• Басты
  • Қазақстанда АӘК көрсету тетіктері жетілдірілмек
25 Маусым, 2020 10:25

Қазақстанда АӘК көрсету тетіктері жетілдірілмек

Елімізде атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдірілмек. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Қазақстанда АӘК көрсету тетіктері жетілдірілмек

Министр бір жарым жылдан бері аз уақыт ішінде АӘК көрсету тетіктері екі рет жетілдірілгенін атап өтті.

"2019 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК тағайындау критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50% - дан 70% - ға дейін (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін) көтерілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа моделі енгізілді, ол мыналарды қарастырады: 4 және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу (әр балаға айына орташа 11 112 теңгеден), АӘК көрсету (балаларды қоса алғанда, отбасының әрбір мүшесіне айына орташа 11 117 теңгеден), табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) ұсыну (1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтық; 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектеп формасы мен оқуға керек-жарақтар, мектепте тамақтану, жеңілдікпен жол жүру)", - деді Біржан Нұрымбетов.

Бұдан басқа министрдің айтуынша, отбасының АӘК-ке мұқтаждығын анықтау кезінде учаскелік комиссиялардың рөлі мен жауапкершілігі күшейтілген.

"Сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт талаптарын міндетті түрде орындау және отбасының жұмысқа қабілетті мүшелері жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасына төлемдерді тоқтату арқылы әлеуметтік көмек алушылардың жауапкершілігі күшейтілді. АӘК алушыларға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін кең мүмкіндіктер берілді: тегін оқыту, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашу үшін қайтарымсыз гранттар мен микрокредиттер беру", - деді ол.


Біржан Нұрымбетовтың сөзіне сүйенсек, АӘК көрсету тетіктерін одан әрі жетілдіру үшін әлеуметтік топтаманы әлеуметтік қызметтер порталына көшіру, шартсыз ақшалай көмек алушыларды әлеуметтік бейімдеу шараларымен қамту, өмірлік қиын жағдайдан шыққанға дейін отбасын сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. 

"Президенттің тапсырмасы бойынша біздің министрлік әлеуметтік топтаманы әлеуметтік қызмет көрсету порталына көшіру бойынша жұмысты бастады. Алушылар мен жеткізушілер бірыңғай цифрлық алаңда тікелей өзара іс-қимыл жасайды. Алушылар әлеуметтік топтама жиынтығындағы тауарларды өз бетінше таңдай алады", - деді министрлік басшысы.

Сонымен қатар ол атаулы әлеуметтік көмекті жетілдірудің келесі кезеңінде заңнамаға шартсыз АӘК алушыларды әлеуметтік бейімдеу шараларымен қамту бөлігінде өзгерістер енгізу жоспарлануда екенін тілге тиек етті.

"Бұл әлеуметтік келісімшартқа қол қоймаған (16%) және объективті себептер бойынша жұмыспен қамту шараларымен қамту мүмкін емес, бірақ оларға әртүрлі, оның ішінде білім беру, мәдени, медициналық, психологиялық, құқықтық сипаттағы қызметтер көрсетуді қажет ететін адамдар. Барлық отбасы мүшелерінің денсаулық скринингі, жүкті әйелдерді міндетті түрде есепке қою, өмірлік қиын жағдайда психологтарға міндетті түрде бару, балаларды білім беру мекемелеріне тіркеу, балаларды тәрбиелеу бойынша қашықтықтан оқыту курстары бұған мысал бола алады", - деді министр.

Бұл жұмысты, Біржан Нұрымбетовтың сөзінше, осындай отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығарғанға дейін сүйемелдеп жүруге арналған әлеуметтік қызметкерлер қызметтерін жаңғыртумен бірге жүргізу қажет. 

"Негізгі құрал «Отбасының цифрлық әлеуметтік картасы» ақпараттық жүйесі болады. Оның пысықталған нұсқасын осы жылдың күзіне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығару бойынша ведомствоаралық көмек барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ақпараттық жүйеге қол жеткізу арқылы қамтамасыз етіледі", – деп толықтырды министрлік басшысы.


                    Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілмек

                           Қазақстанда 697,6 мың мүгедектігі бар адам тұрып жатыр.


2020 жылы Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға арналған шығындар 10%-ға, техникалық оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуді қаржыландыру 17%-ға өсті. 

Еңбекминінің басшысы мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету министрлік жұмысының ең басты деген басымдықтарының бірі болып табылатындығын атап өтті. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдауды күшейту және оларды қоғам өміріне тарту мақсатында 19 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілген.

