- Басты
- Жаңалықтар
- Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді
Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді
Осыдан екі апта бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің отырысына қатысып, егер екі аптада елдің эпидахуалы тұрақтылық деңгейіне өтпесе, Үкімет құрамын қайта құруды қарастыратынын ескерткен болатын. Содан бері елдегі эпидемиологиялық жағдай қалай өзгергені жайлы Strategy2050.kz тілшісінің мақаласында толық баяндалды.

Осы жылы әлем пандемия кезеңін бастан кешіп жатыр. Коронавирус деп аталатын індет жер-жаһандағы әрбір адаммен бетпе-бет келді. Үлкен жылдамдықпен жаһандану үрдісінде келе жатқан әлем кідіріс жасады. Дүние жүзінің алпауыт елдері індеттің алдында дәрменсіз екенін көрсетті. Экономика мен әлеуметтік жағдай жұқпалы дерттің себебінен дағдарыс кезеңіне көшті.
Қазір Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігі бұрынғыдай емес. Той десе ішкен асын жерге қоятын халық биыл тойды доғарды. Тәуелсіз Қазақстан тұңғыш рет карантин режиміне көшті. Індетпен күресте ауыр салмақ Денсаулық сақтау министрлігіне түсіп тұр. Аурумен бетпе-бет келген медицина қызметкерлері де ауруға шалдығып, көз жұмғандары да бар...
Екі аптада Үкімет не бітірді?!
23 шілдеде Үкімет басшысы Асқар Мамин Президент алдында есеп берді. Премьер-министр Қазақстан Президентіне барлық өңірлердегі тұрақтандыру қоры қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылып, ауруханаларды өкпені жасанды желдету және оттегі концентраторларымен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Маминнің есебі бойынша, COVID-19 жұқтырудың тәуліктік өсімі 4 %-дан 2,1 %-ға дейін төмендеген.
Денсаулық сақтау министрлігінің жедел шаралары бірқатар оң өзгерістерді көрсетіп жатқанға ұқсайды. Соңғы көрсеткіш бойынша:
Жедел жәрдем шақыру 35 пайызға қысқарды, оның ішінде КВИ бойынша 37 пайыз;
Реанимациялық төсек-орындармен қамтамасыз ету 73 пайыздан 57 пайызға дейін төмендеді;
Провизорлық және инфекциялық стационарлардың жүктемесі 54 пайызға дейін азайды;
Жазылып шыққандар саны 63 пайызға артты.
Демек, коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы азайып, ахуал жақсарып келе жатыр.
Бас дәрігер аптасына бірнеше рет бұқара алдына шығып есеп беріп жүр.
Дәл қазір ауруханаларға науқастардың түсуі азайғанын анық көріп тұрмыз. Инфекциялық және провизорлық стационарларда 1958 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша 4183 аппарат сатып алынады, 21 мыңнан астам төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілді, 6237 орын оттегі концентраторларына қосылады. Бүгінде ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 32 мың зерттеуді құрайды. Биылғы жылдың 1 тамызына қарай бұл көрсеткіш тәулігіне 35,6 мыңға дейін, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне қарай тәулігіне 64 мыңға дейін жеткізіледі, - деген болатын Бас дәрігер.
Елді-мекендердегі халыққа жәрдем беру мақсатында жылжымалы медициналық кешендер ашу жоспарланған. Кешенде рентген құрылғылары, УЗИ, ЭКГ, гинекологиялық кабинеттер мен анализ тапсыру пункттері болады.
Дәрі-дәрмек мәселесі шешімін тапты ма?!
Бәріңізге белгілі, «СҚ Формация» ЖШС басшылығы ауысты. Жаңа басшылық бір айға толық жететін дәрі-дәрмекті алып қойыпты. Қазақстанның барлық ауруханасына жіберуде. Алдағы уақытта тағы да екі аптаға жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмек алып қою жоспарланып отыр. Қазір бұрынғыдай емес, шетелден келетін дәрі-дәрмекті ресімдеу шаралары оңтайландырылған. Сертификаттау мерзімі 1 айдан 3 күнге дейін қысқарды. COVID-19-ды емдеуге арналған жаңа дәрілерді тіркеу мерзімі 6 айдан 2 айға дейін қысқартылды. Қазір стационарларда коронавируспен күреске қажетті дәрілердің 1 айлық қоры жасақталды. Қазір 3 айлық қор жасақтау үшін отандық және шетелдік өндірушілерден медициналық препараттар сатып алынып жатыр.
