• Басты
  • Қазақстанда азық-түлік бағасының өсімі қандай
27 Шілде, 2020 17:24

Қазақстанда азық-түлік бағасының өсімі қандай

Халықты алаңдатып отырған маңызды мәселелердің бірі - азық-түлік бағасы. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сауда және интеграция министрлігінің өкілдері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы жыл басынан бері 5,7%-ға өскенін мәлімдесе, Ауыл шаруашылық министрлігінің өкілдері көкөністер мен жеміс-жидектердің маусымдық бағасы түскенін айтты, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.

Қазақстанда азық-түлік бағасының өсімі қандай

Төтенше жағдай кезінде Сауда және интеграция министрлігі 9 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын белгіледі. Олар: күріш, ұн, қарақұмық, нан, жұмыртқа, күнбағыс майы.
Нарықтық экономикада тауарлар бағасы тұтынушылар тарапынан сұраныс пен ұсыныс ескеріліп қойылады. Дегенмен бұл мемлекет баға саясатына ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мәселесі Үкімет, орталық және жергілікті басқару органдарының тұрақты бақылауында.

Вице-министр Азамат Асқарұлының айтуынша, азық-түлік бағасының 5,7%-ға өсуі соңғы 5 жылдағы осы көрсеткіштің ең төменгісі болып отыр.

 Салыстырмалы түрде қарасақ, 2016 жылы (9,1%) және 2019 жыл (7,7%) өскені байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жыл басынан бері ең көп өсім Павлодар (+ 11,9%), Нұр-Сұлтан (+ 11,8%) қалаларында тіркелді. Алматы (+ 3,1%), Петропавл (+ 4,7%) және Ақтау (+ 4,8%) баға ең аз өскен қалалар. Биылғы жылдың басынан бастап барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде картоп (+ 43,3%), сәбіз (+ 31,4%), пияз (+ 20,3%) қарақұмық жармасы (+ 19,0%), қант (+ 10,7%) және май (10,2%) бағасының анағұрлым өсуі байқалды. Сонымен қатар, жыл басынан бері қырыққабат (-23,3%), жұмыртқа (-7,2%), күріш (-7%), тауық еті (-2,9%) және тұз (-1%) арзандады, - деп түсіндірді вице-министр.

Министр соңғы үш айда баға тұрақтанғанын айтты.   
    
Мамырда бағалар 0,1%, маусымда - 0%, шілденің үш аптасында - 0,1% қымбаттады. Одан бөлек, осы жылдың 14-21 шілде аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,3%-ға төмендеді, - дейді ол.
Вице-министр бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданған шаралар туралы айтты.
Біріншіден, халықтың қажеттілігін аграрлық және азық-түлік өнеркәсібінің сапалы тауарларымен қамтамасыз ету. Екіншіден, маусымаралық азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарлардың бағасын тұрақтандыру. Үшіншіден, отандық өндірушілердің өнімділігін арттыру және оның өнімінің шығынын азайту.Төртіншіден және бесіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімді логистикасын дамыту және оны іске асырудың экспорттық арналарын кеңейту, - деп түсіндірді Азамат Асқарұлы.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбековтың Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының жай-күйі жөнінде баяндама жасады.

Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігімен құрамына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары кіретін 32 азық-түлік тауарлары бойынша (қой еті, шұжық өнімдері, жылқы еті, консервілер (ет-өсімдік), қияр, бұрыш, азық-түліктік бидай, салқындатылған және мұздатылған балық, асхана қызылшасы, шошқа еті, қызанақ, сарымсақ, алма) өңірлердің қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізіледі. Бұл мониторинг аптасына екі рет тұрақтандыру қорларында, ірі сауда желілерінде, жеткізушілердің және қайта өңдеу кәсіпорындарының қоймаларындағы қорларды ескереді.
   
Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда 700 мың тоннадан астам азық-түлік қоры бар.       Бұдан өзге, қоймалар мен элеваторларда 400 миллионнан астам тауық жұмыртқасы мен 2 миллион тонна азық-түлік бидайы сақталған.Вице-министрдің айтуынша, тез бұзылатын өнімдердің қоры бір апта немесе одан да көп, жарамдылық мерзімі ұзақ тауарларды сақтауды қамтамасыз ету бірнеше айға дейін созылады.     

Айта кету керек, азық-түлік өндірісі жаңа өнім жинау есебінен артып, қор үнемі жаңарып, толықтырылып отырады. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тапшылығы сезілмейді және күтілмейді. 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында тамақ өнімдерін өндіру көлемі ақшалай түрде 904 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,4% -ға көп, - деді Дайырбеков.

Сонымен бірге, вице-министр қазіргі уақытта Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, қияр, қызанақ жинау жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігінде бағаның маусымдық төмендеп жатқанын айтты.

Барлық жаңалықтар