"2020 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Оның көмегімен мүмкіндігі шектеулі адамдар өнім жеткізушілерден техникалық қалпына келтіру құралдарына (бұдан әрі – ТҚКҚ) және арнаулы әлеуметтік қызметтерге (бұдан әрі – АӘҚ) тікелей тапсырыс бере алады. Порталда қазірдің өзінде ТҚКК 24 түрі орналастырылған, ал порталдың толық іске қосылуы 2021 жылға жоспарланып отыр. Бұдан басқа емдеу-шипажайлық ем алу мерзімі де реттеледі (14 күнтізбелік күн). Мүгедектердің өтініші бойынша жеке көмекшілерге ақы төлеудің бірыңғай тәртібі белгіленді. Кохлеарлық импланттарды қайтару міндеттемесі олардан алынып тасталды; мүгедектік тобы мерзімі шектеусіз белгіленетін, орны толмайтын анатомиялық ақаулардың тізбесі кеңейтілді; ересектерге 5 жылға мүгедектік белгіленетін аурулардың тізбесі бекітілді. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізуге кезең-кезеңімен көшу жоспарлануда", - деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің мәліметінше, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауды қаржыландыру 10% -ға өсті және 2019 жылғы 315 млрд теңгемен салыстырғанда, 2020 жылы 347 млрд теңгені құраған.  TҚКҚ және АӘҚ-мен қамтамасыз етуді қаржыландыру 17%-ға артып, 2019 жылғы 86 млрд теңгеге қарағанда, 101 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар министр, алдағы жылдары мүгедектігі бар жандардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау негізгі басымдық ретінде белгіленгенін атап өтті.

"Бүгінде Қазақстанда еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының төрттен бір бөлігі ғана еңбек қызметімен айналысады. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 40%-ға жетеді. Келесі екі жыл ішінде алдымызға мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуын 30%-ға жеткізу міндетін қойдық. Ол үшін қосымша 20 мың адамды жұмыспен қамту қажет. Мүгедектігі бар адамдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және жұмыс берушілермен бірге мүгедектерді экономикалық қызметке тартуға кедергі болатын негізгі түйткілдерді және оларды шешу жолдарын анықтадық", - деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ министр мүгедектігі бар адамдарды белсенді еңбекке тарту үшін олардың құзыреті туралы дерекқорын құру және мүгедектігі бар адамдар жұмыс істей алатын Кәсіптердің атласын жасау жоспарлануда екенін атап өтті. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту үшін жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін медициналық-әлеуметтік сараптама орындарына жіберу көзделуде. Оның негізгі тетігі "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы болады.

"Сонымен бірге "TenQogam" әлеуметтік қолдау орталықтары құру жоспарланған, онда бизнес жобаларды дамытуға көмек көрсетіледі және кәсіптік білім беріледі. Барлық өңірлерде оңалту орталықтары жұмыс жасап, мүгедектігі бар 18 жастан асқан адамдарды кәсіптік бейімдеу және сауықтырумен айналысатын болады. 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде 8 өңірде жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта жасау жұмыстарын жалғастырады", - деді министр.

Бұдан бөлек министр мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында заңнаманы одан әрі жетілдіру қарастырылғанын баса айтты.

"Біздің министрлік әзірлейтін "Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» жаңа заң жобасының негізгі бағыттарына мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігін арттыру жөніндегі шараларды күшейту және оларды әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын енгізу жатады", - деп түйіндеді Біржан Нұрымбетов.


                                   2020 жылы әлеуметтік төлем шығыстары 20 пайызға артты

Зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге арналған республикалық бюджеттің шығыстары 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 21 пайызға ұлғайды. Өз сөзінде ҚР Еңбекминінің басшысы мемлекет халыққа зейнетақы мен жәрдемақы түріндегі әлеуметтік төлемдердің 39 түріне кепілдік беретіндігін атап өтті. Жұмыс істейтін азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 5 әлеуметтік тәуекел бойынша төлем алады.

"2019 жылы әлеуметтік төлемдерге республикалық бюджеттен 3,1 трлн теңге бөлінді. Зейнетақы мен жәрдемақы жалпы 2,8 трлн теңгеден астам сомада 3,9 млн адамға (халықтың 21%) берілді, оның ішінде: зейнетақы төлемдері – 2,2 млн астам зейнеткер, көлемі – 2,3 трлн. теңге; мемлекеттік жәрдемақылар – шамамен 1,7 млн адам, көлемі – 570,5 млрд теңге. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 194,2 млрд.теңге сомасына 825,2 мың адам төлем алды", - деді Біржан Нұрымбетов.


Оның айтуынша, 2020 жылы республикалық бюджетте әлеуметтік төлемдерге 3,5 трлн теңге қарастырылған. 

"Зейнетақылар мен жәрдемақыларды жалпы 3,4 трлн теңгеден астам сомада 4 млн адамға беру көзделген, бұл 2019 жылғы ұқсас шығыстармен салыстырғанда 21 пайызға көп. 2020 жылы зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері екі рет өсті.  Осылайша, ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар 7%-ға, базалық зейнетақылар 5%-ға ұлғайды. Үстіміздегі жылғы 1 сәуірінен бастап зейнетақының екі түрі де тағы 5%-ға арттырылды. Нәтижесінде, ынтымақты зейнетақы мөлшері жылдық мәнде 12% - ға, базалық зейнетақы мөлшері - 10% - ға ұлғайды", - деп толықтырды министрлік басшысы.


Сонымен қоса ол мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері жылдық мәнде 10% - ға, яғни 1 қаңтардан бастап 5% - ға және 1 сәуірден бастап тағы 5% - ға артқанын тілге тиек етті.

"Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Заңды іске асыру шеңберінде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер мөлшері: еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайда – 74,4 мың адам үшін 69%-ға, асыраушысынан айрылған жағдайда – 44,8 мың адам үшін 41%-ға, жұмысынан айрылған жағдайда – 2,5 мың адам үшін 44% - ға ұлғайды", - деп түйіндеді Біржан Нұрымбетов.
ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды