• Басты
  • Қазақстан полициясындағы реформалар: өткені мен бүгіні
10 Қараша, 2020 10:34

Қазақстан полициясындағы реформалар: өткені мен бүгіні

Ішкі істер саласының, сол салада қызмет ететін мамандардың имиджі қашанда өзекті және заңның тікелей көрінісі іспетті. Мәселен, коммунистік режимнің құрылуымен бір мезетте пайда болған НКВД үштіктері және кейіннен құрылған милиция қызметі биліктің қолшоқпары қызметін атқарып, сол кезеңдегі саяси билікті қорғауға барынша қызмет етті. Оның ішінде қарапайым халықтың мал-мүлкін тәркілеу, өздерін итжеккенге айдау, соттау, ату, ұру, жазалау, қудалау барлығы милицияның қолымен жасалып, елдің түсінігінде форма киінгендер жазалаушы ретінде қабылданды. Алайда, бертін келе кеңестік идеология тұсында барлық теледидар, газет-журналдар милицияның келбетін халықтың қорғаушысы ретінде насихаттап, көптеген жас жеткіншек көкейінде өскенде милиция боламын, қылмыспен күресетін үлкен тұлға боламын деп армандап өскені жасырын емес.

Қазақстан полициясындағы реформалар: өткені мен бүгіні

Қылмыспен күресу, қоғамдық тәртіпті бақылау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әділдік жолында қызмет ету кезінде қалтқысыз жұмыс істеген ішкі істер ардагерлерінің еңбегін, әрине, ешкім де жоққа шығара алмайды. Сол уақыттың басты идеологиялық құралы теледидарда, газет беттерінде еңбегімен ерекшеленген азаматтар жайлы көптеп айтылды да, жазылды да.

Бірақ та, 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан оқиғасындағы милицияның әрекеттері, яғни жас студенттерді аяусыз ұрып-соғуы, қыз балаларды шашынан сүйреп тепкінің астына алуы, мұздай күнде қарда жалаңаш қойып қинауы халықтың есінде жазалаушының, қаныпезер жендеттердің образында көрініс тауып, қоғамның көңіліне селкеу түсірді.

Бұдан бөлек, қайта құру кезеңінде милиция қарапайым адамдардың көзқарасында көлікті тоқтатып ақша алмай жібермейтін парақор ретінде, қалтаға есірткі салып жіберіп, не болмаса басқа да құйтырқы әрекеттерге баруы мүмкін қиянатшыл адамдардың образында көрінетін болды. Бұл образды сомдауға үлес қосқан сол кезеңдегі фильмдерде милицияның жағымсыз кейіпкер ретінде жаппай сомдалуы да әсер етпей қоймады. Осының барлығы жиыла келе ішкі істер органы қызметінің имиджін құлдыратып, жұрт сенімінің азаюына, қарапайым халықтың алдында милицияның беделінің жоғалуына ықпал етті, елдің көзінде сенімсіздік пен қорқыныш ұялатты.

Кеңес үкіметі құлағаннан кейін Қазақстан өз алдына мемлекет болып бөлініп шыққан соң, милиция атауы полиция деп өзгертіліп, жаңа атаумен өзгерістерге, жаңашылдыққа қарай өзгеруге ұмтыла бастады. Дегенмен бұрынғы кадр құрамымен, жұмыс жүйесімен бірден өзгерістерді күту ғажайыпты күткенмен тең екені түсінікті. Өйткені бүгінгі полицияның кешегі милицияның мұрагері екенін ескерсек оқыған білімі, алған тәжірибесі тұрғысынан биліктің бұйрығын орындау басты қызметі деп түсінетін полиция құрылымының дағдысын бірден өзгерту оңай шаруа болмады.

Алайда тәуелсіздік алған кезеңнен бастап полицияның жұмысын ізгілендіру кезең-кезеңмен жолға қойылып келеді. Мысал ретінде, бұрын кез-келген милиция қызметкері көлікті тоқтатып құжаттарын тексеруге немесе басқа да әрекеттерге араласуға құқылы болса, бүгінгі полиция қызметкері тек қана өзіне бекітілген қызметтерді ғана атқаруға міндетті. Тіпті жол полициясының өзі Қазақстан Республикасы «Жол жүрісі туралы» заңының 52-бабының талабына сай, тек сегіз жағдайда ғана көлік құралдарын тоқтатуға құқылы. Атап айтар болсақ:

- көлік құралы жүргізушісінің осы Заңның талаптарын және (немесе) жол жүрісі қағидаларын бұзуы, оның ішінде сертификатталған арнайы техникалық құрал және аспап тіркеген жол жүрісі қағидаларын бұзуы;

