• Басты
  • Қазақстанда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары

Қазақстанда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары

6 Тамыз, 2021 10:42

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) мәліметі бойынша шілде айында Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) 81,7 мың бос жұмыс орны және 47,9 мың резюме орналастырылған. Маусым айымен салыстырғанда ЭЕБ-дағы бос жұмыс орындарының жалпы саны 15%-ға, ал резюмелер саны 3%-ға азайды. Сонымен қатар, Түркістан, Ақмола, Атырау облыстары мен Шымкент қаласында кадрға қажеттіліктің артқаны байқалады.

Абсолюттік мәнде бос жұмыс орындарының саны біліктілігі жоқ еңбекке қатысты – 6,9 мың бірлікке (23%) біршама азайды. Шілде айында әкімшілендіру саласындағы қызметшілерді қоспағанда, тиісті топтар арасында барлық санаттар бойынша бос жұмыс орындарының саны төмендегені байқалады. Оларға сұраныс 2,9 мың бірлікке немесе 78%-ға өсті және осы санат бойынша бос жұмыс орындары санының өсуіне негізгі үлесті Түркістан және Ақмола облыстары қосты.

Жекелеген мамандықтарға келетін болсақ, бос жұмыс орындары санының ең елеулі өсуі сауалнама жүргізу жөніндегі сұхбаттасушы (+2,2 мың), хат алмасу жөніндегі көмекші (+0,9 мың) және статист (+0,6 мың) сияқты кәсіптер бойынша байқалды. Біліктілігі жоқ еңбекке байланысты кәсіптер арасында бос жұмыс орындарының өсуі тауарларды жинақтаушы, базардағы сатушы және буып-түюші тұрғысында аталып отыр.

Сонымен қатар, орналастырылған резюмелердің қарқыны көрсеткендей, шілде айында кіші медициналық қызметкерлер мен мектеп оқытушылары арасында белсенділіктің артуы байқалады. Мәселен, бір ай ішінде ЭЕБ-дағы фельдшерлер резюмесінің саны 421 бірлікке, мейіргерлер – 237 бірлікке, бастауыш сынып, шет тілі, дене шынықтыру және спорт мұғалімдері тиісінше 283, 271 және 266 бірлікке өсті. Педагогикалық қызметкерлер арасындағы белсенділікті жаңа оқу жылының жақындауымен байланыстыруға болады.

Өз кезегінде, ЭЕБ-дағы резюмелер мен бос орындар санын салыстыру, білікті еңбек ресурстарына сұраныстың өзгергенін көрсетеді. Шілде айында күзетшілермен, автокөлік жүргізушілерімен және санитарлармен қатар, сауалнама жүргізу бойынша жоғарыда айтылған сұхбаттасушыларға (2595 бос орынға 48 резюме), хат алмасу бойынша көмекшілерге (1 резюме және 923 бос орын) және статистерге (10 резюме және 665 бос орын) тапшылық байқалды. Біліктілікті қажет етпейтін еңбекке сұраныс өткен кезеңдердегідей өзгеріссіз қалды – ЭЕБ-де жүк түсірушілердің, қара жұмысшылардың, ас үй жұмысшылары мен аула сыпырушылардың жетіспеушілігі байқалады.

Ұсынылған еңбек ресурстары туралы айтатын болсақ, заңгерлер мен малшылардан басқа, фельдшерлер (607 резюмеге 201 бос жұмыс орны), дене шынықтыру және спорт (92 бос жұмыс орны және 459 резюме), шет (229 бос жұмыс орны және 576 резюме) және қазақ тілі мұғалімдері (116 бос орын және 455 резюме) жөнінде артық ұсыныс байқалды. Біліктілігі жоқ қызметкерлер арасында қосалқы жұмысшылар, елдімекендер мен аумақтарды абаттандыру бойынша жұмысшыларға сұраныс жоқ, бұл көктемде – маусымдық жұмыстардың басталу кезеңінде бос орындардың көпшілігі толумен байланысты болса керек.

Өңірлік талдау еліміздің төрт өңірінде – Түркістан (+33%), Ақмола (+20%), Атырау (+7%) облыстарында және Шымкент қаласында (+10%) бос жұмыс орындары санының өскенін көрсетеді. Ақмола және Түркістан облыстарында жаңа жұмыс орындарының ең көп өсімі «әкімшілендіру саласындағы қызметшілер» санаттары бойынша байқалды – тиісінше 8,4 және 4,7 есе. Атырау облысы мен Шымкент қаласында бос жұмыс орындары санының ең елеулі өсімі «өндіріс операторлары» (+48% және +114%) және «басшылар» (+46% және +39%) топтары тұрғысында аңғарылады.

Түркістан облысында шілде айында тапшы мамандықтар тізімін сауалнама жүргізу жөніндегі сұхбаттасушы (1996 бос орынға 47 резюме), Ақмола облысында хат алмасуды жүргізу жөніндегі көмекшілер (0 резюме және 919 бос жұмыс орны), Атырау облысында статист (0 резюме және 622 бос жұмыс орны) бастады, ал Шымкент қаласында қара жұмысшылар жетіспеді (152 резюме және 262 бос жұмыс орны).

Орналастырылған резюмелер қарқыны шілде айында ізденушілер саны, ең жоғары өсіммен Қызылорда (+49%), Түркістан (+43%) облыстарында және Шымкент қаласында (+42%), 6 өңірде өскенін көрсетеді. Қызылорда облысында техник-мамандар мен басшылар арасында, Түркістан облысында әкімшілендіру саласындағы қызметшілер мен басшылар арасында белсенділіктің өсуі байқалды, ал Шымкент қаласында резюмелердің саны көбіне өндіріс операторларында өскен.

Жалпы, шілде айында бос орындар мен жұмыс іздеушілер арасындағы алшақтық сақталды, ал орналастырылған резюмелер ЭЕБ-дағы сұраныстың тек 59%-ын ғана қамтыды.

Барлық жаңалықтар