• Басты
  • Қазақстандағы эпидахуал: Вирус жұқтырғандар саны, вакциналау және «Ашық» қосымшасы

Қазақстандағы эпидахуал: Вирус жұқтырғандар саны, вакциналау және «Ашық» қосымшасы

18 Мамыр, 2021 11:08

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой әлемдегі және Қазақстандағы эпидахуалмен таныстырды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Әлемде індетке шалдыққандар саны

Министрдің хабарлауынша, әлемде COVID-19-дың оң нәтижесімен 163 миллионнан астам адам тіркеліп, 3,3 миллионнан астам адам қайтыс болған, өлім деңгейі 2,1% құрайды.

Сондай-ақ, 221 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан ауру көрсеткіші бойынша 105 орында, ал өлім көрсеткіші бойынша 106 орында тұр.

18 мамырдағы деректерге сәйкес, Қазақстанда COVID-19-дың оң нәтиижесімен 362 030 науқас, теріс нәтижесімен 54 153 науқас тіркелген.

Қазақстан «сары» аймақта

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдайдың сырқаттанушылық деңгейі төмендеп, тұрақтанып келеді. Сонымен қатар, соңғы 2 аптада алдыңғы екі аптамен салыстырғанда ауру 20%-ға төмендеген.

«Қазақстан «сары» аймақта тұр. «Қызыл» аймақта алты өңір, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Атырау облыстары кіреді. «Сары» аймақта мына 5 өңір тұр: Ақтөбе, Алматы, Павлодар, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы. Ал қалған 6 өңір «жасыл» аймақта», - деді Алексей Цой.

Вирус жұқтырғандар саны азаюда

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта вирус жұқтырғандардың азаюына қатысты оң динамика байқалуда, яғни эпидемиологиялық ахуал біртіндеп тұрақталып келеді.

«Мәселен, соңғы 2 аптада оған дейінгі екі аптамен салыстырғанда науқастану көрсеткіші 20 пайызға азайды», - деді министр.

Оның дерегінше, өңірлер шегінде 18 мамырдағы жағдайға сәйкес, инфекциялық төсек-орындардың толымдылығы 36 пайызды, ал реанимациялық төсек-орындардың толымдылығы 28 пайызды құрап отыр.

«Инфекциялық төсек-орындардың ең жоғары толымдылығы Нұр-Сұлтан қаласында - 49%, Алматы облысында – 45%, ал реанимациялық төсек-орындар толымдылығы Нұр-Сұлтан қаласында – 52%, Алматы қаласында 47%-ды құрайды», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ, 10 мамырдағы жағдай бойынша емделіп жатқан науқастар санының 18 мамырдағы жағдай бойынша 41 мыңнан 38 мың адамға дейін азайған, оның ішінде стационарда емделіп жатқан науқастар саны 15 мыңнан 13 800 науқасқа дейін, амбулаториялық емделуде 26 мыңнан 24 300 науқасқа дейін төмендеген.

Елімізде вакцина дозасы жеткілікті

Минситрдің мәлімдеуінше, 2,6 миллион доза вакцина қолданылған, оның ішінде 1 871 823 адам 1-компонентпен вакцинацияланған. Ал екінші компонентті 778 346 адам алған.

Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында бірінші дозаны қабылдағаннан кейін 21-ден 90 күнге дейінгі мерзімде Sputnik V вакцинасының екінші компонентімен вакциналауға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілген. Азаматтар екінші дозаны 1-дозадан кейін 21 күннен кейін ала алады.

Оның айтуынша, бүгінде екпе пункттерінде вакцинаның жеткілікті дозасы бар. Нақтырақ айтсақ, шамамен 500 мың бірінші компонент және 750 мың екінші компонент. Вакцинаны жеткізу де кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр екен.

«Атап айтқанда, 14 мамырда Қарағанды фармацевтикалық зауытына Спутник V өндіруге арналған субстанция жеткізілді. Қазіргі уақытта вакцинаның 1,2 млн дозасын кезең-кезеңімен өндіру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, айдың соңына дейін қосымша KazVac және Хаят Вак вакциналары жеткізілмек», - деді Алексей Цой.

«Ashyq» қосымшасы арқылы "қызыл" және "сары" статустар анықталған

Бүгінгі таңда «Ashyq» қосымшасына барлық қызмет саласынан 6 мыңға жуық нысан, 1 млн 400 мың пайдаланушы тіркелген. 12 мамырдан бастап пилоттық режимде Нұр-сұлтан қалаларының әуежайларында және 21 мамырдан бастап Алматы қаласында пайдаланылады.

Министрдің айтуынша, елімізде карантин режимін сақтамайтын адамдар әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Оның айтуынша, «Ashyq» бағдарламасы енгізілгелі бері 3 256 адамда "қызыл" және "сары" статус шыққан. Оның ішінде 1867 адамда ПТР-тест оң нәтиже көрсетсе, 1389-ы науқастармен байланыста болғаны анықталған.

"Ashyq бағдарламасы азаматтар арасында шектеу шараларын өрескел бұзатындар саны артып отырғанын көрсетті. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі әділет министрлігімен және бас прокуратурамен бірге санитарлық режимді бұзатындарға қатысты тиісті әкімшілік шараларды қолдану механизмдерін білу керек. Қазір осындай шараларды қолға алсақ деген ниет бар", - деді ол үкімет отырысында.

Барлық жаңалықтар