• Басты
  • Қазақстандағы эпиджағдай: Коронавирус жұқтырғандар саны 2 есеге өскен

Қазақстандағы эпиджағдай: Коронавирус жұқтырғандар саны 2 есеге өскен

23 Шілде, 2021 16:41

Елімізде 23 шілдедегі жағдай бойынша covid-19 оң нәтижесімен 516 117 науқас және КВИ-мен 59 150 жағдай тіркелген. Ал коронавирус инфекциясын жұқтырудың тәуліктік деңгейі 5 есе артқан. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Әлемдегі жағдай

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, әлемдегі эпиджағдай өткен аптамен салыстырғанда 12%-ға өскен. Ал пандемия басталғалы бері КВИ-дің 190 миллионнан астам жағдайы тіркелген болса, қазір тәулігіне 500 мыңға жуық жағдай тіркеліп отыр.

«Дельта штамының кеңінен таралуымен байланысты 4 миллионнан астам адам қайтыс болды. ДДҰ-ның мәліметі бойынша, штамның осы түрі әлемнің 124 елінде таралған», - деді Алексей Цой.

Сонымен қатар, оның сөзінше дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алғаш рет Перуда 2020 жылғы желтоқсанда анықталған «Лямбда» штамы айналыста жүргенін мәлімдеді. Олар 30 елде соның ішінде Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Еуропа елдерінде 3000-ға жуық жағдай анықталғаны туралы жеткізді.

Қазақстандағы эпиджағдай

Министрдің мәліметінше, еліміздегі 23 шілдедегі дерек бойынша COVID-19-ға оң нәтижемен 516 117 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 59 150 жағдай тіркелген. Оның ішінде КВИ-мен ауыратын науқастардың шамамен 87%-ы, яғни оның ішінде КВИ-дің оң нәтижесімен 441 437 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 53 780 науқас сауығып шыққан.

Сондай-ақ, эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан Республикасы 26 маусымнан бастап қызыл аймақта орналасқан.

Айта кетейік, қызыл аймақта 15 өңір бар. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстары. Ал сары аймақта Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары бар.

Сырқаттанушылықтың өсуі байқалады

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысының сөзінше, «дельта штамының»  таралуын есепке ала отырып, соңғы екі аптада алдыңғы екі аптамен салыстырғанда жалпы республика бойынша барлық өңірлерде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Сырқаттанушылықтың өсуі 2 есеге өскен.  Ол 33 288 жағдайдан 68 117 жағдайға дейін жеткен.

«Сырқаттанушылықтың ең көп өсуі Солтүстік Қазақстан облысында 3,3 есе, Шымкент қаласында (3,0 есе), Ақтөбе, Ұызылорда 2,8 есе, Атырау облысында 2,6 есе, Түркістан облысында және Алматы қаласында 2,5 есе байқалады», - деді Алексей Цой.

Оның дерегінше, маусым айымен салыстырғанда орташа тәуліктік сырқаттанушылық  маусымда 1 263 жағдайдан шілдеде 6 100 жағдайға дейін яғни 4,8 есе өскен.

Төсек қоры

Министрдің мәліметінше, төсек қоры 23 шілдедегі жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсек-орынмен қамту – 49%, реанимациялық төсек-орынмен қамту – 38%-ды құрап отыр. Оның айтуынша, сырқаттанушылықтың өсуін және денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің артуын ескеріліп, осы айда қосымша 10 мыңға жуық төсек-орын ашылған. Қазіргі таңда резервте шамамен 21,4 мың төсек-орын бар.

Министр ағымдағы жылғы 1 шілдесімен салыстырғанда елімізде инфекциялық төсек-орынмен қамту 20% - ға және реанимациялық төсек-орынмен қамту 14%-ға ұлғайып келе жатқанын айтты. Соның ішінде, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақмола, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында инфекциялық және реанимациялық төсек-орындармен қамтудың жоғарылауы байқалады.

