• Басты
  • Қазақстандағы интернет контенттің 12 пайызы ғана қазақ тілінде дайындалады
22 Қазан, 2019 16:26

Қазақстандағы интернет контенттің 12 пайызы ғана қазақ тілінде дайындалады

24 қазанда елімізде тұңғыш рет "Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі" деген атпен республикалық тіл форумы өтетіні белгілі. Осыған байланысты елордада аталған форумның өту барысы, мақсаты мен онда көтерілетін мәселелер жөнінде баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға қатысқан Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы Анар Фазылжан Қазақстандағы интернет контенттің 12 пайызы ғана қазақ тілінде дайындалатынын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Қазақстандағы интернет контенттің 12 пайызы ғана қазақ тілінде дайындалады

"Бұл тіл форумы тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Біз аталған форумға тек тілтанушы ғалымдар, не тілдің айналасында жүрген мамандарды, сарапшыларды ғана емес, қазақ тілі ақсап тұрған әртүрлі салалардың да мамандарын шақырмақпыз. Форумда 6 секция жұмыс істейді. Атап айтсам, Ғылым, білім және тіл, Бизнес және тіл, Заң және тіл, Бақ және тіл, Мемлекеттік тіл болашағы - жастар болашағы және соңғысы Өңірлердегі тілдік ахуалды талдау", - деп атап өтті.

Сондай-ақ, тіл маманы не себепті жоғарыда айтылған салаларға баса назар аударылғанына тоқталды.

"Біздегі заңның қай тілде дайындалатынын жақсы білесіздер. Бұл саланың проблемасы шаш етектен. Сол себепті бір секцияны "Заң және тілге" арнадық. Ал  "Ғылым, білім және тіл" деп алған себебіміз,  гуманитарлы салада жазылған қазақша ғылыми мәтіндерді табу оңай, керісінше, жаратылыстану, техника, инженерия саласында жазылған сапалы мәтіндерді табу қиынның қиыны. Ғылымды қазақша сөйлету керек. Бұдан бөлек, "Бақ және тіл" деп алғанымыз, қазақ тілді контентті дамытуымыз керек. Қазақстан интернет қауымдастығының статискасына сүйенсек, елдегі интернет ресурстарының 12 пайызы ғана мемлекеттік тілде дайындалады екен. Біз үшін үлкен сын бұл", - деді Анар Фазылжан.

Сонымен қатар, оның айтуынша, өңірлердегі, ауылдағы бизнес саласын дамыту үшін бизнесті қазақша сөйлету керек.

"Бизнес саласы да ақсап тұр. Бизнес орта, бизнес элита қазақша сөйлемей, мемлекеттік тілдің мәртебесі өспейтініне көзіміз жетті.  Сол себепті бизнес өкілдерін де шақырдық. Бизнес пен мемлекетті байланыстырушы хаб болып отырған Атамекен кәсіпкерлік палатасының өкілдерін шақырамыз. Осы палатада үш жылдан бері "Бизнес бастау" жобасы іске қосылған. Бұл жоба өңірлердегі, ауылдардағы қазақ тілі қауымдастықты бизнеске шақырып, оларға қолдау көрсетеді. Дайындаушы тренерлер тіл мәселесіне келгенде қатты қиналатындарын айтуда. Сондықтан, кәсіпкерлік саласын да ана тілімізде сөйлетуіміз қажет", - деді ол.

Бұдан бөлек, жиынға қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов латын графикасын ақпараттық технологияларға бейімдеу бойынша сарапшылар әзірлеген өнімдер аталмыш форумда таныстырылатынын атап өтті.

"Жаңа әліпбиге негізделген оқыту және үйрету әдістемелерін әзірлеу және латын графикасын ақпараттық технологияларға бейімдеу бойынша сарапшылар әзірлеген өнімдер осы форумда таныстырылады. Қазір латын графикасына негізделген пернетақта жасалып шықты. Бірақ, ол жүз пайыз қолданысқа енгізіледі деген сөз емес.  Форумда көптеген компания өз жобасын ұсынатын болады. Біз солардың ішінен таңдап аламыз. Мәселен, қазір біздің әріптер пернетақтаның жоғары жағында тұр ғой. Қазір соларды реттеу үшін ақпараттық технология мамандары мен тіл мамандары бірлесіп, жұмыс істеп жатыр", - деді вице-министр. 

Бұдан бөлек, жиынға қатысқан "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар латын графикасына көшу мәселесі қазақстандықтардың тарапынан жақсы қабылданғаны туралы айтып өтті.

"Әлемде 70 мемлекет латын графикасын пайдалануда. Латынға көшу халық тарапынан жақсы қабылданғандығын семинарларға, кездесулерге әр өңірден келген мамандар мен ғалымдардан естіп жүрміз. Көпшілігі бодандық санадан құтылудың жолы көреді бұны. Өздеріңізде көріп жүрсіздер, көшелердегі мекеменің аты, дүкендердің аты латын қарпімен жазылған. Оларға ешкім латын қарпімен жаз деген жоқ. Өз еріктерімен жазып жатыр. Осының өзі халықтың қолдайтындығын көрсетеді", - деді мекеме басшысы. 

Айта кетейік, аталған тіл форумына еліміздің барлық өңірінен 500-ге жуық өкіл, ғалым, депутат, мемлекеттік орган,  ұлттық компания басшылары, зиялы қауым өкілдері және білім,  ғылым,  бизнес,  БАҚ саласының мамандары қатысады деп күтілуде. 

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды