Қазақстандағы банк секторының даму бағыты

20 Тамыз, 2021 16:53

Банк жүйесі – нарық экономикасының маңызды және ажырамас бөлігі. Банктердің және тауар өндірісі мен айналымының дамуы тарихи түрде қатар жүріп отырды және бір-бірімен тығыз байланысты болды. Сонымен қатар, банктер ақшалай есеп айырысу, экономиканы несиелеу, капиталды қайта бөлуде делдал ретінде әрекет ету арқылы өндірістің жалпы тиімділігін едәуір арттырады және еңбек өнімділігінің өсуіне де ықпал етеді. Тауар және қаржы нарығы дамыған жағдайда банк жүйесінің құрылымы күрделене түсетіні белгілі. Сонымен қоса қаржы институттарының жаңа түрлері, жаңа несие құралдары және клиенттерге қызмет көрсету әдістері пайда болады.

Мемлекеттік салалық банктерді қайта құру және КСРО Мемлекеттік банкінің республикалық бөлімшелеріне тәуелсіз мемлекет банктерінің функциясын беру, сондай-ақ алғашқы коммерциялық банктерді құру нәтижесінде 1991 жылы республикада екі деңгейлі банк жүйесі құрылды. Жаңа банк жүйесінің бірінші деңгейін ҚР Ұлттық Банкі және оның облыс орталықтарындағы филиалдары құрады. Ал банк жүйесі дегеніміз екінші деңгейін бұрын жұмыс істеген мамандандырылған банктер негізінде құрылған, сондай-ақ жеке-заңды тұлғалардың бастамасымен жаңадан ашылған банктер болып саналды. Қазақстандағы қазіргі заманғы банк жүйесінің қалыптасу жылнамасын банктердің қызметін реттеуге арналған алғашқы заңның қабылдануынан, яғни республика егемендігі жарияланғаннан кейінгі бір айдан бастап жүргізуге болады. Зерттеушілер еліміздің банк секторының дамуын тәуелсіздік алған кезден бастап бірнеше сатыға бөліп қарастырады. Тәуелсіздік алғашқы онжылдығындағы банк жүйесінің қалыптасуы мен дамуы төрт кезеңге бөлініп қарастырылған. Бірінші (1988-1991 жж.), дайындық кезеңі, яғни ол банк саласы негізінің қалыптасуынан бірнеше жыл бұрын басталған еді. Осы аралықта салалық банктер қайта ұйымдастырылды және республикамыз егемендік алған кезде Қазақстанның банк жүйесі алты мемлекеттік банктен тұрды: Мемлекеттік банк, Сыртқы экономикалық банк, Өнеркәсіптік-құрылыс банкі, Агроөнеркәсіп банкі, Кредиттік әлеуметтік банк және Жинақтаушы банк. Дәл осы банктер Қазақстандағы екі деңгейлі банк жүйесін қалыптастырып, кейін олардың негізінде алғашқы жеке коммерциялық банктер құрылып жатты. Бұл кезеңде банк секторында кеңес рублі әлі де өз ықпалын жойған жоқ.

Екінші кезеңде (1992-1993 жж.) жоғары инфляцияның жағдайында банк жүйесінің сапасы емес, сан жағынан өсуімен ерекшеленді. Атап айтқанда инфляция деңгейі 1992 ж. - 1258%, 1993 ж. - 2153%-ға жеткен екен. Елде енді қалыптасып келе жатқан, сонымен қоса оны басқару туралы әлі нақты түсінік орнамаған банк жүйесіне Мемлекеттік банктің бақылауының әлсіздігі, банкті лицензиялауға(ашу) қойылатын талаптардың төмендігі, оның жарғылық қорының мөлшері сол уақыттағы банк секторының жағдайын сипаттап береді. Осы жағдай көптеген «бір күндік» банктердің құрылып, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбеюіне әсер етті. Мысалы, егер 1991 жылы олардың саны 72 болса, 1992 жылға қарай — 200-ден асып түскен екен. 1993 жылы сәуірде "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" жаңа заңдар қабылданып, Қазақстанның банк жүйесінің одан әрі нығайтуға, жұмысын жүйелеуге және даму бағытын айқындайтын үлкен қадам жасалды. 1993 жылы қарашада Қазақстан рубль ықпалынан толық арылып, республика аумағындағы айналымнан кеңес рублі алынып, төл ұлттық валюта «теңге» енгізілді.

Үшінші кезең (1994-2003 жж.) - тәуелсіз елдің банк секторының ең ұзаққа созылған кезеңі болды. Қазақстанның Ұлттық банкі осы кезеңде банк ашудың талаптарын күшейтті(жарғылық капитал бастапқы кезде кемінде 500 мың АҚШ доллары болса, осы кезде кем дегенде 2 млрд теңге — шамамен 15,5 млн АҚШ доллары болды), жарғылық капиталды төлеуге тек ақша қабылданып, пруденциалдық нормативтер енгізілді.

Төртінші кезең - 2004 жылдан басталған кезең Қазақстанның банк жүйесін одан әрі дамыту және оның әлемдік қаржы нарығымен интеграциялану кезеңі ретінде қаралады. 2004 жылы банк жүйесінде мемлекеттің мүддесін білдіретін жаңа реттеуші орган - Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі (ҚҚА) ашылды, ол Ұлттық банктің өкілеттіктерінің бір бөлігін алатын болды. ҚҚА барлық қаржы институттарын жедел және кешенді қадағалауды жүзеге асырады. ҚҚА-ға барлық қадағалау функцияларын берген соң, Ұлттық Банкке өзінің күш-жігерін ақша-кредит саясатын дамытуға жұмсайтын мүмкіндік алды. 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап бағаның тұрақтылығы заңнамалық түрде қамтамасыз етілетін болды. Осы орайда Ұлттық Банкке мынадай міндеттер жүктеледі: мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және оны іске асыру; төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету; валютаны реттеу және валютаны бақылау; қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосу. Аталған кезеңдерден кейін де әлемде және Қазақстанда қаржы-экономикалық дағдарыстар болып, банк секторы бірнеше сынақ пен күрделі кезеңнен өткені белгілі. Қазіргі уақытта банктердің халықаралық интеграциясы мен цифрландыру үрдісінің күшеюімен бірге банк секторының бәсекелік қабілеті де нығайып келеді. Алайда қаржылық дағдарыс кезеңінде мемлекет ұлттық қордан банктерді оңалту үшін қыруар қаржы бөлгенін де ескеру қажет.

Ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстанның банк секторында екінші деңгейдегі 25 банк, оның ішінде 15-інде шетелдік үлесі бар екінші деңгейлі банктер(жалпы санының 60%) болған. Сонымен қатар, 2021 жылдың наурыз айының ортасында еліміздегі екі қаржы институты - Jusan Bank және АТФБанк бірігетіні туралы жариялады, оны ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. 2021 жылдың 1 сәуіріндегі есеп деректері бойынша ҚР банк секторының активтері 4% - ға немесе 1 255 млрд теңгеге ұлғайып, 32 426,2 млрд теңгеге жеткен. Үш ай ішінде валюта балансының ең үлкен өсімі Отбасы банкінде байқалған, яғни 470,5 млрд теңгеге жетіп, 30%-ға жуығын құраған. Осылайша Отбасы банк алғашқы бестіктің ішінен "Банк ЦентрКредит"АҚ-ты ығыстырып жіберді. Оның басты себебі жеке тұлғалардың шоттарындағы қалдықтардың 380,6 млрд теңгеге ұлғайып, БЖЗҚ салымшыларының шоттарынан қаражаттың түсуіне байланысты болды. Сондай-ақ, заңды тұлғалардың салымдары да 70,1 млрд теңгеге өсті. Бұл ретте Отбасы банкінің несие қоржыны 36,6 млрд теңгеге ғана өскенін ескеру қажет. 


Екінші деңгейдегі банктердің есептеріне сүйенетін болсақ, 2021 жылдың І жартыжылдығында сектордың жиынтық активтері 11,7% - ға немесе 3 654,7 млрд теңгеге артып, 34 826,4 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл ретте банк секторында үш қатысушы қысқарып, маусым айының соңында 23 ЕДБ қатарында қалды, оның 14-і шетелдік үлесі бар банктер (банктердің жалпы санының 60,9% - ы). Атап айтқанда жыл басынан бері нарықтан AsiaCredit Bank, Capital Bank Kazakhstan және Қазақстандағы "Пәкістан Ұлттық Банкі" ЕБ АҚ шықты. Егер аталған реттеушінің алғашқы екеуі пруденциалдық нормативтерді бұзу және клиенттер алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерді орындамау себебінен шығуға шешім қабылдаса, соңғысы ерікті түрде таратуға рұқсат алды. Ағымдағы жылдың соңына дейін банк нарығын тағы бір маңызды оқиға күтіп тұрғанын атап өткен жөн. Jusan Bank пен АТФБанктің бірігуі сектордың тарылуына алып келуі мүмкін. Активтердің мөлшері бойынша осы біріккен банк екінші деңгейлі банктердің алғашқы бірінші бестігіне кіреді деп болжанып отыр. Сонымен қатар, 1 шілдедегі жағдай бойынша "Қазақстан Халық банкі" АҚ, "Сбербанк" АҚ ЕБ, "Kaspi Bank" АҚ, "ForteBank" АҚ және "Отбасы банк" АҚ кірген бес ірі ойыншылардың шоғырлануы сектордың 2/3 бөлігін немесе банк активтерінің жалпы көлемінің 64% - ын иеленіп отырғанын айту қажет. 

