• Басты
  • Қазақстан полициясының қызметі қалай реформаланады
5 Қазан, 2020 13:00

Қазақстан полициясының қызметі қалай реформаланады

Жергілікті полиция қызметі «жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша реформаланады. Бұл туралы ҚР ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков онлайн брифингте мәлімдеді. Сонымен қатар алдағы уақытта Қазақстан полициясы жұмыстың сервистік моделіне көшеді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Қазақстан полициясының қызметі қалай реформаланады

Онлайн баспасөз мәжілісінде айтылған алғашқы жаңалық – Қазақстанның құқық қорғау жүйесінде шерифтер пайда болуы. Бұл тәжірибені батыс елдерінің құқық қорғау жүйесіне қарап меңгермек. Шериф дегеніміз – әкімшілік-соттық лауазым. АҚШ-та шериф округтық полицияның басшылығында тұрады. Ал Ұлыбританияда графтықтардағы үкіметтің негізгі өкілі саналады.

 Біз АҚШ, Ұлыбритания мен Канадада кеңінен тараған шерифтер моделін енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Сондай-ақ елде «аттам жердегі полиция» қағидатын енгізу туралы келіссөздер жүргізіліп жаты. Ішкі істер министрлігі қылмыс жиі тіркелетін аймақтарға мониторинг жасап, патрульдік полиция қызметкерлерінің бағдарына өзгеріс енгізеді, - деді Айдар Сайтбеков.

 Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз екінші жаңашылдықты айтты. Ол Елорданың полиция қызметіне қатысты болды.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің кинологиялық орталығы алғаш рет төбет тұқымды иттерді іздеу операциялары кезінде пайдаланатын болады. Жақында Аматыдан күшіктер алдырылды. Олар қазір жаңа жұмысқа үйретіліп, іздеу операцияларына дағдыланып жатыр. Олар есірткі тауып, адамдарды иісі арқылы іздеуді үйренеді, - деді Нұрділдә Ораз.

 Қазақстанның криминалистері қылмысты ашудың жаңа дағдыларын меңгеру үшін Интерполдың виртуалды академиясына оқуға түсті.

 Полицияның басты міндеті – қылмыстарды ашу, тергеу мен іздеу. Жұмыстың тиімді орындалуы үшін үнемі жаңа әдістерді үйрену маңызды. Қазан айында Интерполдың виртуалды академиясы базасында биометрия арқылы қылмыстарды ашу әдістерін үйрену үшін криминалистер арнайы оқуды бастады. ДНК-профильдер мен дактилоскопиялық деректер арқылы қылмыскерлерді дәл табу үшін адамдарды бейнелерімен іздеу жұмысы қолға алынады. Криминалистер биометриялық деректермен халықаралық алмасу туралы дағдылармен білім алады, - деді еліміздің Бас полицейінің кеңесшісі.

Нұрділдә Ораз қазақстандық полицейлердің басқа елдердегі әріптестермен қызметтік байланыс орнататынын да айтты. Олар онлайн байланыс арқылы тәжірибе алмасады.

Алдағы уақытта Интерполдың қылмысқа қарсы күрестің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да бағыттар бойынша вебинарлары өтеді. Қазақстан полицейлері шетелдік әріптестердің тәжірибесін онлайн форматта көріп, қажетін іске асыруға тырысады, - деді Нұрділдә Ораз.

 Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның құқық қорғау жүйесінде бірқатар реформа енгізуді тапсырған болатын.

 

Барлық жаңалықтар