Қазақстан сыртқы саясатының 30 жылдық белестері

30 Қараша, 2021 12:42

Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі ерекшеліктері - оның көпвекторлығы, теңгерімділігі мен прагматикалығында. Мұндай саясаттың іргетасын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салған болатын. Бүгінгі таңда осындай ұстанымның сабақтастығы таңдалған стратегияның дұрыстығын және ұтымдылығын растайды.

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап барлық елдермен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға әзірлігін және ниеттілігін білдірді. Соның нәтижесінде Қазақстан шетел мемлекеттерімен достастық келісімдер мен экономикалық ынтымақтасу саласында бірқатар келісім-шарттарға қол жеткізді. Бүгін еліміз 180-нен астам мемлекетпен дипломатия­лық қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның шетелдерде 80-нен астам дипломатиялық миссиялары, кәсіби дипломаттарының жеткілікті саны бар.

Шекарасын халықаралық құқықтық жолмен шегендеген, барлық көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатқан Қазақстан бүгінде халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда және экономикалық жағынан дамығын елдермен өзара байланысты ұлғайтуда. Осының барлығы елімізге жаһандық дамудың трендінде қалуға мүмкіндік береді.

Елбасы халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісі болып табылатын Қазақстанның әлемдік сахнадағы беделін нығайтуға баға жетпес өзіндік зор үлесін қосқан тарихи тұлға. Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында жария еткен ядролық сынақтарға мораторий, содан кейін әлемдегі ең ірі полигондардың бірі Семей ядролық сынақ алаңының толық жабылуы – бұл адамзат тарихындағы салмағы зор оқиғалар қатарына жатады.

Көпшілік мойындаған ядроға қарсы қозғалыстың әлемдік көшбасшысы бола отырып, Н.Ә.Назарбаев халықаралық қауымдастықты «ядролық қарусыз әлем құру адамзаттың XXI ғасырдағы басты мақсаты» деген ұстанымға шақырады. Ол,  сондай-ақ, өзінің «Әлем. XXI ғасыр» манифестінде дауларды реттеу құралы ретінде күш қолдануды тоқтату бойынша шаралар қабылдауды ұсынады. Қазақстан сондай-ақ әскери бюджеттерді қысқарту арқылы аштықпен және кедейлікпен күресу үшін қаражат босатуға, сондай-ақ әділ, гүлденген және тұрақты әлем құруға болады деген ұстанымды ұстанады.

Соның арқасында Қазақстан ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қозғалысының жаһандық көшбасшысы болып мойындалды және осы жолда бірқатар маңызды шаралар атқарды:

Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен аймақтық және жаһандық деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, тұрақты және орнықты дамуға қол жеткізудің, дағдарыстар мен қақтығыстарды ретке келтірудің, мәдениетаралық сұхбатты қалыптастырудың аса маңызды құралы ретінде қарастырылатын бірнеше қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық құрылымдарының, көптеген жаңашыл интеграциялық жобалардың бастамашысы болды, аймақтық және халықаралық саясатқа ықпал етті.

ҚАЗАҚСТАН:

Ø Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақырды, оның құрамында бүгінде 27 мемлекет бар.

Ø Өңірлік ынтымақтастық жобаларына, соның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) және Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (ТМЫК) тең құрылтайшысы ретінде белсенді қатысады.

Ø 2003 жылдан бері үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өткізіп келеді.

Ø 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық еткен алғашқы посткеңестік мемлекет және мұсылмандардың басым көпшілігін құрайтын бірінші мемлекет болды және 11 жылдағы ЕҚЫҰ-ның бірінші саммитін өткізді, онда «Қауіпсіздік қоғамдастығына қарай» Астана декларациясы қабылданды.

Ø 2011-2012 жылдары Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) табысты төрағалық етті.

Ø 2014 жылы құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың негізін қалаушылардың бірі болып табылады.

Ø 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет болды.

Ø Сирия үкіметі, қарулы оппозиция және кепілгер мемлекеттер (Ресей, Түркия және Иран) арасындағы келіссөздер алаңын қамтамасыз еткен Астана процесі арқылы Сирия дағдарысын реттеуге үлес қосуда.

Ø Ауғанстанды қалпына келтіруге үлес қосу Қазақстан үшін басты басымдықтардың бірі болып табылады. Елде гуманитарлық және даму көмектері, жас әйелдерге ерекше көңіл бөлетін студенттік стипендиялар және полицияны оқыту бағдарламалары ұсынылды.