Дәрі-дәрмектің қолжетімділігі басты назарда. Ресейден, Үндістаннан дәрі-дәрмек таситын 6 әуе рейстері ұйымдастырылды. Қазақстанға шетелден 6 млн-нан астам препарат келді. Жалпы, дәрі-дәрмекке қатысты жағдай тұрақтанып келеді, - деді Алексей Цой.
Мәселен, 26 шілдеде Нұр-Сұлтанға ұшақпен COVID-19, пневмония және басқа да бірқатар ауруға қарсы 2,5 миллион дәрі-дәрмек жеткізілді. Мұны қала әкімдігінің ресми сайты жазды. Олардың ішінде 550 мың қорап парацетамол мен ибупрофен, 300 мыңнан аса антикоагулянттар қаптамасы - ксарелто мен аспирин бар.
Сондай-ақ, бактерияға қарсы 1,4 миллион препараттар қаптамасы: азитромицин, цефтриаксон, левофлоксацин, велпенем; вирусқа қарсы 30 мың препараттар және т.б. Шілденің ортасынан бастап қалаға 110 тоннаға жуық дәрі-дәрмек жеткізілді. Тексеруден кейін (1-2 күн) дәрі-дәрмектер дәріхана желілеріне таратылады. Бұл жүктер гуманитарлық көмек емес. Әкімдік дәрі-дәрмекті сатып алуға және тасымалдауға көмек көрсетіп, дәріхана желілерінің дистрибьютерларына айналым қаражатын бөледі. Қала ауруханалары мен емханаларында дәрі-дәрмек қоры бар - олар уақтылы толтырылып отырады. Медицина мекемелеріне қосымша медициналық жабдықтар - 150 флуометр, 350-ден аса оттегі концентраторы, 500 арнайы кереует жеткізілген.
Денсаулық сақтау министрінің 26 шілдеде таратқан ресми мәлімдемесіне сәйкес, елдегі медициналық маскалардың шекті бағасы 118 теңгеден 85 теңгеге дейін арзандады. Резервте 41 млн бетперде, 27 млн қолғап пен 379 мың қорғаныш костюмі бар.
Лаборатория мен тегін ПТР-тесттері жайында
Лабораториялардың жұмысы да Бас дәрігердің назарында. Алексей Цой Үкімет отырысында республикалық бюджеттен қосымша 42 миллиард теңге бөлуді сұрады. Бұл қаржы жыл соңына дейінгі эпидемиологиялық жағдайды болжап, ПТР-зертханалардың қуаттылығын арттыру үшін керек дейді.
170 миллион теңге ветеринарлық зертханалардың 67 маманына зерттеу жүргізгені үшін төлеуге бағытталады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің зертханаларын тарту арқылы зерттеу қуаттылығын 1 тамызға дейін тәулігіне 35,6 мыңға дейін ұлғайту көзделген. Бұдан соң денсаулық сақтау зертханаларын жете жарақтандырудың арқасында 1 қыркүйекке дейін тәулігіне 64 мыңға дейін ПТР зерттеу жүргізуге болады, – деді ол.
Бас дәрігердің айтуынша, тамыздың біріне қарай елде бір тәулікте 35600 тұрғын тестілеуден өте алатын болады. Әзірге тәулігіне 32 мың адам сынама тапсырып жүр. Ал, 1 қыркүйекке бұл санды 64 мыңға жеткізу жоспарда тұр.
Емханалардағы жағдай
Қазір учаскелік дәрігерлер онлайн жұмысқа көшкен. Бұл емханаларда адам көп жиналып, коронавирустың таралуын алдын алу мақсатында қабылданған шешім. Учаскелік дәрігерлер онлайн режимде консультация береді. Ал егер науқастың халі нашар болса, арнайы бригада үйге барып қарайды. Бір мобильді группа тәулігіне 5000 адамға қызмет көрсетеді. Егер емхана 50 000 адамға қызмет көрсетсе, мұнда 10 мобильді бригада жұмыс істейді.
Өңірлерде медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету үшін 3 399 мобильді бригада құрылды, олардың 1 693-і ауылдарда қызмет етеді.
Мобильді топтар науқастармен тығыз байланыста болады. Егер коронавирус белгілеріне ұқсас ауру белгілері байқалса, бригада бірден науқастың үйіне барып, тиісті сынамаларды алып, ем-шара жүргізеді. ПДР тесттерін алуға ғана баратын мобильді топтар да бар, - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
Егер емханаға өзі барған науқас болса, ол міндетті түрде фильтрдан өтеді. Дене қызуы өлшенеді. Емханаға келген науқастарды дәрігерлер арнайы қорғаныш киімдерін киіп қабылдайды. Емханаларда жүкті әйелдерге арналған арнайы кіру есіктері бар. Жүкті әйелдер де емханаға кіру бойына фильтден өтеді.
Клиникалық хаттамадағы өзгерістер
Қазір бүкіл әлем короновирустың емдеу әдістерін іздеп жатыр. Бәріміз білеміз, бұл аурудың тура емі әзірге жоқ. Сондықтан біздің қазақстандық ғалымдар мен дәрігерлер дүниежүзілік тәжірибені зерттеп, меңгеріп жатыр. Тиімді әдістерді пайдаланып жатырмыз, клиникалық хаттаманы да жетілдіріп жатыр. Қазір қолданыстағы клиникалық хаттама 10 рет өзгеріске ұшырады. Соңғы рет 15 шілдеде сапа бойынша біріккен комиссия үздік мамандармен бірігіп хаттаманы қайта қарап, өзгерістер енгізген еді, - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, ең алдымен «Лопинавир» және «Гидроксихлорохин» препараттары алынып тасталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл препараттарды тиімсіз деп есептеген соң, Қазақстанда да вирусқа қарсы бұл препараттарды қолданбайтын болды.
«Ремдесевир» және «Фавипиравир» препаттары коронавирустың асқынған кезеңінде әсер етуі мүмкін деген ақпарат бар. Сондықтан бұл екі препарат клиникалық хаттамаға қосымша енгізілді. Сондай-ақ алғаш рет емдеудің амбулаториялық кезеңдері қосылды. Қызу түсіретін препараттар мен амбулаториялық емдеу деңгейінде ішке қабылдайтын антикоагулянттар да жаңа хаттамада бар. Бұл препараттар емханаларда науқастарға тегін беріледі.
Стационарлардағы дәрі-дәрмек
Нұр-Сұлтан қаласындағы көпсалалы №3 аурухананың меңгерушісі Жұлдыз Данбаеваның айтуынша, ол басқарып отырған уақытша инфекциялық стационарда дәл қазір дәрі-дәрмек проблемасы жоқ.
Елордада ахуалды реттейтін арнайы орталық ашылған. Тәулігіне екі рет қаладағы барлық коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеп жатқан ауруханалар таңертең және кешке дәрі-дәрмек бойынша жағдайды осы орталыққа баяндап отырады.
Сонымен қатар қаладағы барлық ауруханалар арнайы ақпараттық бағдарламаға қосылды. Бұл жерде қоймада қалған дәрі-дәрмек туралы барлық ақпарат жарияланып отырады.
Жұлдыз Данбаеваның мәліметінше, ол басқарып отырған ауруханада бір айға жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар. Дәрігер сондай-ақ қазіргі жағдайда ауруханаға келіп түсетін науқастардың саны азайғанын айтты. Мәселен, «Рамада Плазадағы» уақытша инфекциялық стационардағы 500 орында тек 230 науқас емделіп жатыр. Аурухана басшысы «Самұрық-Қазына» және қала әкімдігінен 80 оттегі концентраттарын әкеп бергенін де айтты.
Дәрі-дәрмекті алып-сатушылармен күрес
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчи Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингте дәрі-дәрмекке қатысты тәртіп бұзушылармен күрес туралы баяндаған болатын.
Оның баяндамасына сәйкес, дәрі-дәрмекті заңсыз сату бойынша 537 оқиға тіркелді.
«Қылмыстық Кодекстің» 58 бабымен қылмыстық істер қозғалды, 214 бапқа дейін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал қалған баптар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту жазалары тағайындалды. Заңсыз айналымнан 70 мыңнан аса медициналық препараттар тәркіленді, 400 атаудағы препараттар, жарты миллионға жуық медициналық бетперде және 36 мыңнан аса басқа да медициналық құрал алынды. Мұндай заң бұзушылықтардың көбі Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Атырау мен Жамбыл облыстарында тіркелді, - деді Калайчи.
Қоғамдық бақылау
Денсаулық сақтау министрлігі қоғам белсенділерімен жұмыс істей бастады: қоғамдық бақылау тобы мен Telegram-бот құрылды.
