Қазақстан және әлем экономикасы қайта қалпына келе бастады

12 Мамыр, 2021 16:26

Бүгін үкімет отырысында ҚР Ұлттық бан төрағасы Ерболат Досаев әлем және Қазақстан экономикасы пандемияға қарамастан қайта қалпына келе бастағаны туралы айтты. Оның сөзінше, әлем елдері мен еліміздегі өндірістің қайта іске қосылуы, қызмет көрсету саласының қайта жандануы – әлем экономикасы түзеле бастаған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Әлем экономикасы 

Ұлттық банк төрағасының сөзінше, пандемия мен жаңа жұқтыру жағдайларының рекордтық санына қарамастан, биылғы сәуірде әлемдік экономиканың қайта қалпына келе бастады. Мәселен, 4 трлн АҚШ долларына АҚШ экономикасын қолдау жөніндегі жаңа жоспарды жариялау, биылғы жылғы 1-тоқсанда АҚШ ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) өсу қарқынын 6,4%-ға (болжам – 6,1%) дейін жеделдету және компаниялардың күшті корпоративтік жоспары аясында дамыған елдердің қор нарықтарының өсуі жалғасын тауып отыр. Эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы нәтижесінде биылғы сәуірде Еуроодақта (ЕО) қызмет көрсету секторының қайта жандануы есебінен қайта қалпына келтірілді.

Өндірістің өсуі, сұраныс және қызмет көрсету саласының қалпына келуі аясында биылғы сәуірде экономикалық белсенділіктің жаһандық индексі (Global Сomposite PMI) 11 жылда ең жоғары көрсеткіш – 56,3 тармаққа жетті. Индекске ең көп үлес қосқан елдер қатарында АҚШ (59,7-ден 63,5-ке дейін), Ұлыбритания (56,4-тен 60,7-ге дейін) және Австралия (55,5-тен 58,9-ға дейін) бар. Жапонияда экономикалық белсенділіктің жәймеңдеп өсуі (49,9-дан 50,2-ге дейін) байқалуда, ал Бразилияда (45,1-ден 44,5-ке дейін) және Үндістанда (56,0-ден 55,4-ке дейін) короновируспен аурырғандар санының көбеюіне байланысты бұ көрсеткіштің төмендеуі тіркеліп отыр.

Оның сөзінше, Қазақстанда да іскерлік белсенділік индексі екі ай қатарынан өсім көрсетті. Биылғы сәуірде қызмет көрсету (50,7) және өнеркәсіп (50,4) секторының қалпына келуі есебінен болып отыр.

«Әлемдік тауар нарықтарындағы бағаның өсуі дамыған елдерде фискалдық және ақша-кредиттік ынталандырумен бірге инфляция мен инфляциялық күтулердің өсуін қамтамасыз етті», - деді Ерболат Досаев.

Соңғы жылы, оның мәліметінше, АҚШ Федералдық резервтер жүйесі (ФРЖ), Еуропа Орталық Банкі (ЕОБ) және Жапония Банкін қоса алғанда, 6 негізгі әлемдік орталық банктің жиынтық балансы 15 трлн АҚШ долларынан 25 трлн АҚШ долларына дейін өсті және тарихи рекордтарды жаңартып, өсуді жалғастыруда.

Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша азық-түлік бағасының индексі қатарынан 11 ай бойы өсіп келеді. Бұл қант, сондай-ақ өсімдік майы, ет, астық және сүт өнімдері бағасының өсуі нәтижесінде 2014 жылғы мамырдан бастап ең жоғары мән болды. Биылғы сәуірде негізгі астық тауарларының биржалық баға белгілеуі бойынша Bloomberg Grains индексі 8 жылғы ең жоғары көрсеткіш – 8%-ға артты.

Шикізат тауарларына бағаның өсуіне және дамушы елдер валюталарының құнсыздануына байланысты инфляция дамушы елдерде күткеннен жоғары қалып отыр, бұл орталық банктерді бейтарап монетарлық саясатқа көшуді бастауға мәжбүр етеді.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылдың басынан бастап дамушы елдердің бірқатар орталық банктері – Бразилияда, Түркияда және Ресейде пайыздық ставкаларды көтерді. Биылғы сәуірде Ресейдің Орталық Банкі тағы да негізгі ставканы 5%-ға дейін 50 базалық тармаққа көтерген.

Азық-түлік инфляциясы

Ерболат Досаевтың хабарлауынша, биылғы сәуірде Қазақстанда инфляция азық-түлік инфляциясының баяулауы және азық-түлікке жатпайтын және сервистік компоненттердің жеделдеуі кезінде өткен айдағы 7,0% деңгейінде сақталды.

«Азық-түлік инфляциясы нан-тоқаш өнімдері, ет, қант және жеміс-көкөніс өнімдері бағасы өсуінің баяулауы аясында 10,7%-дан 9,8%-ға дейін баяулады», - деді ол.

