• Басты
  • Қазақстанда полиция қызметін модернизациялау процесі қалай жүріп жатыр

Қазақстанда полиция қызметін модернизациялау процесі қалай жүріп жатыр

5 Қаңтар, 2021 09:19

2018 жылы  қазақстандық мәнерлеп сырғанаудан белгілі спорт шебері Денис Теннің өлімінен соң және 2020 жылдың басында Масанчи ауылындағы дүнгендер мен қазақтар арасындағы жанжалдан кейін Қазақстан полициясына реформа енгізу мен модернизациялау туралы қоғам талабы күшейді. Қазақстан полициясының модернизациялануы туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан біліңіз.


2019 жылы Қазақстанда полиция қызметін модернизациялаудың жол картасы бекітілген болатын. Үкімет бекіткен ішкі істер органдарын модернизациялаудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасында полиция қызметінің тиімділігін арттыру, полицияның басшылық құрылымында штат санын 10 пайызға дейін азайту, полиция қызметкерлерінің жаңа стандартын бекіту қарастырылған. Бұл құжат күшіне енгеннен бері ішкі істер орган қызметкерлерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік жағдайы да мемлекет тарапынан қолдауға ие болған.  Полицейлерді басқару жүйесі де жетілдірілді. Басқару звеньелер саны қысқарып, төменгі бөлімшелердің жұмысы күшейген, әкімшілік шығындар да азайған. Нәтижесінде 100 мың тұрғынға 393 полицейден келеді. Бұрын 100 мың тұрғынға 471 полиция қызметкері жұмыс істейтін.Полиция қызметіндегі лауазымдарды қысқартқаннан кейін үнемделген қаражатқа полиция қызметкерлерінің жалақы көлемін өсірді. 

    - патрульді полицияның жалақысы –  65%-ға;
    - жедел тергеу бөлімшелеріндегі қызметкерлердің жалақысы –  55%-ға;
    - учаскелік инспектор, кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлардың жалақысы –  25%-ға;
    - басқа қызметтегілер мен қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметкерлердің жалақысы –  20%-ға өсті.

Мамандар қазақстандық азаматтармен өткізген сауалнама нәтижесінде Қазақстан халқының тек 38 пайызы ғана жергілікті полицияға сенетіні анықталды. Бұл нәтиже Сенаттың талай отырысының талқысына себеп болған еді. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков Сенаттың отырысында ішкі істер органдарын реформалау күшіне енгеннен бері бұл салада бірнеше өзгерістердің болғанын айтты. 

Мәселен, Ішкі істер органында белең алған сыбайлас жемқорлық түбегейлі жойылмаса да, онымен күрес күшейген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет көрсеткен рейтинг бойынша ішкі істер органы жемқорлық жайлаған 5 мемлекеттік органның қатарына кіреді. Полицияның халықпен жұмыс жүргізуінде жаңа формат енгізілді. Полицейлер қызметін бағалаудың критерйилері де өзгерген. Полиция қызметкерінің жеке бас қасиеттері мен кәсіби біліктілігіне қойылатын жаңа талап әзірленіп, полиция қызметкерлері кезектен тыс аттестациядан өткізіледі. Модернизация аясында полиция қызметіне ішкі істер министрлігінің оқу орындарын бітіргендерді ғана алатын жүйе құрып, арнайы алғашқы дайындық мерзімін біліміне байланысты 6 айға дейін ұзарту көзделген. Бұрын заңгер мамандығын бітірген азаматтар Ішкі істер органына қызметке кіре алатын еді.

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, «Ішкі істер органдарын модернизациялау» Жол картасында бірнеше жаңашылдық бар.

"Полиция формасын жаңалау, полиция, қылмыстық атқару жүйесі және азаматтық қорғаныс органдары қызметіне талдау жасау, ішкі істер министрлігі орталық аппаратының жаңа құрылымын, аумақтық полиция департаменттері мен аудандық полиция басқармаларының типтік құрылымын бекіту қарастырылған. Осы құжат Үкіметте бекітілгеннен кейін жол-патруль полициясын патруль полициясы қылып өзгерді", - деді министр.

2020 жылдың ақпан айында Сенат отырысында бұл Жол картасын қорытындылап, тағы ұсыныстар қосылған еді. Мәселен, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігін жеке мемлекеттік органды құра отырып, төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімшелерді оның құрамынан шығару, сондай-ақ күзет функцияларын бәсекелес ортаға біртіндеп бере отырып, ішкі істер органдарының күзетіне жататын объектілерді қысқарту бөлігінде одан әрі қайта құру мәселесін қарастыруды ұсынды. Мұнымен қоса барлық құқық қорғау органдары үшін бірыңғай еңбекақы тағайындау, учаскелік полициялар үшін техникалық жабдықтау және басқа да ұсыныстар айтылды.