Елімізде жаңадан дайындалып жатқан "Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында" жақын аралық перспективадағы қаржы нарығын дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалады. Ұлттық Банк 2025 жылға қарай экономиканы кредиттеу бағдарламаларынан толық шығуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. "2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы банк секторының жоғары өсу қарқынына қарамастан (атап айтқанда, жиынтық кредиттік портфель бір жыл бұрынғы 1,3%-ға қарағанда 7,1% - ға өскен), оның экономикаға әсері төмендей берді", - деп Халық Банктің жылдық есебінде айтылған. Кредиттердің ЖІӨ-ге қатынасы бір жыл ішінде 22,3-тен 21,4% - ға дейін, ал депозиттердің ЖІӨ-ге қатынасы 27,6-дан 26,1% -ға дейін төмендеді. Сарапшылар несиелер мен депозиттердің номиналды өсуі экономиканың номиналды өсуінен артта қалғанын айтады. Биылғы жылдың II тоқсанында да банк секторының өсімі жалғасып келеді. Локдаун кезінде несиелер бойынша едәуір кедергілер болғанына қарамастан, ол несие портфеліне әсер еткен жоқ. Сонымен бірге, қатаң шектеулер мен COVID-19 пандемиясының әлі де аяқталмағанын, банк секторының одан әрі дамуы елде ғана емес, әлемде де жалпы экономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты болатыны анық.

Бұрын банк бөлімшелерінде ұсынылған қалыпты қызметтер халық пен бизнестің банк өнімдерін пайдалану жылдамдығы мен қолжетімділігін арттыру үшін интернет-банкинг пен мобильді қосымша арқылы онлайн-форматқа көшті. COVID-19 пандемиясы басталып, қатаң карантин шектеулері енгізілген уақытта банк жүйесі де жаңа жағдайға икемделе түсті. Қазақстандағы бірқатар банктер клиенттерге қашықтан қызмет көрсету, үйде отырып менеджерге кезекті брондау, онлайн-кредит, онлайн тауар сатып алу мен қызметтерді төлеу жүйесін енгізе бастады. Пандемия аз уақыт ішінде қазақстандық банктердің цифрлық әлеуетін бір жағынан сынаққа алса, екінші тараптан бір арнаға жұмылдырып, тұтынушыға жаңа мүмкіндіктер берді. Сонымен бірге, тұтынушылар үшін артықшылықтары көп болғанымен, цифрландыру жаңа тәуекелдер де алып келетіні сөзсіз. Тұтынушылардың жеке деректеріне рұқсатсыз қол жеткізу, ақпараттың жоғалуы немесе байланыс жүйелері мен арналарының техникалық ақаулары, кибершабуылдар жағдайында транзакция жүргізу қиынға соғады. Сондықтан киберқауіпсіздік, азаматтардың жеке мәліметтерін қатаң сақтау, мобильді интернеттің қолжетімділігін нығайту мәселелері туындайды. 

Қазіргі банк саласы несие жүйесінің оңтайлы формаларын, капитал нарығының тиімді механизмін, коммерциялық құрылымға қызмет әдістерін іздестіріп келеді. Ал банк секторының тұрақты, икемді және тиімді жүйесін құру – Қазақстандағы экономикалық реформаның аса маңызды және негізгі міндеттерінің бірі. Банктер жеке бір аймақтың немесе бір елдің атрибуты ғана емес, олардың қызметі географиялық, ұлттық шекарадан ары асып кетеді. Банк – үлкен қаржылық күш, айтарлықтай ақшалай капиталы бар ауқымды құрылым. Банктер қоғамның, адамдардың өміріне терең еніп алды. Банк нарық тетіктерінің тиімді қызметіне қажет компонент болғандықтан,  оның тұрақтылығы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер етеді.

Барлық жаңалықтар