• Басты
  • Қазақстандағы COVID-19: қазіргі эпидахуал, вакцинация, жыл соңына дейінгі болжам

Қазақстандағы COVID-19: қазіргі эпидахуал, вакцинация, жыл соңына дейінгі болжам

16 Наурыз, 2021 12:40

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысының басты әрі негізгі тақырыбы Қазақстандағы эпиджағдайдың күрделене түсуі болды. Денсаулық сақтау министрінің болжамдары, Премьер-министрдің тапсырамалары туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.  

Қазіргі эпидахуал                                                                                                  

Қазіргі таңда Қазақстанда, әсіресе, «қызыл аймаққа» кірген Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Батыс Қазақстан облысында коронавируспен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Алматы, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында ауырғандар саны өсуде. Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді құрайды. Жұқпалы аурулар ауруханаларының толуы 24%, реанимациялық төсек орындарының толуы 16% құрайды. Өткен тәулікте КВИ+ 954 жағдайы және КВИ- 7 жағдайы тіркелді.

Елімізде ресейлік вакцинаны шығару жолға қойылды және отандық вакцина да тіркелетін болады. Халықты вакциналау ақпан айында басталды. Қазіргі уақытта 95 мыңнан астам адамға вакцина салынды. Бірінші болып медицина қызметкерлері, содан кейін педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлеріне вакцина салынды. Вакцина алғандардың барлығының жағдайы жақсы, препараттың қалыпты төзімділігін және жағымсыз реакцияның жоқтығын көрсетті. Сәуір айында вакцина алатындардың саны, оның ішінде аға буын өкілдері арасында айтарлықтай артады.

ҚР-да сәуір айында вакцина алатындардың, әсіресе, егде жастағы адамдардың саны елеулі артатын болады.

Өзге де инфекциялық аурулардың таралуы

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың есеп беруінше, республика бойынша инфекциялық аурулардың таралуы бойынша жағдай тұрақты. Тек коронавирустық инфекцияныың таралуы азаймай отыр.

Қазіргі таңда инфекциялық аурулардың 64 түріне жасалған мониторингтің 2020 жылдың қорытындысы бойынша 42 инфекциялық аурдан түсім бар екені анықталды.

«Қазақстанды осы жылдың эпидмаусымында ЖРВИ ауруларының түсімі байқалды. Яғни тұмау ауруына шалдыққандар саны әлдеқайда аз.Өткен жылдың эпидмаусымымен салыстырғанда, ЖРВИ таралуы 2,2 есеге төмендеді. Бұған себеп тұрғындар арасында тұмауға қарсы вакцинаның салынуы, маскалық режим мен әлеуметтік ара қашықтықтың сақталуы», - деді Цой.

Алексей Цой тұмауға қарсы вакцинамен қамтамасыз ету тәжірибесін ескере отырып және вакцинаның жетіспеушілігіне байланысты әкімдіктерге тұмауға қарсы вакцинаға қаржы бөлуді сұрады.

«Қазіргі таңда тұмауға қарсы вакцина әлемдік сұранысқа ие. Сондықтан бұл істі кешіктірмей қолға алуды тапсырамын», - деді министр.

Цой коронавирустық эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады. Айтуынша, әлемде ковид ауруының таралуының төмендеуі байқалады. ДДС ұйымының хабарлауынша, Еуропа мен Шығыс-Жерорта теңізі аймағында ауру таралу көрсеткіші өскен. Соған байланысты қазіргі уақытта Италия, Болгария, Словакия, Германия, Эстонияда және Еуропаның өзге аймақтарында карантиндік шаралар күшейтілді.

«Пандемия басталғалы Қазақстанда COVID-19 оң нәтиже көрсеткен 225 685 науқас тіркелді. Ал кви- жағдайларының саны 49 817. Науқастардың 92 пайызы толық емделіп шықты», - деді Алексей Владимирович.
"Қызыл аймаққа" енген өңірлер

Эпидемиологиялық жағдайдың матрицасына сәйкес соңғы үш күннің қорытындысы бойынша Қазақстан сары аймақта.

Үш өңір «қызыл аймақта»: Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары және Батыс Қазақстан облысы.

Төрт өңір «сары аймақта»: Ақмола, Алматы, Атырау, Қарағанды облыстары.

Қалған он өңір «жасыл аймақта».

«Ақпан айында қаңтармен салыстырғанда ауру таралу көрсеткіші 30 пайызға төмендеді. Ал наурыз айында төмендеу 1,2 есеге дейін. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында, Алматы облысы мен Батыс Қазақстан облыстарында ауру жұқтырған науқастар саны күрт өсті», - деп есеп берді Бас дәрігер.

