- Басты
- Жаңалықтар
- Қазақстанда Pfizer вакцинасымен кімдер егіледі, қайда және қалай жүзеге асады
Қазақстанда Pfizer вакцинасымен кімдер егіледі, қайда және қалай жүзеге асады
Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина жасалғалы бері бүкіл әлемде миллиондаған адам КВИ-ге қарсы түрлі вакцинамен егілді. Бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасып, жұқтырғандар мен қайтыс болғандар санын азайтуға мүмкіндік берді. Осы орайда, бүгін Қазақстанға алғашқы партиясы жеткізілген Файзер компаниясы өндірген вакцинаға тоқталуды жөн көрдік. Аталған вакцина туралы не білу керек, кімдерге салынады, сонымен бірге қандай жанама әсерлері болуы мүмкін? Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Файзер өндірген вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) 12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакциналау үшін ұсынады.
Файзер өндірген вакцина қай елдерде қолданыста
Бүгінде әлемнің 20-дан астам елінде 12 жастан бастап, жекелеген елдерде 3 жастан бастап (Қытай) және 5 жастан бастап (АҚШ) жасөспірімдерге салынып жатыр. АҚШ-та аталған вакцинамен шамамен 8 миллион адам егілген, оның ішінде 5 жастан асқан балаларды вакцинациялау басталды. Ал, Қытайда 2021 жылдың қазан айында 3 жастан 17 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус инфекциясына қарсы белсенділігі жойылған отандық вакцинаны шұғыл қолдану туралы шешім қабылданып, аталған жастағы 60 миллионнан астам бала мен жасөспірімге егілді. Биыл тамыз айының соңында Канадада 58%-ға дейін 12-17 жас аралығындағы жасөспірім КВИ-ге қарсы толық егілген.
Вакцина туралы нені білу керек
Қазақстанда 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін аналар арасында коронавирус инфекциясының алдын алу үшін Файзер компаниясы өндіретін вакцинаның қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Еске салайық, алғашқы партиясы бүгін жеткізілді.
Айта кетейік, еліміз коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау тегін әрі ерікті түрде жүргізіледі. 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакциналауға ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің хабардар етілген жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
Жасөспірімдерді вакциналау қайда жүргізіледі
12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакциналау білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде жүргізіледі. Алайда, ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің қалауы бойынша жасөспірімдер медициналық ұйымның егу пункттерінде егілуі мүмкін. Мектеп тіркелген медициналық ұйым жасөспірімдерді вакциналау үшін егу бригадаларының медициналық қызметкерлерін даярлауды қамтамасыз етеді.
Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін сақтау мен тасымалдаудың әртүрлі деңгейлерінде "суық тізбек" те қамтамасыз етіледі. Файзер өндірісінің вакцинасы минус 60-90°C температурада облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларында сақталады. Білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдардың егу пункттерінде күнтізбелік 31 күнге дейінгі мерзімге плюс 2-8°C температурада сақталады.
Мектеп пен медұйым тарапынан қандай дүниелер қамтамасыз етіледі
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мектеп бекітілген медициналық ұйым және мектеп басшылығы мыналарды қамтамасыз етеді:
- ҚР ДСМ №361 бұйрығына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес егу кабинеттерін жабдықтау;
- алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған препараттардың болуы;
- көп жиналудың алдын алу үшін егілетін адамдардың ағынын шектеу;
- вакцинацияға дейін күту үшін үй-жай бөлу және әлеуметтік қашықтықты сақтау шартымен вакцинациядан кейін бақылау үшін жеке үй-жай бөлу;
-мектеп және медициналық ұйым психологтарын жасөспірімдерді COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға тарту.
Файзер өндірген екпемен вакциналау алдында:
- ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен 12 жастан 18 жасқа дейінгі егілетін адамға тексеру және сұрау жүргізіледі;
- иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, егуді жүргізуге рұқсат ресімделеді,
- егілетін адамға және/немесе оның ата-анасына (заңды өкіліне) профилактикалық егу, ықтимал реакциялар мен иммундаудан кейін жағымсыз жайттар, егуден бас тарту салдары туралы толық және объективті ақпарат беріледі.
Вакцина алғаннан кейінгі шаралар
Вакцинацияланған адам екпе алғаннан кейін 30 минут ішінде вакцинаны алған жерде медицина қызметкерінің бақылауында болады.
Вакцинациядан кейін инъекция орнындағы ауырсыну, ісіну, шаршағыштық, бас ауруы, бұлшықет ауыруы, буын ауыруы, қалтырау, диарея, қызу көтерілу секілді реакциялар болуы мүмкін. Аталған әсерлердің кейбірі 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдерде ересектерге қарағанда біршама жиі кездескен. Сонымен бірге, инъекция орнындағы қызару, жүрек айну, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, әлсіздік, қолдың ауыруы, ұйқысыздық, инъекция орнындағы қышу, бөртпе немесе қышу сияқты аллергиялық сынды реакциялар да жиі кездескен.
Еске салайық, иммундаудан кейін жағымсыз салдарлар туындаған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет.
"Файзер"өндірісінің вакцинасымен вакцинациялауға қарсы көрсетілімдері:
- белсенді затқа немесе препараттың кез-келген басқа компоненттеріне аллергия; жұмыртқа немесе желатинге аллергияның болуы вакцинация үшін қарсы көрсетілім немесе ескерту емес, өйткені вакцинада бұл компоненттер жоқ.
- 12 жасқа дейін;
- 16 аптаға дейінгі жүктілік.
Жіті инфекциялық аурулары бар адамдар үшін және созылмалы аурулары асқынған кезеңде коронавирустық инфекцияларға қарсы вакциналауды кейінге қалдыру керек.