Оның айтуынша, іскерлік белсенділіктің жандануы, халық кірісінің қалпына келуі және импорттың өсуі аясында азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,6%-дан 6,4%-ға дейін жеделдеген. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының ай сайынғы өсімі 2017 жылғы қазан айынан бастап ең жоғары мәнді көрсетіп отыр. Киім-кешек пен аяқ киімге бағаның өсу қарқыны жылдық мәнде 5,5%-ға дейін жеделдеді. Сонымен бірге, мұнай өнімдерін тасымалдау тарифтерінің артуы нәтижесінде ішкі ұсыныстың төмендеуі аясында жыл басынан бері бензин бағасының 11,6%-ға өсуі байқалуда.

Биылғы жылғы 27 сәуірде Ұлттық Банк азық-түлік тауарларына сыртқы бағалардың өсуіне, сауда-әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуіне байланысты проинфляциялық факторлардың сақталу аясында +/-1,0 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 9,0% деңгейінде базалық ставканы сақтау туралы шешім қабылдаған.

Әлемде COVID-19 жағдайының көбеюіне байланысты теріс тәуекел-сентимент дамушы нарықтардың, оның ішінде ҚР валюталары мен нарықтарына қысым көрсетуді жалғастыруда. Биылғы сәуірде бейрезиденттер ҚР мемлекеттік бағалы қағаздардағы (МБҚ) позицияларын 248 млн АҚШ долларына қысқартты.

«Биылғы сәуірде бейрезиденттердің инвестицияларының қысқаруы және сыртқы нарықтардағы құбылмалылық аясында теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 429,02 теңгеге дейін 1%-ға әлсіреді. Нәтижесінде шетел капиталының ЕО елдерінен нетто-әкетілуі және мұнай бағасының құбылмалылығы теңгенің айырбастау бағамына әсер етуді жалғастыруда. Биылғы 11 мамырдағы жағдай бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 427,22 теңге деңгейінде қалыптасты», - деді банк төрағасы.

Оның дерегінше, тауарлар экспортының 19,9%-ға немесе 2,9 млрд АҚШ долларына төмендеуі және импорт ағынының 7,6 млрд АҚШ долларына дейін 4,8%-ға немесе 0,4 млрд АҚШ долларына өсуіне байланысты биыл 1-тоқсанда төлем балансының ағымдағы шоты (-)1,2 млрд АҚШ долларындағы дефицитпен қалыптасқан.

Ал, тауарлар импорты азық-түлікке жатпайтын тұтынушылық және инвестициялық тауарларды әкелудің ұлғаюы есебінен іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және кейінге қалдырылған ішкі сұраныс аясында өскен. Автомобильдер, киім-кешек және компьютерлер сияқты тауарларды әкелуде барынша көп өсім байқалып отыр. Тауарлардың осы топтары бойынша өсім 2020 жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда 458 млн АҚШ долларын құраған.

Ұлттық қор активтері

Ұлттық банк мәліметінше, Ұлттық қордың активтері биылғы сәуірдің аяғында бір айда 530 млн АҚШ долларына өсіп, 57,6 млрд АҚШ долларын құраған. Биылғы сәуірде 333 млрд теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін 788 млн АҚШ доллары сатылды.

«Ұлттық қордың инвестициялық кірісі биылғы сәуірде 1,1 млрд АҚШ доллары немесе 2% болды, бұл ретте акциялар портфелінің өсімі 734 млн АҚШ долларын, облигациялар портфелінің өсімі 278 млн АҚШ долларын және алтынның өсімі 106 млн АҚШ долларын құрады», - деп толықтырды Ұлттық банк төрағасы.

Оның дерегінше, 2020 жылдың басынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық кірісі, негізінен биылғы жылғы сәуірде облигациялар нарығындағы қалпына келуі және акциялар нарығындағы өсімі арқасында 940 млн АҚШ долларын немесе 1,7%-ды құрады. Алтынвалюта резервтері биылғы сәуірдің аяғында бір айда 689 млн АҚШ долларына артып, 34,2 млрд АҚШ долларын құраған.

Бағаның бір унция үшін 1685 АҚШ долларынан 1769 АҚШ долларына дейін 5%-ға өсуі арқасында алтын портфелінің 1,3 млрд АҚШ долларына өсуі еркін конвертацияланатын валютадағы активтердің төмендеуін өтеді. Биыл мамырда алтын бағасы өсуін жалғастыра отырып, 11 мамырға бір унциясына 1841 АҚШ долларын құрады.

«Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер биылғы сәуірде 635 млн АҚШ долларына, оның ішінде клиенттердің Ұлттық Банктегі депозиттері көлемінің 472 млн АҚШ долларына төмендеу және 88 млн АҚШ долларына мемлекеттік қарызды төлеу есебінен төмендеді. Осылайша, жалпы халықаралық резервтер биылғы жылғы сәуірде 1,2 млрд АҚШ долларына артып, 91,8 млрд АҚШ долларын құрады», - деді ол.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері халықтың қаражатты мерзімінен бұрын алуына байланысты жыл басынан бастап 0,3 трлн теңгеге немесе 12,6 трлн теңгеге дейін 2,3%-ға төмендеген.

Биыл жыл басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 488,5 млрд теңге болды. Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша, инфляция 2,7% болған кезде 3,8% мөлшеріндегі кірістілік қамтамасыз етілген. Нақты кірістілік инвестициялық қызмет, сондай-ақ зейнетақы активтерін нарықтық және бағамдық қайта бағалау нәтижесінде қамтылған.

Зейнетақы жинақтарын беру бойынша

«Биылғы жылғы 11 мамырдағы жағдай бойынша, салымшылардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу бойынша орындалған өтініштерінің саны 1,3 трлн теңге сомасына 266,8 мың болды. Бұл ретте зейнетақы аударымдарын ай сайынғы алу көлемінің төмендеуі байқалып отыр. Биыл ақпанда 643,4 млрд теңге, наурызда 302,1 млрд теңге, сәуірде 283,0 млрд теңгені құраған», - деді Ерболат Досаев.

Оның сөзінше, тұрғын үй мәселелерін шешуге алынған жинақтардың 99,4%-ы жіберіледі. Емделуге 4,7 млрд. теңге пайдаланылды, ал 1 478 азаматтың 3,4 млрд теңге сомасындағы зейнетақы жинақтары 4 басқарушы компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Өңірлер бөлігінде Маңғыстау облысының, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының үлесіне барлық алынған жинақтар көлемінің 58,4%-ы тиесілі.

Төрағаның мәліметінше, банк жүйесіндегі депозиттер жыл басынан бері 23,4 трлн теңгеге дейін 5,8%-ға, оның ішінде ұлттық валютада – 6,5%-ға немесе 14,8 трлн теңгеге дейін 896,1 млрд теңгеге, шетел валютасында – 4,8%-ға немесе 8,6 трлн теңгеге дейін 392,5 млрд теңгеге ұлғайды. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру деңгейі 2021 жылғы наурызда 36,9% деңгейінде қалыптасқан. 2021 жылғы қаңтар-наурызда заңды тұлғалардың салымдары 11,9 трлн теңгеге дейін 5,3%-ға, жеке тұлғалар салымы 11,5 трлн теңгеге дейін 6,4%-ға артқан.

«Кредиттік портфель осы жылдың басынан бастап 1,2%-ға немесе 169,6 млрд теңгеге ұлғайып, биылғы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 14,8 трлн теңгені құраған. Экономиканың нақты секторына кредиттік ресурстардың құны өткен жылғы наурыздағы 12,5%-бен салыстырғанда 11,5%-ға дейін төмендеді», - деп толықтырды ол.

Дағдарысқа қарсы іс-шаралар

Сонымен бірге, ол экономиканы қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасып жатқанын айтты.

1. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биылғы жылғы 6 мамырдағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктерге (ЕДБ) 1,18 трлн теңгеге 1 507 өтінім келіп түсті, 785,2 млрд теңге сомасына 961 жоба мақұлданды.

2. Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биылғы жылғы 6 мамырда кәсіпкерлер 755,3 млрд. теңгеге 3 031 өтінім берді, оның ішінде 596,8 млрд. теңгеге 2 205 өтінім мақұлданды, 837,5 млрд теңгеге 8 272 қарыз берілді, оның ішінде 265,2 млрд. теңгеге 3 606 қарыз бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді.

3. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2021 жылғы 6 мамырда 709,3 млрд теңгеге 59 070 өтінім келіп түсті, 416,9 млрд теңгеге 34 573 өтінім мақұлданды.

4. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарлама бойынша 2021 жылғы 6 мамырда 1,2 трлн. теңгеге 127 578 өтінім келіп түсті, 651,6 млрд теңгеге 69 099 өтінім мақұлданды.

«Биыл 5 мамырда Ұлттық Банк цифрлы валюта шешетін міндеттерді, оларды шығару және тарату әдісін, қолданылатын технологияны, ақша-кредит саясатына, қаржылық тұрақтылыққа және төлем қызметтері нарығына әсерін анықтай отырып, жария талқылау үшін және артықшылықтар мен тәуекелдерді жан-жақты зерттеу үшін «Цифрлық теңге» баяндамасын жариялады», - деді ол.

Баяндамада оның сөзінше, цифрлы валютаның технологиялық және экономикалық сипаты, Ұлттық Банктің цифрлы теңгені зерттеу және енгізу тәсілдері, ықтимал әсерлерді алдын ала бағалау, сондай-ақ пилоттық жобаның сипаттамасы мәселелері қамтылған.

Сонымен қоса, ол енгізудің ықтимал әсерлерін зерттеу нәтижелері, пилоттық жобаның қорытындысы және мүдделі тараптармен талқылау бойынша цифрлы теңгені енгізу қажеттілігі туралы шешім қабылданатынын, сонымен қоса жол картасы әзірленетінін атап өтті. Пилоттық жоба 2021 жылдың екінші жартысында іске асырылады.

Барлық жаңалықтар