• Басты
  • Қазақстан және ЮНЕСКО аясындағы бірлескен жобалар
19 Маусым, 2020 16:27

Қазақстан және ЮНЕСКО аясындағы бірлескен жобалар

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары сыртқы экономикалық, саяси және мәдениет салаларында белсенді саясат жүргізуді қолға алды. Оның ішінде Ұлы Дала өркениетінің үздік жауһарларын әлемдік аренада кеңінен паш ету, мәдени құндылықтарымызды қайта түгендеу жұмыстарының көлемі ауқымды болды. Бұл тұрғыдан Біріккен Ұлттар Ұйымының мәдениет, ғылым мен білім мәселелері жөніндегі құрылымының (ЮНЕСКО) рөлі айрықша маңызға ие. 

Қазақстан және ЮНЕСКО аясындағы бірлескен жобалар

ЮНЕСКО-ның Жарғысы 1954 жылғы қарашада қабылданып, 1946 жылы 4 қарашада күшіне енді. ЮНЕСКО-ның негізгі мақсаты – халықтардың білім беру, ғылым және мәдени салалардағы әріптестігін барлығының бірдей әділдік, заңдылық және адам құқықтарына деген мүддесін, сондай-ақ нәсіліне, жынысына, тіліне және дініне қарамай БҰҰ-ның Жарғысында жарияланған негізгі бостандықтарды қамтамасыз ету жолымен әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға көмек беру болып табылады.

ЮНЕСКО ғылыми жобаларды, зерттеулер мен ізденістерді қаржыландырмайды, тек проблеманы шешетін әдістер мен жолдарды табуға ықпал етеді. Сондықтан, бұл ұйымды қаржылық тұрғыдан бай ұйым деп айтуға әсте болмас. Ұйымның бюджеті әрбір екі жылға Бас конференцияда бекітіледі. ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің мүшелік жарнасы ішкі жалпы өнімнің көлеміне байланысты анықталады. Кейбір бай елдер мен халықаралық қорлар ұйымға өз еркімен қайырымдылық жәрдемдер де жасап тұрады. Олардың көлемі кей жылдары тұрақты жарналық түсімдерден де асып кетіп жатады. Осындай қаражаттардың көбі АҚШ, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Франция және т.б. елдерден түседі. 

Қазақстан ЮНЕСКО-ға 1992 жылы 22 мамырда мүшелікке енді. ЮНЕСКО-мен белсенді әріптестікке және әлемдік қауымдаыстыққа бірігуге ерекше ден қоя отырып, 1993 жылы ұйыммен өзара қарым-қатынаста негізгі бағыттарды анықтайтын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанынан ЮНЕСКО ісі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық комиссиясы құрылды. 

1995 жылы 9 тамызда Қазақстан Республикасы мен ЮНЕСКО-ның арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, елімізде Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО iстерi жөнiндегi ұлттық комиссиясы құрылды. Екі тарап өзара әріптестіктің негізгі бес бағытын айқындап алды. 

Олар:
1. Білім беру саласы
2. Ғылым мен техника
3. Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар
4. Мәдениет
5. Коммуникация, ақпарат және информатика салалары.

Осы меморандумның аясында Қазақстан қоршаған ортаны қорғау, кедейшілік мәселелеріне қатысты ғылыми зерттеулер жүргізуге шарттасып, Абай Құнанбайұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге мүмкіндік алды. Абайдың шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылып, әлемге танытылды. Қазақ халқының көптеген тарихи-мәдени мұралары ЮНЕСКО-ның адамзаттық мәдени мұралар тізіміне енгізіле бастады және бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. 

Бір жыл бұрын, яғни 1994 жылы Қазақстан Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау туралы конвенцияға қосылған болатын. Бұл өз кезегінде еліміздегі мәдени нысандарды реставрациялау және оны әлемге таныту жұмыстарына халықаралық сарапшыларды жұмылдыруға мүмкіндік берді.