"Пфайзер" өндірісінің вакцинациялау кестесі:
1-дозасы - кез келген нөлдік күн;
2 -дозасы - бірінші дозаны алғаннан кейін 21-ден 28 күнге дейінгі аралықта
Вакцинацияның артықшылықтары:
- инфекцияның асқынуын алдын алады
- егілгендерді ғана емес, айналадағыларды да (аға-інілер, апа-сіңлілер, туыстар) қорғайды
- "ұжымдық иммунитетті" қалыптастырады
- иммундаудан кейін алынған "вакцинация паспорты" сапар кезіндегі шараларды жеңілдетеді.
Вакциналау жүргізер алдында коронавирусқа КВИ мен антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді. КВИ-мен ауырып жазылған адамдарды сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакциналауға рұқсат беріледі.
Қазақстанда қалай жүзеге асады
Бүгін Алматыда жасөспірімдердің, жүкті және бала емізетін әйелдердің қалай вакциналатыны түсіндірілді. Азаматтардың осы санаттарын вакциналау процесі қалай жүретіні жөнінде Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мен Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында кеңінен айтып берген еді.
Әсел Қалықова жақында Алматыға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілгенін, әзірге ол халықтың тек үш санатына арналғанын, яғни жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдергебағытталғанын атап өтті. Алматы үшін вакциналанудың бірінші және екінші компонентінің 46 800 дозасы сатып алынған. Оның айтуынша, бұл көлем ҚР халқын жаппай вакциналауды аяқтауға мүмкіндік бермек.
«Вакциналар Қоғамдық денсаулық басқармасының орталықтандырылған қоймасына келіп түсті, бүгін және ертең оны медициналық ұйымдарға береді. Бүгінде бұл вакцинаны сақтау және тасымалдау туралы нақты нұсқаулар бар. Барлық дайындық жұмыстары жүргізілді, мұздатқыш жабдықтар мен шприцтер сатып алынды, медициналық қызметкерлер вакцинаны қолдану бойынша оқытылды», - деді СЭБД басшысының орынбасары.
Оның мәліметінше, алғашында 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер коронавирусқа қарсы егіледі, содан кейін басқа жастағы топтардың балалары, атап айтқанда 15, 14, 13 және 12 жастағы балаларға екпе салынады.
«Бүгінде ата-аналары балаларын вакциналауға келісім берген жасөспірімдердің тізімі жасалды. Күн сайын бұл көрсеткіш тұрақты өсуде. Оқу орнында да, медициналық ұйымдарда да вакцинациялауға болады. Әрбір мектептің медициналық кабинеті бар, сондықтан мектептерде вакцинациялау мүмкіндігі бар, оны емханалардан көшпелі бригадалардың дәрігерлері жүргізетін болады», - деп түсіндірді Қалықова.
Алматыда 30 мыңнан астам бала егілмек
Ал, ҚДБ өкілі Сұлтанғазиева бүгінде Алматыда 12 жастан 18 жасқа дейінгі 170 мыңнан астам жасөспірім барын еске салды.
«Ата-аналардың 20% -ға жуығы келісті, ал бұл 30 мыңнан астам бала. Вакцина 20 қалалық емханаға жіберіледі, содан кейін дәрігерлер мектептерден мәліметтерді жинайды. Вакциналудан бұрын міндетті тексеруден өтеді, ал баланы басқа кабинетте вакциналағаннан кейін жарты сағат ішінде екінші дәрігер бақылайтын болады», - деп түсіндірді С. Сұлтанғазиева.
Айта кетерлігі, вакцина мектептерде сақталмайды, ол тізімге сәйкес жеткізіледі. С. Сұлтанғазиева қазірдің өзінде елде 20-дан астам жүкті әйелді вакциналау басталғанына назар аударды.
«Ең алдымен, көптеген зерттеулер жүргізілген. Коронавирустың фонында асқынулар болған әйелдер болды. Біз жүкті әйелдерді 16-дан 37 аптаға дейін екі компоненттен вакциналауды ұсынамыз. Сондай-ақ, әйелдерге лактация кезінде босанғаннан кейін 42 күн өткен соң вакциналау ұсынылады, - деді ол.
Екпе алғысы келетіндер не істеу керек
Pfizer препаратын салдырғысы келетіндердің барлығы тұрғылықты жері бойынша емханаларға барып, тіркелуі қажет. Вакцинаның қосымша дозалары болған кезде олар вакциналанады немесе қайта егіледі. Оның тиімділігі 95%-ды құрайды. Бұл - Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина.

-
ТЖМ: Газ баллондар мен газ жабдықтарын қалай пайдалану керек
-
ІІМ: Учаскелік инспектордың рөлі, құзыреті және халықпен кері байланыс
-
«Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады және іріктеу қалай жүреді
-
Шетелдік интернет-компаниялардың қызметтеріне «цифрлы салық» салу қалай жүзеге асады
-
ЖИТС және АИТВ: Ауруды алдын-алу мен емдеу шаралары
-
Асқар Мамин: Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады
-
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуы
-
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды
-
Президент тапсырмасы: Жаңа жылдан бастап кімдердің жалақысы өседі
-
Қазақстанда ревакцинациялау науқаны басталды
-
Pfizer: «Препараттың қауіпсіздігіне алаңдауға не күмәндануға негіз жоқ»
-
Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция
-
АШМ: Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды
-
Astana Hub: IT-стартаптарды дамыту, оқыту және қаржыландыру
-
Ұлттық кеңес: Медицина кадрының жетіспеушілігі, ана мен баланың қауіпсіздігі және білім саласындағы мәселелер

