• Басты
  • Қазақстанда мемлекеттік бағдарламамен үй алу қалай жүріп жатыр

Қазақстанда мемлекеттік бағдарламамен үй алу қалай жүріп жатыр

7 Тамыз, 2020 14:22

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Қазақстан Тұрғын үй Құрылыс Жинақ Банкі өкілдері мемлекеттік бағдарламардың жүзеге асырылуы туралы есеп берді. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қазақстандық ипотекалық компаниямен бірлесіп салынған әлеуметтік тұрғын үй құрылыстары жайлы есеп берді. Тұрғын үйлер халыққа қалай беріліп жатқаны туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқыңыздар.

Осы жылы ашылған «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау аяқталған. ҚТҚЖБ Алматы филиалы директорының орынбасары Данагүл Түсіпованың айтуынша, Алматыдағы баспанасы жоқ, жұмысы бар жастар үй сомасының 10%-ын салса, кез келген сомадағы үйді ала алады.

Осы бағдарлама бойынша жыл соңына дейін 1000 жасты үймен қамту жоспарланған. Алайда, 8000 өтініш келіп түсіпті.

«Алматы жастары» бағдарламасы бойынша несие сомасы 13 млн теңгені құрайды. Үйдің сомасы шектелмеген. Кез келген үйді алуға мүмкіндік бар. Үйдің бағасы қымбат болған жағдайда қалған айырмасын сатып алушылар өздерінің қосуына мүмкіндік бар. Пайыздық мөлшерлемесі 5%. Сатып алатын үйді кепілдікке қойып, банк тарапынан несие алуға болады. «Алматы жастары» бағдарламасы Алматы әкімінің қолдауымен жаңа серпінге ие болды. Мәселен, Алматы әкімдігі тарапынан 10 млрд теңге бөлінсе, банк тарапынан 3 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаға алматылық жастар, яғни 35-ке толмаған жастар қатыса алады. Қатысушылардың және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда үй болмауы керек.Алматыда кем дегенде 6 ай жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ белгілі бір салада жұмыс істейтіндер қатыса алады, - деді ол.
Бағдарламамен медицина, спорт, мәдениет, БАҚ, әлеуметтік сала, білім беру және ЖОО мен ғылыми зерттеу саласының өкілдері алады.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 155 адам үйлі болды. Бұл бағдарламаға 1 696 адам өтінім жіберген.

Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Айбек Сайдельдаев 2020 жылы қала бойынша үш мыңға жуық үй таратылу көзделіп отырғанын айтты. Жыл басынан бері Алматы қаласында «Бақытты отбасы» және «Алматы жастары» бағдарламалары бойынша 343 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.

Айбек Сайдельдаев мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып ақша тапқысы келетін алаяқтардың барын айтты. Айтуынша, алаяқтар әкімдіктен деп жалған «жолдамалар» сатады. Бұл жалған құжатта мемлекеттік бағдарламамен үй алуға кезек берілгені туралы жазылады екен.

Бүгінде жолдама сатқыш алақтар көбейді. Барлық құжат тек электронды түрде беріледі. Ешкімге ақша төленбейді. Бағдарламаның барлық талаптарымен мұқият танысу керек. Алаяқтар індет кезін пайдаланып, түсініксіз қызмет түрлерін ұсынып жүр. Сондықтан азаматтарды осындай әрекеттерден, алаяқтардан сақ болуға шақырамын, - деді ол.
Бұл уақытта Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтында қазақстандық ипотекалық компаниямен бірлесіп бірқатар әлеуметтік тұрғын үй құрылысын жүзеге асырылғанын жазды.

Әлеуметтік тұрғын үйлер сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй қатарына жатады. Қолжетімді баспана мұғалімдер мен дәрігерлер арасында бөлінеді. Биыл берілетін пәтер саны 1 мыңға жуық. Бүгін Абайдың 150 жылдығы, Шұғыла, Қосшығұлұлы, Торайғыров көшелерінде, Төлебаев және Шарбақты көшелерінің қиылысында және Тілендиев даңғылында орналасқан үйдің құрылысы барысымен таныстым», - деп жазды Алтай Көлгінов өзінің instagram парақшасында.
Бұдан басқа, кезекте тұрған (халықтың әлеуметтік әлсіз топтары), тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін тұрғын үй салу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Алдағы жылдарға арналған дайындық жұмыстары да басталды.
Барлық жаңалықтар