• Басты
  • Қазақстанда коронавируспен күреске 191 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
8 Шілде, 2020 18:37

Қазақстанда коронавируспен күреске 191 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

Қазақстанда коронавируспен күреске 191 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты, деп хабарлайды Strategy2050.kz.


Қазақстанда коронавируспен күреске 191 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
«Бүгінгі күнге коронавируспен күреске республикалық бюджеттен 191,9 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 125 млрд теңгесі бюджетті нақтылау аясында, 66,9 млрд теңгесі Үкімет резервінен бөлінген», - деді Берік Шолпанқұлов.
Оның атап өтуінше, 575 млрд теңге қосымша шығыстар азаматтар мен экономиканы қолдауға және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға, Нұр-Сұлтан қаласындағы үлестік құрылыстың проблемалық нысандарын аяқтауға және басқа да басым міндеттерге бағытталған.
«Сондай-ақ, коронавирус індетімен күреске Үкімет резервінен 66 млрд 957 млн теңге, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігіне 46 млрд 587 млн теңге бөлінді», - деді Берік Шолпанқұлов.
Оның айтуынша, аталған қаражат мақсатты бағыттарға жұмсалады және қатаң бақылауда болады. Бұдан басқа, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Медициналық қызметтер сапасын бақылау комитеті арқылы да көрсетілетін медициналық қызметтерге бақылау жүргізіліп, қадағаланады.

Елімізде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қолдауға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған дағдарысқа қарсы бірқатар шаралар туралы да айтылды.
Салықтық жеңілдіктер мен жергілікті деңгейдегі қолдауды ескермегенде, дағдарысқа қарсы шараларға 5,9 трлн теңге бөлінді. Оның ішінде 3,5 трлн теңгеге жуығы республикалық бюджеттен, қалғаны – бюджеттен тыс қаржы, деді ҚР қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.

Оның айтуынша, Жұмыспен қамту жол картасын іске асыруға 1 трлн теңге қарастырылған.
«Аймақтар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып, 250 мың жұмыс орнын құрады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қосымша 1 трлн теңге бизнес субъектілерінің айналым капиталын жылдық 8% және инвестициялық жобаларды жылдық 6% жеңілдікті несиелеуге жұмсалады. Сондай-ақ, 390 млрд теңге көлеміндегі бюджеттен тыс қаржы 15 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысына қосымша бағытталатын болады», - деді ол.
Бұдан басқа, экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес субъектілерінің және ірі кәсіпкерлердің шығындарының орнын толтыру үшін 237 млрд теңге қарастырылған. Зейнетақыларды, жәрдемақыларды, атаулы әлеуметтік көмекті қосымша 10 пайыздық индекстеуге, шәкіртақыларды арттыруға және халықтың коммуналдық төлемдерін төлеуге 313 млрд. теңге бөлінді.

Мемлекеттік бағдарламаларды кеңейтуге 240 млрд теңге қарастырылған, оның ішіне агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еңбек нарығын дамыту, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелерді кепілдендіру, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық жерлерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту кіреді. Құрылысы ұзаққа созылған үлестік тұрғын үйлерді аяқтауға 575 млрд теңге бағытталады.

Індетке қарсы шараларды жүзеге асыруға 125 млрд теңге қарастырылған, оның ішіне медицина және басқа да қызметкерлерге төленетін қосымша ақы, инфекциялық ауруханалардың құрылысына қажетті қаржы және т.б. кіреді. Коронавирус инфекциясымен күреске Үкімет резервінен 67 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы жеке қорғаныш құралдарын, тесттер, өкпені жасанды желдетуге арналған аппараттар сатып алуға, биофармацевтикалық зауыттың құрылысына және басқа да шараларға жұмсалады, - деп сөзін аяқтады вице-министр.


Барлық жаңалықтар