Қазақстан делегациясының ЮНЕСКО Бас Ассамблеясының 29-сессиясына қатысуы еліміз үшін жемісті нәтижелермен жалғасын тапты. Шара аясында 1999 жылы Қазақстанда журнаистердің этикасы туралы халықаралық конференция өткізу туралы уағдаласты. Сондай-ақ, 1998 жылы Түркістан қаласының 1500, 1999 жылы Мұхаммед Мырза Хайдар Дулатидің 500, академик Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойларын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту туралы келісімге қол жеткізілді. Кейіннен бұл мерейтойлар елімізде және ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Елбасы мен ЮНЕСКО Бас директорының қатысуымен атап өтілді.

1998 жылы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында Парижде өткен ЮНЕСКО Атқару Кеңесі 154-сессиясында Арал теңізі мен Семей ядролық полигоны экологиялық апаттары салдарын жақсарту бағытындағы мәселе көтерілді. 

2000 жылы 10-13 мамырда Түрікменстан астанасы Ашхабадта өткен жиында Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілді.
2001 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Иманғали Тасмағамбетов ЮНЕСКО-мен қарым-қатынасты одан әрі жандандыру жайлы жиын өткізіп, Тамғалы петроглифтерін сақтап қалу, Отырар қалашығы тарихи мұрасын қалпына келтіру, Қазақстанның ұлттық парктерін ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша ұсынымдар берілді.

Қазақстанның ЮНЕСКО-мен жемісті қарым-қатынасының арқасында Махамбет Өтемісұлының 200, Абай Құнанбайұлының 150, Мұхтар Әуезов, Әбілхан Қастеев, Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойлары кең көлемде аталып өтті. Францияда Нұрлан Оразалин мен Шөмішбай Сариевтің еңбектері жарық көрді. ЮНЕСКО-ның күнтізбедегі арнаулы даталы күні қатарына «Қыз Жібек» эпосы енгізілді.

2014 жылы адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне қазақтың күй өнері, киіз үйді тігу әдістері енгізілді. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Ұлы Жібері жолы, Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлі ресми түрде Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосылды.  

2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әдебиетінің ең таңдаулы 60 шығармасы Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі алты тіліне аударылып, 90-нан астам мемлекеттің кітапханалары мен оқу орындарына таратылды. Бұл әлемдік кітапсүйер қауымды қазақ әдебиетімен кеңінен таныстыруға мүмкіндік берген іргелі жоба деп айтуға болады. 

Қазақстанның ЮНЕСКО-мен қарым-қатынасы және еліміздің мәдени құндылықтарын дәріптеу бағытында атқарылған жұмыстарға кең көлемде жеке-жеке тоқталуға, ашып жазуға болады. Дегенмен бұл материалда қысқаша тоқталғанды жөн санадық. 

Қорыта келгенде, Қазақстанның мәдени-тарихи мұраларын ЮНЕСКО деңгейінде таныту, оларды одан әрі сақтап, дамыту, жаңғырту бүгінгі күннің басым бағыттарының бірі. 

Бүгінде адамзат баласын зәулім ғимараттармен, еңселі ескерткіштермен таңқалдыру мүмкін емес. Алайда, тарихы тереңге тартатын, қайталанбас мәдени ерекшілігі бар тарихи құндылықтармен, мұралармен мойындатуға болады. Бұған Қазақстанның мол мүмкіндігі бар.

Тарихи, мәдени мұраларымызды сақтап, жандандыру халықты мемлекетшілдік рухта тәрбиелеуге, өткенді зерделеуге, жастардың бойында тарихи сана қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, барымызды бағалап, төл құндылықтарымызды лайықты деңгейде дәріптей білсек, еліміздің туристік әлеуетін де жақсартуға болады. Бұл ретте, Қазақстанның ЮНЕСКО-мен әріптестік бағытындағы жұмыстары алдағы уақытта да жемісті жалғаса береді деп сенемін.

Барлық жаңалықтар