• Главная
  • Қазақстанда экологиялық білім беру жүйесі қалай жүзеге асады
18 августа, 2020 10:22

Қазақстанда экологиялық білім беру жүйесі қалай жүзеге асады

ҚР экология министрі Мағзұм Мырзағалиев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева және Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен эколог мамандар, сарапшылар, ата-аналар онлайн конференция арқылы экологиялық білім беру мәселелерін талқылады. Көтерілген мәселелер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Қазақстанда экологиялық білім беру жүйесі қалай жүзеге асады

Шара барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан мектептерінде жаңа экологиялық білім беру пәнін енгізу үшін жауапты мемлекеттік органдар үйлестіру кеңесі құрылатынын мәлімдеді. Ал Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов экология пәнін мектептерге асығыс енгізуге болмайды. Бастапқыда факультатив ретінде оқытып, бірітіндеп баланың жас ерекшелігін есепке ала отырып, негізгі пән болып өтуі тиіс деп санайды. Экологиялық білім беру мәселесінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бұл тақырыптв дөңгелек үстел өткізіп, экологиялық мәдениет қалыптастыруда отбасының алар орны ерекше екенін айтып өтті. Конференцияға қоғам белсендісі, Ұлттық Кеңестің мүшесі Мұрат Әбенов модераторлық етті.

10 шілде күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық мектептерде «экологиялық білім беру» пәнін енгізуді тапсырған болатын. Содан бері Үкімет көлемінде көптеген талқылаулар өткізіп, экологиялық білім беруге байланысты жұмыс жоспары бекітілді.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, экологиялық білім беру дегеніміз мектеп бағдарламасына бір ғана пән енгізумен шектелу емес.

Бұл күрделі әрі кешенді жұмысты талап етеді. Қоғам өкілдері, сарапшылар, ғалымдар ұсынған мәселелер жаңа бастаманы жүзеге асыруға септігін тигізеді деп ойлаймын. Экологияға дұрыс көзқарас қалыптастырған ұлтты тәрбиелеу - ортақ міндет. Бұл орайда әр отбасындағы ата-ана тәрбиесінің маңызы зор,- деді Бас эколог. 

Министр соңғы кезде әлеуметтік желі арқылы таралатын азаматтардың табиғатқа келтіретін зиянды әрекеттерін сөз етті.

Соңғы уақытта жан-жануарлар мен табиғатқа зиян келтіру деректері көп тіркелуде. Осының барлығын шешу үшін бірінші кезекте экологиялық білім қажет, - деді Бас эколог.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қандай заман болса да, экологиялық мәселелер ең маңызды болып қала беретінін айтты. 

Қоғамдағы өткір мәселелердің көбі дәл осы экологиямен байланысты.Жақын арада жан-жануарлар мен қоршаған ортаға қастандық жасау деректері көрсетілген әлеуметтік желідегі бейне жазбалар, экология мәселесіне қатысты шұғыл шараларды қабылдау керек екенімзді аңғартып отыр. Қоғамның экологиялық білімі мен мәдениетін бірлесіп көтеруіміз керек,- деді Аида Ғалымқызы.

Жиын барысында қазір елімізде экология мәселесі бойынша бар болғаны 170  үкіметтік емес ұйым жұмыс істейтіні белгілі болды. Бұл барлық үкіметтік емес ұйымдардың 3,3% құрайды. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс бойынша әлеуметтік жобалар саны 2044 болса, оның тек 2% немесе 21-і ғана экология тақырыбына арналған.

Шын мәнісінде, экологиялық мәдениеттің бастауы білім мен тәрбиеде жатыр. Өкінішті, бірақ бүгін қалада өсіп келе жатқан балалардың ішінде қарапайым қой мен ешкіні, шөп пен тікенді ажырата алмайтын балалар көп. Бұл әрине ежелден табиғатпен бірге өсіп, аң-құстың киесін құрметтеген, жеті қазынасына қосқан халықтың ұрпағы үшін үлкен сын,-деді А. Балаева.

Ал ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов экологиялық білім беру мәселесі өте орынды әрі кезек күттірмес шаруа екенін айтты.

Біз берілетін білімнің мазмұнын, баланың жас ерекшелігіне сәйкес келетіндігін, әдістемесін жан жақты қарастырып, ұйымдастырамыз. Көп мәселе ойын арқылы, тәжірибе арқылы, қолмен жасап шығару арқылы, олимпиадалар арқылы жүргізілуі керек. Бала тек қана құлағымен естіп қана қоймай, қолымен жасап, іс әрекетпен осы жұмысқа қатысса, сонда ғана жақсы нәтижеге жетуге болады,- деді Бас ұстаз.

 Ал бір кездері экономика және сауда, одан кейін білім және ғылым министрі болған Жақсыбек Құлекеев болса, осы бастан экологиялық білім беру жүйесінің жүзеге асырылу жолын айқындап алу керектігіне баса назар аударды.

Бізде екі жол бар. Біріншісі, мектепке экология пәнін енгізу. Екіншісі, барлық пәндерді экологияландыру. Яғни мәселенің түп-тамырына үңілу керекпіз. Мысалы, Ресей экология пәнін мектепке енгізумен ғана шектелді. Алайда одан мәселе шешілген жоқ. Онда экология пәнін жоғары сыныптарға ғана енгізді. Ал оқушылардың жартысы ол кезде колледждерге немесе арнаулы білім беру ордаларына оқуға түсіп, мектептен кетіп қалады. Демек, экологиялық білімі жетілмей сол күйінде қалады,- деді Жақсыбек Құлекеев.

Сонымен қатар балалардың қоршаған ортаны қорғауға шақыратын мультфильмдердің бері мол. Америкада балаларға арналған экологиялық музейлер бар. Онда қоқыстар қалай утилизацияға ұшырайтыны, ауаға тараған қоқыс қалдықтары адам өміріне қалай әсер ететіні жайлы ақпараттар бейне түрінде көрсетіледі. Сарапшылар осындай қоршаған ортаға қатысты танымдық дүниелер оқушылар сарайы сияқты балалар көп баратын жерлерге орнатылуы тиіс деп есептейді.

 ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев сарапшылар мен Үкіметтегі әріптестерін мұқият тыңдап, алдағы уақытта да экология пәнін мектеп бағдарламасына енгізуге арналған жұмыстар қоғаммен тағы да талқыланатынын, жұмыс кешенді түрде жүргізілетінін мәлімдеді.

Біз экологиялық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесін құруға келістік. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері кіреді. Кеңесте экологиялық білім берудің өзекті мәселелері талқыланады,- деген қорытынды шығарды Мағзұм Мырзағалиев.

Фото: ашық дереккөз