• Басты
  • Қазақстандағы эпидахуал: Коронавирус жұқтырғандар саны 1,6%-ға азайды

Қазақстандағы эпидахуал: Коронавирус жұқтырғандар саны 1,6%-ға азайды

1 Маусым, 2021 11:42

Бүгінгі таңда әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 171 миллионнан асты. Ал, елімізде 400 мыңға жуық адам аталмыш инфекциямен ауырған. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы айда Қазақстанда ауру жұқтырғандар саны азайған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

ДСМ-нiң дерегiнше, 221 елдiң әлемдiк рейтингiне сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткiшi бойынша 104-орында тұр, өлiм көрсеткiшi бойынша соңғы 4 аптада елiмiз 107-ден 112-орынға дейiн 5 бiрлiкке жақсарған.

Қазақстан «сары» аймақта тұр

Елiмiзде 1 маусымдағы жағдай бойынша, covid-19 оң нәтижесiмен 387 672 науқас және -КВИ-мен 55 263 жағдай тiркелген. Ал, қызыл аймақта 3 өңiр қалып отыр. Олар - Нұр-Сұлтан, Ақмола, Қарағанды облыстары.

Ал, бүгiнде тәуекелдiң орташа аймағында, яғни сары аймақта 6 өңiр, атап айтсақ, Алматы қаласы, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан облыстары. Қалған 8 өңiр жасыл аймаққа кiредi.

Алексей Цойдың айтуынша, жалпы республика бойынша коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың саны төмендеп келе жатыр.

«Соңғы аптада КВИ анықталған жағдайлардың саны 15 мыңнан 12 мыңға дейiн, яғни өткен аптамен салыстырғанда 21%-ға төмендедi. Жалпы, соңғы айда ауру жұқтырғандар саны 1,6 есе азайды», - дедi Алексей Цой.

Төсек-орынмен қамтылуы

Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, төсек– орындардың күнделiктi қолданылу мониторингiне сәйкес, республика бойынша инфекциялық төсек-орындармен қамтылуы - 28%-ды, реанимациялық төсек-орындармен қамтылуы - 24%-ды құраған.

Цойдың айтуынша, инфекциялық және реанимациялық төсектердi пайдалану азайған. Мәселен, мамыр айын сәуiр айымен салыстырғанда инфекциялық және реанимациялық төсектердiң қолданылуы тиiсiнше 1,5 және 1,2 есе төмендеген.

«Инфекциялық төсектердiң қолданылуы Алматы қаласында 2,3 есеге, Алматы облысында 1,9 есеге, Ақтөбе облысында 1,8 есеге, Түркiстан және Батыс Қазақстан облыстарында 1,6 есеге азайды», - дедi министр.

Вакциналау қарқыны

Цойдың дерегiнше, соңғы 2 аптада емделiп жатқан науқастар саны 12 мыңға азайған. Халықты КВИ-ға қарсы егу жұмыстары жалғасуда.

«Бүгiнгi күнi шамамен 3,2 млн доза вакцина пайдаланылды, оның iшiнде 1-компонентi бойынша 2 131 519 адам егiлген, бұл тиiстi халықтың 21%-ын құрайды. Екiншi компонентпен 1 074 954 адам қамтылды», - дедi Цой.

Оның айтуынша, бүгiнгi таңда егу пункттерiнде вакцинаның жеткiлiктi мөлшерi бар. Бiрiншi компоненттiң шамамен 330 мың дозасы және екiншi компоненттiң 811 мың дозасы қолданысқа дайын.

«Ashyq" жобасына қатысушылар саны 8 мыңнан асты

Министрлiктiң дерегiнше, жобаға қатысушылар саны 8 мыңнан асты. Екi аптаның iшiнде 2 мыңға адамға арқан. Пайдаланушылар саны 1,4 миллионнан 2 миллионға дейiн өскен.

ДСМ-нiң дерегiнше, Ashyq жобасы қолданысқа енгiзiлгеннен бастап ПТР тестiнiң оң нәтижесiмен 3 556 адам және олармен байланыста болған 3 012 адам анықталған.

«Бұл статистика көрсеткендей, кейбiр азаматтар үйде оқшаулау режимiн сақтамайтыны белгiлi болып отыр. Сондай-ақ, халық көп жиналатын нысандарға бару арқылы басқаларға жұқтыру қаупiн тудырады», - дедi министр.

Министрдiң айуынша, жобаны iске асырудың оң әсерiн ескере отырып, «Атамекен» ҰҚП-мен бiрге жоба жетекшiлерiн көтермелеу критерийлерi әзiрленген. Бұл тәсiл Нұр-Сұлтан және республикалық маңызы бар қалалардың ерекшелiктерiн ескередi.

«Ashyq» жобасының көшбасшысы мәртебесiн алған қатысушылар жұмыс уақыты мен шарттары бойынша қосымша жеңiлдiктер алатын болады», - дедi Цой.

Сондай-ақ министр өз сөзiнде, туризм индустриясы объектiлерiн, бiлiм беру орталықтарын, балаларды сауықтыру ұйымдарын «Ashyq» жобасына қосу мәселесi пысықталып жатқанын айтты.

Оның айтуынша, қазiргi уақытта елiмiзде коронавирустық инфекцияның эпидемиологиялық жағдайының тұрақтануы байқалып отыр.

«Жағдайдың тұрақты болуын қамтамасыз ету үшiн жергiлiктi атқарушы органдар вакцина алғандар санын арттырып, халық арасында түсiндiру жұмыстарын күшейтуi керек», - деп түйiндедi министр.

Барлық жаңалықтар