Қазақстанда халықты емханаға тіркеу науқаны қашан басталады

8 Қыркүйек, 2021 11:45

Бүгін Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев жыл сайын өткізілетін дәстүрлі кампания екі ай бойы 15-қыркүйектен бастап 15-қарашаға дейін созылатынын мәлімдеді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Тіркеу тәртібі өзгерді

Тілеухан Әбілдаевтің айтуынша, денсаулық сақтау министрінің 28-шілдедегі бұйрығы негізінде емханаға тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізілген. Жаңа бұйрыққа сәйкес, бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс.

«Олар емханаға барып өтініш жазады немесе өтінішті ерікті сақтандыру туралы келісімшарт бекіткен сақтандыру компаниясының өкілдері жаза алады», - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы филиалының директоры.

Оның мәлімдеуінше, ЕАЭО елдерінен келіп жұмыс істеп жатқан мигранттар сақтандыру төлемдерін төлеп, МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалана алады. Сондай-ақ, ол емханаға тіркеу азаматтардың тұрақты немесе уақытша тұратын мекенжайы бойынша жүргізілетінін атап өтті.

«Бұл әсіресе, қазіргідей пандемия тұсында, мобильді бригадалар мен дәрігер шақыртушылар саны артқан тұста өте үлкен маңызға ие болып отыр», - деді

Сонымен қатар, әр адам бір әкімшілік-аумақтық бірлік шеңберіндегі емханалардың бірін таңдау құқығы бар. Ал, шекаралас аймақтардың тұрғындары жақын маңдағы әкімшілік аумақ ішіндегі медицина ұйымына тіркеледі.

Оның сөзінше, емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды тіркеуден бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кетсе де тіркеуден бас тарта алады.

«Себебі қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелген пациент саны 1700-ден аспауы тиіс», - деді ол.

Емханаға тіркелу үшін не істеу керек

Емханаға тіркелу жолдары өзгермеген. Оның 2 түрлі тәсілі бар. Атап айтсақ:

1. «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдалану арқылы;

2. Емханаға барып арыз жазу арқылы тіркелу. Бұл әдісті зейнеткерлер, мүгедектер, балалық шақтан мүгедек азаматтардың қамқоршылары, түрмеде жазасын өтеп жатқандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқандар, шетелде туған балалар мен сенімхат арқылы тіркелетін азаматтар пайдалана алады. Емхана қызметкерлері «Тіркелген тұрғындар регистрі» ақпараттық жүйесі арқылы тіркеуге өтініш береді.

Сонымен бірге, егер тіркеу egov.kz порталы арқылы жүргізілетін болса, авторизациядан өтіп, электронды өтініш қалдырады. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіледі.

Оның айтуынша, биылғы науқан кезінде емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2022 жылдан бастап пайдалана алады.

«Жалпы емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхананың қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да сол емхана қызметін пайдалана берсе болады», - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы филиалының директоры.

Сондай-ақ, тіркеу науқанына қордың мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Олардың толық тізімімен МСҚ «www.fms.kz» ресми сайты арқылы танысуға болады.

Осы жолы алматылықтар 73 бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тіркелуге мүмкіндік алмақ. Оның ішінде 40 емхана мемлекеттік, 33-і – жеке меншік клиникалар.

«Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникаларға да тіркеле алады. Ол үшін емхана Медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуы тиіс», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

МӘМС жүйесі енгізілген уақыттан бастап Медициналық сақтандыру қорына 753,4 млрд теңге түскен. Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1-шілдесінен 2021 жылдың 31-тамызына дейінгі аралықта Алматы қаласынан 139 млрд теңгеден астам жарна аударылған. Оның 97,8 млрд теңгеден астамы – жұмыс берушілердің жасаған аударымдары. Қалған 41,2 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндердің жарнасы.

Тілеухан Әбілдаев өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу тиімдірек екенін атап өтті. Мәселен, қазіргі таңда қала тұрғындары үшін БЖТ көлемі 2917 теңгеге тең, оның 40% немесе 1166 теңгесі МӘМС жарнасына жұмсалады. 2019 жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған 202 мыңнан астам адам 524,6 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген.

Барлық жаңалықтар