• Басты
  • Қазақстан және ЕАЭО: ынтымақтастықтың Қазақстан үшін тиімді жақтары қандай

Қазақстан және ЕАЭО: ынтымақтастықтың Қазақстан үшін тиімді жақтары қандай

24 Қараша, 2020 13:42

Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңына бірнеше министрліктің вице-министрлері келіп, «Қазақстан және ЕАЭО. Экономикалық интеграцияның ағымдағы процестері» тақырыбына арналған брифингке қатысты. ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова, ҚР Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов талқылаған экономикалық интеграцияға қатысты елімізде өткізіліп жатқан шаралар туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


ҚР сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова ЕАЭО-ның практикада тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және еңбек мигранттарының еркін қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құқықтық рәсімдеудің аяқталғанын айтты. Одақтың жұмыс нәтижелерін баяндаған Күшікова, осы уақыт аралығында Қазақстанның әріптестермен өзара саудасы 33%-ға өскенін айтты. Қазақстандық экспорттың нақты көлемі 4% - ға өскен. Қазақстандық экспорт құрылымында өңделген өнімнің үлесі артып келеді, бүгінде ол 58%-ды құрайды. Қазақстанның экспорттық қоржынының ассортименті 2 еседен астам ұлғайды. ЕАЭО елдері инвестицияларының үлесі тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 6%-на дейін өсті. Мүше мемлекеттердің қатысуымен кәсіпорындар саны да 2 есеге артқан.

Вице-министр Қазақстанның ЕАЭО-ға қатысуының тиімді жақтарын айтты.

1.     184 миллион адамды құрайтын ауқымды тұтыну нарығы. Бұл бізге тауарлар мен қызметтер экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

2.     ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде білім құжаттары өзара мойындалады

3.     Елге келген күннен бастап 30 тәулік бойы тіркеусіз жүру мерзімі белгіленген,

4.     Жалпы жұмысқа орналастыру бойынша шектеулер жоқ.

5.     53 сектор бойынша бірыңғай қызмет көрсету нарығының жұмысы бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Рұқсат беру құжаттары мен қызмет көрсетушілерге қойылатын біліктілік талаптары өзара қабылданады.

6.     ЕАЭО үшінші елдермен өткізу нарықтарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

ЕАЭО-пен жұмыс нәтижесінде Вьетнам, Сербия, Иран, Сингапур елдерімен еркін сауда туралы келісімдер жасалды. Бұл біздің өнімдерімізге бажсыз немесе кедендік баждардың төмендетілген мөлшерлемелері бойынша қолжеткізу үшін нарықтарды ашады»,-деді ол.

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікованың мәлімдеуінше, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық комиссияға қатысу құқығын арттыру үшін тиісті хаттама дайындаған. Ведомствоға журналистер тарапынан Қазақстанның Еуразиялық экономикалық комиссияға қатысу құқығы бойынша үлесі қандай деген сұрақ қойылды. Осыған орай, Қазақстанның комиссияға қатысу құқығы бойынша үлесін көбейту үшін Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қосымша ретінде тиісті хаттама әзірленді.

Бұл хаттамаға экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қойғалы жатыр. Құжат мазмұнына комиссия қызметкерлерін бекітуде міндетті квалификациялық іріктеу енгізу, ол үшін аттесттау өткізу, шұғыл келісімшарттар бойынша нормалар енгізілді. Біз осы комиссияға жұмыс істеуге баратын қызметкерлерді квалификациялық іріктеуден өткіземіз, - деді Жанель Күшікова.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглованың хабарлауынша, ЕАЭО-да өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі жүйелі және жан-жақты қамтитын тәсіл жасалды. Мәселен, өнеркәсіптік ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары.

Біз өнеркәсіптік кооперацияның, субконтрактацияның және технологиялар трансферінің Еуразиялық желісіне аса назар аудардық. Бұл жоба өнеркәсіптік кооперация мен субконтрактация бойынша неғұрлым тиімді серіктестерді іріктеу, шағын және орта кәсіпорындарды ірі өндірушілердің өндірістік тізбектеріне тарту үшін цифрлық экожүйе құруды көздейді. ЕАЭО-да жоғары технологиялық және инновациялық өнімді дамыту үшін мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігері есебінен Еуразиялық технологиялық платформалар қалыптастырылды және басым салаларда мемлекетаралық бағдарламалар іске асырылуда, - деді вице-министр Щеглова.

Сондай-ақ Динара Щеглова Еуразиялық экономикалық одақта болған кезеңдегі Қазақстан мен Ресейдің базалық көрсеткіштерінде өсім болғанын айтты. Мәселен, 2016-2019 жж. Ресейдің өңдеуші өнеркәсібіндегі жалпы импортында Қазақстанның үлесінің көрсеткіші 60 пайызға дейін ұлғайды, ол 1,5 млрд. доллардан 2,5 млрд. долларға дейін жетті. Ресей Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі импорты құрылымында көлемді 65-тен 70 пайызға дейін арттыра алды. Құндық есептеуде 65 %-ға өскен, демек 6 млрд. доллардан 10 млрд. долларға дейін артты.

Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер жоспарында транзиттік жүк тасымалын толығымен электрондық форматқа көшіру жұмысы бар. Транзиттік жүктерге онлайн режимде мониторинг жүргізу мақсатында навигациялық пломбаларды пайдалану жоспарланып отыр. Жаңа технологияларды пайдалану арқылы бірыңғай транзиттік жүйені дұрыс құра отырып, біз қазақстандық тасымалдаушыларға экономикалық одақтың бүкіл аумағы бойынша транзит еркіндігін қамтамасыз етіледі.

Барлық жаңалықтар