• Главная
  • Қазақстанда 995 млрд теңгені құрайтын 206 жоба іске қосылады
15 сентября, 2020 11:25

Қазақстанда 995 млрд теңгені құрайтын 206 жоба іске қосылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен әр сейсенбі өтетін Үкімет отырысында бүгін Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасы жобаларын іске асыру барысы қаралды, іске қосылатын өнеркәсіптер туралы баяндама тыңдалды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Қазақстанда 995 млрд теңгені құрайтын 206 жоба іске қосылады

Пандемия мен мен экономикадағы дағдарысқа қарамастан, 2020 жылдың 8 айында өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалады, өсім 3,3%-ды көрсеткен.

Алғаш болып баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтуынша, биыл Қазақстанның өңірлерінде жалпы сомасы 995 млрд теңгені құрайтын 206 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл өндіріс көлемін 1,3 трлн теңгеге, экспортты 325 млрд теңгеге арттыруға, шамамен 19 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Министрлік аймақтардағы әкімдіктермен бірлесіп, өнеркәсіптің әр түрлі секторын қамтитын Индустрияландыру карталарын жасады. Әр облыстың климаттық басқа да ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескердік. Биыл облыстарда 18 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Ең көп жаңа өндіріс агроөнеркәсіп кешенінде болмақ. Екінші орында тамақ өнеркәсібі. Мұнда 76 жаңа жоба іске қосылады. Құрылыс материалдары мен машина жасау саласында – тиісінше 38 және 19 жобадан, - деді ол.

Министрдің дерегінше, 2020 жылдың 8 айында жалпы сомасы 204 млрд теңгені құрайтын 28 жоба пайдалануға беріліп, 4300 жұмыс орны ашылды.

Үшінші тоқсанда жалпы сомасы 97 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жобалардың негізгі бөлігі биыл төртінші тоқсанында іске қосылады. Жалпы жобалар жоспарлы кесте бойынша іске асырылып жатыр. Проблемалық мәселелер әкімдіктермен бірлесіп шешілуде. Іске қосылатын жобалардың инвестиция көлемі бойынша Қарағанды, Ақтөбе және Алматы облыстары алдыңғы қатарда, - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Министр машина жасау саласының биыл біршама өскенін айтты. 2020 жылдың 8 айында машина жасау саласының өндіріс көлемі 16,3 %-ға өскен.

Биыл Қарағанды облысында «Linde Gas» ЖШС-ның техникалық газ өндіру бойынша Орталық Азиядағы ең ірі жобасы іске қосылды. Одан бөлек, 80 пайыз өнімі экспортқа бағытталған ферроқорытпа зауытының 3 пешін іске қосу, сондай-ақ құю өндірісін жаңғырту және байыту фабрикасын салу жоспарда бар. Саран моноқаласында автобустың және арнайы техниканың жаңа түрлерін шығару жобасын іске қосу жоспарлануда, - деді ол.

Биыл 30 шілдеде Саран қаласында «Аллюр» компаниялар тобы» мен «Татнефть» компаниясы арасында шина шығаратын зауыт салу туралы келісімге қол қойылды. Бұл жобаны іске асыру отандық нарықтың қазіргі заманғы шина өніміне қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Үкімет отырысында шина шығару зауытының пайда болуы тарихи тау-кен металлургиялы Қарағанды облысының инженерлік-техникалық әлеуетімен еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің көшін бастап отырғаны айтылды. Жалпы 8 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп салаларының ішінде машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Өндіріс көлемі биылғы 8 айда 16,3 %-ға өскен. Автомобиль жасау секторы 51,8 % өсіммен саланың драйвері болып отыр. Сонымен, министрдің мәліметіне сенсек, осы жылы елде 45 мыңға жуық автомобиль шығарылды. Мұндай көрсеткішке Алматы қаласында жылына 45 мың бірлік қуаты бар «Hyundai» маркалы («Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС) жеңіл автомобильдер шығаратын зауыттың пайда болуы тікелей әсер етті.

Осы жобаны іске асыру бізге шанағын қалыптау және бояу арқылы автомобильдерді ұсақ түйіндік құрастыруға көшуге алып келді. Биылдан бастап отандық автоөнеркәсіп және металлургиялық компания арасында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында өндірілетін автомобиль дискілерін қолдану бойынша кооперация басталды. Бұл автоөнеркәсіпті оқшаулауды ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді Атамқұлов.

Автоөнеркәсіптен бөлек отандық аккумуляторлар жаңа экспорттық нарыққа шығарылды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі электротехникалық машина жасау секторында да оң өзгерістер мен алға жылжу барын айтты.