- айдап әкетілген, ұрланған көлік құралдарын, сондай-ақ жүргізушілері жол-көлік оқиғалары, көлік құралдарын пайдаланумен байланысты өзге де қылмыстар болған жерден қашып кеткен көлік құралдарын іздестіру жөніндегі жұмыс;

- заңда көзделген жағдайларда көлік құралын беру қажеттігі;

- стационарлық полиция бекеттерінде, сондай-ақ жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде жүргізушінің құжаттарын тексеру;

- полиция бекеттерінде және бақылау-өткізу пункттерінде тасымалданатын жүк құжаттарын тексеру. Арнайы іс-шараларды жүргізу кезеңінде тасымалданатын жүк құжаттарын тексеру мақсатымен көлік құралдарын полиция бекеттерінен тыс жерде тоқтату;

- уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың қозғалысты шектеу немесе оған тыйым салу туралы шешімдерін орындау;

- жүргізушіге және (немесе) жолаушыға (жолаушыларға) өздері куә болып табылатын жол-көлік оқиғаларының, әкімшілік құқық бұзушылықтың, қылмыстың жасалу мән-жайлары туралы сауал қою қажеттігі;

- жол жүрісін реттеу кезінде жол беріледі.

Басқа жағдайларды көлікті тоқтатуға осы заңмен қатаң тыйым салынады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы «Ішкі істер органдары туралы» заңы алғаш рет 1992 жылы қабылданған болса, 1995 жылы Конституцияның өзгеруіне орай жаңа заң қабылданып, қазіргі таңда бұл заңның да күші жойылды. Яғни 2014 жылы «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң қабылданып бүгінгі таңға дейін қызмет атқаруда. Қарап отырсақ тәуелсіздік алғалы еліміздегі «Ішкі істер органдары туралы» заң үшінші рет өзгеріске ұшыраған. Бұған қосымша Ішкі істер министрінің ішкі бұйрықтарымен, ережелерімен полицияның жұмысы жылдан-жылға өзгертіліп келеді.

Нәтижесінде полицияның жұмысы біртіндеп цифрлық технологиямен толықтырылып, көшелерде камералар көбейе бастады. Полицияның штаттары қысқартылып, кейбір қызмет түрлерінен арылды. Мәселен, бұрын ішкі істер саласындағы шаруашылық қызметкерлер, есепшілер, жүргізушілердің барлығы полиция шенінде болған болса, қазір бұл қызметтерді кәдімгі еңбек қатынасындағы азаматтар атқаруда. Осының барлығы полицияны шектен тыс жүктемелерден арылтып, кәсіпқойлыққа бет бұруына жасалып жатқан әрекеттер екені даусыз. Сонымен қатар, полицияның біршама салаларының біліктілік талабы күшейтіліп, қызметке тек жоғарғы білімді азаматтар қабылдануда. Бұл да полицияның беделін көтеру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар екені сөзсіз.

Қазақстандық полицияның біліктілігін арттыру мақсатында жаңашыл реформалар енгізу бойынша да көптеген қадамдар жасалуда. Мәселен көпқабатты үйлердің, сауда орындарының, көпшілік жиналатын қоғамдық орындардың кіреберістерінде сол аумақтағы қызмет атқаратын учаскелік полиция қызметкерлерінің фотосуреттері мен телефон номерлері қазіргі таңда ешкімді таңдандырмайды. Тіпті Ішкі істер министрінің өзінен бастап облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі полиция басшыларының барлығы дерлік әлеуметтік желіде халықпен тікелей қарым-қатынас орнатып, пікір алмасуда.

Еліміздің әр өңірінде тәртіп сақшыларының жұмысын ашық көрсетіп халыққа қызмет көрсету орталығына негізделген фронт-офистер ашылды. Бұл қызмет түрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, полиция қызметкерлерінің халықпен коммуникациясын, парасаттылығын көтеріп, кез-келген жүгінуші азаматтардың талап-тілегін ашық түрде жеткізуіне жағдай жасап отыр.

Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері қызметтік міндетін атқаруда ерлігімен көзге түскен мыңға жуық полиция қызметкерлері марапатталса, өкінішке орай ерлікпен қаза болғандары жүзге жуықтапты. Айбыны асқақтап, ерлігімен көзге түскен осы азаматтарымыздың құрметіне орай мемориалдық тақта, ескерткіштер ашылуымен қатар, бейбіт күннің батырларының есімдерін көшелерге беріп, халықтың жадында мәңгілік есте қалатындай еңбектер жазып құрмет көрсету полицияға деген құрметті арттырары сөзсіз.

Бірақ сыбайлас жемқорлық сынды келеңсіз жағдайлардың әлі де болса орын алуы полицияның имиджіне нұқсан келтіріп жатқаны жасырын емес. Әлеуметтік желілерде көрініс беретін кейбір полиция қызметкерлерінің сауатсыздықтары, дөрекі іс-әрекеттері, өз қызметтерін асыра пайдалануы Қазақстандық полицияға әлі де болса біршама реформалар атқару керектігін байқатады.

Бұл жағдайда Грузияның 2004 жылдан бастап атқарған реформаларын айтпай кетуге болмас. Нақтырақ айтқанда 2004 жылы М.Саакашвили президент болып сайланған жылы он төрт мыңдай МАИ қызметкерін бір апта ішінде қызметінен босатып, бұрын бұл салада қызмет жасамаған жоғары заңгер білімі бар азаматтардан жаңа құрамды жасақтады.

Айта кетерлігі қатардағы қызметкерлермен қатар басшы құрам да толығымен жаңартылған. Себебін ішкі істер органында системалық сыбайлас жемқорлықтың орын алуы деп түсіндірілді. Жаңа құрам жұмысқа кіріскеннен бастап айлық жалақыларын бірнеше есеге көтеріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар күшейтілді. Мәселен полиция қызметкері қызметтегі әріптесінің заң бұзғанын байқаса басшылыққа хабарлауы міндетті болды және генинспекция тарапынан осы бойынша жасырын тексерулер үздіксіз жүргізіліп отырды. Әріптесінің заң бұзғанын хабарламаған қызметкер өзі міндетті түрде жауаптылыққа тартылатын болғандықтан бұндай жағдайлар жоғарыға баяндаусыз қалмайтын болды. Нәтижесінде реформа бірден өз жемісін беріп, 2009 жылға дейін полицияның басқа салалары да аттестациядан өткізіліп, күрделі өзгерістерге ұшырады.

Қазақстан полициясының бүгінгі жағдайына оралар болсақ, имиджді көтеру мақсатында ұсыныстар аз айтылып жатқан жоқ. Тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында халық үніне құлақ асатын мемлекет құруды, осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне реформаның аса қажет екендігіне назар аударды. Сонымен қатар, көрсеткіш қуалау азаматтардың құқығы мен бостандығына нұқсан келтірмеуі тиіс дей келе, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жаңа ұғымды қалыптастыру керек екенін атап көрсетті. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, жұртқа жақын полиция қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттілігіне тоқталды. Түзеу мекемелеріне және полицияның қызметтік ғимараттарына жаппай бейнебақылау орнатуды тапсырды.

Бұның барлығы әрине халықтың полицияға деген сенімін нығайтуға, полицияның шын мәнінде халықтың қорғаушысы әрі тыныштығын сақтаушы ретінде мәдениетін, біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар екені айтпаса да түсінікті. Кадр даярлауда жас мамандардың тәрбие мәселесіне де аса назар аудару мамандардың кәсіби біліктілігін арттырары хақ. Әлемнің екінші ұстазы аталып кеткен Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі бекер айтылмаса керек. Нақты жағдаймен салыстыра отырып айтар болсақ, құқық қорғаушы маманға шен беріп, қару ұстатардан бұрын оның ішкі жан дүниесін тәрбиелеп алу маңызды. Жүрегіне биік сана, озық парасат, таза ниет ұялатпайынша, құқық қорғаушыға кәсіби білімнің қажеті шамалы. Полицияның бойына патриоттық сезімді енгізіп, елін, жерін сыйлауға тәрбиелеп, іскер, мақсатшыл, ерік-жігері мығым, отансүйгіш құқық сақшысының рухани бейнесін енгізу басты жолға қойылуы керек.

Және де болашақта полицияның имиджін көтеру үшін әрбір қызметкердің тек қана физикалық дайындығын ғана емес, білімін тереңдету, яғни құқық қорғаушысы екенін санасына сіңіру қажет-ақ. Неге десеңіз, бізде әлі де болса үлкен мінбелерден заң үстемдігін сақтау қажеттілігі айтылып жатады. Яғни билік басындағылардың кейбірінің әлі де болса құқық үстемдігі мен заң үстемдігінің арақатынасын ажырата алмайтыны байқалады.

Еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялағандықтан біздегі әрбір азамат заңның рөлін құқықты қорғаудың құралы екенін түсінуі керек. Нақтырақ айтқанда, заң Конституцияда кепілдік берілген адам мен азаматтың құқығы мен бостандықтарын қорғау жолында қызмет атқару керектігін, әрбір құқық қорғаушы орган қызметкері құқық жолында қызмет ететінін түсінуі қажет. Сонда ғана біздің полициямыз біздің мақтанышымызға айналады.

Отанын жанындай жақсы көретін биік парасатты, дүниетанымы мен ой-өрісі кең, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын құрметтейтін құқық сақшысы елдің құрметіне бөленері анық.

Барлық жаңалықтар
3.238.107.166, 192.168.88.100