• Басты
  • Қазақстанда құс тұмауы тоқтады ма
13 Қазан, 2020 11:47

Қазақстанда құс тұмауы тоқтады ма

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов Қазақстанда құс өлімінің тоқтағанын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Қазақстанда құс тұмауы тоқтады ма

Спикердің мәлімдеуінше 11 қазан күнгі есеп бойынша тек Солтүстік Қазақстанда 22 бас құстың өлімі анықталды. Ал өзге өңірлерде құс өлімі тіркелмеген. Соңғы 10 күндегі құс тұмауы мен өлімінің мониторингі нәтижесіндегі ақпаратқа сүйене отырып, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті елімізде құс тұмауының тоқтағанын жариялады. Қыркүйек айының ортасынан бастап Қазақстандағы 7 облыстың 78 елді мекенінде карантин енгізілген. Алайда, бірқатар өңірлерде, оның ішінде Ақтөбе, Түркістан облыстарында, Шымкентте, сондай-ақ Ақмола облысының үш ауданында, Жамбыл облысының екі ауданында, Қызылорда облысының бір ауданында және СҚО-ның екі ауданында құс тұмауы расталмады. Спикердің ақпаратына сүйенсек, қыркүйек айының ортасынан бастап жеке қосалқы шаруашылықтарда жоғары патогенді құс тұмауынан 25 мың құстың өлімі тіркелді.

Құс өлімінен бөлек инфекция ошақтарынан 20 177 бас құс тәркіленді. Осылайша, қазіргі уақытта барлығы жеке қосалқы шаруашылықтағы 45 110 бас құсқа, оның ішінде 27 393 бас тауық, 777 күркетауық, 10 141 қаз, 6 799 бас үйрек үшін өтемақы беріледі. Қазақстанда құс тұмауының таралмауын қамтамасыз ететін бірден бір шара, ол – вакцинация, - деді Тұрсын Қабдолданов.

Оның айтуынша, биылғы жоспар бойынша, ақпан айында құс тұмауына қарсы екпе жасауға 3 377 900 доза вакцина сатып алынған.

Ошақтарды оқшаулау үшін қыркүйек айында республикалық резервтен 2,3 млн доза алынды, оған қоса қыркүйекте тағы 697 755 доза вакцина, қазан айында 1,3 млн доза мемлекеттік қордан бөлінді. Осылайша, өңірлерге 7,7 млн доза вакцина жіберілді, бригадалар ұйымдастырылды, 1185 ветеринария маманы тартылды. Вакцинация үшін отандық екпе тегін берілді. Қазіргі кезде мәжбүрлі вакцинация аясында 2,8 миллионнан астам құс басы вакцинацияланды. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында құстарға екпе салу жұмысы толық аяқталды, - деді ол.

Профилактикалық екпе жасау үрдісі арнайы стратегияға сәйкес жүргізілді. Оны құс өсірушілер одағы қабылдаған болатын. Бұл құжатты ҚР Премьер-Министрі орынбасарының хаттамалық шешімім расталады. Қолданыстағы ветеринариялық заңнама бойынша құс фабрикалары өздері де екпе салады. Алайда көптеген бройлер құс фабрикалары оларға екпе салмайды. Мұны олар бройлердің аз өмір сүретіндігімен байланыстырады. Тәуліктік балапандар мен инкубациялық жұмыртқаны құстар вакциналанатын құс фабрикаларынан алады. Ал жұмыртқа шығаратын кәсіпорындар тауықтарды вакциналайды.

Тұрсын Қабдолданов құс өсіретін фабрикаларында тексеру жүргізілген ітуралы хабарлады. Айтуынша, елімізде 64 құс фабрикасы бар, оның ішінде жұмыртқа шығарумен айналысатыны 35 кәсіпорны. Олардың кейбіреуі арнайы талаптарды орындамайды.

Қостанай облысында бір және Солтүстік Қазақстан облыстарында да бір құс фабрикасында құс тұмауы анықталған. Тексеру жүргізу кезінде жұмыс тобы құс фабрикаларының иелері ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтамайтынын, жабайы әрі жыл құстарының құс фабрикаларының аумағында бар екендігі, мал дәрігері біліктілігінің жарамайтын жағдайларын анықтады. Құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпорынның ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай болуы биологиялық қауіпсіздіктің кепілі екенін айтқым келеді, - деді Тұрсын Қабдолданов.

ҚР АШМ сарапшылары Арқалық қаласындағы «Агроинтерптица» құс фабрикасында жүргізілген тексеру нәтижесінде құстың басым бөлігі тұмау вирусынан емес, асфиксиядан қырылған. Мұнда 256 мыңнан астам құс желдетудің болмауынан ауа жетпей өлген. Бұл кәсіпорында барлығы 391 мыңнан астам құс қырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебіне сенсек, «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС-де бір айда құс тұмауынан 184 621 құс басы қырылған. Аталмыш ЖШС барлық өтемақыны алады. Жалпы құс тұмауынан 135 384 бас құс өлді. Тағы 41 642 бас тәркіленіп, жойылды. Осылайша, екі құс фабрикасына 361 647 бас құс үшін өтемақы беріледі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 75 млн теңгеден астам қаражат құс басынан айырылған жеке шаруа қожалықтарына өтемақы есебінде жіберілген.

Құс тұмауы әкелген шығынды өтеу мәселесіне тоқталсам, өтемақы төлеу статистика комитетінің әрбір өңір мен аудан бойынша шығарған баға арқылы және онда құрылған комиссиясының шешімімен анықталады. 2020 жылғы 7 қазанда облыс әкімдіктеріне осы шараларды жүргізу тәртібі, құжаттар пакетін қалыптастыру кезінде көмек көрсету туралы хаттар жолданды. Қазіргі кезде 15 мыңнан астам құс басына дайындалған құжаттар келіп түсті. Құжаттарға сәйкес өтемақы төленді, - деді Тұрсын Қабдолданов.

Айтпақшы, ауыл шаруашылығы мамандары өтемақы үшін құсты қасақана жою жағдайларының болмағанын айтты. Желдетуді өшіру себебі вирустың таралуын тоқтату.

Дүние жүзі бойынша дәл қазір құс тұмауына қатысты эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. 2020 жылдың қыркүйегінде әлемнің 26 елінде жоғары патогенді құс тұмауы анықталды. Ресейде бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтарда және бір құс фабрикасында 1,5 миллионнан астам құстың қырылуы тіркелген.

 

Барлық жаңалықтар