• Басты
  • Қазақстандағы электронды сауданың жағдайы. Онлайн-сауданың дамуына не кедергі
28 Шілде, 2020 11:09

Қазақстандағы электронды сауданың жағдайы. Онлайн-сауданың дамуына не кедергі

COVID-19 пандемиясы әлемде ғана емес, Қазақстанда да онлайн сауданың артуына алып келді. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, интернет арқылы бөлшек сауда көрсеткіші карантин кезінде айтарлықтай өскен. Десек те, бұған қарамастан, Қазақстанда әлі күнге дейін онлайн саудаға толық көшу үшін бірқатар кедергі бар. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов үкімет отырысында айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Қазақстандағы электронды сауданың жағдайы. Онлайн-сауданың дамуына не кедергі
                                                                             Қазақстандағы интернет сауданың жағдайы

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Алайда салық жеңілдіктерін алу үшін табыс салығын төлеуден босатылған 601 интернет-дүкен тіркелген.

«Қазпочта» АҚ мәліметіне сәйкес, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта электрондық сауда нарығының көлемі 435 млрд теңгені құрады. Бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4%-ын құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін 900 млрд теңгеге өсім болжанып отыр. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 13%-ын құрай отырып, 1,9 трлн теңгеге жетеді», - деді министр.

Карантин кезінде онлайн сауда мен төлем операцияларын жүргізудің артқаны байқалды. Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елдегі қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі 2,5 есеге өсіп, шамамен 7,5 трлн теңгені құраған, ал өткен жылы бұл көрсеткіш небәрі 2,8 трлн теңге болған.

«Бұрын 2025 жылға қарай жалпы бөлшек саудадағы электрондық сауданың үлесін 10%-ға дейін жеткізу міндеті қойылған. Алайда карантиннің қазіргі жағдайында біз онлайн сатып алуларда елеулі өсімді байқап отырмыз, ол бізді ағымдағы жылы 2025 жылдың мақсатты көрсеткішіне жақындатты», - деп толықтырды Бақыт Сұлтанов.

Десек те оның пайымынша, электронды сауда үлесінің өсуіне қарамастан, Қазақстанда әлі күнге дейін онлайн саудаға толық көшу үшін бірқатар кедергі бар.

«Мәселен, көлеңкелі экономиканың жоғары үлесі, банкаралық төлемдер, эквайринг бойынша жоғары комиссия, шағын орта кәсіпорындардың дайын еместігі және тауарларды уақтылы жеткізе алмау сияқты проблемаларды шешу керек. Сонымен қоса электронды сауданың өсу қарқынын қолдау үшін нормативтік және техникалық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру қажет», - деді министрлік басшысы.


                                                             Еліміздегі электронды сауданы дамыту үшін қолға алынған шаралар

Министрдің айтуынша, бастаушы және тәжірибелі кәсіпкерлерді интернет-платформаларда ілгерлету бойынша тікелей қолдау көрсетілген.

«Бүгін біз қазақстандық компанияларды Алибаба, Amazon, Яндекс, Озон, Shopify сияқты халықаралық онлайн сауда алаңдарына шығару бойынша елдік әріптестікті пысықтап жатырмыз. Мысалы, Alibaba платформасына «Алтын жеткізуші» ретінде 50 компания іріктелді. Бұл премиум мәртебесі жаһандық аудиторияға қол жеткізуді, маркетингтің ішінде кешенді ілгерлету мүмкіндігін қамтамасыз етеді», - деді министр.

Сондай-ақ пандемия жағдайында жедел қарқынмен дамып жатқан қазақстандық сандық сауда алаңдарын қолдауға бағытталған шаралар қабылдануда. Министрдің сөзіне сүйенсек, бүгінде нарықта 13 платформа жұмыс істейді.

«Kaspi, chocofamily, technodom, mechta және маркетингтік өнімдер мен қызметтердің 20 санатына ие тағы да басқа платфомалар. Мысалы, ұлттық көшбасшы kaspi дүкен тапсырыстарының сомасы 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2 есе өсті. Электронды сауданы одан әрі дамыту мақсатында электронды сауданы жүзеге асырудан түскен кірістер жылдық жиынтық табыстың кемінде 40%-ын құраған жағдайда, салық кодексіндегі жеке кәсіпкерлер үшін корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын төлеуден босату нормасы жөніндегі өзгерістерді қолдауды сұраймыз», - деді Бақыт Сұлтанов.

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді пайдалануды ынталандыру үшін Ұлттық банкпен бірлесіп банкаралық аударымдар комиссиясын төмендету, эквайринг мәселелерін пысықтау, сондай-ақ жаңа банктік емес төлем жүйелерін дамыту талап етілмек.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңның жаңа нормалары шеңберінде Министрлік «бір терезе» қағидаты бойынша тұтынушылардың шағымдын қабылдаудың Бірыңғай платформасын іске қосуды жоспарлап отыр. Ол тұтынушыға өз құқықтарын қорғауға, сондай-ақ білімін және бизнес мәдениетін онлайн режимде жетілдіруге мүмкіндік бермек. Бүгінгі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша маркетплейс тақырыбы Дүниежүзілік сауда ұйымының, Еуразиялық экономикалық одағы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының күн тәртібіндегі тренд болып табылады», - деді министр.

Бұдан бөлек министр, халықаралық сауда орталығымен (ITC) бірлесіп «Ready4Trade Central Asia» ауқымды 4 жылдық жобасы іске асырып жатқанын тілге тиек етті.

«Оның мақсаты - Орталық Азияның бес елінің (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан) ішкі аймақтық және халықаралық саудасын дамытуды қолдау. Жоба электронды сауданы дамыту жөніндегі компонентті қамтиды және цифрлық нарыққа шығу үшін шағын және орта бизнес әлеуетін арттыруға, сондай-ақ электронды сауданы дамытуға ықпал ететін секторды нығайтуға бағытталған», - деп толықтырды ол.

Сонымен қоса министрліктің мәліметінше, сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында бірқатар мәселе қаралаған. Мәселен, сауданы дамытудың мониторингі мен талдауының бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін құру, электрондық сауда нарығының статистикалық есебін, талдамалық және маркетингтік зерттеулерін жетілдіру, электрондық платформаларды дамыту және кеңейту, фулфилмент орталықтарының желісін кеңейту, кәсіпкерлерді оқыту жөніндегі e-commerce орталықтарын ашу бойынша бірқатар шаралар көзделіп отыр.

«Біз электронды коммерцияның барлық қатысушысын қолдау үшін толыққанды архитектурасын қалыптастырып, Қазақстандағы B2B мен B2C сегменттеріндегі көлемді ұлғайтуға мүмкіндік бермекпіз», - деді Бақыт Сұлтанов.

Барлық жаңалықтар