Ø Нұр-Сұлтан қаласында «Болашақтың энергиясы» тақырыбында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізді.

Тұңғыш Президент тұжырымдаған және қазіргі Қазақстанның бет-бейнесіне айналған диалог пен сенім ұрандары – елдің халықаралық саясаты мен дипломатиясының басты қағидаты. Қазақстанға шетелдік әріптестерінің, алпауыт мемлекеттердің лидерлерінің қарым-қатынасы, әсіресе елдің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың және қазіргі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың әлемдік саяси сахнадағы беделі қазақстандық даму жолының мойындалғандығын және оң бағаға ие екендігін көрсетіп отыр.

Осы орайда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш былай дейді:  «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып сайланғаннан бері Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік пен қауіпсіздікке, ядролық қаруды таратпауға, превентивті дипломатияға қатысты құндылықтарын қорғау мен ілгерілетуде, терроризмге қарсы күресте маңызды рөл атқарды. Мен Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарының қолдаушысы ретіндегі рөлін жоғары бағалаймын».

Өз кезегінде, сыртқы саяси бағыттың сабақтастығы 2020 жылдың наурызында ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев қол қойған Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тапты. Стратегиялық құжат Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы саяси курсының сабақтастығы, сондай-ақ көпвекторлық, прагматизм және белсенділік қағидаттары негізінде еліміздің сыртқы саясатын іске асыруды реттейді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев билік басына келгеннен бастап еліміздің аймақтағы және халықаралық аренадағы белсенділігін бәсеңдеткен жоқ. 2020 жылдан басталған пандемия жағдайы, әрине, халықаралық қатынастарға да өз ықпалын тигізді. Барлық деңгейдегі ірі халықаралық жиындар онлайн форматта өткізілуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл бағытта да Президент Қ.Тоқаев белсенділік танытты, әлемде орын алып отырған ахуалға өзіндік көзқарасын білдіріп қана қоймай, оны адамзат мүддесіне қарай тиімді шешу жолдарын биік мінберлерден ұсынып келеді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әлемдік аренадағы тату көршілік, өзара тиімді серіктестік және халықаралық құқықты сақтаушы қағидаттарын қатаң ұстанатын субъект ретіндегі рөлін дәлелдеді. Оның тұсында сыртқы саяси қызмет өзінің қарқындылығын жоғалтпады. Керісінше өтпелі кезең еліміздің қазіргі әлемнің кез келген күрделі процестеріне  уақтылы және тиімді жауап бере алуға қабілеттілігін көрсетті.

Қ.К.Тоқаевтың сыртқы саясаты Қазақстанның стратегиялық серіктестерімен өзара тиімді ынтымақтастығын ары қарай нығайтуға бағытталған, оның ішінде Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Америка Құрама Штаттарымен, Еуропалық Одақпен, Орталық Азия мемлекеттерімен, түркітілдес елдермен. Бұл жайлы Қазақстан Президентінің берген сұхбаттарында, сөйлеген сөздерінде үнемі баса айтылады.

Жалпы алғанда, Қ.К.Тоқаевтың сыртқы саяси қызметі президенттігінің алғашқы жылдарында оқиғаларға толы және мазмұнды болды. Ол мемлекеттің сыртқы ашықтығында, саяси, экономикалық, сауда, инвестиция және қауіпсіздік салаларында стратегиялық әріптестермен екіжақты және көпжақты форматтарда прагматикалық және өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруында көрініс тапты. Өз кезегінде, бұл еліміздің халықаралық аренадағы орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндік тудырып отыр.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, Қазақстанның осы өзгермелі замандағы орны ұлттық мүдде тұрғысынан қандай болу керек деген мәселелер туындауда. Ендеше біз Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында халықаралық аренада жеткен жетістіктеріне, соның ішінде бейбітсүйгіш, қарусыздану саясатының жақтаушысы ретінде танылған, мемлекеттік шекаралары мойындалған, халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісі болып саналатын мемлекет екендігімізге тоқмейілсімей, әлемдегі ахуалдың бір орнында тұрмайтынын, алпауыт мемлекеттердің геосаяси мақсатының өзгеріп отыратындығын ескере отырып, әрдайым соған бейімделіп, одан ұлттық мүддемізге нұқсан келмейтін жағдайда дамудың жаңа сатысына көтеріліп отыруымыз қажет.

Әсел Назарбетова,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы


Барлық жаңалықтар