Цой әкімдерге ауру таралу көрсеткішінің көбею себебін анықтап, анализ жасап, дереу шаралар қабылдау керектігін айтты.

«Қазіргі уақытта мектеп оқушыларының дәстүрлі оқу форматына бірітіндеп көшуіне байланысты оқушылардың ауырып қалу көрсеткішіне күн сайын мониторинг жасау керек. Өйткені оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар тіркелуде», - деп қосты ол.
Вакцинациялау науқаны

1 ақпанда басталған коронавирусқа қарсы вакцинация басталғаннан бері 347 екпе салу пункті іске қосылды. Бүгінгі таңда 76 188 Қазақстан азаматы екпе алды. Наурыз айының соңына деін 180 000 доза вакцина елге әкелінеді. Ал сәуір айында елге келетін вакцина дозалары тағы көбеймек. 65 жастан егде жастағы кісілерге де вакцина салынады.

Баяндама соңында Алексей Цой әдеттегідей эпидахуалға болжам жасады. 2021 жылдың соңына дейін маскалы режим мен әлеуметтік ара-қашықтық сақталса, келесі болжам орындалуы мүмкін.

-      Оптимистік сценарий бойынша сәуір айында тәулігіне 500 жағдай тіркелуі мүмкін;

-      Пессимистік сценарий бойынша сәуір айында тәулігіне 1700 жағдай тіркелуі мүмкін.

Премьер-министрдің тапсырмалары

Денсаулық сақтау министрінің есебі мен болжамын тыңдаған соң Премьер-министр Асқар Мамин бірқатар тапсырма берді.

Премьер-министр вакцинациялаудың пандемиямен күресуде және экономикалық өсуді қалпына келтіруде аса маңызды фактор екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанда вакцина алатындардың санын арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Халық арасында вакцинациялаудың маңыздылығы туралы дұрыс пікір қалыптастыру керек. Әкімдіктердің сайттарында вакциналау, оның пайдасы, егу пункттерінің мекенжайлары туралы толық ақпарат жоқ. Халық арасында вакциналаудың маңыздылығы туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін жұртшылық пен медицина қызметкерлері арасында семинарлар ұйымдастыру қажет», - деді Асқар Ұзақбайұлы.

Үкімет басшысы вакцинаны сақтау мен тасымалдау үшін қажетті жағдайлары бар егу кабинеттерін қосымша ашуды тапсырды және екпе алудың қолжетімділігін қамтамасыз етуді де тапсырды.

Вакцина салынатындар санын ұлғайту мақсатында Премьер-Министр вакцинаны сақтау және тасымалдау үшін қажетті жағдайлары бар егу кабинеттерін қосымша ашуды, азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың наурыз айының соңына дейін егу пункттерінің дайындығын бақылау және вакцинаның қажетті мөлшерін уақытылы жеткізуге қатысты барлық мәселені шешу керек.

Мамин аймақ әкімдеріне халықтың той-томалақ, ойын-сауық кештерін жасауға тыйым салуды тапсырды.

«Ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту керек. Сонымен қатар тәртіп бұзушыларды қатаң жауапкершілікке тартуды тапсырамын», - деді ол.

Премьер-министр науқастармен байланыста болған барлық адамға коронавирусқа тестілеу міндетті түрде жүргізіліп, олар бақылауда болуы керектігін айтты.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына локдаун енгізіле ме?

Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласының қызыл аймаққа енгенін ескере отырып, жексенбі күні, яғни 21 наурызда локдаун енгізіледі.

Жексенбіде СОО, СҮ, СО (оларда орналасқан дәріханаларды, сондай-ақ тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сататын және орналасқан жеріне қарамастан қызметіне рұқсат етілген объектілерді қоспағанда), жабық азық-түлік емес базарлар, азық-түлік емес тауарларды өткізетін объектілер, жабық спорт объектілері, ХҚО, «Қазпошта» АҚ секілді мекемелердің жұмыс істеуіне тыйым салынады. Сондай-ақ, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуіне байланысты жексенбі күні қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады. Сенбі және жексенбі күндері фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың («сары аймақ» критерийлері қолданылатын «Ashyq» пилоттық жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда) жұмысына тыйым салынады.

С.Бейсенова 18 наурыздан бастап қоғамдық тамақтану объектілерінің (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмыс және демалыс күндері сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс уақыты қысқарады. Сонымен қатар, 18 наурыздан бастап кинотеатрлар мен кинорумдардың жұмысына тыйым салынады.

Ал Алматы қаласында демалыс күндері қоғамдық көліктің, базарлар мен қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысына шектеу енгізіледі. Қаланың Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, күніне 300 науқас жатқызылса да, қала локдаунға жабылады. 

Барлық жаңалықтар