Биыл отандық аккумуляторлар жаңа экспорттық нарыққа – Бiрiккeн Араб Әмiрлiктерiне шықты. Ал iшкi қажеттiлik 65 %-ға қамтылады. Біз сондай-ақ, түрлi саладағы ел нарығының 65 %-ын кабельдiк өнiмдермен қамтимыз. Кабельдiк-өткiзгiш өнiм металлургия саласының 5-шi қайта жасалуы бола отырып, металдарды терең өңдеудi және жоғары қайта бөлу өнiмдерiн өндiрудi қамтамасыз ететiнiн атап өту қажет. Трансформаторларға қажеттілік 85 пайызға жабылады. Петропавл қаласында 5-ші трансформатор зауыты іске қосылған кезде жылына тағы 10 мың трансформатор өндірісін қамтамасыз етеміз. Бұл трансформаторлар бойынша қажеттіліктің барлық желісін жабуға мүмкіндік береді. Ішкі нарықты өлшеу жабдықтарымен 85 % - ға қамтамасыз ететін боламыз, - дедi ол.

Қостанай облысында да ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Мұнда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерге арналған компоненттер өндірілетін болады. Ауданы 38 мың шаршы метр болатын өндірістік кешен биыл желтоқсан айында іске қосылып, келесі көктемде жобалық қуатына шығады. Қостанай қаласының өнеркәсіп аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарының құрамдас бөлшектерін құю өндірісі жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта тиісті инвестициялық келісімге қол қоюға дайындалып, қыркүйек айында құрылысты бастау жоспарланған. Дайын өнімнің 95 %-ы экспортқа шығаруға арналған. Ресейді, ТМД-ны, сондай-ақ Daimler AG неміс концернін қамтитын жаһандық құн жасау тізбегіне кіретін болады. Сөйтіп Қостанай аграрлық бағыттан дамудың индустриялық-инновациялық кезеңіне өтеді.

Бейбіт Атамқұлов фармацевтика саласындағы өндірістердің де жұмысына тоқталды. Мәселен, 2021 жылдың 1-тоқсанына қарай қорғаныс костюмдерін өндіру қуаты 500 мыңнан 1 миллион данаға дейін артады.

Оның мәлімдеуінше, қазір елдегі 33 фармацевтикалық кәсіпорын дәрілік заттардың 922 түрлі өнімін шығарады. Фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 34,1 %-ға өсті. Коронавирус індеті басталғаннан бері жеке қорғаныс құралдарын шығару көлемі 10 жаңа жобаны іске қосу есебінен 10 есе артты. Пандемия алдарынан отандық кәсіпорындар қорғаныш костюмдер, медициналық қолғаптар мен медициналық бетпердені толықтай шығарып отыр.

Министр 2020-2025 жылдарға арналған фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамытуға бағытталған шараларды айтты.

Фармацевтика саласының өндіріс көлемі 2 есеге артады. Дәрі-дәрмектердің экспорт көлемі 2 есеге артады немесе 116 млн АҚШ долларына дейін жеткізіледі. 1000 жаңа жұмыс орнын қамтитын 80 жаңа дәрі-дәрмек түрлерін өндіруді қарастыратын, жалпы сомасы 100 млн АҚШ долларын құрайтын кемінде 10 жаңа өндіріс іске қосылады. Медициналық бетперделерді шығаратын кәсіпорындардың қуаты тәулігіне 1 миллионнан 2 миллион данаға дейін жеткізіледі. 2021 жылдың 1-тоқсанына қарай қорғаныс костюмдерін өндіру қуаты 500 мыңнан 1 миллион данаға дейін арттырылады», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Атамқұловтың баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы Асқар Мамин индустрияландыру картасындағы жобалалардың іске асуына әкімдер жауапты екенін айтты. Премьер-министрдің айтуынша, қазір нарықта тұрақсыздық болып тұр. Сондықтан күш-жігерді сыртқы және ішкі сұраныс неғұрлым тұрақты салаларға, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп, тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика салаларына жұмсау қажет. Мамин отандық құрылыс материалдарын, шыны, керамика, санфаянс және тағы басқаларды өндіруді көбейтуді тапсырды.

Мамин әлемде көміртегі бағасының төмендегенін ескертті.

Соның әсерінен технологиялық күрделі салаларға мән беру қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл мұнай-химия және газ өңдеу салаларына қатысты. Сондықтан Индустрия министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, биылғы жылға жоспарланған барлық жобаларды іске асырып қана қоймай, Индустрияландыру картасының жобалары пулын қосымша қарап, кеңейтуді, сондай-ақ жаңа жобаларды қарастыруды тапсырамын, - деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы индустриялық жобалар облыстарда іске асатындығын атап өтті. Айтуынша, капиталды көп қажет ететін жобалар Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында іске асырылып жатыр.