Қазақстанда медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесі қалай шешіледі

16 Қазан, 2020 13:45

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Төсекбаев Қанат Дүйсенбайұлы еліміздегі дәрігерлер тапшылығы, дәрігерлердің жалақысы туралы баяндады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Төсекбаевтың айтуынша, еліміздегі бірқатар облыстарда медициналық кадрлардың жетіспеушілігі сезіледі. Олар Алматы, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстары. Сонымен қатар шалғай жатқан елді-мекендерде дәрігерлер тапшы. Дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші өңірлер бөлінісінде 24,5-тен 75,9-ға дейін түрленеді. Бұл облыстар бойынша ресурстарды бөлудегі теңгерімсіздікті көрсетеді. Төсекбаевтың айтуынша, елді-мекендерді медицина кадрларымен қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қабылданады.

Біріншіден, мемлекеттік «Дипломмен ауылға» атты бағдарламасы бар. Осы бағдарлама аясында медициналық университеттің түлектері ауылға барып еңбек етеді. Мемлекеттік грант бойынша білім алған студенттердің де бір бөлігі ауыдарға еңбек тәжірибесіне жіберіледі. Жергілікті әкімшіліктер бюджеттен қаржы бөліп дәрігерлерді оқытуды жүзеге асыруы тиіс. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында пәтер мен ипотека мәселесін шешуді қарастыру керек, - деді ол.

Жалпы елімізде 2020 жылдың 15 шілдедегі жағдайы бойынша медицина мекемелеріндегі кадрларының тапшылығы 5201 бірлікті құрады. Ең жоғары қажеттілік Қостанай облысында. Облыста 624 дәрігер жетіспейді.

Төсекбаевтың нақтылауынша, реаниматолог пен анестезиолог дәрігерлер жетіспейді. Жалпы медицина кадрларының тапшылығы 4112 бірлікті құрайды.

Бізде медбикелер де тапшы. Ең үлкен тапшылық келесі мамандықтар бойынша байқалады: анестезиолог-реаниматологтар (393 бірлік); терапевттер (346,75 бірлік); ЖТД (319,5 бірлік); зертханалық дәрігерлер (226 бірлік); психиатрлар (213 бірлік); акушер-гинекологтар (203,5 бірлік); педиатрлар (202,75 бірлік); жұқпалы аурулар бойынша мамандар (121,5 бірлік); эпидемиологтар (102,5 бірлік); неонатологтар (85,25 бірлік). Медициналық ұйымдар инфекционистерге, эпидемиологтарға, неонатологтарға аса мұқтаж. 8,5 мыңнан астам орта буын қызметкері жетіспейді, - деді Төсекбаев.

Оның айтуынша, жас мамандарды бөлгеннен соң кадрлар тапшылығы мәселесінде оң динамика байқалады. Мәселен, қазіргі таңда республика бойынша кадрлар тапшылығы 1079 бірлікке азайған. Қостанай облысы медицина қызметкерлеріне тапшы бірден-бір облыс саналса, мұнда қажеттілік 52%-ға азайды. Сонымен елімізде дәрігерлер тапшылығы 8583 – нан 4112-ге дейін төмендеген.

Біз пандемия кезінде өкпе ауруларын емдейтін пульмонолог, жұқпалы ауруармен жұмыс істейтін пульмонологтар мен инфекционистерді даярладық. 5 пульмонолог, 55 инфекционист дәрігер арнайы даярлау курсынан өтті. Барлық саны 2555 дәрігер даярлау курстарына түссе, соның 2345 қызметке кірісті, - деді ол.

Ресми статистикалық мәліметте көрсетілгендей, Қазақстанның денсаулық сақтау саласында 253 883 адам жұмыс істейді, Жалпы көрсеткіштің ішінде дәрігерлер саны 74 046 адамды құрайды, 179 837 – орта медициналық персонал. Бір жылда дәрігерлердің өсімі 1,5%-ды ғана құрады, орташа медперсоналдың өсімі 2,6%-ға тең.

Еліміздің басты қалалары Нұр-Сұлтан мен Алматыда медициналық кадрламен қамтамасыз ету жұмыстары жыл сайын тиісті дәрежеде жүргізіледі.

Қанат Төсекбаев Қазақстаннан жыл сайын шетелге кететін медицина кадрларының саны артып жатқанын да айта кетті.

Медициналық қызметкерлердің жұмыстан кету саны биыл былтырғымен салыстырғанда көп емес. Алайда баршылық. Медициналық кадрлардың жұмыстан шығуының негізгі себептерінің бірі - сыртқы миграция, яғни медициналық кадрлардың елден кетуі. Қазіргі кезде Қазақстанның бірқатар аймақтарында дәрігерлердің көшіп кетуі байқалады. Ол: Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Қарағанды облысы. Бұл үш өңір медициналық кадрлардың сыртқы миграциясы бойынша көш бастап тұр. 2017 жылы орташа есеппен 1062 адам, 2018 жылы 1225 кадр, 2019 жылы 1212 қызметкер шетелге қоныс аударған. Диплом алған кадрлардың ішкі миграциясы да артып отыр, - деді Қанат Төсекбаев.

Қанат Төсекбаевтың айтуынша, медицина кадрларының шетелге қоныс аударуының басты себебі мотивация болатын ынталандырудың жоқтығы, әлеуметтік кепілдіктің толық болмауы, әлеуметтік көмектердің жоқтығы, психо-эмоционалдық жүктеме, кәсіби түрде даму мүмкіндігінің жоғы, құқық қорғау деңгейінің төмендігі. Осы себептер еліміздегі дәрігерлердің шетел асып кетуіне себеп болып отыр.

Еліміздегі медицина мамандары ауыл-аймақтан гөрі ірі қалаларда еңбек етуді дұрыс санайды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 11 278 медицина қызметкері шет аймақтардан қалаларға көшіп келген. Өңірлер мен шалғайдағы ауылдарда медициналық жәрдем беру сапасының нашарлауына әсер етуші бірден-бір фактор да осы болып отыр, - деді ол.

Соңғы 2 жылда медицина қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға өскен. Медицина және фармацевтика қызметкерлері үшін берілуі тиіс кепілдіктер жаңа «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде бекітілген. Осы Кодекске сәйкес дәрігерлерге пайдалы еңбек жағдайларын жасау және ЖҚҚ қамтамасыз ету, жұмыс берушінің немесе бюджеттің есебінен кәсіби біліктілігін арттыру, еңбекақы мен сыйақылардың өсуі, қателіктерден сақтандыру сияқты пункттер қарастырылған.

Мемлекет басшысы дәрігердің орташа еңбекақысының экономикадағы орташа еңбекақыға арақатынасын 2023 жылға қарай 2,5 есеге жеткізу міндетін қойды. Дәрігердің және жалпы медицина қызметкерінің мәртебесін әлеуметтік қолдау шаралары мен кепілдіктер беру арқылы, сондай-ақ, өмір сүруге жақсы жағдайлар жасау, көтерме құралдардың қалыпты деңгейін қамтамасыз ету жүйесі арқылы көтеру қажет, - деді Қанат Төсекбаев.

Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, дәрігердің орташа еңбекақысының экономикадағы орташа еңбекақыға арақатынасы артқанын байқауға болады.

Мәселен, 2023 жылы бір еңбекақыға шаққанда 1,8:1 дейін жеткізілетін болады.2025 жылы Қазақстанда бір ставкалы дәрігердің орташа еңбекақысы кемінде 550 000 теңгені құрайды. Дәрігердің орташа айлық еңбекақысының 1 лауазымға арақатынасының жоспарланған индикаторы 2020 жылы аймақ экономикасындағы қызметкердің орташа айлық номиналды еңбекақысына 1: 1,3 құрайды, - деді спикер.

Еліміздегі медицина мамандарын даярлайтын С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғажин осы брифингте университетті тәмамдаған түлектердің есебін айтты.

2020 жылы ҚазҰМУ-ды бітірген түлектер саны 1347-ні құрады. Нақтырақ, 154 бакалавр, 924 интерн, 146 резидент, 68 магистр және 25 докторантура түлектері. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 1094 маман медициналық білім алып шықты. Сондай-ақ, ректор коронавирустық індет кезінде университет оқытушылары мен олардың студенттері науқастарды емдеу ісіне белсенді араласқанын айтты.

Оқу жылының көп бөлігі COVID-19 пандемиясымен күрес кезеңімен сәйкес келді. Біздің университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы Алматы қаласында ұйымдастырылған инфекциялық және провизорлық ауруханаларда жұмыс істеді. Университеттің 350 қызметкері Алматының емханалары мен стационарларында науқастарға көмектесті. Университет клиникасының ішкі аурулар орталығында 100 төсек-орын дайындалды, онда 2020 жылдың наурыз-маусым аралығында 150 науқас емделді, - деді ректор.

С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінде терапиялық, хирургиялық, педиатриялық және стоматологиялық бағыттар бойынша 42 клиникалық кафедра бар. Мұнда 500-ден аса педагогтер сабақ береді. Олар оқытушылық қызметпен бірге қаланың 4 университеттік клиникасында және медициналық ұйымдарда жұмыс істейді, консилиумдар өткізеді және пациенттерге консультациялық көмек көрсетеді күрделі жедел процедураларды орындайды. Университет базасында бұдан бөлек 49 емхана, 53 стационар, 4 перзентхана бар. Стационарлар қатарына 8 ғылыми-зерттеу институт пен ғылыми орталық, жеке Денсаулық сақтау ұйымдары, орталық аудандық ауруханалар және басқа да қалалық медициналық ұйымдар кіреді.

Клиникалық оқыту бағытын дамыту мақсатында осы университеттің профессорлары мен оқытушылары клиникаларда да жұмыс істейді. Ректордың айтуынша, бұл оқытушылардың практикалық қызметте жүріп, кәсіби шыңдалуына көмектеседі.

Тәлімгерлердің клиникалық оқытуда болғаны студенттер үшін және еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін тиімді. Биыл 306 клиницист тәлімгер болып жұмыс істеп жатыр. Резиденттерді клиникалық базада практикалық оқыту 90%-ды құрайды, ал қашықтан оқыту технологияларын қолданатын теориялық оқытудың үлесі - 10%. 2717 интерн мен резидент практикалық оқытудан өтіп, халыққа медициналық көмек көрсетуге қатысады, оның 546-сы Қазақстан Республикасы өңірлерінің 100 медициналық ұйымына жіберілді, - деді Талғат Нұрғожин.

Барлық жаңалықтар