CovidControlKzBot арқылы медициналық орындарға шағым түсіруге, сондай-ақ азаматтар дәрігерлердің қызметін жақсарту үшін өз ұсыныстарын жібере алады. Қоғамдық бақылау тобы – бұл азаматтық бастама. Оның мақсаты – дәрігерлердің жұмыс жағдайына мониторинг жасау және медициналық мекемелерде пациенттерді емдеу, гуманитарлық көмекті бөлуге мониторинг жасау, пандемия жағдайында әлеуметтік және медициналық көмек алуда азаматтардың құқықтарының сақталуын бақылау болып табылады. Қоғамдық бақылау Қазақстанның барлық облысында іске қосылып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауына ие болды.
Сондай-ақ медициналық қызмет көрсетуге қатысты шағымдар мен ұсыныстарды жіберуге арналған Qoldau 24\7 атты мобильді қосымша іске қосылған.
Карантин қашан бітеді?!
Қазақстанда 27 шілдеге дейін ауру жұқтырғандардың саны 82 000-ға жетті. Қазір бір тәулікте тіркелетін науқастардың саны 1600 адамға тұрақтанды. 5 шілдеден бастап карантин режимі енгізілгеннен соң 22 000 – ға жуық жағдай тіркелді. Демек, ауру жұқтыру көлемі біршама азайған. Карантиннің ұзақтығы жөнінде Денсаулық сақтау министрі әлі нақты жауап бермеді.
2-тамыз күні біз жағдайды сараптап, әрі қарай қолданатын шараларды бекітеміз. Әрине, егер жағдай дұрыс болса, бала-бақшалар мен оқу орталықтарын ашу мәселесін көтеруге болады. Егер науқастар саны қайтадан күрт артса, біз мемлекеттік комиссияға шектеу шараларын ұзарту туралы ұсыныс жасаймыз. Қазір біз жағдайдың тұрақтанғанын көріп отырмыз. Бұл шектеу шараларының алғашқы нәтижелері 3-4 аптада байқалуы керек. Өйткені инфекцияның инкуациялық мерзімі 14 күн. Тамыз айының ортасында біз карантин шараларының нәтижесін көре аламыз. Сол уақытта шектеу шараларын жеңілдетіп, азаматтарға жұмыс істеуге мүмкіндік беру мәселесін қарастыруға болады. Ал балалар бірінші тоқсанда қашықтан оқиды, - деді министр.
Естеріңізге сала кетсек, карантинге байланысты табысынан айырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42500 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы тағайындалып, 1,6 млн-ға жуық қазақстандықтың шотына аударылған болатын.
Қазақстан Президенті ғылым мен медицина саласына ерекше ден қойып отыр. Жұқпалы ауру құндылықтарды өзгертті. Мына індет елде ғылым мен білімді дамытуға, медицина саласына назар аударып, оны өрістету керектігін ұғындырды.
Дәл қазір дүние жүзі елдері індетпен күресуде. Джонс Хопкинс университетінің зерттеуіне сүйенсек, 26 шілде Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 11:00-дегі жағдай бойынша дүние жүзінде 16 046 986 адам COVID-19 жұқтырған. 644 528 науқас қайтыс болған. Вирус жұқтырғаннан кейін 9 262 520 адам аурудан жазылған. Коронавирус ең қатты тараған ел - АҚШ, бұл елде 4 178 021 адамнан COVID-19 анықталған. 146 мыңнан аса адам қайтыс болған.
Фото: дереккөз

-
Сарапшы: «Қазақстан ұлт болып ұйысудың өзіндік моделін қалыптастырды»
-
30 жыл: ҚР машина жасау саласы қандай жетістіктерге жетті
-
Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: «Омикрон» штамы әлемнің 20 мемлекетінен табылды
-
Қазақстан сыртқы саясатының 30 жылдық белестері
-
ДСМ: Omicron штамының таралуын болдырмау мақсатында қандай шектеулер енгізіледі
-
Инвестициялық саясат: ТШИ, саладағы негізгі трендтер мен өңірлердегі инвестиция тарту мәселесі
-
ІІМ: Учаскелік инспектордың рөлі, құзыреті және халықпен кері байланыс
-
«Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады және іріктеу қалай жүреді
-
Шетелдік интернет-компаниялардың қызметтеріне «цифрлы салық» салу қалай жүзеге асады
-
COVID-19: Оңтүстік Кореяда коронавирус күшейді, Францияда балалар арасында вирус жұқтырғандар саны артуда
-
ЖИТС және АИТВ: Ауруды алдын-алу мен емдеу шаралары
-
Әскердегі сарбаздар қандай мамандықтарды меңгереді
-
Асқар Мамин: Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады
-
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуы
-
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды

