• Басты
  • Қазақстан және Канада: келешегі мол ынтымақтастық

Қазақстан және Канада: келешегі мол ынтымақтастық

15 Желтоқсан, 2020 21:32

Канадалық «Cameco» корпорациясының бас директоры Тим Гитцельдің мақаласы Strategy2050.kz материалында.


Қазақта «жыл деген ат басын бұрғанша» деген мақал бар. Бұл сөзді Қазақстан және Канада Іскерлік Кеңесі (ҚКІК) турасында айтатын болсақ, төрт жарым жыл ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенін айтуға болады. Бұл өзгерістер Қеіестің 2020 жылдың қараша айының соңыңда онлайн форматта өткен жыл сайынғы 4-ші отырысында айқын сезіліп тұрды. «Cameco Corporation» компаниясының бас директоры және ҚКІК-тің тең төрағасы ретінде біздің Іскерлік кеңестің өсіп, алға басуына куә болу мен үшін ерекше қуантарлық жағдай екенін атап өткім келеді.

ҚКІК-тің биылғы жылы өткен отырысына мемлекеттік органдардың, іскерлік топтардың, шетелдік ұйымдар мен қауымдастықтардың, ғылыми қоғамдастықтардың 700-ден астам өкілі және Қазақстан мен Канаданың көптеген сарапшылары қатысты.

ҚКІК-тің 2016 жылы өткен алғашқы отырысында екіжақты сауда көлемін арттыру, Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін бірқатар мәселені шешу, байланыстар орнату және бизнесті дамыту үшін берік платформа жасау, жеке сектордағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі маңызды мәселелерге екі ел үкіметтеріндегі шешім қабылдайтын тұлғалардың назарын аудару үшін қажетті алаң құру сияқты бірнеше нақты мақсат алға қойылған болатын.

Мен бұған қол жеткізгеніме өте қуаныштымын, біз бүгін өзара іс-қимылдың барлық салаларында айтарлықтай ілгерілеушілік байқап отырмыз.

Отырыс барысында талқыланған тақырыптар тұрғысынан серпінді және жаңашыл болған жұмыс топтары тең төрағаларының есептері жағымды әсер қалдырды. Соңғы бірнеше жыл ішінде елдеріміз арасында ұзақ мерзімді өзара тиімді қатынастар қалыптасты, бұл біздің алға қойған алғашқы мақсатымыз болатын.

Мен сондай-ақ Қазақстан мен Канада үкіметтері бірлескен жұмыс жасауға елеулі мүмкіндіктері бар елдеріміз арасындағы сауда қатынастарын дамытуға үлкен қызығушылық танытып отырғанына кәміл сенемін.

Екі елшіміз – Оттавадағы Ақылбек Қамалдинов пен Нұр-Сұлтандағы Николя Бруссо бізді белсенді қолдайтынын және елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастардың дамуына зор үлес қосатынын атап өткім келеді.

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 29 жылдығын атап өтуде. Бұл ел мен үшін іскерлік тұрғыдан да, жеке тұрғыдан да ерекше маңызға ие. Ал менің Қазақстанмен және оның тамаша адамдарымен қарым-қатынасым 25 жыл бойы жалғасуда.

Қазақстанмен ынтымақтастықта болған кезең ішінде «Cameco» компаниясы біздің қазақстандық серіктесіміз «Қазатомпром» компаниясымен «Инкай» уран кенішін игеру жөніндегі бірлескен кәсіпорын арқылы Қазақстан экономикасына жарты миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйды.

 «Cameco» компаниясы «Қазатомпром» сияқты әлемдегі уран өндіретін аса ірі табысты компаниялардың қатарында.

Мен Қазақстанның соңғы жылдардағы алға ілгерілеуіне куә болғаныма қуаныштымын. Жақында мен Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық мәжілісіне қатысу мәртебесіне ие болдым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлемдік экономикадағы орнын нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Оның басшылығымен Қазақстан технологиялық, әлеуметтік және басқа да жетістіктер арқылы еуразиялық кеңістікте көшбасшы ел болуға тырысуда. Цифрландыру, жасанды интеллект, мұнай-газ, табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік – осы бағыттағы негізгі басымдықтар. Осы бағыттардың барлығы Қазақстан және Канада Іскерлік кеңесінің жұмыс топтарында талқыланды.

Президент Қ. Тоқаев қозғаған мәселелердің көпшілігі негізінен, Қазақстанның жаһандық компаниялармен және шетелдік мемлекеттермен құратын қатынастарына байланысты болмақ. Қазақстан мен Канада арасында дәл осындай қатынастар қалыптасқан.

Өткен жылдары біз Қазақстан мен Канада арасындағы байланыстардың көптеген салаларда нығаюының куәсі болдық. Бұған көбіне екі мемлекеттің тиісті елшіліктері жасаған еңбектері әсер етті.

Біз «Cameco» компаниясы елдеріміз арасындағы осы маңызды қарым-қатынастың бір бөлігі екендігімізді мақтан тұтамыз.

Сондықтан, мен «Cameco» компаниясының атынан және өз атымнан Қазақстанды ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығымен құттықтаймын және ізгі тілектерімді білдіремін.

Барлық жаңалықтар