Дәрілер қоры

«Бүгінгі күні еліміз дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілген.Ауруханаларда КВИ-ді емдеуге арналған дәрілердің айлық қоры, «Фармация» СҚ қоймаларында және дәріханаларда – екі айлық қор  қалыптастырылған», - деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, барлық өңірлерде 18 млрд теңгеге дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорлары құрылған.

Тестілеу

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, халықтың тестілеу жүргізуге қолжетімділігі қамтамасыз етілген.   Қазіргі таңда Covid-19 диагностикасы үшін тәулігіне жалпы қуаты 120 мың зерттеу болатын 157 зертхана және биологиялық материал алатын 66 пункт қарастырылған.

Оның дерегінше, жұмылдырылған зертханалар пандемия басталғалы бері 13 871 687 зерттеу жүргізген. Бүгінгі күні тестілеумен қамтамасыз ету тәулігіне 6 мыңнан 67 мыңға дейін артқан.

Вакциналау деңгейі

 Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда вакцинаның 8,0 млн дозасы пайдаланылған. Оның ішінде 1 компонентпен 5 0,54 970 адам егілген, бұл тиісті халықтың 51%-ын құрап отыр. Ал екінші компонентпен 3 075 907 адам қамтылған.

«Егу пункттерінде шамамен 580 мың бірінші компонент және 1 млн 190 мың екінші компонент бар. Вакцинация – вирустың таралуын азайтудың және бұрынғы өмір салтына, жұмысқа, қарым-қатынасқа, отбасылық дәстүрге және саяхатқа оралудың жалғыз тәсілі», - деді Алексей Цой.

Мониторингтік топтар

Жиында министр ағымдағы кезеңде республикада 1860 мобильді мониторингтік топ іске қосылғанын жеткізді. Оның айтуынша,  кәсіпкерлік субъектілер пандемия жағдайында қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптарды әлі де сақтамай отыр. Мәселен, шілде айында мониторингтік топтар 53 459 объектіні зерттеумен қамтыған. Нәтижесінде, 1 586 объектіде бұзушылықтар анықталып, бұзушылыққа жол берген объектілердің үлес салмағы – 2,9% құраған. Бұл маусым айымен салыстырғанда 1,6 есе жоғары екен.

«Бұзушылыққа жол берген объектілердің ең көп саны Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларда анықталды. Мұнда тексерілген объектілер санының ішінде құқық бұзушылыққа жол брген объектілердің пайызы 5-тен 8% - ға дейінгіні құрайды», - деді Алексей Цой.

«Ашық» жүйесі

Қазіргі таңда «Ашық» жүйесіне барлық қызмет салаларының 19 мыңнан астам объектісімен қамтылған. Оған 4 млн пайдаланушы тіркелген.

Министрдің дерегінше, «Ашық» жүйесі енгізілген сәттен бастап қызыл және сары мәртебесі бар 18 260 келуші анықталған. Нақтырақ айтар болсақ, ПТР тестінің оң нәтижесі бар 10 102 науқас  және 8 158 байланыста болған адам анықталған.Оның айтуынша, бұл коронивирустың шамамен 50 мыңға жуық  жағдайының алдын алуға мүмкіндік берген.

Сонымен қатар, ол «Дельта»  коронавирустық штамының жұқпалылығы жоғары және анықталған штамдарға қарағанда 60%-ға жұқпалы болып келетінін ескертті. Оның айтуынша, орта есеппен 1 адамнан 5-6 адам, ал айналымдағы штамдардан - 3-4 адам жұқтырады және ол 7 күнге дейінгі қысқа инкубациялық кезеңімен сипатталады екен. Сондықтан, қарапайым шараларды, профилактиканы сақтау өте маңызды екенін ескертті.

«Қол гигиенасы, айналасындағы адамдардан әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска кию, бөлмелерді жақсы желдету, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу, гаджеттерді, кеңсе жабдықтарын және қолмен жанасатын беткейлерді дезинфекциялау, сәлемдесу кезінде құшақтасулар мен қол алысуды шектеу керек», - деді министр.

Барлық жаңалықтар