Өткен жылғы жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев учаскелік полицияның рөлі туралы айтты.

«Құқық қорғау жүйесінің жұмысында ескіліктің сарыны жойылмағандықтан, тек айыптау жағы басым. Азаматтардың негізсіз қылмыстық қудалауға түскен кездері болды. Қылмысты анықтаған жедел уәкіл мен процесуалды шешім шығаратын тергеуші бір басшыға бағынады. Ал оған қылмысты жылдам ашып, сотқа жіберу маңызды. Алайда көрсеткіш қуамыз деп, азаматтардың құқығын таптап, бостандығын шектемеу керек. Прокурорлық қадағалау болса, ылғи кеш іске асады. Олар іспен сот алдында ғана танысады» - деген Тоқаев бұл саланы молернизациялау керектігін тағы айтқан болатын.

Президент қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету керектігіне назар аударды. Оны жиі түзету мен өзгеріс енгізу құқықты қолдануға кері ықпал етеді. Біркелкі тергеу және сот практикасын жасауға мүмкіндік бермейді. Ал полиция халыққа жақын болуы тиіс. Әсіресе, учаскелік инспектор тұрғындармен ашық диалог құра білуі керек. Осы орайда кадр сапасын арттыру маңызды екенін де осы Жолдауында ерекше айтып кетті. Президенттің пікірінше, учаскелік полиция азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек. Азаматтардың құқығын белсенді түрде қорғауы тиіс.

Белгілі адвокат Абзал Құспан қазіргі полиция туралы өз ойын Strategy2050.kz тілшісіне былай білдірген еді:

«Қазіргі Қазақстан Полициясы – кешегі Кеңестік милицияның заңды жалғасы. Бұл екеуінің айырмашылығы көп емес. Бұрын милиция қаржылық, экономикалық, жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтың бәрін тексеретін еді. Ал қазір экономикалық қылмыстарды тергеу қызметі құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де бар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзіретіне де бірнеше құқық қорғау қызметі берілді. Мұны мен неге айтып жатырмын?! Бұрын ішкі істер органдары Қазақстандағы барлық қылмыс түрімен айналысатын. Мұндай жағдайда жергілікті учаскелік полиция қызметіне түсетін жүктің салмағы ауыр еді. Ал қазір учаскелік полиция инспекторлары ауылдық жерде мал ұрлау, қалалық жерде бұзақылық сияқты қылмыстармен айналысады. Сонда қазір учаскелік полицияға артылатын міндеттер азайды деп айтуға негіз бар. Қазір учаскелік полицияның негізгі міндеті мен мақсаты айқын. Ол – қоғамдық құқық бұзушылықтар мен ұрлық қылмыстарды әшкерелеу мен түзету. Бұл қылмыстар жергілікті тұрғындардың көмегімен ашылады. Кеңестік полицияның тарихында учаскелік полиция инспекторына талап жоғары еді. Бұл мектеп өзін-өзі ақтады. 

Оның айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұмыссыздық жайлаған кезде, басқа маман иелері учаскелік полицияда жұмыс істеді. Сол кезде «учаскелік полицияның тұрақтылығы» деген институт жоғалып кеткен.
«Өйткені, ауылдық жерлерде учаскелік полиция инспекторы бір өзі сол ауылдың барлық құқық бұзушылыққа қатысты проблемасын жалғыз шешеді. Қазақстанның территорияы кең. Ауылдар аудан орталықтарынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан. Учаскелік полиция инспекторы өз қызметінде тұрақты болу керек. Ол сол аумақтың иті мен бие-тайлағын жақсы тануы керек. Ішкі істер қызметінің негізгі қызметі учаскелік полиция инспекторына тікелей қатысты. Демек, учаскелік полицейлердің қызметін қалыпқа келтіру арқылы бүтін бір елдің Ішкі істер органдарының қызметін жақсартудың кілті болып табылады», - деді Абзал Құспан.

Қазақстанда "Полиция қызметін модернизациялау" Жол картасының нәтижесі 2021 жылы белгілі болады. Реформалау үрдісі тағы белгілі мерзімге дейін ұзаруы мүмкін.

Барлық жаңалықтар