• Басты
  • Қазақстанда интернет-алаяқтар көбейді

Қазақстанда интернет-алаяқтар көбейді

26 Сәуір, 2021 13:12

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаңында «Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында өткен брифингте ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов елдегі осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Бір аптадағы криминогенді жағдай

Брифинг басында Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз бір апта ішіндегі криминогенді жағдай туралы баяндады.

«Бір апта ішінде 3055 қылмыс жасалды. Оның 1978-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 8 кісі өлтіруді, 3 өлімге әкеп соққан қасақана денсаулыққа зиян келтіру қылмысын, 3 қарақшылық, 20 тонау және 488 бөтен мүлікті ұрлау қызметтерін ашты», - деді Н.Ораз

Өткен аптада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады. Министр Мемлекет басшысына еліміздегі криминогендік жағдай, ішкі істер органдарының биылғы жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмысының қорытындылары туралы мәлімет берді.

Министр Президентке ведомство жұмысындағы бірқатар оң үрдістер жайында айтты. Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, биыл қылмыс деңгейі 13 пайызға қысқарған, тонау, ұрлық және бұзақылық 37 пайызға аз тіркелген. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі артқан.

«Қасым-Жомарт Тоқаевқа есірткі қылмысына қарсы күрес туралы баяндалды. Ішкі істер министрінің мәліметтеріне сәйкес, бірінші тоқсанда полицейлер 860 есірткі қылмысын анықтап, синтетикалық заттар жасайтын 8 зертхананы жойған, 1 тоннадан астам есірткі тәркілеген», - деді ресми өкіл.

Министр Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы, оның ішінде, «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету және учаскелік инспекторлар қызметін реформалау жайында ақпарат берді.

Ерлан Тұрғымбаев әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелердің штат санының тиісті нормаларға жеткізілгені, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстық істерді жүргізу бойынша тергеуші әйелдердің мамандануын кезең-кезеңімен енгізу туралы баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы ішкі істер органдарын цифрландыру, жол апаттарының алдын алу жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Президент жеке құрам мен ведомствоның ақпараттық саясатының жұмысын жетілдіру қажет екеніне назар аударды.

Интернет қылмыс түрлері көбейді

ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, соңғы кезде Қазақстанда интернет алаяқтығымен байланысты қылмыстар саны артқан. Тек Қазақстанда емес бүкіл әлемде интернет желісі арқылы жасалатын қылмыстардың, оның ішінде интернет-алаяқтықтың саны артты.

«Жыл басынан бері үш айда ішкі істер органдары осындай 6 мыңнан астам қылмысты тіркеді», - деді Қ.Нұрмағамбетов.

Интернет-алаяқтық cоңғы кездері қоғамды алаңдатқан өзекті мәселе. Елімізде жиі кездесіп жүрген интернет-алаяқтық түрлеріне келсек, олар: интернет сауда жасау және қызмет көрсету, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, онлайн несие алу арқылы адамдарды алдау. Алаяқтар әлеуметтік желі арқылы жалған парақша ашып, хабарландыру жариялайды. Соңғы үш айда ішкі істер органдары 6 мыңнан астам осындай қылмысты тіркелген.

Жақында ғана Instagram желісінде әйелдер киімін сату туралы жарнама жасаған Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта бұл жалған жарнамаға сенген 40 жәбірленуші анықталған және тергеу жалғасуда.

«Қарағанды облысында жалған жарнама жариялап, 23 алаяқтық әрекет жасаған қылмыскер анықталды. Солтүстік Қазақстан облысында азаматтардың құжаттарының көшірмелерін пайдалана отырып, онлайн несиелер рәсімдеген 50 алаяқ ұсталды», - деді Қ. Нұрмағамбетов.

Министрліктің хабарлауынша, жыл басынан бері киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл бағдарламасы жүріп жатыр. Оның аясында мемлекеттік органдармен, қаржы мекемелерімен, ұялы байланыс операторларымен, қызмет провайдерлерімен және онлайн платформалармен өзара алдын алу шаралары жасалады.

Сонымен бірге, тоқсан сайын республика аумағында киберқылмыстардың алдын алуға және ашуға бағытталған жедел-алдын алу шаралары («Anti-fraud», «Hi-tech») жүргізіледі.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта WhatsApр желісінде алаяқтықпен айнаысатын чат бары анықталды. Ол «Касса от ставки» деп аталады. Бұл жерде тіркелушілерге «спорттық іс-шараларға тиімді ставкалар» арқылы 50% табыс табу ұынылады. Осы чатты құрған топтың әкімшісі жамбылдық әйел ұсталды. 14 адам жәбірленуші бары анықталды, Олар пирамидаға 30 мыңнан жүз мың теңгеге дейін қаражат салған.

Нұрмағамбетовтың айтуынша, алаяқтықтың көбі трансшекаралық сипатта кездеседі.

«Интернет-алаяқтықтың түрі көбейді. Алаяқтар көп жағдайда интернетті пайдаланады. Фишинг сайттары арқылы адамдардың жеке мәліметтерін ұрлау, осылайша банктен олардың атына онлайн несие алуды жүзеге асырады», - деді ол.

Нұрмағамбетов қазақстандықтарға сенімсіз сайттар мен тұлғаларға, нөмірлерге жеке мәліметтерді жібермеу керектігін ескертті.

Барлық жаңалықтар