• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында қандай мәселелер көтерілді

Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында қандай мәселелер көтерілді

30 Қыркүйек, 2021 15:02

Бүгін Көкшетауда Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумының жұмысы басталды. Аталған жиынға Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысып жатыр. «Экология және «жасыл экономикалық» өсім салаларындағы ынтымақтастық» тақырыбы аясында өтіп жатқан форумда көтерлген мәселелер туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Көкшетауда өтіп жатқан іс-шарада екі мемлекеттің өңірлері арасындағы ықпалдастықтың перспективті бағыттары талқылануда. Сонымен бірге, айта кету керек, бұл жиын екіжақты қатынастарды нығайту, іскерлік топтардың байланыстарын және мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қарым-қатынастарын жандандыру үшін тиімді алаң.

Жиынға қатысушылар трансшекаралық су ресурстарын басқаруға, климаттың өзгеруі мен көміртегінен арылуға, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғауға қатысты мәселелерді талқылайды. Форум қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қою жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, пікірталасқа қатысушылар трансшекаралық су объектілерін басқару, климаттың өзгеруі мен декарбонизация мәселелері, өсімдіктер мен фаунаны да қорғау мәселелерін талқыға салды.

Қос ел бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресеймен өнеркәсіп саласында жүзеге асып жатқан бірлескен жобаларға тоқталып өтті. Мемлекет басшысының сөзінше, елімізде теңіз жобаларын жүзеге асыратын инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған.

«Біз ресейлік серіктестердің бірлескен теңіз жобаларын ішкі нарыққа мұнай жеткізуден босату туралы ұсыныстарын қолдадық, сонымен қатар экспорттық кедендік баж салығын да алып тастадық. Үкімет инвестициялық қауымдастықпен инвестициялық жаңа механизмін, яғни жетілдірілген келісімшартты әзірледі. Бұл инвестициялардың құқықтық қорғалуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар преференциялардың жаңартылған пакетін де қарастырады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қоса, президент ресейлік серіктестерді жаңа жобаларды іске асыруға шақырды. Оның мәліметінше, 2019 жылдан бастап өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірігіп жасалып жастқан жобалар сәтті жүзеге асырылуда.

«Қазіргі таңда үш жоба, атап айтсақ, «Кировец» тракторларын, Hyundai автомобильдерін шығару және «Газ» автокөліктерінің компоненттерін шығару жобалары жүзеге асып жатыр. Биылғы сәуір айында Татарстан басшысы Рустам Минихановтың қатысуымен қуаттылығы жылына 3,5 миллион шина шығаратын шығаратын зауыт құрылысы басталды. Бұл Қазақстан үшін басқа елдердің импортына тәуелділікті төмендететін маңызды және қажетті жоба», - деп толықтырды мемлекет басшысы.

Экология саласында көтерілген мәселелер

Сонымен бірге, президент бүгінгі кездесудің тақырыбы жасыл экономика салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталып, оның екі ел үшін де маңызды екенін айтып өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің экологиялық проблемалары ұқсас екенін тілге тиек етіп, бұл ауаның, судың, топырақтың ластануының жоғары деңгейі, радиациялық және өндірістік қалдықтардың жиналуынан болып отырғанын еске салып өтті.

«Оның үстіне, біздің көрші орналасқанымызды ескере отырсек, көптеген мәселе екі мемлекетке ортақ. Оларды шешу үшін қос елдің үкіметі экология, биоәртүрлілікті сақтау, трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғаныс саласындағы 7 келісімге қол қойды. Келісімдер жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Алайда, экологиялық ахуал жақсармай, нашарлай түсуде. Оны шешу үшін халықаралық деңгейде бірлескен күш-жігерді күшейту қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев Жайық өзенінің катастрофалық жағдайы мен экологиялық жағдайының нашарлауын тек Қазақстанның ғана емес, Ресейдің шекаралас аймақтарының тұрғындары үшін үлкен қауіп екенін атап өтті.

«Біздің 2019 жылы Омбыда өткен кездесуіміздің қорытындысы бойынша Жайық өзенінің бассейні экожүйесін сақтауға қатысты ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Бұл үшін мен сізге ризамын. Мен үкіметтерге жыл сайын осы бағдарламаның орындалуы туралы есеп дайындау мен оның сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсыруды ұсынамын. Кіші өзендерде бөгеттер салу мен пайдалану, сондай-ақ жаңа су алуды ұйымдастыру мүмкіндігінің мәселесіне ерекше назар аудару қажет», - деп толықтырды президент.

Сонымен бірге, аталған форумда Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау үшін Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде мемлекеттік қорықтарды құру мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ киіктердің маусымдық қозғалысы үшін елдердің шекаралары арасында еркін өтуін қамтамасыз ету ұсынылды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің жасыл экономика саласында да белсенді ынтымақтастықта екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, екі ел жаңартылған және баламалы энергияны дамытуда зор әлеуеті бар.

Пандемия кезіндегі Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы 

Бұдан бөлек, ел президенті Ресей президенті Владимир Путинге коронавирус пандемия кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты. Оның сөзінше, пандемияның салдары әлі де көрініс тауып жатыр.

«Мен сізге індет таралған кезде біздің елге көрсеткен көмегіңіз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Ресей дәрі-дәрмектерді тегін жеткізіп, сынақ жүйелерін ұсынды және Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға тиімді көмек көрсетті», - деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар, президент бірнеше апта бойы ресейлік дәрігерлер ең қиын аймақтардағы қазақстандық әріптестерімен иық тірестіріп, өздерінің кәсіби міндеттерін абыроймен атқарып, өз тәжірибелері мен білімдерімен бөліскенін тілге тиек етті.

«Осы кезеңдегі бірлескен жұмысымыздың ең маңызды кезеңі сізбен жеке келісімімізді орындау үшін Қарағанды ​​фармацевтикалық кешенінің базасында ресейлік «Спутник-V» вакцинасының өндірісін іске қосу болды. Мұның бәрі Ресейдің Қазақстанның стратегиялық серіктесі және одақтасы екенінің дәлелі», - деді мемлекет басшысы.

Барлық жаңалықтар