болып табылады.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (29,9%), Түркістан (14,5%), Маңғыстау (18,7%) және Жамбыл (8,0%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,7%) қаласына қоныстанды.

Ағымдағы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55,5%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілер 25,3%-ды және зейнеткерлер 19,2%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 10,9%-ының жоғары, 39,3%-ының орта кәсіби, 45,9%-ының жалпы орта білімі бар және 3,9%-ының білімі жоқ. 

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға қоныс аударған 1 миллион 79,2 мың қандастың елге келіп, қызмет еткенінен бөлек, олардың да осы жылдары елімізде өсіп-өніп, экономикаға қызмет етіп, балалары осында өмірге келгенін, елдің демографиялық ахуалын жақсартуға сүбелі үлес қосқанын да айрықша атап өткен жөн. Қандастардың осы көші арқасында елдегі миграциялық ахуалдың теріс сальдосын азайтуға мүмкіндік жасалды.

Ішкі көші-қон

Қазақстанның ішкі көші-қонында да үлкен мәселелер бар. Оның бірі елдің солтүстік облыстарын және кезінде түрлі өндіріс ошақтарына байланысты бой көтеріп, кейіннен аталғанм өндіріс орындарының тоқтап қалуына байланысты бос қалған кей елді мекендерді толтыру мәселесі. Солтүстік облыстардың көпшілігінде этникалық славян өкілдерінің Ресей, Украина, Белоруссияға жаппай көшуіне немесе аталған елдердегі оқу орындарына білім алуға кетіп қайта оралмауына байланысты Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында еңбек күшіне қажеттілік туындауда. Бұл ретте, шетелден елге қоныс аударған қандастардың да аталған облыстарға емес қазақтар көп шоғырланған Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарына тұрақтауға құмар екенін де айта кеткен жөн. Сондықтан Қазақстанның адамдар тығыз шоғырланған өңірлерінен солтүстік облыстарға еңбек күшін тарту, ішкі миграцияны дамыту бағытында «Серпін» сынды арнайы бағдарламалар қабылданып, тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 602 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында» ішкі сын-қатерлерлерге мыналар жатқызылған:

- біліктілігі төмен жұмыс күшінің артықтығы және білім деңгейінің жоғары болмауына байланысты экономиканың жекелеген секторларындағы білікті кадрлардың тапшылығы;

- ірі қалалар мен жекелеген аумақтарда халықтың тығыз орналасуы болып табылады. Бүгінде оңтүстік өңірлердегі туу деңгейінің жоғарылығы, халық көп қоныстанған өңірлерде жұмыс күшінің артықтығы және этникалық мигранттардың орналасуы әлеуметтік шиеленістің ошағына айналуда;

- шекаралас аумақтардың босап қалуы және солтүстік өңірлерде халық санының, әсіресе, еңбекке қабілетті азаматтар санының қысқаруы олардың экономикалық өсімін қамтамасыз етуде қиындықтарға алып келеді және жалпы елдің ұлттық қауіпсіздігіне әсер етеді.

Әлемнің дамыған мемлекеттеріне тән урбандалу процесі де Қазақстанда айналып өтпеді. Кеңестік дәуірде Қазақстанда халықтың басым бөлігі ауылда тұрған болса, соңғы жиырма жылдың ішінде қала мен ауыл халқы арасындағы арасалмақ өзгеріп, қала халқының саны басымдыққа ие болып үлгерді. Урбандалу үдерісінің дамыған елдерге тән және оның ел экономикасына, адамдардың өміріне пайдасы бар екенін ескерсек те, ауылдың жағдайын жақсарту, урбандалу үдерісінің байыппен, кезең-кезеңімен іске асқаны елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе екенін ескергеніміз жөн.

Жаһанданған қазіргі заманда әлем азаматтарының елдер арасында қатынауы, шетел аралауы, өзге елге барып, білім алуы, еңбек етуі, қоныс аударуы қалыпты үрдіске айналды. Аталған тенденция болашақта да осы қарқынмен дами берсе көші-қон үдерістерін одан әрі күрделендіре түспек.

Ақылды жастардың шет мемлекеттерге ағылуы да қазіргі таңда елдегі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе саналады. Осы және миграция төңірегіндегі өзге де проблемалар көзі қарақты жандарды алаңдатып қана қоймай, мемлекет тарапынан да тиісті шешімдерді талап етуде. Сыртқа бағытталған ақыл-ой ағынының түбінде елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси т.б. мәселелердің бар екені анық. Сондықтан осы мәселелерді шешу кешенді түрде әрі ғылыми-зерттеулерге негізделе отырып іске асырылуы қажет.

Барлық жаңалықтар